АУЫЛ ХАКАЯЛАРЫНАН
АУЫЛ ХАКАЯЛАРЫНАН
Әр ауылдың өз "әртiсi" бар. Олар өз рольдерiн табиғи ойнайды. Сарыағаш ауданындағы Дархан ауылының тұрғыны Берiк сондай өнер дарыған жанның бiрi. Ол күнделiктi ролiне алдын-ала дайындалған емес. Жағдайға байланысты өздiгiнен туындап жатады.
Ауылда Сабыр деген жүк машинасының жүргiзушiсiн бiлмейтiн жан кемде-кем. Ағайынға аса сүйкiмi жоқ. Өкiметтiң жұмысына берiлген. Бастық не тапсырса да мiнсiз орындайды. Ал ауыл тұрғындарының бiрi әлдебiр шаруасына көмектесiп жiберуiн өтiнсе, құлақ аспайды. Қайырымдылық жасап, қол ұшын беру оған мүлдем жат қылық. Бiреуге бiр нәрсе берiп, бiреуден бiрдеңе алса қанекей. Өкпелерi қара қазандай болған жандар еселерi кеткендей: "Қап бәлем, сенi де көрермiз әлi", – деп сыртынан кiжiнiп-ақ жүрдi. Бiрақ оның күнi оларға түспесе не шара. Жекешелендiру науқаны басталған кезде ауыл басшылары су жаңа "Зил" жүк автомашинасын сол Сабырдың көп жылдық еңбегiн ескерiп, жекешесi етiп берген. Содан бастап ол тек ақшасы бар адамдардың ғана анау-мынау жүктерiн таситын болды. Ал ақшасы жоқтарды маңына да жолатпайды.
Берiк Сарыағашқа барып, ескi "Жигулиiне" дүкеннен қосалқы бөлшектер алып, аялдамада автобус күтiп тұрған. Шiлденiң тас төбеден күйiп тұрған күнi жан шыдатар емес. Автобус та келе қоймады. Бiр кезде көше бұрылысынан Сабырдың көк қасқасы шыға келмесi бар ма. Кабинасы бос екен. Ол қолын көтердi. Жанына тоқтаған кезде есiгiн ашып:
– Көке, ауылға ала кетсеңiз, – дедi езу тартып.
– Ақшаң бар ма?
– Жүз теңгеңiздi беремiн.
– Бала, сол жүз теңгеңдi автобусыңа бере ғой. Есiктi жап. – Сабыр машинаны қозғауға ыңғайланды. Ол жан ұшыра аптығып:
– Көке, екi жүз теңге, – дедi.
– Әуелден солай демедiң бе? Нарықтың заңын бiлмеушi ме едiң? Мiн!
Көк қасқасы арындап-ақ тұр. Газын басқан сайын жұлқына жылжиды. Көздi ашып-жұмғанша, темiржолдың үстiне салынған бүкiр көпiрден де өте шықты. Арғы жағы даңғыл жол. "Зил" жүрiсiн жылдамдата азынап келедi. Берiктiң басына бiр ой келе қалмасы бар ма. "Бұл көкеме нарықтың заңы қандай болатынын көрсетейiн". Ол кабина терезесiнен басын шығарып, аузымен қақалып-шашалған ақаулы мотордың үнiн салды. Сабыр қабағын шытып:
– Әй мынаған не болды? Мұндай ауруы жоқ едi ғой, – деп машинаны жол жиегiне тоқтатты да кабинадан түсiп, мотордың үстiнде жалпиып жатқан қақпағын ашты. Әр тетiгiн ары-берi шұқылап, кабинаға қайта отырды. Жолға түсiп, бiраз жүрген соң Берiк кабинадан басын шығарып, мотордың әлгi қақалып-шашалған әуенiн қайта салды. Сабырдан маза кеттi.
– Апырай, жаңа ғана "СТО"-да мотор майын ауыстыртып едiм. Қу балалар: "Көке, ақшасын берсеңiз болды, бәрiн де қатырамыз",– деп жылмаңдап жүрiп, бiр жерiн бүлдiрiп қойған-ау шамасы. – Ол кабинадан түсiп, моторға тағы үңiлдi. Сәлден соң орнына қайта қонжиып, май жұққан қолдарын шүберекпен сүрттi. Қыртысты маңдайынан аққан тер қоңырқай жүзiн айғыздаған. Көк қасқа жолға түсiп, жүрiсiн жылдамдатты. Сабыр көйлегiнiң омырау түймелерiн ағытты. Мотордың бiркелкi дауысына көңiлi толды ма, ыңылдап әндете бастады. Берiк кабинадан басын шығарды. Мотор үнi тағы да күрт өзгерiп сала бердi. Сабырдан тағы маза кеттi. Бет-аузын тыржитып:
– Мотордың тартысы жаман емес. Ал неге мыңқылдап келедi? Түкке түсiнсем бұйырмасын! – деп рульдi жол шетiне қарай бұрды.
– Аналарға ақшасын аз берген шығарсыз, – дедi Берiк көмейiне күлкi кептелiп.
– Жоқ, жүгiрмектерге сұрағанын бергенмiн, – деп баж еттi.
Сабыр кабинадан сүйретiлiп түсiп, моторға үңiлдi. Әлден соң орнына сылқ етiп отырды. Көйлегi шылқыған терден арқасына жабысқан. Бұл жолы қолының майын да сүрткен жоқ. Моторға от берiп, ұзын жолға түстi. Сәлден кейiн Берiк:
– Көке, мына қапырық ыстық дем алдырар емес қой,– деп кабинадан сыртқа басын шығарды. Машина заулап келедi. Iлкiм сәттен соң мотор дауысы тағы өзгерiп шыға келдi. Сабыр ашу-ызаға булығып:
– Мынау менiң қанымды iштi-ау. – "Зил"-дi жолдан шығарып тоқтатты. – Қайтсем екен?.. Әлгi жүгiрмектерге қайтып барсам ба екен?..
Берiк басын бұрып:
– Көке, ендi мұның әуселесiн мен көрейiн, – деп көйлегiнiң жеңiн түрiндi.
Сабыр оған баждия қарады.
– Сен мұның моторынан бiрдеңе бiлушi ме едiң?
– Көке-ау, өзiңiзден басқаны елемейтiнiңiз қиын екен. Кiшкене демесеңiз, мен де жаман "Жигулиiмдi" айдап жүрген жоқпын ба?
Берiк мотор қақпағын ашып, әр тетiктi ұстап көрдi. Кабинада отырған Сабырға:
– Көке, жүгiрмектерiңiзге бармай-ақ қойыңыз. Машинаның ақауын таптым,– дедi қулана жымиып.
– Иә, кiлтипаны қай жерiнде екен?– Миығынан мырс еттi.
– Айтуға болмайды. Нарықтың заңын бiлесiз. Екi жүз теңге берсеңiз қазiр-ақ жөндеп беремiн. Келiсесiз бе?
– Ал жөндей ғой.– дедi сүлесоқтау үнмен, осы не бiлер дейсiң деген сыңаймен.
– Ендеше сiз осы отырған орныңыздан қозғалмаңыз. Мен моторға от бер деген кезде кiлттi бұрайсыз.
Ол амалсыз келiскен сыңай танытты. Берiк мотордың әр тетiгiн ұстап:
– Көке, моторға от берiңiз, – деп дауыстады.
Мотордан өзiне тән ырғақты үн шықты. Берiк кабинаға отырып, шүберекке қолының майын сүрттi.
– Көке, ендi тоқтамайсыз. Қане, қозғалайық!
Содан Дарханға жеткенше мотор дауысы өзгерген жоқ. Берiк кабинадан түсiп:
– Көке, нарықтың заңымен iс қылған жақсы екен. Сiз бен бiз өзара есеп айырыстық. Менiң сiзге, сiздiң маған берешегiңiз жоқ. Бiрақ "Адамның күнi адаммен" деген бар емес пе?! Соны ұмытпаған да жөн шығар,– дедi езу тартып.
Шiлденiң соңында бақшадағы күнбағыс гүл шашағын төктi. Берiктiң әйелi бала-шағасымен шемiшкесiн қағып, қаптады. Берiк "Жигулиiнiң" артқы жағындағы жүк салғышына теңкиген үш қапты артып, Сарыағаш базарындағы саудагерлерге көтерме бағамен берiп, ұлы сәскеде ауылға бет түзеген. Көше қиылысының орта тұсынан өте бергенде, бағдаршамның қызылы жарқ ете қалмасы бар ма. Арғы шетiнде жеңiл көлiктердi тасаланып тұрған "МАИ" қызметкерi атып шығып, ала таяғын шошаң еткiзiп, жол шетiн нұсқады. Ол тоқтай бере "Қап, техникалық байқаудан өткiзбеп едiм. Автотұрақтарына алып кетер. Одан да көрмей қалғандай жүре берейiн" деп жылдамдықты тез ауыстырып, газға басты. Бiраз жер ұзап барып, айнаға қараса инспектор белдеу көк сызығы бар сарғыш көлiгiмен соңына түскен екен. Ол "Болар iс болды" деп газды барынша басты. Инспектор екi арадағы көлiктердi басып озып жетем дегенше, ол Дархандағы үйiнiң ауласына кiрiп те кеттi. Көлiгiнен түсе сала бiр доңғалақтың желiн пыш еткiзiп шығарды. Артынша инспектор да жеттi. Қақпаны тарсылдата ұрып жатыр. Ашаңдау өңiнен қаны қашып, сұрланып кетiптi.
Ол көзiн жорта қылилатып:
– Слаумалейкүм,– деп қос қолын алға созды.
Инспектор да қолын енжар созып едi ол қолдарын сол жаққа қарай шұғыл бұрып жiберiп, тағы да:
– Слаумалейкүм,– дедi қаттырақ дауыстап.
Инспектор қолын солай қарай бұра бергенде, Берiк қолдарын оң жаққа қарай тайдырып жiбердi. – Басеке, мен сiзбен амандасып тұрмын ғой, қолыңызды берсеңiзшi,– дедi көпе-көрнеу жазғыра сөйлеп.
Инспектор қолын солай қарай соза бергенде, ол өз қолдарын тағы да сол жағына қарай алып қашты. Инспектор қолдарын солай қарай бұрса, ол дереу оң жаққа қарай бұрып жiбередi. Солай қолдарын оңға, солға алып қашып, инспекторға ұстатпай әуре-сарсаңға салды.
– Басеке, қолыңызды алып қаша бермей берсеңiзшi,– дедi тағы жорта.
Инспекторды ашу қысып, шырт түкiрдi.
– Өй, шешең… Машинаңды үйiңе жеткенде зорға қуып жетiп едiм, ендi қолыңды да қуып жүрiп ұстауым керек пе ей сенiң?
– Басеке, мен сiздi жол бойынан көргенiм жоқ. Мына қасиеттi ала таяғыңызды көтерсеңiз кiлт тоқтар едiм ғой,– деп жүзiн тура бұрды.
Инспектор оның кескiн-сұрқын сонда ғана көрдi. Көздерiнiң атысып-шабысып тұрған қарашықтарына қарап, сөзiне сенер-сенбесiн бiлмей аңтарылып тұрып қалды.
– Сен мына түрiңмен қалай машина айдап жүрсiң?
– Жұрт қалай айдап жүрсе, мен де солай айдап жүрмiн.
– Құжаттарың қане? Әкел көрейiн.
– Әйелiм үйге тығып қоятын едi. Iздеу керек. – Желкесiн қасып, iздеуге құлық жоқ сыңай танытты.
– Бар әйелiңе айт. Құжаттарыңды тез тауып берсiн.
– Ол үйде жоқ.
– Қайда?
– Тәшкеннiң базарына кеткен. Шемiшкесiн сатып бiтсе, келiп қалар. Тым асығыс болсаңыз өзiм қарап көрейiн
– Сен мына түрiңмен құжаттарыңды кешке дейiн iздерсiң. Құжатсыз қалай айдап жүрсiң?
– Менi аудандағы “МАИ”-лардың бәрi бiледi. Сiз бұл қызметке жаңа келгенсiз-ау.
– Сенiң онда жұмысың болмасын. Қане, көлiгiңе мiн де, соңымнан ер.
– Басеке, көлiгiм жүрмейдi.
– Жүрмегенi қалай? Жаңа ғана маған жеткiзбей құйындай ұйтқытып келген жоқсың ба?
– Доңғалағы жарылып қалды.
– Запасыңды сал.
– Ол да жарылып қалған.
– Тфу, сайтан алғыр! – Жерге түкiрiп жiбердi. – Сенiмен тәжiкелесiп, ерте күндi кеш қылдым-ау. Өкiнген инспектор қисайған шәпкесiн киiп, ауладан шығып кеттi. Көлiгiне мiнiп, жол бойында су сатып тұрған дүңгiршектiң алдына тоқтады. Бiр шыны салқын суды бiр-ақ сiмiрдi. Содан соң маңдай терiн сүртiп, жанында тұрғандарға қарап, жаңа ғана өзi шыққан ауладағы үйдi иегiмен меңзедi.
– Анау үйде тұратын жанның ақыл-есi дұрыс па?
Аналар күлiп жiбердi.Ұзын бойлы жiгiт екi езуiн жиып:
– Ол үйде ағайынды екi адам тұрады. Соның қайсысын айтып тұрсыз? Құлақтары бiрi жоғары, бiрi төмен қимылдап тұратыны ма?
– Құлағын айтасың-ау, көздерi атысып-шабысып қимылдамайтын жерi жоқ па деп қалдым өзiнiң.
– Е,е ол бiздiң Берiк қой. Аздап былай өзi. – Ол сұқ саусағын самайына апарып, алақанын аударып, төңкерiп қозғап қойды.
– Не, делқұлы ма?
– Солай секiлдi. Сiз оған айыппұл салып па едiңiз?
– Қайдағы айыппұл? Құжаттары жоқ.
– Салмағаныңыз жөн болыпты. Болмаса қылидың арыздарының астында қалар едiңiз. Оны аудандағы "МАИ" инспекторларының бәрi таниды.
– Солай ма?.. Арызқой десейшi… Бәсе, менi бәрi таниды дегенi сол екен ғой. Қой, бұл жерден кетейiн,– деп көлiгiне мiндi.
Ол кеткен бойда жiгiттер қыран-топан күлкi астында қалды.
– Әй, бiздiң Берiк әртiс қой! Нағыз әртiсiң де рольдердi дәл сондай ойнай алмас, сiрә. Инспекторға қыли боп көрiнiп, делқұлы боп қалай сендiрген?! – Таңданып әрi тамсанып бастарын шайқап жатты.
– Шын талант қой ол!
Бесқұйрық мiнiстiң аты едi. Шыманбай Далашықтың арғы бетiндегi Табанқарағайдан отындық ағаш тартатын. Кейде "Шыманбай қасқаға" мiнiп, оны екi-үш күн еркiне жiберiп, тынықтырып алатын да көкпарға салатын. Бiр жолы Шеңгелбай шопан немересiнiң тiлашар тойын жасап, көкпар бердi. Кеген ауданының жайлауларынан шабандоздар көп жиналды. Шаруашылықтарға бөлiнiп, көмбеге кезек-кезек салым салып жатқан. Шартабақ күн батуға айналғанда көк атты топтан суырылып алға шықты. Тақымындағы нән серкенiң шолақ кесiлген тiрсегi салақтап барады. Көмбеге қарай қайырылар түрi жоқ. Алғабастықтардың бiрiнiң жан дауысы шықты.
– Анау ауылына қарай тартты. Бiз серкеден айырылдық!
– Ұмтыл, Шыманбай! – дедi жаныққан бiреу.
Шыманбай Бесқұйрықтың сауырына қамшы басты. Жануар қаз мойнын созып, аузын арандай ашып, бауырын жазып, ышқына алға ұмтылды. Шыманбай жалаңбас. Үстiндегi кең боз көйлегiнiң етегi артына шаң қалдырған ат желiмен желбiреп барады. Әудем жердегi белден асқанда қуып жетiп, қатарласа шапты.
– Әй, жiгiтiм, қашып қайда барасың? Қане, тартысып көрелiк!
Шабандоз екi көзi едiрейiп, жалт қарады. Шұнақ шалдың тұрқын көрiп, өзеурей сөйледi.
– Шал, менен тартып алуға шамаң келмес. Әуре болмай керi қайт!
Шыманбай намысқа шапты. Үзеңгiге табан тiрей көтерiлiп, серкеге ұмсына қолын созды. Анау екiленiп:
– Әй, шал, қайт дедiм ғой мен саған, – деп қолындағы қамшымен Бесқұйрықты бастан тартып жiбердi.
Шыманбайды ендi ашу қысты. Мұндайда оның бет-жүзге қарамайтын әдетi.
– Атты неге ұрасың? – деп жiгiттiң арқасын қамшысымен осып жiбердi. Қос жауырыны қусырылып, қолы тақымындағы қыса ұстаған серкеден босаңси бергенi сол едi, Шыманбай еңкейiп барып, серкенi салақтаған аяғынан ұстады да ат жалына жамбастай жатып, шiрене тартты. Көкпарда шаба-шаба Бесқұйрық та әккiленiп алған. Мұндайда иесiнiң тiзгiндi бiр жағына сыңарлай тартып, бұра шапқызатын ыңғайын жақсы бiледi. Әне-мiне дегенше ара жiктерi ажырап, жiгiттiң тақымынан серке сусып шыға бердi.
– Қап, әттеген-ай!.. Мыны шалдың айласын асырып кеткенiн қарашы – Жiгiт ызаға булығып, астындаға көктiң сауырын дырау қамшысымен осып-осып жiбердi.
Бұл кезде қуғыншы топ та жақындап қалған. Шыманбай әуелi серкенi алдына өңгерiп, аққан жұлдыздай арындаған Бесқұйрықтың басын Жiңiшкеге қарай бұрды да тiзгiндi еркiне жiбердi. Аяқтарын алға серпiп, тұяқтарын топ-топ басқан жануар алғашқыда ысқырып қиқулаған топтан сәт сайын ұзай бердi. Алайда Бесқұйрық та күн ұзақты шабыстан шалдықса керек. Сәлден соң тынысы тарылғандай делдиген қос танауы пырылдап, сыр бере бастады. Қуғыншы топ желкелеп қояр емес. Артына мойын бұрып қарап едi, олардың арасынан өз ауылының шабандоздарын көре алмады. Мұндайда "Шыманбай қасқасы" шыдамды едi. Ол соны мiнiп келмегенiне өкiндi. Қозы көш жерден Жiңiшкенiң өзенi көрiндi. Содан өтсе, арғы бетi ауыл. Шыманбай өзенге иек арта бергенде, соңынан ентелей қиқулаған топ жетiп-ақ қалды. Алды биiк жар. Аналар сол жақ қапталдағы жайдақ өткелге қарай бұрылуға мұрша берер емес. "Шал, серкенi таста! Серкенi таста!" деп жамыраған дауыстар құлағына жетiп жатыр. Өмiрiнде көкпарды қолдан бермеген жан қайдан тастай салсын. Намыс қысып: "Сендерге серкенi қолдан бергенше, не өлейiн, не көрейiн" деп Бесқұйрықтың сауырына қамшы басып, жарға тiктеп салды. Бауырын жаза қарғыған жануар, құлдырап барып, құрық бойындай терең суға топ еткенде, суы аспанға шапшыды. Алдыңғы аяқтары бүгiлiп барып, қайта жазылды. Шыманбай да ерден ауа жаздап, кеудесiн қайта тiктедi. Қуғыншылар жар басында ошарылып тұр. Таңырқағаннан жағаларын ұстап, бiр-бiрiмен жарыса шулап жатыр.
– Ой, мынада жан жоқ екен!..
– Неткен өлермен!..
– Бұл Шыманбай ғой!.. Көкпар десе жанын бередi!..
Ол қарсы бет жардан шығар жол iздедi. Тас лақтырым жерде қиялап шығатын соқпақ iз бар екен. Бесқұйрықтың басын солай қарай бұрды. Ағыс бағытымен малтыға жүзiп барып, соқпақпен жоғары көтерiлдi. Қас қарайған шақта ауылға жетiп, келiн түсiрiп жатқан үйдiң алдына серкенi тастады. Бейтаныс жас жiгiт қолтығынан демеп, аттан түсiрдi. Төрге отырғызып, құрмет көрсеттi. Әбден шөлдеген екен. Керден кесеге құйылған қою сары қымызды бiрiнен соң бiрiн сiмiрiп, жан шақырды. Сәлден соң үйге ақсақал кiрдi. Жайғасып алып, әлденеге таңданғандай басын шайқады.
– Жардан өзенге атпен қарғыған кiм десем, сен екенсiң ғой!
– Оны сiзге кiм айтты, ақсақал?
– Осы ауылдың өрiстен мал қайырған жандары алыстан көрiптi. Бiрақ сен екенiңдi бiлмеген.
Шыманбай астан соң қайтуға жиналды. Үй иесi: "Шымеке, мынау көкпар жолы, осыған риза болыңыз!" деп алдына шекшек гүлдi үш кездiк болотной мата мен жиырма сомды қойды. Ол түн ортасында отарына оралды.
Жiңiшкенiң күнгейiндегi шеткi қыстауға Шыманбайдың көшiп келгенiне бiраз күн болған. Қарашаның басында-ақ қар түсiп, сары шұнақ аяз күн өткен сайын күшейе түстi. Ол өрiстен қайтқан отарды қоралап, екi тананы жылы жайдағы өз орындарына жайғастырмақшы болды. Таналар қора маңынан көзiне түсе қоймады. Әлгiнде отардың артын алып олар да өрiстен қайтқан. Атына мiнiп, қора сыртындағы қырқаға көтерiлдi. Соңынан Сырттан iлестi. Күшiк кезiнде Жалағаштағы Қыдырбай ақсақалдан бiр марқа қозыға айырбастап алған. Өсе келе денесi iрi тартты. Иiс сезгiштiгi соншалық, түнде қасқырлардың қораға қай тұстан келетiнiн бiледi. Иесi қасында болса, қасқырмен алысудан тайсалмайды.
Қырдың арғы беткейiнде сары ала тана теңкиiп жатыр екен. Жанұшыра жетiп келсе, қасқыр алқымдап кетiптi.. Сырттан арсылдай үрiп, әрiректегi сайға қарай тұра ұмтылды. Сайдан бiр қасқыр ытқып шығып, қаша жөнелдi. Ол атын шоқытып сайға түстi. Қара қасқа тана жайрап жатыр. Ақ қар қызыл ала қан. Iшi удай ашыды. Сырттан арс-арс үрiп, қасқырдың соңынан бiраз жерге дейiн қуып барып, жете алмасын бiлген соң қызыл тiлi салақтап керi қайтты. Қанталаған көздерiнен ашу-ызасы көрiнiп-ақ тұр.
Ақпан айының соңына таман Алматыдағы үлкен ұлы Талапбек пен келiнi Базар аз күндiк демалысқа келдi. Олар келсе Шыманбай мен Әйбаттың қолдары ұзарып қалатыны бар. Қысқасы, ұлы жастайынан бейнетпен өскен. Тiрлiктiң көзiн бiледi. Келiнi кiр-қоңын жуып, үй iшiн ретке келтiредi. Ертеңiне қора маңындағы мың-сан шаруаны соған қалдырып, өзi отарын беткей өрiске айдап шыққан. Отар қанаттанып жайылып барады. Шыманбай аттың ауыздығын алды. Бесқұйрық боз жусанды тебiндеп, дүрдиген ерiндерiмен орай тiстеп, бырт-бырт үзiп, күрт-күрт шайнап жатыр. Сырттан iз қуып, әудем жерге кетiп қалған. Түс әлетiнде отардың алды дүрлiгiп, кейiн серпiлдi. Артынша қой бастайтын ақ ешкiнiң маңыраған ащы үнi естiлдi. Ол селт етiп, сол жаққа жалт қарап едi, түнеу күнгi қасқыр ешкiсiнiң жуан санына аузын салыпты. Сырттан да арсылдап жүгiрiп келедi екен. Шыманбай тобылғы сапты қамшысын сол жаққа қарай сiлтеп, жан дәрмен дауыстады.
– Сырттан, ұста, ұста!
Ол атын шоқытып жетем дегенше, Сырттан қасқырдың құлақ шекесiнен бас салды. Жыртқыш ешкiнi амалсыз жiберiп, Сырттанның аузынан басын ажыратып алмақшы болып алдыңғы әлеуеттi аяқтарымен қағып, шыр айналдырды. Босатып алса талап тастар түрi бар. Бақырған ешкi артқы қан жуған аяғын сүйрете басып, топ қойға қарай кетiп барады.
– Сырттан, жiберме! – Шыманбай аттан қарғып түсiп, төрттағандап тұрған қасқырдың екi артқы аяғынан шап берiп, жоғары көтерiп алды. Аяғындағы керзi етiкпен өкпе тұсын теуiп жатыр. Бiрақ қызылкөз неме кере қарыс езуiн жиырып-жазып, ақсиған тiстерiн көрсетiп, ызалана ырылдағаны болмаса, мыңқ етер емес. Тек Сырттаннан басы босаса болды, екеуiне де әл бермесi анық. Ал Сырттанның аузы қарысып қалғандай оның құлақшекесiнен айырылар түрi жоқ.
Шыманбайдың тепкiлегеннен аяғы талды. Қасқырдың зiлдей салмағы да қарын талдырып барады. "Не iстеу керек?". Бақса, жыртқыш аузымен емес, қара тұмсығымен демалады екен. "Сенiң жанды жерiң осы екен ғой, найсап". Ол ыңғайы келген сәтте тобылғы қамшының сабымен қара тұмсықтан дәлдеп соқты. Қою қан бұрқ ете қалды. Тағы да бiрнеше соққы жасады. Тұмсығы көнектей болып iсiп шыға келдi. Қасқырдың тыныс алуы ауырлап, әлсiрей бастады. Алдыңғы жер тiреген екi аяғы бүгiлiп, қарды қарпи ұзынынан сұлады. Шыманбай жанында жатқан қой басындай тасты алып, бар күшiмен келтiре соқты.
– Екi танам қайда? Жегенiңдi желкеңнен шығарайын сенiң! Мә саған! Мә саған!– Ол қолындағы таспен ұрды кеп, ұрды кеп. Қасқырдың бас сүйегi сынып, жан тәсiлiм еттi. Өзi де, Сырттан да әбден болдырыпты. Жыртқыштың үстiне отырып, омырау түймелерiн ағытып, қолының қанын қармен ысқылап жуып, бiр сәтке тыныстап әл-дәрмен жинады. Содан соң қыр басына шығып, қора маңында жүрген Талапбекке түлкi тұмағын бұлғап шақырды. Ол "Шыманбай қасқамен" шауып келдi. Екеуi қасқырдың ауыр өлексесiн ат артына өңгердi. Аздан соң арланның салақтаған басы мен құйрығы қар сызып бара жатты.
Ертеңiне ағайыны Әлқожа ақсақал келдi. Шарбаққа асып қойған қасқыр терiсiн көрiп, басын шайқады.
– Бұл – қасқырдың арланы ғой. – Қалың өскен жүнiн қызыға сипады. – Әй, Шыманбай, осы терiңдi маған қи. Көптен белiмнiң құяңы ұстап жүр едi. Iшiк тiккiзiп, киiп алайын.
– Сiзден несiн аянып қалайын. Алыңыз, құяңыңызға шипасы болсын!
Бiр аптадан соң Кеген аудандық газетiне оның қасқырды ұрып алғаны жөнiнде хабар жарияланды. Қызғаныш көрген шопандар: "Арланды ол қайдан ұрып алсын, атып алған да", – десе, оны жақсы бiлетiндер: "Шыманбайдан мұндай батылдық та шығады", – десiп жатты.
Қара күз едi. Шыманбай өрiстен қайтқан малды қораға әдеттегiдей санап кiргiздi. Көмекшiсi жуырда келген.
– Құдайберген, бiр тоқты кем шықты.
– Шымеке, жаңылыс есептеген боларсыз. Отарды шашау шығармай айдап келдiм.
– Шырағым, мен секiлдi отыз жыл қой бақсаң, санаудан жаңылмайсың. Сен iрi қараларды жайғастыра бер. Мен төңiректi бiр шолып келейiн. Бәлкiм тау-тасқа аяғын майып қылып, бiр жерде жатып қалған шығар. – Ол "Шыманбай қасқаға" мiнiп, суыт жүрiп кеттi.
Жылғаны бойлап, жоғарыға көтерiлiп келе жатқан. Бiр кезде алдыңғы жақтан үстi тарғыл-тарғыл сiлеусiн қаша жөнелдi. Әне-мiне дегенше қалың жыныстың iшiне кiрiп, көзден ғайып болды. "Әй, осы бекер қашқан жоқ. Сырттанды ерте келуiм керек едi. Қап, әттеген-ай!". Атқа қамшы басып, сiлеусiн ытқып шыққан жерге барды. Үйiлген шөп-шаламнан басқа көзiне ештеңе шалынбады. Аттан түсiп сол шөптi қамшының ұшымен көтерсе, астында артқы екi аяғы желiнген тоқтысы жатыр. Сiлеусiннiң қулығына қайран қалды. Жарты тоқтыны атына өңгерiп, кейiн қайтты.
Кiшi Жалағашта әкесiнiң Сәрсенбек деген үзеңгiлесi бар едi. Өзi бүркiтшi әрi аңға қақпан салумен аты шыққан жан. Ертеңiне сол кiсiге барды. Сексеннiң сеңгiрiне шыққан шал шөгiп-ақ қалыпты. Шайдан соң:
– Шырағым, әкең Модынмен бiрнеше жыл дәмдес-тұздас болдым. Жарықтық досқа адал, жақсы кiсi едi. Байқаймын, сен жәй жүрген жоқсың. Не бұйымтайың бар? Айта отыр, – дедi жайдары үнмен.
– Ақсақал, бiр сiлеусiн тоқтымды жеп кетiптi. Соны ұстамасам, күндердiң күнiнде тағы қапы қалдырып жүрер. Бiр қақпаныңызды бере тұрыңыз.
Шал шоқша сақалын күстенген қолымен сипап, аз ойланып отырды да:
– Шыманбай шырағым, сiлеусiн басқаларға қарағанда айлалы аң. Ол көбiне жотамен жортады, үйдей тастың түбiне сарсытады. Қақпанды сол тастың жанына құру керек,– деп ақсақал күрк-күрк жөтелдi. – Менде қырық қақпан бар. Кешегi күнге дейiн бәрiнiң қызығын көрдiм. Ендi жөтел қысып, отырысым мынау. Бiрақ қақпанның да қақпаны болады. Салымдысы бар, салымсызы бар дегендей. Солардың iшiндегi "Қанды қақпанымды" өзiңе басы бүтiн берейiн. Көзiмдей көрiп жүр,– деп отырған орнынан сүйретiлiп тұрып, сарайдан қара қақпанды әкеп қолына ұстатып, батасын бердi.
Шыманбай ақсақалдың тәжiрибесiн қаперiне алды. Өзi де бұл өнерден құр алақан емес едi. Қытай жерiнде тұрғанда бiр қыста жиырма үш елiктi қақпанға түсiрiп, ағайынды етке қарық қылғаны бар. Алайда бiр жетi бойына қақпанға сiлеусiн түспедi. Келесi күнi бiр құзғын қарғаны шаппасы қысып қалыпты. "Әп, бәрекелдi! – Сен ендi қанда, жолды бол!", – деп қарғаны сойып, қақпанды қандады. Салым салып, үстiн шөп-шаламмен жасырды. Түнде қар жауды. Таңертең отарды өргiзiп жiберiп, қақпан құрған жерге келсе, орнында жоқ. Сүйретiлген iзi анадай жердегi шоқ ағашқа қарай созылып жатыр. Сырттан сол жаққа қарай ұмтылды. Бұл салып ұрып соңынан жеткенше, Сырттан қақпанға түскен сiлеусiндi талап тастапты. Қақпанның шаппасы алдыңғы аяғын қиып, қанталатып жiберiптi.
– Сырттан, жiбер оны. Мен мұның әуселесiн көрейiн, – дедi. Итi әбден өшiгiп қалыпты. Тiсiн желкесiнен зорға ажыратты. Сонда да есесi кеткендей ырылдап, ерсiлi-қарсылы жүрiп алды.
Шыманбай жон арқасы күдiрейiп, айбат шеккен сiлеусiнге: – Әй, тоқты қайда? – деп үш рет айтты да үйiнен алып шыққан бiлектей лом темiрмен басынан, күдiрейген жон арқасынан келтiре соқты. Сiлеусiн тарғыл мысық секiлдi күр-күр етiп, қақпанды айналшықтай бердi. Шыманбай тұмсықтан тағы соққанда ғана қаны шапшып, жан тәсiлiм еттi. Сол жерде сойып, терiсiн алып қайтты.
Ол араға апта салып, Сәрсенбек ақсақалға сәлем бердi. Сiлеусiннiң терiсiн сыйға тартты.
Көлбай Адырбекұлы