ӨЛМЕС ЖЫРЛАРДЫҢ ӨЛШЕМIНДЕЙ БОЛАТЫН
ӨЛМЕС ЖЫРЛАРДЫҢ ӨЛШЕМIНДЕЙ БОЛАТЫН
Қадiрлi ағаның өмiрден озғанына да қырық күннен асып барады, беу өткiншi жалған-ай! Қадыр – Байбақты Сырым батырдың ұрпағы. Қазақстан Халық жазушысы. Қазақ десе қолынан келер жақсылығы мен ағалық қамқорлығын аямайтын азамат ретiнде де бiлемiз. Өткен жылдардың бiрiнде аз ғана уақыт жолымыз түсiп, оңтүстiк облысының Түркiстан, Кентау, Шардара қалаларында бiрге болдық. Ол кiсiнiң әңгiмесiн тыңдай бергiң, тыңдай бергiң келетiн.
Әңгiмесiне сөз араластыра алмайсың. Әзiлге жүйрiк. Түркiстанда Қазақ-Түрiк университетiнде ақын Қасымхан Бегмановтың 50 жылдық мерейтойына қатыстық. Кiтап жайма базары болды. Сол кiтаптардың iшiнде бұл кiсiнiң кiтаптары көзге түспедi. Қадырдың кiтаптары неге жоқ деп сұрағанымызда, сатушы қыз: "Ол кiсiнiң кiтаптарын тез алып кетедi, тұрмайды ғой", – деп едi, Қадыр ағамыз жұлып алғандай – Ой, айналайын, олай деме. Бұл кiсiнiкi жатпайды ғой деп айт", – деп бәрiмiздi қыран-топан күлкiге бөлегенi бар. Менiң аздап өлеңге жақын екенiмдi көрiп, жасымның жетпiске жақындағанын ескерiп: "Өсеке, кешiгiп қалыпсың-ау", – дегенi бар. Сонда мен:
"Қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм",
О, Алла, кеш болса да дем бергенiң.
Қалған ғұмыр арналса жыр жолына,
Болармын, уа халқым, бiр ермегiң , – деп жауап бердiм.
Қадыр аға менiң "Игiлiк" атты өлеңдер жинағыма алғысөз жазып, ақ жол тiлеп едi.
"Менiң бүгiнгi кiтабына алғысөз жазып отырған ақыным, өлеңдi қысқа етiп жазғанды ұнатады екен. Мұнысы маған ұнады. Менiң де шұбалаңқы өлеңдерiм аз ғой.
Бiз пендемiз,
Жақсылыққа кендемiз.
Бұл жалғанның,
Бiр тұтам екендiгiн
Ұмытамыз кейде бiз,
немесе
Қарап тұрсаң көңiл жас,
Жас кезiңде көңiл мас.
Қартайып шал болғанда –
Көңiлiңе тәнiң қас.
Осы шумақтардан өз басым пәлендей мiн таба алғаным жоқ. Бәрi өмiрден ойып алғандай, өз орнында тұрған сияқты. Әрi шындық. Қайсыбiр ақындар осы шумақтағы ойды айтып жеткiзу үшiн ұзақ жазар едi. Оның қажетi қанша. Осы тұрғыдан алғанда Өскенбайдың өлеңдерi көңiлiмнен шықты. Сосын қолыма қалам алып, алғысөз жазуға, тiлегiмдi бiлдiруге ниет еттiм", – деп ақ жүрегiнен ақтарылып едi Қадыр аға.
Қаңтардың 5-сi күнi Қадыр ағамен хабарласып, туған күнiмен құттықтап: "аға, жағдайыңыз қалай, бақуаттысыз ба?" – деп сәлемдесiп едiм телефонмен.
"Айналайын, рахмет хабарласқаныңа, баяғыда бiр кәрi қыз "ол жағынан ұяттымыз" деген екен, сол сияқты диванда жатырмын көрпе жамылып, аздап жаураңқырап жатырмын", – деп әзiлмен жауап берген. Өзi күлiп алды.
Шiркiн, өткiншi тiрлiк-ай! Қадыр аға қайтыс болды дегенде төбеме мұздай су құйғандай сезiндiм.
"Замандастар" деген кiтабымды жазарда: "Аға, өз өмiрбаяныңызды толықтырып бересiз бе?" – деп қолқа салып едiм, аға күлдi де: "баяғыда Мұқаң, Сәбең, Ғабеңдер бiр мәселелермен алдына барғанымда, өзiң жаза салшы деушi едi, сол сияқты Өсеке өзiң жаза сал", – деп және күлдi. Апарып көрсеткен қысқаша өмiрбаянын көзiмен жүгiртiп өтiп, "осы жетедi, бiлесiң ғой, мен көп созғанды жақтырмаймын ғой", – деп ризашылығын берiп едi. Мiне, бүгiн сол кiтапты көзiнiң тiрiсiнде бере алмай, өкiнiште отырмын. Қайран Қадыр аға, күн өткен сайын халқыңа қадiрiң арта түсiп, үздiксiз жоқтай беретiн болдық ендi.
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi