САНА СӘУЛЕТШIСI
САНА СӘУЛЕТШIСI
70 жыл бойы интернационалистiк тәрбиемен сусындаған қазақ қоғамы тек қана Батыс ғұламаларының iлiмiмен таныс болды. Қазақтың кез келген зиялысынан, бас көтерер ақылгөйiнен "Кiмдi оқисыз?" деп сұрасаң, сала құлаш тiзiмнiң қатарынан Шығыс ғұламалары мен мұсылман ойшылдарының атын ести алмайсың.
Оған себеп – коммунизм елесiне елiткен Совет қоғамының түркiшiлдiк идеясы мен ислами көзқарастан қол астындағы Шығыс халықтарын аулақ ұстауға талпынуы. Түркi идеясын "пантүркизм" деп үкiлеп, Ислам ойшылдарының жауһарларынан қоғамды оқшаулау мақсатында "панисламизм" терминдерiн ойлап тапты. Қазақстанның жеке шаңырақ көтерiп, тәуелсiз мемлекет атанғанына да 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан жоғалтқан рухани құндылықтарын түгендеумен келедi.
Кезiнде өзге түгiл қазақтың өз ғұламаларын танып-бiлуге тыйым салынғаны айқын. Ұлтшылдық, дiншiлдiк, керiтартпалық, шпиондық секiлдi айыптар тағылып, олардың қалдырған рухани мұрасына темiр құлып салынды. Өздерi атылып кеттi. Мұндай жағдайда атеистiк идеяның шырмауына шырмауықтай iлiнген қазақ қоғамы үшiн ислам жауһарларының еңбектерiмен танысу мүмкiндiгi болмады. Бұл туралы жазушы Смағұл Елубай "Сана сәулетшiсi" атты кiтапта: "Бiздi социализм құрсаулап, көзiмiздi соқыр, құлағымызды керең етiп өсiрген екен-ау!" деп жазады. Оның үстiне Батыстың Ислам дiнi жайындағы таным-түсiнiгi, кез келген әрекеттi Исламға, мұсылмандарға таңуы – Ислам теологтарына деген көзқарасты да өзгерттi.
Сол себептi де, бiз түркi әлемiнiң ерен ойшылы, Ислам дiнiнiң бiлгiрi – Фетхуллаһ Гүлен жайында қазақ қоғамы жақсы хабардар деп айта алмаймыз. Тiптi, әлемде сан жылдар бойы жұмыс iстеп келе жатқан, бейбiтшiлiк пен татулықтың көпiрiне айналған түрiк мектептерi ойшыл Фетхуллаһ Гүленнiң бастамасымен ашылғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Қазiргi таңда дүниенiң түкпiр-түкпiрiнде түрiк лицейлерi, диалог орталықтар жұмыс жасайды.
Осы ретте, 2010 жылы "Ан Арыс" баспасынан жарық көрген "Сана сәулетшiсi" (Құрастырушысы – Мәлiк Отарбаев) атты кiтаптың атқарар рөлi ерекше. Кiтапқа қазақ зиялыларының Фетхуллаһ Гүлен жайындағы ой толғамдары енген. Кiтап негiзiнен ағартушылық мақсатты көздейдi. Әрине, әртүрлi пiкiр мен көзқарастар тоғысы топтасқан бұл кiтаптың айтар ойы, көздеген мақсаты бiреу. Ол – "Фетхуллаһ Гүлен кiм?" деген сауалға жауап iздеу. Фетхуллаһ Гүленнiң әлем ойшылдарының қатарындағы орны мен маңызы сарапқа салына отырып, оның еңбектерiн қазақ оқырманына таныту – негiзгi идея арқауы.
Бас-аяғы 535 беттен тұратын бұл кiтапқа енген авторлардың саны 50-ге тартады. Қазақтың мүйiзi қарағайдай академиктерi мен профессорлары, атағы дардай ғалымдар. Барлығының көкейiндегi басты сауал – Фетхуллаһ Гүлендi неге Батыс пен Шығыс ғалымдары, мұсылман мен христиан қоғамы бiрдей ардақтайды? Ислам дiнiнiң қайнар көзi, Құран Кәрiмнiң түсiнiктемелерi, Батыс пен Шығыстың, Ислам мен христиан әлемiнiң диалогы – гуманист Фетхуллаһ Гүленнiң басты көздеген идеясы. Осы идея жолында ол "Баян", "Ғаламның Рахман Нұры – Мұхаммед Пайғамбар", "Иман аясында", "Ақырет ақиқатына сенiм", екi томдық "Ғасыр тудырған күмәндар" атты еңбектер жазып, оқырман көкейiндегi сауалдарға жауап iздейдi. Әрi оқырман өзiне қажеттi ақпаратты осы еңбектерден таба алады. Әрине, бiздiң сөз етiп отырғанымыз қазақ қоғамына жеткен, қазақ тiлiне аударылғандары.
Кiтаптағы Бейбiт Сапаралының "Бiз бiлетiн Гүлен кiм?" атты мақаласында: "Қоғамдық келiсiмдi ту еткен тың әрi батыл бастаманы Ф. Гүлен көтередi. Идеологиялық, этникалық, дiни, конфессиялық, мәдени ерекшелiктерiне қарамастан, толеранттылықты, диалогты дәрiптейтiн жаңа бастама әскери төңкерiстер мен идеологиялық жiкшiлдiктен әбден қажыған түрiк халқының қызу қолдауына ие болады. 1990 жылдарға дейiн түрiк халқы Ф. Гүлендi дiни қайраткер ретiнде таныған болса, 90-шы жылдардан кейiн оның қоғамдық қайраткерлiгi сомдала түстi", – дейдi. Батыс қоғамы жиi айтатын "диалог" ұғымын кеңiнен насихаттап, ХХ ғасырда үш рет әскери төңкерiстi басынан кешiрген Түркия қоғамындағы түрлi дiни көзқарастағы ұйымдардың бiр үстелдiң басына отырып, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың жолдарын ұсынады. "Түрлi кедергiлерге қарамастан Фетхуллаһ Гүлен "қоғамдық келiсiмдi" тынбастан насихаттады. Гүленнiң бастамасымен бiр-бiрiн көргiсi келмейтiн түрлi дiни-этникалық, идеологиялық топ өкiлдерiнiң басын қосып, елдiң ортақ мүддесiн бiрiгiп талқылайтын қоғамдық платформалар құрды" делiнген онда. Айталық, "Абант", еуразиялық кеңiстiктегi зиялылардың басын қосатын, өзара түсiнiстiк пен сұхбатты мақсат еткен халықаралық "Еуразия диалогы" платформасы өз жемiсiн беруде.
Ф.Гүлен 2005 жылы "Миллиет" газетiне берген сұхбатында "саяси мақсаттарға дiндi желеу ету немесе дiн үшiн саясатты қару ретiнде қолдану Исламның құндылықтарымен үйлеспейдi" дегендi айтыпты. Демек түрлi лаңкестiк әрекеттерге Ислам өкiлдерiн кiнәлi етiп көрсету, "ислам экстремистерi", "ислам терроршылары" деген терминдi пайдаланудың мүлдем қисынсыз екенiн дәлелдеуден жалыққан емес.
Ф.Гүлен 2009 жылы жарық көрген "Баян" атты кiтабында "Рухымыз дәл бүгiнгiдей аш болған емес" деп жазады. Қазiр әлем имансыздықтан, рухани жұтаңдықтан қасiрет шегуде. Бұл сырқаттың тереңдеп бара жатқаны сондай оның тамырына балта шабу мүмкiн болмай келедi. Осы ретте Гүленнiң жарғақ құлағы жастыққа тимей, адамзаттың рухын құтқару мақсатында, оған Ислам дiнiнiң идеологиясын қару етiп қолдануы әрi Шығыс пен Батыстың, түрлi дiндер арасындағы диалогты тынбай насихаттауы аш рухымызға сәл де болса сәуле түсiрерi анық. Сондықтан да болар Шерхан Мұртаза да аталған кiтапта Фетхуллаһ Гүлендi "Сана сәулетшiсi" деп атаған екен. Ал журналист Төреғали Тәшенов: "Әрине, Ф.Гүленнiң ғаламдық деңгейдегi исламның iрi ойшылы, терең дiни тұлға екенi хақ. Өз жеке басы – намазын ешуақытта қаза етпеген, ислам қағидаларын қатаң ұстанатын өте тақуа жан. Сөйте тұра әлемге қанат жайған Ф.Гүлен қозғалысы не дiни, не саяси бағытты ұстанбайды", – деп жазады.
Дiндер диалогын басты идеология ретiнде ұсынатын Ф.Гүленнiң арманын түркi жұртының атамекенi – Қазақстанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырды. Сөйтiп "Әлем дiндерiнiң съезiн" өткiзу бастамасын көтердi. Бұл жайында Ф.Гүлен: "Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсiздiк алған күннен берi ел iшiндегi көптеген игi бастамаларға дер шағында қолдау бiлдiрген көреген мемлекет басшысы. Осындай көрегендiктiң арқасында Қазақстан мемлекетi аймақта, Азияда, тiптi әлемдiк қауымдастықта сөзi өтетiндей абыройға қол жеткiзгенi көңiлге қуаныш ұялатады. Бауырлас Қазақстан мемлекетiнiң өркендеп, болашаққа нық қадам баса беруiне шын жүрегiммен қуаныштымын!" – деген екен.
2008 жылы әлемдегi ең беделдi басылымдар – "Prospect" мен "Foreign Affairs" Фетхуллаһ Гүлендi "Әлемнiң ең ықпалды интеллектуалы" деп жариялады. Германиялық доктор Райнер Херман "Фетхуллаһ Гүлен – диалогтың адамы. Ол – террорды емес, диалогқа көпiр iздеп жүргендердiң естуге тиiс ақыл үнi" деген екен. Сол секiлдi әлемдiк философтардың Гүлен туралы ой толғамдары жеткiлiктi. Аталған кiтапта филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақтың "Дана дара" атты мақаласында: "Ф.Гүлен болашақтың өркениетi Батыстың ғылыми жетiстiктерi мен Шығыстың гуманитарлық этикасының синтезi негiзiнде жасалады деп бiледi. Ф.Гүленнiң арманы – осы арасы алшақтап бара жатқан Батыс пен Шығыстың арасын руханият арқылы жалғастыру" деп жазады.
Есенгүл Кәпқызы