ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ КIМНIҢ ҚОЛЫНДА?

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ КIМНIҢ ҚОЛЫНДА?

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ КIМНIҢ ҚОЛЫНДА?
ашық дереккөзі
317

Мемлекеттiң басты мақсат-мүддесi экономиканы жетiлдiру екенi бесенеден белгiлi. Мемлекеттiң тұғыры – экономикасы десек, осы жолда стратегиялық жоспарлар құрылып, оларды еңсеру көзделетiнi де құпия емес. Республикамызда экономикалық әлеуеттi: қаржы, iшкi және сыртқы сауда-саттық, мұнай-газ, ауыл шаруашылығын жақсарту мiндетi өзектi мәселе. Белгiленген мiндеттердi атқару арнайы министрлiктердiң мойнына жүктелген. Бүгiнгi күнге дейiн елiмiзде жалпы экономика саласы жүктелген бақандай үш министрлiк: Қаржы министрлiгi, Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi және Экономикалық даму және сауда министрлiгi бар едi. Бiрақ осылар аздық еткендей…

Иә, Президент сайлауынан кейiн қайта құрылған Үкiметте тағы бiр жаңа министрлiк ашылып отыр. Экономикалық интеграция министрлiгi деп айдар тағылған құзырлы мекеменi Жанар Айтжанова ханым басқарады. Бұл органның мiндетi тек қана ЕурАзЭҚ шеңберiнде Кеден одағы мен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк жұмысына қатысуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына енуiн ұйымдастыру мен мемлекетаралық келiссөздер жүргiзуге бағытталған. Сыртқы экономикалық қарым-қатынасты дамытумен тырп етпей айналысу үшiн арнайы команда жиылмақшы. Осыған дейiн Экономикалық даму және сауда министрлiгiнiң қарауында болған интеграциялық мәселелер қазанын аталмыш органға қосымша алып жүру ауыр тиген сияқты. Ал бұл министрлiктiң басшылығын қолына алған Қайрат Келiмбетов әзiрге бәлендей жоспарларын жайған жоқ.

Соңғы екi жылда Қазақстан дүниежүзi бойынша кәсiпкерлiкке қолайлы жағдай қалыптастырып отырған 10 мемлекеттiң қатарынан көрiнiп отыр. Doing Business-2011 рейтингтiк есебiнде жаңа компаниялар құру, салық төлемдерi, инвесторларға жағдай жасау, құрылыс жұмыстарына рұқсаттың берiле бастауы, кәсiпкерлiктi қолдап, жекеменшiктi тiркеу мен халықаралық сауда-саттықты дамыту бойынша Қазақстанның атқарған еңбегi ұшан-теңiз. Әсiресе қаржылық дағдарыс кезеңiнде осындай реформаларға қол жеткiзгенi таңдай қаққызады дейдi әлемдiк сарапшылар.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiне қайта тағайындалған Әсет Исекешов аталмыш органның болашақ жоспарларын жария еттi. Биыл 192 инвестициялық жобаға жiтi көңiл бөлiнiп, инвестициялық климатты жеңiлдету және логистика мәселесi бүге-шiгесiне дейiн қайта қаралады. Сонымен қатар Президенттiң 2016 жылға дейiн Орталық Азиядағы логистикалық, сауда-саттық және iскер орталық болу тапсырмасы бар. Жалпы, бұл министрлiктiң атқарар шаруасы қыруар. Себебi өткен жылы жобасы жасалған "Өнiмдiлiк-2020" бағдарламасы жақында ғана жүзеге аса бастады. Басқару және өндiрiстiк технологияларды жетiлдiруге, кәсiпорындарды жаңартуға, техникалық қайта жарақтауға, бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi құруға бағытталған бағдарламаға 2011 жылға мемлекеттiк бюджеттен 19,9 миллиард теңге бөлiндi. Бұл бағдарлама өз кезегiнде "Бизнестiң жол картасы" бағдарламасының жалғасы, толықтырушысы болып табылады.

Иә, бүгiнде елiмiз жаңа индустриялық саясаттың арқасында кәсiпкерлiктi қолдауға бағытталған 100 жобаны санамалап бере алады. Жоғарыда аталған органдардың қызметi нәтижесiнде өнiмдiлiгi жоғары, нарықтың ауытқуына бейiмделген бiр топ кәсiпорын пайда болуға тиiс.

Шетелдiк және отандық сарапшыларымыз экономикалық дағдарысты елiмiз еңсерiп, жаңа лептi экономиканы құра алды деп баға беруде. Оның үстiне суға кеткендерге қол ұшын созған бағдарламаларға қыруар қаражат бөлiнгенi есте. Әсiресе банктердi сақтап қалуда атқарылған жұмыс шаш-етектен. Бiрақ алдағы уақыттың еншiсiне белгiленген шараларды төрт бiрдей министрлiк атқара ала ма? Жаһандық даму сатысында салалап, бөлшектеп алып дамыту – "бөлiп ал да, билей бер" идеясы қолданысқа жаппай енгiзiлген, тiптi нарықта iшiнара пайдасын да дәлелдедi. Бiрақ "Қойшы көп болса, қой арам өледiнiң" кебiн кимесек болғаны…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары