ЕЛБАСЫҒА СЕНЕТIНДЕР "ӘУЕЛI – ЭКОНОМИКА..." ДЕЙДI

ЕЛБАСЫҒА СЕНЕТIНДЕР "ӘУЕЛI – ЭКОНОМИКА..." ДЕЙДI

ЕЛБАСЫҒА СЕНЕТIНДЕР "ӘУЕЛI – ЭКОНОМИКА..." ДЕЙДI
ашық дереккөзі
162

Қазақстан өз тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында көптеген нәтижелерге қол жеткiздi. Алғашқы кезеңде елiмiздiң алдында "Егемен ел бола ала ма? Ел болса қандай жолға түседi?" деген таңдау тұрды. Бiрқатар скептиктер Қазақстан басқаларға жалынышты болып, өзiнiң табиғат байлықтарын талан-таражға салып, өлместiң күйiн кешедi деп болжады. Өйткенi тәуелсiздiгiн жариялаған мемлекеттердiң көбi өркениет көшiне iлесе алмай қалды.

Қазақстан әуелден-ақ өз дамуының мұратын әдiл бәсекелестiкке, жеке меншiктiң алуан түрлi формаларын дамытуға негiзделген әлеуметтiк сипаттағы экономикаға қол жеткiзу деп жариялап, тек дұрыс таңдау жасап қана қоймай, өзiн өркениеттi елдердiң қатарына қоя бiлдi. Елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық келбетi түбiрiмен өзгердi. Экономикалық саясатымыз өзiнiң қалыптасуы және дамуындағы бiрқатар күрделi және қиын кезеңдерден өттi. Бiрiншi кезең – либералдық саясат. Яғни еркiндiк пен демократияның салтанат құруы нарықтық жаңарулардың қозғаушы күшiне айналды. Алайда шамадан тыс либералдану инфляцияның өсуi, өндiрiстiң құлдырауы, жұмыссыздықтың көбеюi, халықтың өмiр сүру деңгейiнiң күрт төмендеуi сияқты жағымсыз құбылыстарға алып келдi. Осы кезде екiншi кезең – тұрақтандыру бағытына аяқ бастық. Инфляцияны тежеп, қатаң қаржылық, ақшалай-несиелiк саясат жүргiзудi қолға алдық. Түптеп келгенде, бұл бағыт гиперинфляцияны ауыздықтап, экономиканы құдыраудан құтқарып қалғаны рас. Яғни бұдан алған сабағымыз – еркiндiкпен қоса өркениеттi нарықтың нормалары мен ережелерiн қатаң сақтағанда ғана реформа жемiстi болатынын бiлдiк.

Өтпелi кезеңнiң күрделi мәселелерiмен бетпе-бет келген Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа даму кезеңiнiң аса маңызды бiрқатар мiндеттерiн алға тартты. Атап айтқанда, ол – экономикалық өсiм, экономикалық саясаттың және өркендеудiң жаңа басымдықтарын қалыптастыру едi. Ең бастысы, экономикалық, өндiрiстiк қатынастар жүйесiн түбегейлi өзгерту жөнiндегi реформалар кезеңiнiң негiзгi мақсат-мiндеттерi шешiмiн тапты. Қазақстан нарықтық экономикаға толығымен көштi. Ендiгi кезекте өткен жылдарда негiзi қаланған заңдық, нормативтiк-құқықтық базаны толықтыру, тереңдету, түзету, жетiлдiру жұмыстары кезегiн күтiп тұрды. Нарықтық, әлеуметтiк-экономикалық қатынастардың белсендi қатысушысы және реттеушiсi ретiнде мемлекеттiң рөлi өзгердi. Яғни нарыққа көшкен соң, мемлекеттiң экономикаға араласуы күрт шектелдi. Алайда белгiлi бiр уақыттан соң, кей жерлерде мемлекеттiң араласуы қажет екендiгi байқалды. Осылардың барлығын Президент Нұрсұлтан Назарбаев әуелден-ақ терең бағамдай бiлдi.

Нарықтық экономиканың негiзгi факторларының бiрi – мемлекеттiк емес сектордың үлесiн қарқынды ұлғайту. Мәселен, Ұлттық статистикалық агенттiктiң мәлiметтерi бойынша, 2009 жылдың 1-шi қаңтарында тiркелген 298 мың заңды тұлғалардың 254 мыңы (жалпы санының 85,2 пайызы) жекеменшiк сектордың үлесiне тиген. Сондай-ақ жекеменшiк сектордың үлесi қайта өңдеу саласында – 93,7 пайызды, ауыл және орман шаруашылығында – 96,8 пайызды құрайды. Яғни жекелеген кәсiпкерлер (халық деп ұғу керек) экономикалық процестерге белсене қатыса бастады деген сөз. Осыдан келiп, жаппай кәсiпкерлiк рух қалыптасты. Әсiресе, шағын кәсiпкерлiк қарқын алды. Соның нәтижесiнде, өздiгiнен дамитын ашық бәсекелестiкке негiзделген жүйе пайда болды.

Қазақстанның әлемдiк нарыққа тәуелсiз ел ретiнде кiруiне мұнай, астық, түстi және қара металдар сияқты үлкен сұранысқа ие тауарларды шығаруы мүмкiндiк бердi. Көптеген экономикалық көрсеткiштерi бойынша Қазақстан әлемде көшбасшылық орынды иеленедi. Бұл – ең әуелi, стратегиялық маңызы зор көптеген шикiзаттық ресурстарды өндiру көлемi мен қоры екенi рас. Алайда 90-шы жылдардың аяғында елiмiздiң тау-кен, металлургия сияқты өндiрiс салаларына "жан бiтiруi" экономикамыздың тұрақты өсiмiне жол ашты. Ендi салыстырып көрелiк. Әлемдегi 169 ел минералдық-шикiзаттық ресурстарды өндiрумен және қайта өңдеумен айналысады. Олардың iшiндегi алыптары – Қытай, АҚШ, Ресей, Канада, Австралия. Бiр анығы, шикiзат қоры бар ешбiр ел оны өндiруден, қайтадан өңдеуден, тасымалдаудан бас тартпайды. Мысалы, минералдық ресурстарға бай Қазақстан. Есеп-қисапқа келсек, әлемде өндiрiлетiн 11 млрд. тоннаға жуық минералдардың 250 млн. тоннадан астамы бiздiң республиканың үлесiне тиедi. Яғни бұл салада 11-шi орында тұрмыз. Аталған өнiмнiң 37 түрi бойынша елiмiз 1-ден 19-шы орынды иеленедi.

Бүгiнгi таңда Қазақстанның қай салада болса да әлеуетi жетерлiк. Бiрiншiден, елiмiз iс жүзiнде өнiм өндiрушiлердiң әлемдiк рейтингiндегi үздiк көрсеткiштерiн арттырып келедi. Мысалға, мұнай өндiрiсiнен – 19-шы, газдан – 13-шi, ураннан – 1-шi, көмiрден – 10-шы орында тұр. Онымен қоймай, көп ұзамай мұнай өндiруден – 9-шы, газ өндiруден – 10-шы, көмiр өндiруден – 9-шы орынға көтерiлудi жоспарлап отырмыз. Мұндай жетiстiктер елiмiздi алдыңғы қатарлы әлемдiк қуат көздерiн өндiрушiлердiң қатарына қосады. Екiншiден, бiздiң аса iрi аграрлық әлеуетiмiз бар. Мәселен, 30 позиция бойынша әлемдiк аграрлық нарықта 1-ден 35-шi орынға дейiн иеленемiз, соның iшiнде 11-i алғашқы ондыққа кiредi. Қазақстан астық, ет және сүт өндiруден iрi аграрлық ел болып қалуда. Сондай-ақ, жылқы, қой мен ешкi, сүттi сиырдың мал басы жөнiнен де бiз әлемдiк көшбасшылардың ондығына кiремiз. Атап айтарлығы, Қазақстан мiне төртiншi жыл бойы ұн экспорттаудан әлемдегi 1-шi орынды, бидай мен арпа тасымалдаудан 7-шi орынды ұстап келедi. Сондай-ақ, макарон өнiмдерiн экспорттаудан 1-шi орын алуға мүмкiндiгi зор. Сала мамандары Қазақстанның аграрлық рейтингi алдағы уақытта 29 тауарлық позиция бойынша жоғарылайтынын болжап отыр. Ал азық-түлiктiң негiзгi түрлерiн жан басына шаққанда 2 тоннаға жуықтайды. Яғни бұл көрсеткiш орташа әлемдiк деңгейден, сондай-ақ, Қытай, Үндiстан, Ресей, Украина, Түркия, Иран және Пәкiстандағы осыған ұқсас көрсеткiштен екi есеге артық.

Қазақстанның көлiк саласындағы әлеуетi де айтарлықтай. 190 млрд. текше метрге дейiн өткiзiлiмдiк мүмкiндiгi бар газ-көлiк жүйесi 10 мың шақырымнан асады. Мұнай жүретiн құбырларының ұзындығы – 7,4 мың шақырымнан астам. "Қазтрансгаз", "Қазтрансойл" компаниялары мұнай-газ ресурстарын тасымалдаушылардың әлемдiк элитасына (олар сәйкесiнше 4-шi және 11-шi позицияларды иеленген) кiредi. Алдағы жылдарда бұл көрсеткiштер өсетiнi белгiлi. Ал "Қазақстан темiр жолы" АҚШ, Қытай, Ресей, Үндiстан және Украина компанияларымен бiрге жүк тасымалдау көлемi жөнiнен темiржол компанияларының әлемдiк алтылығына кiредi.

Әрине, тәуелсiздiк жылдарындағы жемiстi жетiстiктер, толайым табыстар бiзге өздiгiнен келе салған жоқ. Ақиқатын айтсақ, бұлардың барлығы Тұңғыш Президентiмiз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есiмiмен тiкелей байланысты. Оған көз жеткiзу үшiн, Президенттiң инвестиция тарту сияқты бiр ғана мақсатын мысалға алайық. Шынында да дамушы мемлекет пен шетелдiк инвесторлардың мүддесiн бiрiктiру оңай шаруа емес. Онымен қоса, инвесторлардың қаржысын өнеркәсiптiң барынша тартымды салаларына салу керек болды. Президент Н. Назарбаевтың зор ерiк-жiгерiнiң арқасында шетелдiк инвесторлар үшiн қолайлы ахуал туғыза алдық. Тiптi, мұнайгаз, қара және түстi металлургия сияқты салаларда шетелдiк инвестициялар көлемi 82 пайызға дейiн жеттi. Мұнайгаз өндiрiсiндегi жаңару коэффициентi 10,9 пайызға, металлургияда – 6,6 пайызға ұлғайды. Шетелдiк инвесторларды, соның iшiнде әлемдегi iрi компанияларды тарту бiрқатар маңызды мiндеттердi шешуге жол ашты. Бiрiншiден, Қазақстан iрi көлемде инвестиция тарту жөнiнен (122 млрд. АҚШ долларынан асатын iрi инвестиция тарту арқылы) жан басына шаққанда ТМД-да 1-шi орынға шықты. Екiншiден, Әлемдiк үздiк компаниялардың менеджментi аз ғана уақытта iрi-iрi кәсiпорындарымызды аяғынан тiк тұрғызуға мүмкiндiк бердi. Үшiншiден, экспортқа бағытталған өнiм шығаратын салалар арқылы ғаламдық нарыққа шығуға және белсендi интеграцияға жол ашылды.

Инвестициялардың, халықтың табысының өсуi жиынтықты сұраныстың қарқыны мен көлемiн арттырды. Соңғы бес жылда кедейлiктiң деңгейi 4 есеге дейiн, күнкөрiс минимумынан төмен табыс табатын халықтың үлесi 2 есеге дейiн төмендедi. Бұл құбылыс елiмiздегi экономикалық ахуалдың жалпы жақсаруынан анық байқалды. Тауар айналымы да өсiп келедi. Халықтың тұтынушылық шығындары құрылымында азық-түлiкке жатпайтын тауарлардың үлесi ерекше қарқынмен өсуде. Егерде 2000 жылы бұл өнiмдердiң тауар айналымы азық-түлiк тауарларының айналымынан 1,27 есе артық болса, 2009 жылы бұл аралық 3 есеге дейiн ұлғайды. Өйткенi халық ет, балық, шоколад, кондитер өнiмдерiн, сондай-ақ, киiм, аяқ киiм, тұрмыс заттарын, аудио және бейнеаппаратураны бұрынғыдан көбiрек тұтынатын болды. Сонымен бiрге, халықтың банктердегi депозиттерi де өстi. Осылайша, отандық экономикада жағымды процестер көбейiп отыр. Халықтың өмiр сүру деңгейiнiң көтерiлуi, банктердегi салымдарының көбеюi, азық-түлiк сапасының жоғарылауы сияқты құбылыстар нақты мысал болады.

Ұзақ уақыт пайдалануға болатын тауарлар да көбiрек сатыла бастады. Ал көрсетiлетiн қызметтерге жұмсалатын шығындар төрт жыл iшiнде екi есеге ұлғайып, 800 млрд. теңгеге жеттi. Бұл салада жинақталған қаржы тұтынылған қаржыдан асып түстi. Халықтың өз қажетiне көп қаражат жұмсауының өзi қоғамның жаңа даму кезеңiне өткенiнiң белгiсi. Мысалға жеңiл автокөлiк сатып алу ерекше қарқын алды. Әлемнiң көптеген алдыңғы қатарлы компаниялары Қазақстанда өз өкiлдiктерiн ашты, қазiр олардың саны 8 мыңға жуықтайды. Сонымен бiрге, сауда нарығының барлық сегменттерi дамып келедi. Осылайша, елiмiз экономиканы жаңартудың жаңа белесiн бағындырды.

Жоғарыдағыдай талдау-сараптау көрсеткiштерiнен байқалғандай, Қазақстан жедел дамып келе жатқан мемлекет ретiнде қанатын қатайтты. Оған дәлел, қазiргi кезде елiмiз ЖIӨ көлемi жөнiнен әлемде 54-шi орынды, ал 46 еуропалық мемлекеттiң арасынан 23-шi орынды иеленедi. Сондай-ақ Қазақстан өзiнiң экономикалық әлеуетi жөнiнен Орталық Азияның барлық елдерiнiң ЖIӨ-iн екi есе озып тұр. Еуропалық Одақтың Орталық Азия аймағындағы сыртқы сауда айналымының 72 пайызы, Ресейдiң 70 пайызы, Қытайдың 74,3 пайызы Қазақстанның үлесiнде. Сонымен қоса, бiздiң елiмiз жаһандық экономикалық дағдарысқа қуатты тойтарыс берiп қана қоймай, дамудың жаңа сатысына өттi. Тiптi дағдарысты пайдаланып жедел дамуы арқылы Еуропадағы 21-шi орынға көтерiлуге мүмкiндiгi зор. Халықаралық валюта қорының сарапшыларының пiкiрiнше, 2015 жылға қарай ЖIӨ көлемi жөнiнен республика Украина, Венгрияны артқа тастап, Португалия, Финляндия, Ирландия және Румынияға жақындайды. Алайда бұл күрделi де жауапты мiндетке ұлттық экономикамызды сәтiмен әртараптандырғанда ғана қол жеткiземiз. Осылайша елiмiздiң экономикалық дамуына қысқаша түйiн жасайық. Ал ұлттық экономиканың дамуының негiзгi жетiстiктерi мыналар: әлеуметтiк сипаттағы нарықтық экономика, кәсiпкерлiктiң кең қанат жаюы, бәсекелестiктi дамыту, қомақты инвестициялар тарту, дамыған қаржы жүйесi, ғаламдық экономикаға тез интеграциялану және т.б. Бұл жерде ең бастысы – жеткен жетiстiктердi бағалау, жаңа нәтижелерге ұмтылу.

Ұлттық экономиканы өрге сүйреу – қажырлы қайраттың, ерен еңбектiң миуалы жемiсi. Тағы да ақиқатын айтайық, бұл жеңiс пен жемiске Тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жеттiк. Әрбiр қазақстандықтың әрдайым қаперiнде ұстауы қажет нәрсенiң бiрi: Елбасымыз – тұғырлы тұрақтылығымыздың, өрiстi өркендеуiмiздiң бiрден-бiр кепiлi. Бiз қолда барды қадiрлей бiлетiн, қадiрлiсiн ардақтай бiлетiн елмiз. Жүзден астам этнос өкiлдерi үшiн бейбiтшiлiк бесiгiне айналған мемлекетпiз. Олай болса, татулық пен бiрлiктiң туын ешуақытта да жықпауымыз керек. Ертеңгi күнi не боларын ешкiм де тура болжай алмайды. Дүрлiккен дүниенi, тыныштығынан айрылған Таяу Шығысты да көрiп отырмыз. Тұрақсыз қоғамда ешқандай да даму да, алға басу да жоқ. Сондықтан баянды бейбiтшiлiгiмiздi, саяси тұрақтылығымызды көзiмiздiң қарашығындай сақтау үшiн, алдағы уақытта да әрдайым Елбасыға тiлеулес болып, "Қазақстандық жолмен" жүргенiмiз абзал.

Рахман АЛШАНОВ, "Тұран" университетiнiң ректоры, Қазақстандағы жоғары оқу орындары қауымдастығының президентi, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары