379
Құрманбек АРТЫҚБАЕВ: КЕДЕНДЕ ТӘРТIП КҮШЕЙЕДI
Құрманбек АРТЫҚБАЕВ: КЕДЕНДЕ ТӘРТIП КҮШЕЙЕДI
Құрманбек Артықбаев – Алматы облысы Кедендiк бақылау департаментiнiң басшысы. Бұған дейiн Құрманбек Жуасұлы ұзақ жылдар бойы Iшкi iстер органдарында қылмысты құрықтау саласында қызмет атқарды. Талай-талай қылмыстық топ басшыларын құрықтаған азамат елiмiзде әдiлеттiң салтанат құруы үшiн аянбай күрестi. Осы жылдар iшiнде "ТұранӘлемБанкiне" қатысты атышулы оқиғаның да басы-қасында жүрдi. Аталмыш оқиға негiзiнде "Мамыр айының 7 күнi" атты кiтап жазылып, көркем фильм де түсiрiлуде. Құрманбек Жуасұлымен әуелгi әңгiмемiз де осы оқиғадан басталған едi.
– Кезiнде "ТұранӘлемБанкiне" жасалған қарақшылық шабуылға байланысты қылмыскерлердi құрықтау операциясының басы-қасында жүргенiңiздi бiлемiз. Ол кездегi оқиға әлi де көз алдыңызда шығар… – Бұл жайында Ермек Тұрсынов екеумiз бiрiгiп, "Мамыр айының 7 күнi" атты кiтап жазғанбыз. Кiтап сол аталмыш оқиғаның негiзiнде жазылды. Әрине, көркем шығарма болғаннан кейiн оған жазушылық қиялдың қосылатыны белгiлi. Қосымша кейiпкерлер де болды. Кiтапты оқығаннан кейiн, сол оқиғаның басы-қасында болған азаматтар хабарласып, өздерiнiң көкейiнде жүрген сауалдарын қойған едi. Ол сауалдарға байланысты өзiмнiң жауабымды да айттым. Кiтап 250 беттей болып шықты. Негiзгi фактiлердiң бәрi сол оқиғаның желiсiнен алынды. Осы кiтаптың негiзiнде көркем фильм түсiрiлдi. Ол фильмге өзiм кеңесшi ретiнде қатыстым. Фильмнiң эпизодтарын түсiру кезiнде менi шақырып: "Осылай болған ба едi?" деген сияқты сауалдар қойып, ақыл-кеңес сұрап отырды. Фильм режиссерлерiнiң айтуы бойынша, фильм биыл жарыққа шығып қалатын сияқты. Ал оқиғаға келер болсақ, бұл жағдай 2000 жылдың мамыр айында болған едi. Ол кезде мен Қалалық iшкi iстер басқармасында қылмыстық полиция қызметiн басқарып жүргенмiн. 18 мамыр күнi таңертеңгiлiк Фурманов көшесiнiң бойындағы "ТұранӘлемБанкiнiң" филиалына қарақшылар шабуыл жасайды. Инкассаторлардың бiреуiн атып, бiреуiн жаралап, миллион доллар шамасындағы қаржыны алып кетедi. Осы оқиғадан кейiн қылмыстық полиция дереу iске кiрiстi. Бас-аяғы жетi күннiң iшiнде аталмыш қылмыстың бетi ашылды. Бұл оқиға Алматы қаласын ғана емес, бүкiл Қазақстанды дүрлiктiрген едi. Аталмыш қылмыс Елбасының назарына iлiктi. Жедел қимылымыздың арқасында, қылмыс ашылып, қылмыскерлердiң бәрi тиiстi жазаларын алды. Бұл криминалдық қылмысты ашу – Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерiнiң арасында белгiлi болған елеулi оқиға. Сондықтан бұл оқиғаға байланысты әдебиетшiлер тарапынан болсын, жұртшылық тарапынан көптеген сауалдар туындады. "Осы оқиға негiзiнде кiтап жазылса, немесе көркем фильм түсiрiлсе" деген ұсыныстар жиi айтыла бастады. Осы оқиғаның басы-қасында болған Iшкi iстер министрлiгiндегi қызметкерлерiмiзден де өтiнiштер айтылды. Төрт жыл бұрын маған хабарласып: "Осы оқиғаны бiзге айтып берсеңiз" дегендер де болды. Ермек Тұрсынов екеумiз бiрiгiп, кiтап жазып шықтық. Негiзiнде, ол қылмысты ашуға қатысқан қызметкерлердiң көбi әлi күнге дейiн iшкi iстер саласында жұмыс iстеп жүр. Жоғары лауазымды қызметтердi атқарып жүргендерi де бар. Айта кететiн болсақ, Тiлеген Маткенов деген азамат сол кездерi менiң орынбасарым болған. Қазiр Ақмола облысы Iшкi iстер департаментiнiң бастығы. Амантай Әубәкiров – Iшкi iстер министрiнiң орынбасары. Кiтап шыққаннан кейiн, сол оқиғаға қатысқан жiгiттердiң пiкiрлерiн естiдiк. – Оңтүстiк Қазақстан облысында Iшкi iстер саласында қызмет жасай жүрiп, қылмыстық топтардың бiрқатар басшыларын құрықтағаныңыз мәлiм. Қарап тұрсам, қылмыстық топтарға қарсы күресте әбден тәжiрибе жинақтаған екенсiз. Оңтүстiктегi атышулы қылмыскерлер қалай қолға түстi? – "Қылмыстық топтардың серкелерi" дейдi, "авторитеттерi" дейдi. Олар туралы жасырудың қажетi де жоқ. Өйткенi қазақ "ауруын жасырған, өледi" демей ме? Кезiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында жұмыс iстеп жүрген кезiмде, мұндай қылмыстық топтардың арасында "беделдi" азаматтардың болғаны рас. Олар араларынан шыққан дауларды шеше алмай, өздерiнiң арасындағы қылмыстық бизнестi бөлiсу мәселелерiн шешу үшiн "Жора ташкентский" "төре" ұрыға жүгiнедi. Оңтүстiк өңiрге келген кезде Жораны ұстау операциясын бастадық. Оны сот арқылы жауапқа тарту – ұстаудан да күрделi болды. Оның ұсталуы оңтүстiк өңiрдегi қылмыстық топтардың басшыларына тиген үлкен соққы болды. Жораны жауапкершiлiктен босату үшiн қылмыстық топтардың "серкелерi" бар күштерiн салды. Тiптi оны жүйке ауруы бар деген сылтаумен құтқарып алмақшы да болды. Оларынан түк шықпады. Ақырында Жора сотталды. Сол кезде Iшкi iстер органдарының арасында жүрген бiрқатар адамдар да жауапқа тартылды. Түркiстан қаласының Iшкi iстер басқармасының бастығы, полковник Шалаев та құрықталды. Оны Ұлттық қауiпсiздiк комитетi құрықтағанын айту керек. Ал бiз есiрткi сатуға қатысқан оның орынбасары Төлеповтi қылмыс үстiнде құрықтадық. Әрине, оңтүстiк өңiрдегiнiң iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң бәрi қылмыстық iске қатысы бар, жемқорлықпен айналысады деп айтуға болмас. Дегенмен сол кезде қатарымызды қылмысқа қатысы бар деген қызметкерлерден тазалау бойынша бiршама iс-шаралар жүргiзiлдi. Сол iстiң нәтижесiнде фамилиясы есiмде жоқ, екi жүз килограммдай есiрткiнi тығып жатқан жерiнде iшкi iстер қызметкерiн ұстаған едiк. Iшкi iстер департаментiнде қызмет iстеп жүргендердiң арасында осындай фактiлер де кездестi. Топ-топқа бөлiнiп, қоқан-лоққы көрсетiп, кәсiпкерлерден ақша талап етiп жүрген қылмыстық топтар ұсталған болатын. – Бұл оқиға қай жылдары болған едi? – 2004 жылы. Одан кейiн мен басқа қызметке ауыстым. Ойлап қарасам, 1985 жылдан бастап Iшкi iстер саласында жұмыс iстеппiн. Алматы облысында, Алматы қаласында, Қарағандыда бiрқатар қызметтер атқардым. – Кеден саласына келгенiңiзге де көп болған жоқ. Дегенмен бүгiнгi кеден саласы туралы не айтар едiңiз? – Кеден саласының жұмысы сырт көзге оңай сияқты көрiнетiн. Алматы облысына келгелi берi, кеден iсiне нықтап кiрiсiп жатырмыз. 2007 жылдан бастап Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментiне жетекшiлiк жасап келемiн. Өздерiңiз бiлесiздер, "Қорғас", одан кейiн "Қалжат" кеден бекетi осы Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментiнiң құзырына жатады. Ел арасында "Қорғас" кеден бекетi жайында талай аңыз-әңгiмелер айтылып жүр. Бұрынырақта жылына бiр рет "Қорғас" кеден бекетiнiң бастығы ұсталып отыратын. Алматы облысына тағайындалған кезде маған Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы қатаң талап қойды. Ол – ұйымдасқан топтың кеден қызметкерлерiне деген ықпалын жою, оларды жауапқа тарту болатын. Әрi "Қорғас" кеден бекетi туралы жағымсыз әңгiмелердi тоқтату. Бұл – мен үшiн өте күрделi тапсырма болды. Өйткенi бiрiншi рет сол жерге барып танысқан кезiмде, Алматыда криминалдық полиция қызметiн басқарып жүрген кезiмде бiздiң есебiмiзден өткен бiр-екi адамды көрiп қалдым. Олардың көбiн танимын ғой. Олар менi көрдi де, өздерi рапорт жазып кетiп қалды. Менiмен жұмыс iстей алмайтынын түсiнген болуы керек. Жалпы "Қорғас" кеден бекетi Алматыдан 360 шақырым, Талдықорғаннан да сондай қашықтықта орналасқан. Кеден бекетiнiң қызметкерлерi, басқа да арнайы қызметкерлер оған жеткенше, жарты күн өтедi. Сондықтан кезiнде ол жерде кедендiк рәсiмдеу жүргiзiлiп отырған. Кедендiк рәсiмдеу жүргiзiлген кезде, балға үймелеген ара сияқты болады ғой. Бандиттер де, жеңiл жолмен ақша тапқысы келген алаяқтар да соған барып, сол маңайда топтасып, ұйымдасып, өздерiнiң тiрлiктерiн жасап жүрген. Оның бәрi бюджетке өтетiн қаржыны өз қалталарына салып, мәселенi өздерi шешiп отырыпты. Менiң алғашқы айтқан ұсынысым – "Қорғас" кеден бекетiндегi кедендiк рәсiмдеудi тоқтату болды. Бәрiн Алматы қаласына немесе Алматыға жақын кедендiк рәсiмдеу орталықтарына ауыстырдым. Одан кейiн кедендiк бақылау комитетiнде де көптеген өзгерiстер болды. Бүгiнгi күнi "Қорғас" кеден бекетiнде кедендiк рәсiмдеу жүрмегеннен кейiн, көп сұрақтар өз-өзiнен шешiлiп жатыр. Бұл – "Қорғас" кеденiнiң жанындағы елдi мекен тұрғындарына қиындау тигенi рас. Өйткенi сол шекарадағы жасалып жатқан заңсыз тiрлiктердiң оларға да пайдасы тиiп тұрды. Бiреулерге қойма, бiреулерге көлiк керек дегендей… Сол жерде базарлар ашылып, сол жерден шыққан тауарларды Алматы қаласына алып келу мәселелерi жүзеге асып отырған. Қылмыстық бизнес барынша өркендеген. Қазiр ол мәселелердiң бәрiне тоқтау салынды. "Қорғас" пен "Қалжат" кеден бекеттерiнде арнайы бейнекамералар жұмыс iстей бастады. Бекеттен өткiзiлген әрбiр көлiктiң тiркелуi тiкелей Астана қаласына түсiп отырады. Алматы қаласының әкiмшiлiк ғимаратында жаңа кеңсемiз ашылғалы отыр. Жақында ашылу рәсiмiн өткiземiз. Ол жерде "Қалжат", "Қорғас" кеден бекетi ғана емес, "Достық", "Бақты" кеден бекеттерiндегi болып жатқан жағдайларды бейнекамералар арқылы бақылап отыруға болады. Кедендiк одақ құрылғалы берi, бiздiң техникалық жарақтандырылуымызды дамыту, нығайту мәселелерi көтерiлiп жатыр. Бұрын бiздiң көптеген кеден бекеттерiнде рентген қондырғысы болмаған, қазiр барлығында құрылуда. Автокөлiк өткен кезде сол рентген қондырғысы арқылы бәрiн бақылап отыруға болады. Оны тек сол бекеттердегi қызметкерлер ғана бақылай алмайды, сонымен бiрге орталықтағы бақылау орталығында отырғандардың да қадағалауына мүмкiндiктер бар. Автокөлiктiң iшiнде қандай заттардың өтiп жатқандығын сол бақылау аппараттары арқылы анықтай аламыз. – Кеден Одағының құрылуының Қазақстанға қандай әсерi бар деп ойлайсыз? – Оның тиiмдi, жақсы жақтары да бар. Өйткенi бiздiң Қытай және Өзбекстан елдерiмен шекаралас аймақтардың шекаралары техникалық тұрғыдан нығайтылып жатыр. Екi емес, үш елдiң арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде жүруi, Кедендiк Одақтың аумағында бiраз жақсы жағдайлар туындатып отыр. 1 шiлдеден бастап үш мемлекеттiң арасындағы кедендiк шекара, кедендiк бекеттер жойылатын болады. Ол жерден қысқартылған кеден қызметкерлерiнiң бәрi Алматы облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстiк Қазақстан облыстарына жiберiлетiн болады. Бiзге қомақты қаржы бөлiнiп отыр. Сол қаржылардың арқасында, "Қорғас" кеден бекетiнде екi он сегiз пәтерлi тұрғын үй салдық. Ол пәтерлер қазiр қолданысқа берiлдi. Тағы бiр айта кететiн нәрсе, 1 сәуiрден бастап Қытай мен Қазақстан арасындағы келiсiм-шарт бойынша, "Қорғас" кеден бекетi демалыссыз жұмыс iстейтiн болады. Күнiне – 12 сағат. Мейрам күндерi ғана шекара жабылатын болады. 1 шiлдеден бастап Қытаймен, Өзбекстанмен, қырғыз елiмен шекаралас бекеттер сондай жұмыс тәртiбiне көшетiн болады. Жуырда қырғыз елiнiң делегациясы Астанаға келдi. Олардың да Кеден Одағына кiремiз бе деген ойлары бар. Кедендiк Одаққа кiретiн болса, қырғызбен арадағы шекара жойылады. Шекара ары қарай, Қытай, Тәжiкстан, Өзбекстанға қарай созылатын шығар. Әрi сол жақтағы шекара маңындағы бекеттер нығайтылатын болады. – Ұйымдасқан қылмыстық топтардың кеден қызметкерлерiне ықпалын тигiзуi әлi де жалғасып жатыр ма? – Есепсiз табыс тапқанды кiм жақсы көрмейдi дейсiз. Амалын тапса, өзегiн тапса, артық табыс тапсам деген әңгiме ешқашан жоғалған емес. Мұндай сұрақтар әрдайым туындап отырады. Өткенде Жаркент өңiрiнде бiраз қылмыстық топтардың арасында жанжал туындап, адам өлiмiне әкелiп соқтырғанын өздерiңiз бiлесiздер. Мұның бәрi "шекара маңында өзiмiздiң ықпалымызды жоғалтпасақ, сол жерден түсiп жатқан контрабандалық тауарлар болса, содан өз үлесiмiздi алып отырсақ" деген әңгiмеден туындап отыр. Шекара өңiрiнде тұратын тұрғындарға бiр күнде Қытай елiне кiрiп, визасыз сауда-саттық жасауына мүмкiндiк жасалған едi. Бұл екi ел арасындағы келiсiм-шарт бойынша жүзеге асқан болатын. – Бұл тек шекара маңындағы тұрғындарға ғана жасалған мүмкiндiк пе? – Иә. Ұйғыр ауданының тұрғындарына, "Қорғас" кеден бекетiнiң маңындағы елдi-мекен тұрғындарына арналған. Сол жердегi жағдайды зерделей келе, мынадай шешiмге келiп отырмыз. Бiр күндiк туристердi таситын арнайы автобустар екi ел арасында кiрiп-шығып жүр. Ал аталмыш автобустармен заңсыз тауар алып келiп жатқан түрлi фактiлер тiркелдi. Соны анықтағаннан кейiн, бiз қазiр бұл тәжiрибенi тоқтату жайында шешiм қабылдап отырмыз. Автобустармен емес, тауарларды арнайы жүк көлiктерiмен алып өту керектiгiн де ойластырып, сол бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл осыдан нан тауып үйренген адамдарға, яғни қылмыстық топтың мүшелерiне ғана емес, жергiлiктi тұрғындарға қатты соққы болып отыр. Осы орайда "Қорғас" кеден бекетiнiң бастығын ауыстыру туралы шешiм қабылдаған болатынбыз. Комитет төрағасы бiздiң шешiмiмiздi қолдап отыр. – Бұл өткендегi мәселеге байланысты емес пе? Яғни Тәкееваның дауынан кейiн олар жұмыстарынан уақытша шеттетiлген сияқты едi ғой… – Ол мәселе әлi аяғына дейiн жеткен жоқ. Қазiр қызметтiк тексерудiң шешiмiн күтiп отырмыз. Шешiм шыққаннан кейiн, олар заңды түрде сотқа арыз айта алады. Құзырлы органдардың шешiмi екi айдың iшiнде шығарылатын болады. – Кеден Одағы құрылғалы берi кеден бекеттерiнде қандай өзгерiстер болып жатыр? – Осыған орай, кеден қызметкерлерiнiң жалақысын көбейту мәселелерi көтерiлген болатын. Бiз Кеден Одағына кiргенде, кедендiк салымның бәрi бiр орталыққа бағытталатын болады. 1 қаңтарға дейiнгi 50 млрд.-тан астам теңгенi орталық қорға жiбердiк. Оны қайтадан 96 млрд. етiп, қайтарып алдық, яғни бұл бiз үшiн өте тиiмдi. Қазақстанның географиялық жағдайы Ресей үшiн тиiмдi екенiн айту керек. Олар Қытай мемлекетiнен тауар тасуды Қазақстан арқылы жүргiзудi ыңғайлы санайды. Өйткенi Владивостоктан алып келгеннен гөрi, Қазақстан арқылы өткiзу тиiмдiрек. Владивостокқа жол қашық, әрi оларға тиiмсiз. Елiмiзде бүгiнде "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" магистральдi жолы салынып жатыр ғой. Тiптi Қызылорда, Жамбыл облыстарында жұмыс қарқынды жүргiзiлуде. Ол жұмыс аяқталатын болса, елiмiз транзиттiк ел ретiнде көп табыс табатыны сөзсiз. Кезiнде II дүниежүзiлiк соғыстан кейiн, дүниежүзiнде экономикалық дағдарыс болған кезде, Америка Құрама Штаттары "66 магистраль" деген Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейiн өтетiн арнайы жол салған болатын. Сол жолдың арқасында талай инфраструктуралық құрылымдар, кафе, жаңа дүкендер салынып, елге едәуiр пайда әкелдi. Тiптi "66 магистраль" жайында арнайы әндер де шырқалды. Бiзде осындай бағытта жол ашылса, кеден бекеттерiнiң қызметтерi жақсаратын болса, техникалық жабдықтау деңгейi көтерiлетiн болса, тауар таситын автокөлiктердiң тексерiлуi де жылдам жасалатын болса, бiздiң кеден қызметi тиiмдi, жоғары болатын болса, жергiлiктi халықтың жағдайы да жақсаратыны күмәнсiз. Әрi ел экономикасының өркендеуiне де өзiндiк ықпалы тиетiн болады деп ойлаймын. Кеден қызметiнiң негiзi – сауда-саттықтың өркендеуiне жақсы ықпал жасау. – Отандық өнiмнiң дамуына ықпалы бар ма? – Отандық өнiмнiң дамуы арқылы Қазақстан көлемiнде тауар айналымдары жақсарады деген ойым бар. Қазiрдiң өзiнде Қытай елiнен келiп жатқан тауарлардың сапасына қарайтын болсақ, бұрын бiзге арзан, сапасыз аяқ киiмдер келетiн едi, қазiр ондай дүниелер келмейтiн болды. Тоқталды. Қазiр Қазақстан өз өнiмдерiн шығарып жатыр. Кеден Одағына кiретiн мемлекеттерден алынған тауарлар сапасыз болатын болса, ондай өнiмдер тұтынушының сұранысына ие болмайды. Әрi бiз "неге сапасыз?" деп сұрай алатын боламыз. Халыққа ыңғайлы жағдайлар туындайын деп отыр. Ресей мемлекетi бүгiнгi таңда ДСҰ-на кiрудi жоспарлауда. Қырғыздар кiрiп қойған. Ресей кiретiн болса, бiздiң елiмiз де жақын уақытта кiруге дайындалатын болады. Ал кедендiк бақылау департаменттерiнде қазiр жаңа технологияларды пайдалану iсi жолға қойылды. Пәтер салу мәселесi де шешiмiн тауып жатыр. "Қалжат" елдi мекенiнде үш тұрғын үй салынбақ. Қазiрдiң өзiнде құрылыс жұмыстары басталып кеттi. Тұрғын үйлерде су мәселесi шешiлмей келген едi. Қазiр оның да шешiмiн тапқан сияқтымыз. Арнайы су құбырын салу мәселесiн де көтерiп отырмыз. "Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан" демекшi, "Қорғастың" баяғы әңгiмесi әлi күнге тоқтаған жоқ. Сол әңгiмелердi тоқтату үшiн, әрi жұртшылықтың жақсы ұғымын қалыптастыру үшiн әлi де талай жұмыстар атқаруға тура келедi. Қазiр кеден қызметкерлерiн бiр орында үш жыл iстегеннен кейiн, басқа жұмысқа ауыстыру мәселелерi көтерiлiп жатыр. Бұл заң бойынша, Әдiлет министрлiгiнде тiркелдi. Бiздiң бастығымыз үш жыл өткеннен кейiн шақырып алып, осындай жерге барасыз деп айтады. Содан кейiн, сiзге сол жаққа қызмет ауыстыруға тура келедi. Тағы бiр мәселе, шекара маңында жұмыс iстейтiн кеден қызметкерлерi алты айдан кейiн бiр орында жұмыс iстемеу керек деген шешiм шығарғалы жатыр. Ауысып отырады. Бұл дегенiңiз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиiмдi шараның бiрi деп ойлаймын. Әйтпесе он сегiз-жиырма жыл бойы бiр орында отырған кеденшiлерiмiз бар. Тұрмыстық мәселенi шешу бұрын қиын проблемалардың бiрi болса, қазiр оның бәрiн жеңiлдетiп жатырмыз. Кеден қызметкерлерi орнын ауыстыратын болса, қызметтiк пәтердiң де кiлтiн тапсыруға тура келедi. Оның орнына келесi кеден қызметкерiнiң жайғасуына мүмкiндiк бар. "Кедендiк төлемдер қымбаттап кеттi" деп жүр. Кедендiк Одаққа кiргеннен кейiн Ресей мен бiздiң арамыздағы айырмашылықты жою керек болды. Ресей экономикасы салықты төмендетiп жiберетiн болса, ондай соққыға төтеп бере алмайды. Ол жақта қанша халық тұрады? Бiз солардың ұсыныстарын қабылдауға мәжбүр болдық. Сондықтан бiздiң төлемдер қымбаттады. Есесiне, Қазақстанның әрбiр азаматының үстiмiздегi жылғы шiлденiң бiрiне дейiн жеңiлдiкпен бiр автокөлiк алып келуге мүмкiндiгi бар . Бұл шара 2010 жылғы 1 шiлдеден 2011 жылға шiлдеге дейiн жүзеге асырылады. – Бiздiң кедендiк бекеттердiң қызметiн өзге елдiң кедендiк бекеттерiмен салыстырып көрдiңiздер ме? – Осы орайда, Гонконгқа барған сапарымыз туралы айта кеткiм келiп отыр. Гонконг Қытайға кiргенiмен, ағылшынның "49 жыл бойы ел экономикасына араласпайсыңдар" деген шарттары бар екен. Мысалы Гонконгтың өзiнiң төл ақшасы бар. Қытай мемлекетiнiң әскерилерi тек кеңселерiнде ғана әскери киiм киiп отырады. Қытай мен Гонконгтың арасында арнайы шекара кеден бекеттерi бар. Соның жұмысын барып көрдiк. Техникалық деңгейiнiң соншалықты дамығанын көрiп, таң қалдық. Бiр бекеттен бiр мезгiлде жүз адам өтетiн шығар. Ол жерде бiр кеденшi немесе бiр шекарашы жоқ. Куәлiктi саласың да, бас бармағыңды қоясың. Ешкiм қарап отырған жоқ. Бiз Қытай жағынан кiрдiк. Бiз барғанымызда "құс ауруы" деген шығып, елдi шулатып жатқан кез болатын. Бiрде-бiр жолаушыны тексерiп жатқан дәрiгердi көрмедiк. "Қалай?" десек, арнайы аппараттар қойылған екен. Бекеттен өтiп бара жатқан адамдардың температурасы қандай екенiн сол аппараттармен анықтайды. Бiз сияқты шулатып жатқан бiр адам жоқ. Бәрi арнайы техникалық құрылғылармен жүзеге асып жатыр. Қаншама машиналар өтiп жатыр. Бiр бекетте 26 өткел бар. Бiр желiнiң бойында тұр, соның ең соңында бiр кеденшi отыр. Кiмнiң өтiп жатқанын көрiп отырған жоқ. Барлығын тек камера арқылы монитордан қарап отыр. Сондай деңгейге жетсек, бiзде кеден iсi жоғары болар едi. – Мұндай жоғары деңгейге жететiн болса, кеден қызметкерлерiнiң саны қысқарып кетпей ме? – Былтырғы жылы бюджетке 800 млрд. теңгеден астам артық кеден салықтарын құйыппыз. Әр кеденшiге шаққанда 200 млн. теңгеден артық болып отыр. Бiзде 5900 адам қызмет жасайды. Сонда әр кеденшi сондай табыс тауып отыр. Айлығын көбейтiп, техникалық деңгейiн көтеретiн болса, онда бiзде жұмыс бұдан да жақсаратын едi. Ал бұл жағдай Гонконгта қалай жүзеге асырылып жатқанын көзiмiзбен көрдiк. Бiз олардан: "Осы жерде контрабанда фактiсi тiркелiп көрдi ме?" – деп сұраған едiк. "Он жыл бұрын болған" – дедi. "Оларға не iстедi?" деп сұрасақ, "Атып тастады", – дейдi. Содан кейiн бiзде артық сұрақ болған жоқ. Қарасаңыз, бiр күнде қаншама адам сапырылысып өтiп жатыр. Айғай-шу көргенiмiз жоқ. Өзiмен-өзi жұмыс жүрiп жатыр. Заңды бұзсаңыз да техника өзi көрсетiп отырады. Осындай деңгейге жететiн болсақ, бiздiң Қазақстанның абыройы да асқақтайтын едi. Әрi елiмiздегi жемқорлық фактiлерi анағұрлым азаяр едi.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА