Араб дағдарысы: СЕБЕПТЕРI МЕН САБАҚТАРЫ

Араб дағдарысы: СЕБЕПТЕРI МЕН САБАҚТАРЫ

Араб дағдарысы: СЕБЕПТЕРI МЕН САБАҚТАРЫ
ашық дереккөзі

Әлемдi дүр сiлкiндiрген саяси оқиғалар Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерiнде орын алды. Билiкке қарсы қарапайым халық көтерiлiстерi мен шерулерi Тунис, Египет, Алжир, Сирия, Йемен, Ливия, Бахрейн сияқты мемлекеттерде болып өттi. Наразылық шерулерiне шыққандардың негiзгi талаптары: ұзақ мерзiмде билiк құрған (20-40 жылдар арасында) басшылардың мемлекеттiк билiктен кетуi, әлеуметтiк мәселелердiң, ең алдымен қарапайым халықтың материалдық әл-ауқатының жақсаруы, жұмыссыздықтың азайтылуы, азық-түлiк тауарларының арзандатылуы, әлеуметтiк әдiлеттiлiк мәселелерiне байланысты. Өркениеттi адамзат пен Батыс державаларының басшылары ереуiлшi халық өкiлдерiн қолдап, әлемнiң қарапайым халықтары араб елдерiндегi билiкке қарсы наразылық әрекеттердi шын ниеттерiмен қуаттауда.

Ислам дiнiнiң отаны болып саналатын араб халықтарының билiкке қарсы көтерiлiстерiнiң осындай жаппай сипат алуы – әлемде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Бейбiтшiлiк, тыныштық, тәубе мен шыдамдылықта өмiр сүрудi уағыздайтын Алла мен Құранға адал халықтардың билiкке осынша наразылық көрсетуi қарапайым жұрттың төзiмiнiң таусылғанын айғақтаса керек. Себебi Араб мемлекетiнiң билiк иелерi өз елдерiн ұзақ жылдар басқарғанымен, еңбекшi халықтың мұң-мұқтажын ұмытты. Бiр тiлде сөйлейтiн араб халықтарының басы бiрiкпедi. Олар ислам уммасын әлемдiк бәсекеге бастайтын күшке айнала алған жоқ. 1,4 миллиард халқы бар, iшкi жалпы өнiмi Қытайдан кем соқпайтын мұсылман жұрты әлемдiк саясат пен экономикалық ахуалға ықпал етуi жағынан геосаяси ойыншылардың ең әлсiзi болып қалды. АҚШ, Батыс Еуропа, Қытай мен Жапония мұсылман мемлекеттерiне шикiзат көзi ретiнде қарау саясатын жүргiзе бердi. Кейбiр Ауғанстан, Ирак сияқты мұсылман мемлекеттерi АҚШ-тың неоимпериалистiк саясатының құрбанына айналды. АҚШ-тың "ұлттық мүддесi мен мемлекеттiк қауiпсiздiгi" үшiн құрбан болған Ирак пен Ауғанстанға көп санды ислам уммасы ара тұра алған жоқ. Мұнайдан зор байлыққа кенелген Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ сияқты бай-қуатты мұсылман мемлекеттерi АҚШ-пен одақтасып, өздерiмен бауырлас мемлекеттердiң интервенцияға ұшырауына ешбiр қарсылық көрсеткен жоқ. Әлемдiк мұнай өнiмдерiнiң 59 пайызын беретiн мұсылман мемлекеттерi: Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Кувейт, БАӘ, Ливия, Катар, Бахрейн бiрiгiп әлемдiк геосаяси жағдайға өз ықпалын күшейтудiң тиiмдi тетiктерiн iздестiре алмады. Өкiнiшке қарай, араб және мұсылман мемлекеттерi басшылары халқын қанаумен байлыққа шомылып, елдiң табиғат байлықтарының ортақ иесi болып табылатын қарапайым еңбекшi бұқара назардан тыс қалды. Ондаған жылға созылған осы әдiлетсiздiк араб мемлекеттерiнiң дағдарысының негiзгi себептерiне айналды. Араб дағдарысына себепкер басшылар қасиеттi Құранның талаптарын, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеттерiн орындау қажеттiлiгiн ұмытты. Алланың билеушiге өткел аманатын орындамады. Халық көтерiлiстерi болған Араб мемлекеттерiнде қарапайым халықтың басым көпшiлiгi асқан кедейшiлiкте өмiр сүредi. Басқарушы билiк әлеуметтiк бағдарламаларды iске асырған жоқ. Саяси реформаларды былай қойғанда, елдiң бәсекеге қабiлетiн күшейтетiн экономикалық реформалар да қолға алынбады. Аталмыш араб елдерiндегi жағдай мен әлеуметтiк-саяси ахуал Қырғызстан Республикасындағы қиыншылықтармен ұқсас болды. Бұл мемлекеттерде "алдымен – экономика, содан кейiн – саясат" формуласы жұмыс iстеген жоқ. Билiк елдiң шикiзаттарын сатумен ғана баюда болды. Араб дағдарысының себептерiн тек экономикалық мәселелердiң шешiлуiне ғана тiреп қоюға болмайды. Аталмыш мемлекеттерде жүйелiк дағдарыс орын алып, олардың жалпы дамуы тежелдi. Мемлекеттiң артта қалуы, әсiресе Батыстың дамыған мемлекеттерiмен салыстырғанда тiптен көзге түстi. Ашық қоғамдағы ақпарат алмасу, әлем мемлекеттерiндегi ортақ үдерiстер орын алып отырған әдiлетсiздiктердi, кемшiлiктердi және қайшылықтарды анық көруге, түсiнуге мүмкiндiк туғызды. Елдiң нашар өмiр сүруiнiң ұзаққа созылуы және оған билiк иелерiнiң кiнәлi болуы жүздеген мың халықты көшелер мен алаңдарға алып шықты. Бейбiт шерулер қарулы қақтығыстарға, ал қақтығыстар қантөгiстi соғыстарға ұласып жатты. Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс елдерiндегi билiкке қарсы революциялардың басталып кетуiнiң себептерi тiптен өзгеше. Араб революцияларын Тунис мемлекетiнiң халқы бастады. 1989 жылдан елдiң президентi болып келе жатқан Бен Алидiң әдiлетсiз экономикалық саясатына наразылық бiлдiрген бiр азамат орталық алаңда өзiн ашық түрде жағып жiбердi. Бұл наразылық актiсi ел жастарын бiрден дүрлiктiрдi. Парақорлықтың шектен шыққандығына, жалақының тым төмендiгiне (орташа жалақы айына 32 АҚШ долларындай), жұмыссыздықтың өсуiне (халықтың 14 пайызы), билiктiң әлеуметтiк мәселелердi шешуге құлықсыз болуы жастарды және зиялы қауым өкiлдерiн жаппай алаңға шығарды. Қаңтар айының соңында басталған революцияға ондаған мың адам қатысты. Бен Али режимi билiктен кетуге мәжбүр болды. Экономикасы орташа дамыған, iшкi жиынтық өнiмi жан басына шаққанда 9000 доллардан асатын елде халықтың өмiрiн, бiлiмiн және денсаулығын жақсартуға қомақты қаржы бөлiнбедi. Байлықты Бен Алидiң маңайындағы туыстары мен шенеунiктер ғана иемдендi. Мұндай билiктi Тунис халқы асырай беруден бас тартты. Тунис халқының "революцияшыл үлгiсiн" Египет жастары iлiп әкеттi. Египетте бiрнеше жас жiгiттер интернет жүйесi арқылы билiкке қарсы шеруге шығуға, Тунис көтерiлiсшiлерiн қолдауға шақырып СМС-тер таратқан. Интернеттегi жарнамаға ондаған мың адам үн қосып, ел астанасы Каирдiң негiзгi алаңы Тахрирге жиналды. Тахрир алаңы Египеттегi "түрлi-түстi революцияның" орталығына айналды. Египет жастары әлемде компьютерлiк технологияларды революция насихатшысына айналдырған алғашқы күш болуымен ерекшелендi. Араб елдерiндегi блогерлер халықты шерулерге өте жылдам ұйымдастырды. Сондықтан бұл елдердегi революцияларды "твитерлiк революция" деп атап жүр. Екi аптаға жуық текетiрес Египет Республикасын 1981 жылдан берi 30 жыл басқарған Хосни Мубарактың билiктен бас тартуымен аяқталды. Елдегi билiкке көтерiлiс кезiнде бейтарап саясат ұстанған армияны басқарған Әскери кеңес мүшелерi келдi. Египеттегi революция билiкке әскери басшыларды әкелдi. Олар ел Конституциясын өзгертудi қолға алды. Египеттегi революцияның әлеуметтiк алғышарттары Тунистегi жағдайға ұқсас. Жұмыссыздық 22 пайызға жетiп, кедейшiлiк елдi жайлаған. Билiк жүгенсiз кеткен. Қарапайым халық чиновниктердiң парақорлығынан әбден зардап шеккен. Кейбiр деректерге қарағанда 808 АҚШ доллары көлемiнде президенттiк жалақы алып келген Хосни Мубарактың жалпы байлығының көлемi 70 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ол осы байлықпен әлемдегi ең бай адамдардың тiзiмiн бастай алады. Бiрақ Египет басшысы ресми түрде өз байлықтарының көлемiн осы уақытқа дейiн ашып айтқан емес. Египеттегi әлеуметтiк дағдарыс дiнаралық қақтығыстарға ұласуда. Ел халқының 10 пайызға жуығын құрайтын 8 миллиондай христиан-коптылар көтерiлiстерге шығуда. Каирде олардың 2 мыңдайы iрi автомагистральдарды жауып, автомашиналарға тас жаудырған. Адамдар қаза болып, жарақат алды. Египеттегi жағдай ел билiгiнен Хосни Мубарак кетсе де оңалмай отыр. Билiкке келген Әскери кеңес елде референдум өткiзiп, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бетбұрыс жасауда. Батыстық өмiр сүру мен билiк моделiн жақтаушылыр МАГЭТЕ-нiң бұрынғы бас хатшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед аль Барадейдiң маңайында топтасуда. Ал исламдық құндылықтарды жақтаушылар "Мұсылман бауырлар" саяси партиясының маңында шоғырлануда. Батыста террористiк ұйым болып саналатын "Мұсылман бауырлар" партиясы билiкке келсе, Египетте дiннiң рөлi күшеймек. Египеттегi халық көтерiлiсiнен кейiн Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыстағы "тунистену" құбылысы басқа мемлекеттерге жылдам тарады. Йеменде, Бахрейнде, Ливанда, Алжирде, Сирияда мемлекеттiк билiкке қарсы көтерiлiстер басталды. Тунис пен Египетте бұл революциялар билiктiң ауысуына әкелсе, басқа мемлекеттерде әлi де нәтижелерi белгiсiз. Йеменде, Ливанда адам шығындары орын алуда. Ал Бахрейнде революция дiни сипат алып, билiктегi суниттiк азшылыққа қарсы ел халқының көпшiлiгiн құрайтын шийттердiң көтерiлiсiмен сипатталуда. Бахрейн корольдiгiнде билiкке қарсы көтерiлiстер дiни сипат алуда. 500 мыңға жуық халқы бар 33 аралды мекендейтiн мемлекет жұртының 70% – шийттер. Елдi басқаратын азшылық – суниттер. Оған корольдiң жанұясы да кiредi. 2002 жылдан берi билiк құрып келе жатқан шейх Хамад ибн Иса аль-Халифа Батыс елдерiмен жақын, достық қатынаста. Шийттер ел астанасы Манамада үздiксiз шерулер жасауда. Монархиялық ислам мемлекеттерiндегi бас көтерулерден қорыққан Сауд Арабиясы наурыз айында Бахрейнге 10 миллиард доллар көлемiнде әлеуметтiк көмек бергеннен кейiн 1000 адамнан тұратын әскери корпусын маңызды мемлекеттiк мекемелердi күзетуге көмекке жөнелттi. Бахрейндегi стратегиялық объектiлердi күзетуге Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi де 500 әскери қызметкерiн жiбердi. Сонымен араб монархтары бiрiккен күшпен шийттер көтерiлiсiн басып тастауға жұмылуда. Бахрейнде әлi де тыныштық орнар емес. Ал Йеменде оппозициялық күштер студенттер мен жастарға иек артуда. Ел президентi Али Абдолла Салехтiң орнынан кетуiн талап еткен еруiлшiлерге қарсы оқ атылып, газ қолданылуда. Билiк өз жақтастарын қаруландырып, оппозицияға қарсы айдап салуда. Бұл елде де билiк пен оппозиция арасындағы текетiрес жалғасып отыр. Йемен астанасы Санада еруiлшiлерге қарсы полиция оқ атқанда, 50 адам жарақат алды. Араб елдерiндегi революциялардың терең қайшылықты табиғаты Ливия Араб Жамахириясында көрiнiс бердi. 6 миллиондай халқы бар елде 1969 жылғы 1 қыркүйектегi әскери төңкерiстен кейiн полковник Муамар Каддафи басшылық етiп келедi. 42 жыл Ливияны билеген Каддафи да өз халқының әл-ауқатын көтеретiн экономикалық және әлеуметтiк жаңару саясатын жүргiзген жоқ. Халық әскери диктатура жағдайында өмiр сүрдi. Билiктегi аз ғана топ – Каддафидiң жанұясы мен туыстары билiк пен байлықты иемдендi. Ливиядағы 13 кландық топтың ең азы – Каддафидiң тайпасы. Соған қарамастан Каддафи кланы елдегi топтар арасында арбитраждық және билiк айтушылық рөл атқарып келдi. Ел өмiрiнiң өзектi мәселелерiнiң барлығын аз санды Каддафи тобы шештi. Каддафидiң және балаларының Батыс банктерiнде мол қаржысы бар екендiгi ақиқат. Бiрақ оның дәл мөлшерiн ешбiр сарапшы айта алмай отыр. Каддафи әлемдiк империализмге қарсы, араб бiрлiгi туралы, ислам уммасының ынтымақтастығы туралы ұрандар көтерген "Жасыл кiтабымен" бiраз бедел жинақтады. Ел аумағын қорғай алатын қуатты армия да жасақтай алды. Оның антиимпериалистiк ұрандары сөз жүзiнде қалды. Ал нақты iстерде Каддафи де Хосни Мубарак, Бен Али, Абдолла Салех сияқты АҚШ пен Батыс Еуропа елдерiмен жақындасу саясатын жүргiздi. Муамар Каддафи: “Ешбiр мемлекеттiк қызметiм жоқ, сондықтан билiктен кетпеймiн”, – деп көтерiлiсшiлердiң талаптарын орындамайтынын мәлiмдедi. Егер НАТО мүшелерi бүлiкшiлердi жақтап әскерiн кiргiзетiн болса, өзiнiң қарамағындағы әскери күштерiн аса батыл қолданатынын ашық айтқан едi. Қаруларын тастаса көтерiлiсшiлерге рақымшылық жариялаймын деп те уәде бердi. Халықаралық қауымдастықты Ливияға басып кiруден бас тартуға шақырды. 2011 жылғы ақпан айында Ливия көтерiлiсшiлерi бiршама табыстарға жеттi. Көтерiлiс азамат соғысына ұласып, жүздеген адам қаза болды. Елдiң екiншi iрi қаласы Бенгази көтерiлiсшiлердiң тiрегiне айналды. Алайда әскери қару-жарағы сапалы Каддафи жалдамалы әскерлерi көтерiлiсшiлердiң күштерiн бiртiндеп шегiндiре бастады. Ливия басшысының әскерлерi Бенгази қаласын бақылауға алуға жақын қалғанда көтерiлiсшiлер жеңiлуге шақ қалды. Бiрақ НАТО мүшелерi өзара жылдам ымыраласып, көтерiлiсшiлердi жақтап шықты. Олар Каддафи билiгiмен қатынастар жасаудан бас тартты. Көтерiлiсшiлердi толық жеңiлiске ұшыраудан АҚШ пен одақтастарының Ливияға әуеден соққы беруге кiрiсуi сақтап қалды. АҚШ билiгi өз халқының пiкiрiне қараған жоқ. Ауғанстан мен Ирактағы зор шығындардан кейiн американдықтардың 67 пайызы Ливияға қарсы күш қолдануын құптамағаны мәлiм. БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң мүшелерi Қытай, Ресей, Германия, Ресей НАТО-ның Ливияға шабуылын қолдаған жоқ. НАТО мүшесi болып табылатын Түркияның премьер-министрi Реджеп Ердоған: "НАТО өзiне мүше елдердiң iсiне аралассын, Ливияда не шаруасы бар", – деп кесiп айтты. Батыс мемлекеттерi Ливия басшысы Каддафи мен оның туыстарының шетелдiк есепшоттарын жапқызып, елдiң шығыс өңiрiнде жеңiске жеткен оппозицияны ресми билiк ретiнде тани бастады. Елдiң батысында Каддафидiң тайпасы мен мемлекеттiк қызметкерлердiң басым бөлiгi жақтаушы күштер болып қала беруде. Каддафидiң билiкте қалуының екiншi себебi – оның батыл түрде, ешкiмнен жасқанбай көтерiлiсшiлерге қарсы әскердi қолдануы болды. Қатал басшы өз елiндегi қантөгiстен қорыққан жоқ. Оның осы батылдығы НАТО-ның әскери экспанциясына да тосқауыл болады деп есептеген сарапшылар қателескен. Батыс Ауғанстан, Ирак, Сомали елдерiндегi шығындары мен қателiктерiн тағы да қайталағысы келген сияқты. Ресей Ливия революциясына араласқысы келген жоқ. "Ливиядағы бұлғақтан Ресей 4 млрд. доллар әскери тапсырыстарынан айрылса, басқа батыс елдерi де бiршама шығын шектi", – деп жазды В.Цепляев "Станет ли Ливия вторым Ираком" деген мақаласында ("АиФ" газетi №10. 2011 ж). Каддафидiң: “Егер сендерде мемлекеттiлiкке қауiп төнсе, қару-жарақ қоймаларын тонау әрекеттерi болса, халықтың бейбiт өмiрiне елдегi радикалистiк топтар қауiп төндiрсе не iстер едiңдер. Әрине, батыл түрде барлық бейбастықтарға тосқауыл қоятын едiңдер. Мен де солай етудемiн", – деген нық сенiмдi сөзiне НАТО басшылары құлақ асқан жоқ. Алайда елдiң шығысына қарай Каддафи әскерi дендеп ене бастаған кезде батыс мемлекеттерi: АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Канада мен Италияның әскери ұшақтары, Жерорта теңiзiндегi АҚШ пен Францияның әуетасымалдарынан ұшқан әскери ұшақтар Триполи және басқа да Каддафи жақтастары шоғырланған елдi мекендер мен әскер лагерлерiне соққы жасап, бомбалауды бастады. Каддафи өз жақтастарын Батыс агрессиясымен аяусыз күреске шақырды. НАТО-ның Ливияға шабуылды алдын-ала дайындап, қандай әскери объектiлерге соққы беру қажеттiлiгiн бiлiп отырғандығы белгiлi болды. Каддафиге әуеден соққы беруде ерекше белсендiлiк көрсеткен Францияның президентi Николя Саркози және Ұлыбританияның премьер-министрi Дэвид Кэмерон. Олар бейбiт Ливия халқын және оппозицияны қорғау ұранымен Ливияға қарсы әскери әрекеттерге барып отыр. Ливиядағы жағдай тiптен ушыға түсуде. Азамат соғысы ұзаққа созылатын сипат ала бастады. Ливиядағы адам шығындарын нақты есептеп жатқан ешкiм жоқ. Бiрақ Ливия Ауғанстан мен Ирактың кебiн киетiнi, бұл елдiң де Жер шарындағы тұрақсыздық нүктесiне айналатындығы белгiлi болып отыр. “Осы әскери шабуыл арқылы Николя Саркози мен Дэвид Кэмерон өз елдерiндегi саяси рейтингтерiн көтерудi де мақсат тұтуда”, – деп пiкiр айтушылар бар. Ливия азамат соғысы өртiне оранса Сирия, Бахрейн, Йемен, Алжир мен Тунисте әлi де билiкке қарсы шерулер тоқталар емес. Египет халқы ғана Конституцияға өзгерiстер енгiзiп, демократиялық, құқықтық мемлекет құрудың заңды негiздерiн жасауда. Әскери кеңес билiктi уақытша ғана ұстап тұрмыз деген пiкiрiн айтуда. 2011 жылғы бастапқы 2-3 айдың көлемiнде осыншама мұсылман мемлекеттерiнде болған билiкке қарсы көтерiлiстердiң себептерi мен салдарын бiлу аса маңызды. Араб елдерiндегi дағдарыстардың әлеуметтiк-саяси және экономикалық себептерi бар. Осы елдердегi объективтi жағдайлар халықтың ашу-ызасын тудырған революцияларға әкелдi. Марксистiк революциялар теориясы тұрғысынан баға берсек, аталмыш елдерде "жоғарыдағылар бұрынғыдай басқара алмайды, төмендегiлер бұрынғыша өмiр сүре алмайтындай" ахуал қалыптасты. Бұлай болуын марксистер "революциялық ахуал" деп те атайды. Ұзақ уақыт мемлекеттi билеген басқарушы элита халықтың материалдық әл-ауқатын жақсартатын шараларды тұрақты және жүйелi түрде iске асырған жоқ. Халықтың бiлiмiн, денсаулығын, мәдениетiн жақсартатын әлеуметтiк реформалар саясаты жұмыс iстеген жоқ. Керiсiнше, қарапайым халықты тұрақты түрде қорқытып, басып ұстау саясаты жүргiзiлдi. Мысалы Египетте, Сирияда, Тунисте коменданттық сағатты белгiлеген әскери режимдер ондаған жылдар халықтың еркiн өмiрiнiң мазасын кетiрдi. Басшылардың ұзақ уақыт елдi билеуiнен және халық қамын ойламайтындықтарынан әбден жалықты. Наразылықтардың ең негiзгi әлеуметтiк-саяси түп-тамыры осында. Екiншiден, аталмыш мемлекет басшылары жалпыисламдық бiрлiк идеясын сөз жүзiнде ғана жақтады. Олар iс жүзiнде проамерикандық және произраильдiк саясат жүргiздi. Египет, Тунис, Ливия, Сирия сияқты қуатты армиясы бар мемлекеттер бiрiгiп, жалпыарабтық ортақ мүдделердi қорғай алмады. Жалпы араб мемлекеттерiнiң арасында ешқандай ауызбiршiлiк жоқ деп айтсақ қателеспеймiз. Олар Израильдiң әдiлетсiз соғыстарына тойтарыс бере алған емес. Сондықтан халық алдымен Ливанда, одан кейiн Тунис пен Египеттегi проамерикандық саясат ұстанған билiктердi құлатты. Үшiншiден, АҚШ пен оның одақтастары араб дағдарысынан пайда табуға тырысуда. Батыс мемлекеттерi үшiн Ливия мұнайы Ирактың мұнайынан кейiнгi арзан табыс көзiне айналмақ. Аталмыш елдердiң ұзақ уақыт ел билеген басшыларын Батыс идеологиясы адам құқықтарын шектеушi, билiктi өз мүддесiне ғана пайдаланушы диктаторлар ретiнде көрсетумен, ұдайы айыптаумен болды. Американдық "Foreign Policy" журналының деректерi бойынша, диктаторлар тiзiмiнде Муамар Каддафи 11 орынды, Хосни Мубарак 15 орынды, Ирак президентi Махмуд Ахмадинижад 8 орын алған болатын. Ал американ сарапшылары "зұлымдық белдеуi" деп атаған елдердiң басшыларын Солтүстiк Кореяның басшысы Ким Чен Ир бастап тұр. Ал Зимбабвенiң диктаторы Роберт Мугабе екiншi тұр. Демек, АҚШ пен одақтастары өздерiне ұнамайтын, айтқандарына жүрмейтiн мемлекеттердiң басшыларын билiктен кетiруге ұдайы әрекет етiп отырады. Ирак басшысы Саддам Хусейндi жасырын атом бомбасын жасады деп айыптаса, осы айып қазiр Иран басшысына тағылуда. Терроризмнiң және наркотрафиктiң тiрегi деген желеумен Ауғанстан басып алынды. Әлемдiк басым держава ретiнде АҚШ пен оның одақтастары өздерiнiң шикiзаттық және стратегиялық мақсат, мүдделерi үшiн ешкiмдi аяйтын түрi көрiнбейдi. Ирак, Ауғанстан сияқты Ливия да Батысқа бағынатын, бiрақ өз iшi өте тұрақсыз, ұдайы билiкке талас соғысы жүрiп жататын мемлекетке айналмақ. Ирак әлем мұнайының 10 пайызын берсе, Ливияда 4 пайыз әлем мұнай қоры бар. Осыншама шикiзат көзiн Батыс өз дегенiнше пайдалануды мақсат тұтып отырғаны шындық. Төртiншiден, араб мемлекеттерiндегi тұрақсыздық әлемдiк қауiптердi тереңдете түседi деп есептеймiз. Олар терроризм қаупiнiң күшейуi, заңсыз босқындар легiнiң көбеюi. (Қазiрдiң өзiнде 6 млн. халқы бар Ливиядан 400 мыңдай адам босқын болуда). Египеттен, Тунистен, Сириядан қашқан босқындардың Еуроодақ мемлекеттерiне шектен тыс қаптап кету қаупi бар. Босқындар тасқыны жергiлiктi жерлерде жұмыссыздық, кедейшiлiк, қылмыс мәселелерiн ушықтырып жiберу қаупi басым. Сондықтан араб билеушiлерiн тәртiпке шақырудың әлем халықтары үшiн түрлi терiс салдары бар екендiгi анық. Бесiншiден, Батыс мемлекеттерiнiң исламдық араб мемлекеттерiне соңғы жылдардағы шабуылдары ислам әлемi мен христиан әлемiнiң арасындағы шиеленiстердi тереңдету қаупi туып отыр. Иракты, Ауғанды, Ливияны тас-талқан қылған АҚШ пен Батысқа қарсы исламдық экстремистiк топтардың күресiнiң күшейе түсетiндiгi, яғни әлемдiк терроризм қаупi күшейетiндiгi болжануда. Каддафи Батыстың шабуылын "жаңа крест жорығы" деп атауы тегiн емес. Каддафимен кеше ғана дос болған, тiптен оның қолын сүюге дейiн барған Италияның премьер-министрi С.Берлусконидiң бүгiн оны диктатор және жау деп шыққаны – екiжүздiлiк. Өкiнiшке қарай, мұндай екiжүздiлiктi АҚШ пен Батыс мемлекеттерiнiң басшылары жиi-жиi қайталауда. Олар үшiн дос жоқ, тек өз мемлекеттерiнiң және трансұлттық корпорацияларының мүдделерi ғана бар екендiгiн әлем халқы мен ислам мемлекеттерi түсiнетiн мезгiл жеттi. Барак Обама: “Әлемдiк тәртiптердiң болашағы – Батыс демократиясы. Араб елдерiндегi көтерiлiстер – халықтық дамудың Батыстық моделiн таңдауы”, – деп жариялады. Әрине, ел мүддесiн, халық мұқтажын ұмытқан Бен Али, Муамар Каддафи, Хосни Мубарак т.б. ислам мемлекеттерiнiң басшылары кiнәлi. Ал Батыс осы елдердiң iшкi iстерiне араласуымен кiнәлi. Әр мемлекет өздерiнiң iшкi әлеуметтiк және ұлттық қайшылықтарын өздерi шешуге құқылы. Әр халық өз диктаторларының жазасын өздерi бергенi дұрыс. Батыстың басым державаларының диктаторларды жазалау саясаты түбiнде неоимпериалистiк нәтижелермен аяқталатыны белгiлi болып отыр. Олар диктаторлардың орнына "қуыршақ билiк" әкелiп, сол елдердiң табиғат ресурстарын қанаумен айналыса бастайды. Осы саясатқа көнбеген Иран сияқты мемлекеттер Батыс өркениетiнiң, демократиялық қоғамының қас жауы немесе "зұлымдық белбеуi" болып жарияланады. Өкiнiшке қарай, қазiргi әлемдiк саяси шындықтың осы ерекшелiгiн мойындамасқа лаж жоқ. АҚШ пен Еуроодақ мемлекеттерi әлемдiк тәртiптердi қадағалаушы. Алтыншыдан, Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс елдерiнде болған "түрлi-түстi революциялар" қандай нәтижелерге әкелетiндiгi әзiрше беймәлiм. Жастардың бастауымен, жүздеген мың халықты соңына ерткен революциялар нәтижелерiн АҚШ пен оның одақтастары иемденiп кете ме, әлде билiкке радикалистiк исламдық күштер келе ме? Мүмкiн революцияшыл араб елдерiнде Ирак пен Ауғанстан сценарийi қайталанар?! Әлеуметтiк әдiлеттiлiк ұрандары демократиялық құрылысқа бастай ма? Әзiрше революциялардың болашағын болжау қиын. Жетiншiден, Қазақстанның басқарушы элитасы мен халқы араб дағдарысынан қандай сабақтар алуы керек деген сұрақ туады. Батыс мемлекеттерiмен қазiргi жақсы қарым-қатынастарымызға алданып қалмауымыз керек. Басым державалардың басшылары өздерiнiң саяси рейтингтерiн көтеру үшiн ғана соғыс әрекеттерiне баруы әбден ықтимал екендiгiн Ливияға шабуыл толық дәлелдеп бердi. Сондықтан Қазақстанда бар билiк пен халықтың бiрлiгi мен өзара түсiнiстiгiн нығайта беру ауадай қажет. Ол үшiн билiк қазiргiдей халықтың қамын жейтiн әлеуметтiк жаңару саясатын неғұрлым пәрмендi жүргiзуге тиiс. Ал экономикалық саясат ел халқының тiкелей әл-ауқатын, өмiр тiршiлiгiн, еңбек жағдайын жақсартуға ғана жұмыс iстей беруi қажеттiлiк. Елiмiзде жүргiзiлiп жатқан сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен күрес саясаты осы құбылыстың қаупiн ең төменгi деңгейге азайтуы пайдалы. Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) төрағалық етуде. Көлемi жағынан БҰҰ-нан кейiнгi екiншi орын алатын бұл ұйымға Қазақстан Араб елдерiн қамтыған, бұрын-соңды болмаған дағдарыс жағдайында ИКҰ басқармақшы. 56 елден тұратын, мүдделерi әр тектi, саяси ұстанымдары қым-қиғаш ИКҰ-ға Қазақстан экономикалық жаңару саясатын, әлеуметтiк-саяси тұрақтылық моделiн, этносаралық татулық өмiр салтын ұсынбақ. Қазақстандық даму моделi ислам мемлекеттерiне қоғамдық қатынастарды дұрыс дамыту жолын үйретедi деген үмiт зор. Қазақстандағы қазiргi әлеуметтiк ахуалды араб елдерiмен салыстырар болсақ, ел халқының жағдайы жақсы екендiгi шындық. Дағдарысқа ұшыраған араб мемлекеттерiндегi ай сайынғы жалақы деңгейi орта есеппен 50-150 доллар көлемiнде болса, бiздiң елiмiзде бұл көрсеткiш 500 доллардан асты. Кеңес Одағы күйрегеннен кейiнгi дағдарыстан бергi уақытта, яки 1996 жылдан бастап ел билiгi Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатын үздiксiз көтеруге ұмтылуда. Бiрақ жасалатын iстер мен шешiмiн таппаған мәселелер әлi де жетерлiк. Халықтың 20 пайызға жуығы әлi де кедейшiлiкте күн кешуде. Елдiң iрi мегаполистерiндегi "қаланың жаңа кедейлерiнiң" жағдайы өте мүшкiл. Ауылдардан жұмыс таппай қалаларға ағылған жастардың әлеуметтiк мәселелерiн кешендi шешу мәселелерiн қолға алмай болмайды. "Қаланың жаңа кедейлерi" Қазақстанда да қауiптi "тұтанғыш" әлеуметтiк материал болып кетуi ықтимал. Сонымен бiрге, Қазақстанның табиғат ресурстарынан миллиардтап пайда тауып келген трансұлттық корпорациялардың, шетелдiк фирмалардың, отандық монополистердiң табыстарының қомақты бөлiгiн Қазақстан халқының денсаулығына, бiлiмiне, мәдениетi мен ғылымына мақсатты түрде пайдалану мәселесiн тиiмдi шешудiң маңызы артады.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдарының докторы, профессор