"МЕГАКОМНЫҢ" 30 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЫН КIМ ЖЫМҚЫРДЫ?

"МЕГАКОМНЫҢ" 30 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЫН КIМ ЖЫМҚЫРДЫ?

"МЕГАКОМНЫҢ" 30 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЫН КIМ ЖЫМҚЫРДЫ?
ашық дереккөзі

Мемлекет қазынасына iрi көлемде салық төлеп, "Құмтөр" алтын кенiнен кейiнгi екiншi орынды иеленiп келген "Мегаком" ұялы байланыс операторының ("Альфа Телеком" жабық акционерлiк қоғамы) төңiрегiндегi жанжал қазiргi таңда әбден ушығып, шырқау шегiне жеттi.

"Мегаком" ұялы байланыс желiсi 2006 жылдың сәуiр айынан берi қырғызстандық тұтынушыларға қызмет көрсетiп келедi. Алексей Елисеев деген атқамiнер әмiрi жүрiп тұрғанда, "БиМоКом" деген жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi есебiн тауып сызға отырғызып, оған тиiстi "Мегаком" компаниясын меншiктеп алған соң, 2009 жылы 3 маусымда "Альфа Телеком" жабық акционерлiк қоғамын құрған. Елисеевтiң ұйғарымымен "БиМоКомның" бас директоры болып Андрей Силич жаңа қоғамға басшылыққа тағайындалып, қарамағындағы барлық қызметкерлерi ендi "Альфа Телекомға" жұмыс iстей бастайды. А.Елисеев экс-президенттiң ұлы Максим Бакиев басқарған Қырғызстанды дамыту, инвестиция және инновация бойынша орталық агенттiгi жетекшiсiнiң орынбасары болатын.

2010 жылғы 7 сәуiр төңкерiсiнен кейiн М. Бакиев және А. Елисеев сияқтылар өлкеден қашып, "Альфа Телеком" ЖАҚ мемлекеттiң меншiгiне өттi. Бiрақ үлестiң 49 пайызы ғана Қырғызстанға тиесiлi болған Мұның себебiн анықтау үшiн қазiр құзыреттi органдардың қызметкерлерi бастарын қатыруда.

2010 жылдың қазан айының аяғына шақырылған "Альфа Телеком" ЖАҚ-тың жиналысы 5 қазанда қоғамның 100 пайыз акциясы қамауға алынып, мемлекеттiк мүлiк министрлiгiнiң сақтауына берiлгенiне байланысты өтпей қалады.

Дегенмен үстiмiздегi жылдың қаңтар айының ортасында бұқаралық ақпарат құралдарында "Мегаком" компаниясының 2010 жылды сәттi аяқтағаны туралы мәлiметтер көптеп жариялана бастады. Компания былтырғы жылды үлкен кiрiспен тәмамдап, мемлекеттiк қазынаға 1 миллиард сомға жуық салық төлептi.

Әйтсе де, артынша "Мегакомның" жылдың нақты пайдасын жасырып қалғаны, компанияның кассасынан iрi сомадағы қаражатты қымқырғаны жөнiнде "суық" хабар тарап, оның анық-қанығын тексеру үшiн Мемлекеттiк мүлiк министрлiгi компанияға Азамат Мурзалиев деген жаңа басқарушыны тағайындайды. Көп ұзамай қаржы полициясы қоғамның бас директоры Андрей Силичке қылмыстық iс ашты. Құқық қорғау органдары Ресейдiң азаматы болған А.Силичтi таппаған соң, министрлiктiң пәрменiмен компанияның бас директорының мiндетiн Азамат Мурзалиев атқара бастайды.

А.Силич кеткен соң оқиға одан сайын шиеленiсе түстi. Ресейдiң "Eventis Telecom" атты холдингi "Мегакомның" 51 пайыз акциясының иесi екенiн жариялады. Ресей инвесторларының мүддесiн қорғау мақсатында Мәскеуден Мемлекеттiк Думаның бiр топ депутаты Бiшкекке келедi. Думаның депутаты Семен Багдасаров "Мегакомға" Қырғызстанның бiрiншi вице-премьер-министрi Өмiрбек Бабановтың қорған болып отырғанын ашық бiлдiрдi. Бiрақ оның сөзiн үкiмет басшысының бiрiншi орынбасары Ө. Бабанов шыбын шаққан құрлы да көрген жоқ.

Отандастарының қолдауына сүйенген Андрей Силич 15 наурызда Қырғызстанға келiп, "өзiнiң компанияға заңды қожайын екенiн" танытып, "Мегакомның" кеңсесiн басып алды. Сол күнi Iшкi iстер министрлiгiнiң арнайы жасағының күшiмен Силич адамдарының әрекетi тоқтатылып, кеңсе Мемлекеттiк мүлiк министрлiгiне қайтарылды. Ендi Азамат Мурзалиев тергеуге алынуда. Оның орнына, яғни бас директордың мiндетiн атқаруға Алмазбек Абеков тағайындалады.

Жаны күйзелген Азамат Мурзалиев Қырғыз Республикасының президентi Роза Отынбаеваға хат жазып, шағымдануға мәжбүр болады.

16 наурызда мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жетекшiлерiн шақырып, "Мегаком" бойынша кеңес өткiздi. Iстi заңдылықты қатаң сақтау арқылы тексерiп, әдiл бiтiм шығаруға тапсырма бердi. Президенттiң ұсынысымен бұл iс бойынша Ұлттық қауiпсiздiктiң мемлекеттiк комитетiнiң (ҰҚМК) қарамағында мекемеаралық тергеу тобы құрылып, мәселенiң ақ-қарасын анықтауға кiрiсiп кеттi.

Үкiметтiң 25 наурызда өткен мәжiлiсiнде премьер-министр Алмазбек Атамбаев "мегакомдық" кәсiпкерлердiң заңсыз iстерiн анықтаудың орнына, прокуратура қызметкерлерi олармен сыбайлас болып жатқанын қатты сынға алып: "Бiз прокуратураның қалай тексерiп жатқанын көрдiк. Олар "Мегакомның" ұрыларын "қолтығына" алған. Сөйтiп 30 миллион доллар жоқ болды", – деп мәлiмдеме жасады.

Алмазбек Атамбаевтың сыны шымбайына қатты батса керек, республиканың бас прокуроры Қуатбек Байболов ертеңiне арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп: "Менiң "кiнәм" атышулы рейдерлерге компанияны күшпен басып алуға мүмкiншiлiк бермегенiмде ғана. "Қолтыққа алу" мәселесiне келсек, кiм қайсы саланы "қолтығына алып жатқанын" және қанша дүниесi бар екенiн көп адамдар бiраздан берi жақсы бiледi. Бiз тексерiп жатқан қылмыстық iстерде бұған байланысты өте қызықты деректер бар. Уақыты келгенде айтылады", – деп премьер-министрдi "Мегаком" бойынша тергеу амалдары аяқталғанша сабыр сақтауға шақырды.

Жоғарғы Кеңештiң кейбiр депутаттары "Мегакомның" iсiн ҰҚМК-ының қолға алғаны дұрыс емес деп есептеуде. "ҰҚМК шаруа iстерiмен айналыспауы керек, бұл қызмет органы барлау, қарсы барлау және лаңкестiкке қарсы күреспен шұғылдануы қажет. Сiрә, бұл жерде әлдекiмдердiң жеке мүдделерi болуы мүмкiн", – дейдi депутат Өмiрбек Абдрахманов. Осындай пiкiрлерден болар, "Мегакомның" мәселесiн тексеру үшiн арнайы екi депутаттық комиссия тобы құрылды.

Бүгiнгi күнде өлкеде "Мегаком" ("АльфаТелеком" ЖАҚ), "Билайн" ("Скай Мобайл" ЖШС), "Кател"( "Кател"ЖШС – Қырғызстанда тұңғыш құрылған Қырғыз-Америкалық компания), "О" ("НұрТелеком" ЖШС) және "Фонекс" ("АкТел" ЖШС) сияқты бес ұялы байланыс операторы халыққа қызмет көрсетуде. Бұлардың көшбасшысы "Мегакомның" қызметiн өткен жылдың басында 1,8 миллион адам пайдаланса, жыл аяғында пайдаланушылардың саны 2,2 миллионға жеткен. Демек Қырғызстанның 5 миллионнан сәл ғана астам халқының 43 пайызында "Мегакомның" қалта телефоны жүр.

"Мегакомның" айналасындағы жанжал Қырғыз Үкiметiн ұялы байланыс желiсiнiң бiр пұшпағын өз қолына алуға түрткi болған сияқты. Осы компанияның iсi талқыланған мәжiлiсте премьер-министр Алмазбек Атамбаев Қырғызстанда радиожиiлiк ресурсын иелену бойынша жаңа мемлекеттiк компанияның құрылатындығын хабарлады. Ол осы жөнiнде үкiметтiң бұйрығына қол қоймақшы.

Бұйрықтың мағынасын таратыңқырап айтар болсақ, бұл – Қырғызстанда ұялы телефон байланысының жаңа операторы пайда болады деген сөз. Алдымен мемлекеттiк үлесi 100 пайыз болған ашық акционерлiк қоғам құрылып, сосын 51 пайыздық үлесiн бастапқы бағасын 90 миллион сом өлшемiнде аукцион арқылы жеке тұлғаларға сату көзделуде. Мұндай жағдайда мемлекет негiзгi бақылау пакетiнiң иесi болып қала бередi. Жаңа байланыс жүйесiнiң енгiзiлуi қосымша жұмыс орындарын ашуға, байланыстың бұл түрiнде бәсекелестiктi күшейтуге әрi қызмет көрсету бағасының арзандауына шарттар жасайды.

Негiзi Қырғызстандағы ұялы байланыс жүйелерiнiң бағалары қымбат емес. Мысалы әртүрлi жеңiлдiктердi, тәулiктiң мезгiлiне орай арзандатылған бейiмдеулердi есепке алмағанда, "Мегакомның" бiр минуттық қызмет ақысы республиканың өз iшiндегi кез келген өзiнен басқа телефондық байланыс жүйесiмен сөйлесуге – 2.5 сом, өз жүйесiнде – 1 сом (3.24 теңге), "Билайндiкi" – 2.9 сом, өз жүйесiнде – 1 сом. Шетелдердiң байланыс жүйелерiне қосылу екi есеге қымбат. Көштен қалып бара жатқан "Фонекс" операторы жақында өз желiсiн жаңадан тұтынушыларға алты айға дейiн ақы төленбейтiн акцияны бастады.

Президент Роза Отынбаеваның Бельгияға және Францияға сапары, өзiне тарту еткен әйелдердiң халықаралық "Ерлiгi үшiн" сыйлығын алуды сылтауратып АҚШ-қа дейiн барып, премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың Мәскеуге қайта-қайта шапқылап, қасықтап, он-он бес миллион доллардан инвестиция сұрап жатқанда, "Мегаком" ұялы байланыс жүйесiнен сыбайлас жемқорлардың шөмiштеп, 30 миллион долларды жымқырғанына тойып секiргендер емес, "тоңып секiрген" қарапайым халық ұялуда.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi