ЖАСМИН ГҮЛIН ЖАЗҒЫРУ
ЖАСМИН ГҮЛIН ЖАЗҒЫРУ
Тунистегi "жасмин революциясынан" секем алған айдаһар елi жасминге қарсы атой салуда. Араб революциясының бастауы болған Тунистегi жағдайдан соң, Қытай үкiметi елде "гүлдi революцияның" орын алмауы үшiн барын салып әлек. Елде жасмин бұтасын ұстаған азаматтар дереу полицияның қатаң бақылауына алына бастаған.
Жасминге құштар қытайлықтар Шанхай мен Пекинде кiшiгiрiм ереуiлдер ұйымдастырып үлгердi. Алайда полиция өкiлдерi жедел күш жұмылдырып, ереуiлшiлдердi қыспаққа алып тоқтатты. "Қауiпсiздiк пен тұрақтылық – Қытай халқының ортақ мүддесi. Елде ереуiлге сеп болып, арандатушылық әрекеттерiн жасайтындар иллюзия құрбандары. Араб елдерiндегi қарсылықтардан шабыт алған жандардың iс-әрекетi жүзеге аспайды", – деп мәлiмдедi Пекин билiгi.
Қытайда 1,5 миллион тұрғын ғаламтордың тұрақты тұтынушысы екен. Сондықтан интернет желiсi арқылы арандату ақпараттары таратылуынан қорғану мақсатында Қытай "Египет", "Тунис", "Жасмин" сөздерiне тыйым салып отыр. Әрi осылайша қоғамдық пiкiрдi де қатаң бақылауға алғандай. Ал Google компаниясы ғаламторды тұтынушылардың электронды поштаға кiруiне кедергi болғаны үшiн Қытай билiгiне кiнә артуда. Ал ресми Пекин бұл мәлiмдеменi терiске шығарды.
Араб елдерiндегi революция халықаралық аренада да Қытайды қатты толғандырса керек. 17 наурызда БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында Ливиядағы жағдайға қатысты резолюция қабылданған сәтте дауыс беру барысында Қытай Ресей, Германия, Ирландия, Индия, Бразилия мемлекеттерiмен бiрге өз вето құқығын пайдаланбаған едi. Қытайдың Араб революциясынан секем алуының өзiндiк себебi бар. Ресми Пекин бұған дейiн де бiрқатар ереуiлдердi бастан кешкен. Елдегi жоғары инфляция, азық-түлiктiң қымбаттауына қарсы халық араб елдерiндегi жағдайды қайталауы әбден мүмкiн. Алайда "Евроньюс" телеарнасына сұхбат берген сарапшы, "Қытай лидерлерi ненi ойлайды?" (" О чем думают лидеры Китая?") кiтабының авторы Роберт Лоуренс Кун күншығыс елiнде "жасмин революциясы" орын алмайтынына сенiмдi. Роберт Лоуренс Кун "Араб елдерiндегi жағдай Қытайда қайталанбайды. Қытайда "жасмин революциясы" орын алмайтындығының үш себебiн екi бiрдей министр айтты. Бiрiншi себеп экономикалық сипатта. Соңғы отыз жылда Қытайда өмiр сүру жағдайы мұншалықты жақсы болған емес. Әрине, теңсiздiк мәселесi бар. Дегенмен министрлердiң мәлiмдеуiнше, халық өмiр сүру деңгейiнiң өсуiне тұрақтылық тiкелей әсер ететiндiгiн мойындаған. Екiншi себеп – сауатты жастар саясаты. Араб елдерiнде халықтың 50 пайызын жастар құрайтыны белгiлi. Ал Қытайда халық санын бақылау бағдарламасының арқасында жастардың пайыздық көрсеткiшi әлдеқайда аз. Тағы бiр ескеретiн жайт, Қытай билiгi жастарды жұмыспен барынша қамтып отыр. Министрлер 6,5 миллион түлектiң 80 пайызы жұмыспен қамтылғанын айтып отыр. Үшiншi себеп – саяси реформа. Мемлекеттiк лауазымдағы азаматтардың қызмет атқару мерзiмiнiң қысқаруының арқасында министрлер 65 жасында, саяси партия өкiлдерi 70 жасында зейнетке шығады. Тiптi мемлекет көшбасшысы – Коммунистiк партияның орталық комитетiнiң бас хатшысы, ел президентi екi басқару мерзiмiнен кейiн қызметтен кету керек. Осылайша, мандат мерзiмiн қысқарту Араб елдерiнде болған жағдайдың қайталанбауына себепкер болады. Ливиядағы жағдай Қытайды шетiн жағдайға қалдырды. Бiр жағынан, Қытай елдiң iшкi жағдайына қол сұғуға және егемендiктi бұзуға қарсы. Қытай кей жағдайда, мәселен елде iшкi жағдай ушыға түскенде Ливияға қолданған резолюция Қытайға да қолданылуы мүмкiн деп қауiптенуде.
Екiншiден, Қытайдың вето құқығын пайдаланбаған себебi – билiк адам құқықтарының бұзылғанын байқады, сондықтан бұл жағдайда қате шешiм қабылдағысы келмедi. Осылайша Қытай дауыс беруден бас тартты. Дегенмен Қытай баспасөзi Ливиядағы басқыншылық әрекеттер үшiн Батысты кiнәлауда. Қытай билiгi таяқтың екi ұшын да ұстап қалмақшы", – деп өз пiкiрiн нықтай түстi.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ