ТОҚАЕВТЫҢ ЖАҢА ҚЫЗМЕТI

ТОҚАЕВТЫҢ ЖАҢА ҚЫЗМЕТI

ТОҚАЕВТЫҢ ЖАҢА ҚЫЗМЕТI
ашық дереккөзі
402

ҚР Парламентi Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев бiр айдан кейiн өзiнiң жаңа қызметiне кiрiседi. Таяуда ғана Қасымжомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы өкiлдiгiнiң жетекшiсi қызметiне тағайындалған болатын.

Сәуiр айының орта шенiнде ол Нью-Йорк қаласына барып, БҰҰ-ға ресми қабылданады. Қызметтiк ант бергеннен кейiн ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мун Қасымжомарт Кемелұлын атқаратын мiндеттерiнен хабардар ететiн болады.

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық аренада жоғары беделге ие болғаны тарихи факт. Көптеген халықаралық әлемдiк түйткiлдер қазақ даласында оңтайлы шешiмiн тауып, елдер арасындағы ынтымақтастық пен достастық қуатталуда.

"Бiздiң елiмiз былтыр аса маңызды халықаралық жиынды өткiздi. Астанада ЕҚЫҰ Саммитi табысты жүзеге асып, Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжат негiзiнен Хельсинки декларациясын одан әрi қуаттай түседi. Сондықтан да қазiргi кезде барлық дипломатиялық қауымдастық Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi аралықтағы екi маңызды астана туралы айтатын болды. Олар – Хельсинки мен Астана!" – дедi журналистермен кездескен Қасымжомарт Кемелұлы.

Бұрынғы Сенат басшысы Женеваға елiмiздегi алдағы президенттiк дода өткеннен кейiн ғана аттанады екен. "Мен жаңа қызметiме сәуiр айының ортасынан кiрiсемiн, – дедi Қасымжомарт Кемелұлы, – Сәуiр айының ортасында Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуiм жоспарланған. Сол кездесу барысында маған нақты тапсырмалар жүктеледi деп күтемiн".

Бұрын-соңды қазақ баласы иеленбеген БҰҰ-дағы бұл биiк лауазым Қасымжомарт Кемелұлына жауапты әрi күрделi мiндет жүктейтiнi белгiлi. "Жаңа қызметiмдегi басымдық негiзiнен қарусыздандыру мәселесiне байланысты болады, – дейдi Тоқаев мырза, – Женевада бiрқатар халықаралық ұйымдар шоғырланған, сол жерде қарусыздандыру мәселесi бойынша конференция жұмыс iстейдi. Мен осы конференцияның Бас хатшысы боламын. Өткен 9 жыл бойы осы конференция жұмысы ешқандай нақты нәтиже берген жоқ. Сол үшiн бұл маған жүктелген өте күрделi әрi жауапты мiндет", – дейдi.

Расында да бұл конференция тоғыз жыл бойы қызмет жасап келедi. Бiрақ түйiнi шешiлмей жатқан өзектi мәселелер де жетерлiк. Өйткенi алпауыт мемлекеттер арасында қарама-қайшылықтардың өте көп екенi белгiлi. Осы түйiнi шешiлмей келе жатқан мәселенiң шешiмiн табуға қазақтың бiр баласы дәнекер болса, мүмкiн бұдан келешекте оң нәтиже шығар деген үмiттемiз. Азия мемлекеттерiнен алғашқы болып қазақ азаматының әлемдегi iрi халықаралық ұйымдағы зор мәртебелi орынтаққа отыруының өзi Қазақстанның халықаралық аренадағы беделiнiң артқандығын дәлелдемей ме?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары