КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ МЕН ӘЛЕМДIК КЕҢIСТIК

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ МЕН ӘЛЕМДIК КЕҢIСТIК

КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ МЕН ӘЛЕМДIК КЕҢIСТIК
ашық дереккөзі
264

Әлемнiң жетекшi елдерiнде кезектен тыс президент сайлауын өткiзу – ежелден қалыптасқан ерекше үрдiс. Оған сол елде қалыптасқан саяси ахуал, экономикалық, әлеуметтiк жағдайлар әсер ететiнi белгiлi. Мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзу көп жағдайда қоғамдық топтардың мақсат-мүдделерiн бiр арнаға тоғыстырып, мемлекеттiң дамуына ерекше серпiн берушi, қозғаушы күш рөлiн атқаратыны аңғарылады. Бiздiң елiмiздегi кезектен тыс Президент сайлауы да осы мiндеттi атқармақшы…

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ӨТКIЗУГЕ ӘСЕР ЕТКЕН ФАКТОР

Қазiр Қазақстандағы саясаттың күрт өзгерiсi жайында бүкiл әлемдiк ақпарат құралдары өз болжамдарын айтуда.

Мәселен Ресейдiң "РиаНовости" интернет сайтына 4 ақпанда сұхбат берген М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң посткеңестiк кеңiстiгiндегi жағдайларды зерттеу жөнiндегi орталығының директоры Алексей Власов: "Iшкi фактор: жақын арада Қазақстан элитасы қоғам үшiн жаңа күн тәртiбiн айқындауы керек. Мұрагердiң кiм болатыны жайлы мәселе әлi шешiлген жоқ қой. Сондай-ақ Қазақстан саясат пен экономикада аса маңызды модернизация жасамақ. Осы модернизация қалай тез жасалады, Қазақстан қоғамы солай тұрақтана түседi" деген ол, сыртқы факторлар ретiнде Араб мемлекеттерiндегi бей-берекетсiздiк пен Орталық Азиядағы шиеленiстердiң жыл өткен сайын күшейе түсуi, 2012 жылы бұл шиеленiстердiң Қазақстанның iшкi жағдайын өзгертуiне импульс бола алатындығын айтады. "2012 жылы Қазақстан бүкiләлемдiк қауымдастық, инвесторлар және жетекшi саясаткерлер сенетiн жалғыз адамның – Нұрсұлтан Назарбаев екенiн дәлелдеген айқын билiк жүйесiмен ерекшелене түседi", – дейдi ресейлiк саясаттанушы.

Осы сайтқа өз пiкiрiн бiлдiрген украиндық Жаһандық стратегиялар институтының директоры Вадим Карасев та бұл шешiмге әсер еткен фактор ретiнде араб әлемiндегi соңғы кездегi оқиғаларды атайды. "Араб елдерiндегi – Тунис, Египет және Иорданиядағы жағдаймен Қазақстанды мүлдем салыстыруға келмейдi. Мәселен президенттiк мерзiмнiң ұзақтығы тұрғысынан қарастыру керек. Бұл тенденцияларды – ұзақ уақыт билiкте болу – қисынға келмейдi, архаикалық тәсiл деген ұғымдармен шендестiрген жөн. Қазақстан модернизациялы ел болуға ұмтылған ел. Оның басшысы өзiн реформатор ретiнде көрсеткiсi келедi. Сол себептi де ресми Астана Араб елдерiмен символикалық, логикалық, тарихи, саяси және басқа да салыстыруларды ұната бермейдi", – дейдi Карасев.

"Фергана.ру" сайтына сұхбат берген Ресей стратегиялық зерттеулер институтының "Ұлттық стратегия проблемалары" журналының бас редакторы Аджар Куртов "Басқа мемлекеттердiң Конституция тәжiрибесiнде кезектен тыс сайлау дағдарыс кезiнде немесе президентке, Парламентке не Министрлер кабинетiне сенiм мандаты талап етiлген жағдайда ғана тағайындалады. Бiрақ, Қазақстанда бүгiн ондай жағдай жоқ қой" – дейдi. Сол себептi де сайлаудың мерзiмiнен бұрын өткiзiлуiн түсiне алмай отырғанын айтады.

Би-би-си радиосына сұхбат берген ресейлiк ТМД аймағы бойынша сарапшысы Санобар Шерматова: "Жақында ғана ЕҚЫҰ секiлдi беделдi ұйымға төрағалығын абыроймен атқарған Қазақстанның әлем алдында жинаған беделi мен абыройы тұрғанда сайлау өткiзу тиiмдi. Сайлау нәтижесi бойынша Назарбаев қанша жоғары дауыс жинаса да АҚШ пен Еуроодақ тарапынан қатты сынға ұшырай қоймайды" – дейдi ол.

ПРЕЗИДЕНТТIКТЕН КIМДЕР ҮМIТКЕР?

Орталық сайлау комиссиясының мәлiмдеуiнше, әзiрге үш адам президенттiктен үмiткер екендiктерiн мәлiмдеген. Олар 2005 жылғы президент сайлауында үмiткер болуға талаптанып, жолдары болмаған бұрынғы сенатор, қазiр "Кенесары хан" ұлттық тарихи-мәдени қорының жетекшiсi Уәлихан Қайсар, кәсiпкер Сәлiм Өтен және осы уақытқа дейiн аты-жөнi белгiсiз болып келген "Жасыл әлем үшiн" экологиялық қозғалысының жетекшiсi Мұсағали Дуамбеков.

Бұл адамдарды Орталық сайлау комиссиясы үмiткер ретiнде тiркей ме, жоқ па, ол жағы әзiрге беймәлiм. Белгiлiсi – Уәлихан Қайсардың мемлекеттiк тiл сынағынан өтпегендiгi.

Ал "Ақжол" партиясының жетекшiсi, 2005 жылғы Президент сайлауына үмiткер болғандардың бiрi Әлихан Бәйменов бұл жолғы сайлауға түсудiң маңызы жоқ деп есептейдi. Өйткенi екi ай iшiнде саяси додаға дайындалып үлгермеймiз деген ойда.

Президенттiкке үмiткер болатындығын мәлiмдеймiн деп Желтоқсаншылдардың жұмыртқасының астында қалған, тiркелмеген "Алға" партиясының жетекшiсi В.Козлов сайлауға дайындық мерзiмiнiң тым қысқалығы үшiн тiркелуден бас тартатындығын мәлiмдедi. Президенттiкке үмiткер ретiнде тiркелетiндiгi жайында мәлiмдеген тағы бiр саясаткер, "Жаса, Азаттық" қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Жасарал Қуанышәлiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалып жатыр. Сондай-ақ ол сайлауға бойкот жариялайтын қоғамдық күштер болса, қосылатындығын жеткiзген. Қазақстанның шетелдегi оппозиционерлерiнiң бiрi, "Атамекен" қоғамының жетекшiсi Ержан Досмұхамедов сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Бiрақ оппозиция бұл кеңеске құлақ түрмейтiн сыңайлы. Әзiрге "Азат" партиясының жетекшiсi Болат Әбiлов партия атынан өзiнiң түсетiндiгiн мәлiмдедi.

Президенттiң саясат жөнiндегi кеңесшiсi Ермұхаммед Ертiсбаев бұл додада қазiргi Президенттiң жинайтын дауысы 95,9 пайыз болады деп кесiп айта отырып, ендiгi назар осы сайлауда екiншi орын алған саясаткерге ауатындығын мәлiмдедi.

Шетелдiк сарапшылар Қазақстан оппозициясының бытыраңқылығын, халық көңiл бөлетiндей iс-қимылдар жасай алмай отырғандығын айтады.

Жоғарыда аты аталған саясаттанушылардың бәрi де Қазақстанда балама күштердiң тым әлсiздiгiн сөз етедi.

"Сайлау әдiл әрi өз деңгейiнде өткен күннiң өзiнде Назарбаевпен бәсекелесер тұлға жоқ", – дейдi Алексей Власов. Оппозицияның халықты соңынан ертер ештеңе тындыра алмағандығын украиндық саясаттанушы Карасев те, Аджар Куртов та қайталап айтуда.

Сонда Президент Назарбаевтан кейiнгi дауысты кiм жинауы мүмкiн? Дәл қазiр халықтың көкейiнде осы сауал тұр. Бiрақ оған жауап беру қиын секiлдi.

Нұрлан ЕРIМБЕТОВ, саясаттанушы:

САЙЛАУҒА БIР АЙДА ДА ДАЙЫНДАЛУҒА БОЛАДЫ

– Мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзуге не түрткi болды деп ойлайсыз?

– Дүниежүзiнде жаңа бiр ерекше тәртiпке көшу жоспарланып отыр. Ол үшiн жаңа кадрлық саясат керек. Ол үшiн ел басқарудың жаңа жүйесiн жасау керек болды. Мұнайға және басқа да жағдайларға байланысты саясат та түбiрiмен өзгермек.

Айталық, бiздiң Үкiмет шетелден келген инвесторларға қолданып келген саясатынан бас тартуы мүмкiн. Осыдан жиырма жыл бұрын жасалған келiсiм-шарттар сол кездегi Қазақстанның қиын жағдайынан шығу үшiн амалсыздан жасалған едi. Өйткенi шетелдiк компаниялар барлық табыстың 51 пайызын алатын болды. Менiңше, трансұлттық компанияларға Қазақстан үкiметiнiң етек-жеңiн жинай бастауы ұнамайды. Сол себептi де алдағы екi жылда Батыс өз үмiткерiн дайындауы мүмкiн. Посткеңестiк елдерде ондай жағдайлар болғаны белгiлi. Америкада немесе Еуропада оқыған жасты президенттiкке дайындап әкелген жағдайлар орын алған едi. Әрине, әртүрлi көзқарастағы қозғалыстарды қолдап, қолпаштап әкету қиын емес. Бұл – менiң жеке пiкiрiм, олай болмауы да мүмкiн.

– Референдум идеясы қайдан туды? Оны ойлап табудың қандай қажетi болды?

– Негiзiнде референдумды қиын-қыстау, аумалы-төкпелi заманда өткiзедi. Бүгiнгiдей қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заманда референдум өткiзбейдi. 1995 жылы бүкiлхалықтық референдум өткiзiлгенi есiңiзде болар. Бiрақ ол кезде Қазақстан тәуелсiздiгiн алғалы көп болмаған, экономикалық дағдарыс ушыққан, қиын кезең едi. Сондықтан ол кезде ешқандай дау тумаған.

Қазiр халықаралық жағдай онша мәз емес. Айталық, Қытайда ұйғыр мәселесi ушығып тұр, Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық өз алдына, трансшекаралық өзендер, энергетика проблемалары да күн өткен сайын қоюлай түстi. Ресейде күнде этникаралық қақтығыстар туындап, терактiлер мезгiл сайын орын алуда. Халыққа осы мәселелер жайында кеңiрек ақпарат берiп, түсiндiруге болатын едi. Бiрақ бұл жайында ақпараттар болған жоқ. Ал халық одан бейхабар қалды.

– Президенттiң саясат жөнiндегi кеңесшiсi Ермұхаммед Ертiсбаев өз сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың 95,9 пайыз дауыс алатындығын айта отырып, ендiгi назар дауыс көп жинаған екiншi саясаткерге ауатындығы жайында айтты. Сiздiңше, бұл сайлау додасы қандай сценариймен өрбидi және екiншi тұлға кiм болады?

– Бiрiншiден, Ермұхаммед Ертiсбаевтың бұлай деуi жөн емес. Ол қарапайым далада жүрген саясаттанушы емес. Сол үшiн абайлап сөйлегенi дұрыс. Екiншiден, саясатпен кәсiптiк тұрғыда айналысқан адам үшiн бұндай мәлiмдемелерге жол берiлмеуi керек. Президент кеңесшiсiнiң аузынан белгiлi дәрежеде қандай да бiр цифрдың айтылуы облыс басшыларына берiлген тапсырма секiлдi естiлдi.

Ал екiншi орынды иеленетiн тұлға жайында әзiрге бiрдеңе деу қиын. Өйткенi, әлi үмiткерлердiң кiм болатыны беймәлiм. Үмiткерлер тiркелгеннен кейiн ғана бұл жайында сөз қозғауға болады.

– Сайлауға дайындық екi айдың iшiнде жүргiзiлмек. Бұл заңға қайшы келе ме? Оппозиционерлер “кемiнде алты ай керек едi” дейдi. Олар сайлауға қаншалықты дайын?

– Ұйымдаса бiлсе, сайлауға бiр айда да дайындалуға болады. Бастысы сайлауға түсетiн тұлғаны таңдай бiлу және облыстың барлығында өз филиалдары арқылы үгiт-насихат жүргiзе бiлу. Оппозиция халықпен жұмыс iстей бiлуi тиiс. Менiңше, осы байланыс жоқ секiлдi.

Бiрiншiден, оппозиция бұл сайлауға қатысуы керек. Кейбiреулерi бойкот жариялаймыз деп жатыр. Одан ештеңе өнбейдi. Мәселе қанша дауыс алатындығында емес, мәселе өздерiн халыққа таныта бiлуiнде.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары