МӘСКЕУГЕ БАСЫМДЫҚ, ҚЫРҒЫЗСТАНҒА «БАКС» ҚАЖЕТ
МӘСКЕУГЕ БАСЫМДЫҚ, ҚЫРҒЫЗСТАНҒА «БАКС» ҚАЖЕТ
Қос тарапқа жалтақтап, қақ жарылған Қырғызстан мемлекетiнiң келешегi талайдың назарын ерiксiз аударып отыр. Алаң болған жұрттың қай қиырға бет бұратыны да белгiсiз. Бiрақ бiрiншi қадамды Ресей Федерациясы жасады. АҚШ-тың да қырғыз жұрты үшiн әзiрлеп отырған жоспарлары жоқ емес. Таяуда РФ Премьер-министрi Владимир Путин мен Қырғызстан Премьер-министрi Алмазбек Атамбаев Мәскеуде келiссөздер жүргiзiп, шешiмi ұзаққа созылған салмақты мәселелердi күн тәртiбiне енгiздi.
Мәскеу ақпан айында жанар-жағармай өнiмдерiне енгiзiлген баж салығын алып тастады. Көктемгi науқан кезiнде Қырғызстандағы жағармай жетiспеушiлiгi тағы бiр төңкерiстi ушықтыруы мүмкiн едi. Дер кезiнде қолданылған бұл шара қазiргi қырғыз Үкiметiн құтқарып қалды десе де болады. Бүтiндей бiр мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн сақтап қалу мақсатында өткен жылы Қазақстан да үлкен көлемде жанар-жағармайды көршi елге жәрдем ретiнде берген болатын. Ал биыл бұл iстi Ресей мойнына алып, орнына экс-президент Құрманбек Бакиев жасаған келiсiмшарттарды орындауды талап етiп отыр. Мәскеу төрiндегi кездесу осындай мәселелер төңiрегiнде өрбiдi.
ЖАНАРМАЙ ТӨҢIРЕГIНДЕГI ЖЫР
Расында Бакиев тақтан тайған соң, екi ел арасында шешiлмеген мәселелердiң саны арта түстi. Премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың Мәскеуге сапары кейбiр келеңсiздiктердi уақытша болса да өңгеруге бағытталды. Науқан кезiнде тасымалданатын жағармайдың баж салығын алып тастау өткен жылдың желтоқсанында қолға алынған едi. Бiрақ мұндай жарылқаудың өтеуi ретiнде Бiшкек салықсыз алынған жағармайды үшiншi мемлекеттiң нарығына шығармау туралы ант-су iшкен. Оған нақты мысал ретiнде "Манас" әуебазасы арқылы жасалған сауданы айтуға болады. Мұны Атамбаев мырзаның өзi де мойындап отыр: "Расында, көптеген жылдың жүзiнде "Манас" әуежайындағы америкалық база арқылы реэкспорт жасап отырдық. Бұл тетiктi ендi жауып тастадық", – дедi кездесу барысында.
Жалпы келiсiм бойынша АҚШ-тың әуебазасына жеткiзiлетiн жағармайдың тең жартысын Ресей мен Қырғызстан тараптарының бiрлескен компаниялары қамтамасыз етпекшi. Яғни ресейлiк "Газпронефть-Аэро" компаниясы тасымалдайтын жағармайдың үлесi 51 пайызды құраса, "Манас" әуебазасына қажет қалған 50 пайыз жағармайды Қырғызстан Үкiметi басқа қырғыз-ресейлiк компанияға бөлiп отыр. "Америка заңдарына сәйкес жеткiзушi жалғыз болмауға тиiс. Кем дегенде екi компания жеткiзiп отыруы керек. Егер де америкалықтармен келiсетiн болсақ, қалған жағармайды жеткiзудi Ресейдiң басқа бiр компаниясына тапсырған болар едiк. Не десек те, жағармай Ресейдiкi ғой", – деп түсiндiрдi Алмазбек Атамбаев. "Екi түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледiнiң" кейпiн киген қырғыз елi екi жақтың ұсынысы мен жеңiлдiктерiне тең қарағансып келедi. Десе де Мәскеу өз есесiн жiберер емес, төңкерiстен соң бетi берi қарап, жаңа құрылған Үкiметтi ұтымды ұсыныстармен айналдырып бағуда. Солардың бiрi – пайызсыз несиелер. Путиннiң айтуынша, қырғыздарға 30 миллион АҚШ доллары көлемiнде несие беру қарастырылып қойған. "Бiздiң бағалауымызша, бiрiншi кезектегi қажеттiлiктердi жабу мен саяси тұрақтылықты ұстап тұру үшiн бұл сома әбден жеткiлiктi", – дейдi В.Путин.
"МАНАС" ӘУЕБАЗАСЫНЫҢ ӘУРЕЛЕҢI
Мәскеудегi келiссөздердiң бiр бiтiмге келе алмай тұрған тұсы да бар. Қырғызстан территориясын Ресейдiң әскери базасы ретiнде қалыптастыру. Кейбiр халықаралық сарапшылардың айтуынша, көктемгi төңкерiске түрткi болған да осы мәселе. АҚШ-тың "Манас" әскери әуебазасында АҚШ әскери қызметкерлерi қаптап жүр. Сондай-ақ Кеңес үкiметiнен қалып қойған әскери базалар да бұл елде жетерлiк. Бiрнеше құжатпен белгiленген ресейлiк бес әскери база – Қырғызстан аумағындағы мықты тiрек. Олардың жалдау құнын көтерудi жергiлiктi Үкiмет қаперiне алар емес. Олардың пiкiрiнше, мемлекеттiң қауiпсiздiгiмен саудаласуға болмайды.
Десе де бұған дейiн Ресейдiң ығына жығылып келген Қырғызстан өз аумағын ғасырға жуық уақытқа жалға берудi құптап отырған жоқ. "Бiз әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсенi ұсынып отырмыз. 49 жылға жалға берсе, яғни бұл мерзiм бiткен соң автоматты түрде 25 жылға созылады", – деп, Ресей Бiшкектi айналсоқтап қояр емес. Мұндай қулыққа қырғыз бауырлар қарсы. Қайта жалға беру келiсiмiне кез келген уақытта келiсiмшарттың күшiн жоюға мүмкiндiк беретiн тарауды кiрiстiрмекшi. Әрине, бұған Мәскеу келiсе қоймайды, десе де келiссөздер әлi де жүргiзiлуде.
"Манас" әуебазасының тағдыры да назардан тыс қалмады. Америкалық әуебазаны қырғыз аумағынан аластату үшiн Ресей бiрнеше жыл бойы қолдан келгеннiң бәрiн жасап бағуда. "АҚШ-пен келiсiмшарт 2014 жылға дейiн жасалған. Ойын тәртiбiн сақтап, өркениеттi ел болу үшiн бiз АҚШ-пен келiсiмшартты бұза алмаймыз, – дейдi Алмазбек Атамбаев, – бiрақ 2014 жылдан кейiн транзиттi тасымалдаудың халықаралық орталығы интернационалды болуға және оған Ресейдiң қатысуы мiндеттi деп есептеймiн", – деп қадап айтты. Бұл АҚШ-тың қырғыз аумағында қала беруi дүдәмал екенiн көрсетсе керек.
"ДАСТАН" ЗАУЫТЫ КIМГЕ ТИЕСIЛI?
"Осыған дейiн келiсiлген шарттардың бәрiн орындауға дайынбыз", – дейдi Алмазбек Атамбаев. Ендеше жуық арада жұмыс iстеп келген бiрнеше iрi кәсiпорындары жартылай болса да Ресейдiң өз тiзгiнiне алынбақшы. Инвестор тартуда жетiстiкке жетпеген Үкiмет үшiн Ресейден басқа қаражат көзi жоқ секiлдi.
Бiрiншi кезекте – "Дастан" зауытының 48 пайызы берiледi. Бұл келiссөздер 2009 жылы жасалған екен. Тамыр соғысы тоқтамаған нысанның негiзгi өнiмi – "Шквал" ВА-111 жүйрiк суасты торпедолары мен оның қосалқы бөлшектерi. Бүгiнде "Дастан" зауытының келешегi күн тәртiбiнен түспей тұр. Жуық арада аталмыш зауыттың бүгiнгi нарықтағы бағасын белгiлеу үшiн арнайы делегация аттанды. 2009 жылдан берi оның бағасының өзгерiп кетуi әбден мүмкiн дейдi сарапшылар.
Сондай-ақ, алдын ала жасалған келiссөздердiң бiрiнде "Газпромға" "Қырғызгаздың" сатылатыны айтылған-ды. Оған сәйкес 2008 жылы "Қырғызгаздың" 75 пайызы Ресейге сатылуы тиiс болатын және жаңа мұнай-газ ошақтарын зерттеуге келiсiм алынған едi. 2008 және 2009 жылдары жасалған келiсiмшарттарды тездетiп iске асыруға екi жақ та мүдделi. Себебi алдағы уақытта "Қамбарата-1" және "Қамбарата-2" СЭС-i ресейлiк "Интер РАО-мен" бiрге жұмысқа кiрiспек. Iрi жобалардың бiрi ретiнде Нарын өзенiне салынатын стансаны атауға болады. Көп ұзамай "Русгидро" компаниясы қуаттылығы 300 МВт-ты құрайтын 4 СЭС салуды қолға алуды жобалап отыр.
P.S. Соңғы жылдары Қырғызстан көбiне уәдемен құтылып келедi. Ресей қанша қыспаққа алса да, бұрынғы соқпақтан таяр емес. Десек те бұл жерде Ресейдiң аймақтық басымдыққа ұмтылып отырғанын көремiз. Сол себептi де Орта Азия төрiндегi Қырғызстанның Президент сайлауын назардан тыс қалдырғысы келмейдi. Ал қырғыз бауырлар көктемгi науқанда көтерiлiске шығуды әдетке айналдырып алған сияқты. Осынау қауiптiң алдын алуға тырысқан Ресей президент тағынан үмiткер Алмазбек Атамбаевтың қолтығына су бүркiп отырғандай.