ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТОРЛАРҒА ШIДЕР САЛУ МА?

ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТОРЛАРҒА ШIДЕР САЛУ МА?

ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТОРЛАРҒА ШIДЕР САЛУ МА?
ашық дереккөзі

Мұнай мен газ саласында өзгерiстер көп. Мұнай нарығында аттап басқанды аңдып отырған компаниялардың, олардан бұрын осынау сала инвесторларының жағдайы қандай күйде? Жаман еместiгi анық, әрине. Бiрақ елiмiздегi инвесторларға тосқауыл қою керек пе? Қазақстанда инвестициялық әлеуеттi жақсарту арқылы, шетелден қаржы тарту жаппай жүргiзiлiп жатса да, мұнай саласы бұл ретте сақтық таныту керек деп отыр.

“Мұнай-газ секторы бойынша Қазақстандағы Қытайдың үлесi 24 пайызды құраған”, – дейдi Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев. Әйтсе де ресми деректен тыс, отандық атауды жамылған қытайлық компаниялар көп секiлдi. Сондықтан министр бұл салада таңдаулы инвесторлармен ғана қарым-қатынас жасау керек деген пiкiрде. "Ұлттық қауiпсiздiкке байланысты Қазақстан әлемнiң әртүрлi аймақтарындағы инвесторлардың қатысуын шектейдi", – дедi министр Bnews порталындағы онлайн-конференция барысында. Қытайлық компаниялардан тыс еуропалық, америкалық топтар елiмiзде пропорционалды түрде жұмыс iстеп отырғанын айта кеткен жөн.

Әсiлi, министр елiмiзде инвесторларды "iрiктеуде" бiр кiрбiңнiң әсер еткенiн жасырмады. Ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн шетелдiк алпауыттар жұмысынан ақау табылса, жергiлiктi халықтың зардап шегетiнi анық. Оған айқын дәлел ретiнде, Мексика шығанағында орын алған апатты айтуға болады. Техниканың iстен шығуы барысында қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигiзсе де шығанақтағы бұрғылау тоқтаған жоқ. Нелiктен? Мiне, осы мысалдан кейiн республикадағы жағдайды да ойлағанымыз жөн. Айтқандай, Қарашығанақ кенiшiнiң Үкiметпен дау-жанжалы әлi аяқталған жоқ. Естерiңiзде болса, КРО (Karachaganak Petroleum Operating) басшылығына 2002-2007 жылдары мұнай өндiру кезiнде шығынды көбейту арқылы 187 миллиард теңгенi қымқырды деген айып тағылып, Қаржы полициясы жауапкершiлiкке тартқан едi. Сауат Мыңбаевтың айтуынша, бұл мәселе бойынша келiссөздер әлi аяқталған жоқ. Осы келiссөздердiң нәтижесi екi тарапқа да тоқтам болмақ.

Қазақстан Қарашығанақ кенiшiн игерудiң үшiншi фазалық концепциясын қарастыруда деген сыбыстың ел аузында жүргенiне де бiраз болды. Министр бұл жағдайды да түсiндiрiп бердi: "Кенiштi игерудiң үшiншi фазасы туралы бүгiнгi таңда ешбiр келiсiм жоқ. Бұл ұсыныс берiлген соң ғана Қазақстан оны қарастырады. Келiссөздер барысындағы шығындар 23 миллиард долларға бағаланған. Әр тараптың өз экономикалық пайдасын қарастырғанда бұл туралы әңгiме болған емес", – дедi. "Қазiргi кезде келiссөздер бойынша нақты ештеңе айта алмаймын. Себебi олар әлi де жалғасуда. Соңғы рет бiз осыдан екi апта бұрын кездесiп, барлық мәселелердi талқылаған болатынбыз. Менiңше, бiрiншi жартыжылдықта бiз нақты бiр шешiмге келемiз. Бiздiң негiзгi кездесулерiмiз 10 мамырға белгiленiп отыр", – деп атап көрсеттi С.Мыңбаев.

Қарашығанақ – нарықтың майшабағы емес. Алып "шортан". Қарашығанақтың мұнай қоры – 1,2 миллиард тонна, конденсаты 1,35 триллион текшеметрден астам қоры бар. Дүниежүзiндегi мұнайгазконденсаты бар iрi ошақтардың бiрi саналады. Бұл кенiште Қазақстандағы барлық газдың 49 пайызы, ал мұнайдың 18 пайызы өндiрiледi. Мiне, сондықтан да елiмiз бұл мұнай компаниясына бей-жай қарай алмайды. Министрдiң сөзiне қарағанда, бүгiнде Қазақстан осы консорциум бойынша 20 пайыз табысқа ие. "Бiрақ оның басым бөлiгiн салық төлемдерi құрап отыр", – дейдi министр.

Қазақстан бұқаралық ақпараттарында "ҚазМұнайГаздың" Қарашығанақты игерушi үлескерлер қатарына кiретiнi туралы айтылып жүрдi. Бүгiнде консорциум құрамында BG Group, Eni, Chevron және ЛУКОЙЛ компаниялары бар. Десе де министр консорциумның үшiншi кезеңi бойынша ұсынысын жедел дайындап бередi деп меселi қайтпай отыр. Бұл алыптың өз есебi түгел. Бұлай деуге Қарашығанақтың 2008-2010 жылдар аралығында 773 миллион доллар экспорттық баж салығын "наразылық режимiмен" төлеп келгенi түрткi болып тұр. Яғни олардың төленген соманы қайтарып алу мүмкiндiгi бар. Мыңбаевтың айтуынша, бұл қомақты сома екi ортада жүзiп жүруi мүмкiн.

“Конференция барысында көтерiлген мәселелердiң бiрi – жанармай бағасы. Қазақстанның iшкi қолданыстағы жанармайының сапасы өте нашар. Осы ретте министрге сауал жолдаушы Алматыдағы 183 жанармай құю бекеттерiнiң барлығы дерлiк сапасыз өнiм сататынын жеткiздi. Бұл мәселе "Мұнай өнiмдерiнiң айналымы" туралы заң жобасында қаралуда”, – деп түйдi төтесiнен Сауат Мыңбаев мырза.

Елiмiзде жанармай бағасында сәл қымбатшылық болуы мүмкiн. Себебi республикадағы үш мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстары жүргiзiлмекшi. "Қазiргi кезде тек Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты бойынша ғана шешiлмей жатқан түйткiлдi мәселелер бар. Бұл мәселелер үнемi талқыланып келедi. Жалпы, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың нәтижесiнде елдiң iшкi сұранысы 100 пайызға қамтамасыз етiледi", – деп атап көрсеттi С.Мыңбаев. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңарту бойынша тиiстi жұмыстар басталды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында да бұл iс-шараларды қытайлық инвесторлармен бiрлесiп атқару жоспарланып отыр. Аталмыш өңдеу зауыттарын жаңартуға 4 миллиард АҚШ доллары бөлiнiп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ