АЛАШ ЖҰРТЫ АҚАН СЕРIСIН АРДАҚТАДЫ
АЛАШ ЖҰРТЫ АҚАН СЕРIСIН АРДАҚТАДЫ
Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында Жазушылар Одағында "Алаштың Ақан серiсi" атты дәстүрлi ән кешi өттi. "Адырна" ұлттық-этнографиялық бiрлестiгiнiң бастамасын Жазушылар Одағы қолдап, дәстүрлi әндi сүйер қауымды бiр қуантып тастады.
Кештi филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкiшев сөз сөйлеп, ашып бердi. "Соңғы уақытта тiптi қазақтың шырқап салатын әнiне зар болып бара жатқанымыз өтiрiк емес. Қайдағы тепеңкөктердi мiнiп алып, таңертеңнен кешке шейiн билеуге ыңғайланып тұрамыз. Қазақтың дауысын кернеп салатын дәстүрлi әндерге зар болып тұрған уақытта жастардың ұйымдастырып жатқан мына кешi орынды-ақ екен" дейдi ғалым.
"Адырна" ұлттық-этнографиялық бiрлестiгiнiң алға қойған мақсаттарының бiрi – дәстүрлi әндi ел арасында дәрiптеп, жастардың сүйiспеншiлiгiн ояту. Қазақ тiлдi эстраданы қойып, "өзгенiң қаңсығы бiзге таңсық болып", шет елдiң дәстүрге де, тәрбиеге де қатысы жоқ әндерi санамызды жаулап алып тұрғанда, әлбетте, өзiмiздегi барды насихаттау маңызды. Сондықтан да болашақта әншi, жырау, серi атанған, елге аты жайылған бабаларымыздың әрқайсысының шығармашылығына арнап бiр-бiр кеш өткiзсек артықтық етпеген болар едi. Бiр Ақан серiнiң ғана 40-тан астам әндерi бар екен. Осы кеш барысында оның көп шырқала бермейтiн әндерiне де назар аударылып, әр әннiң шығу тарихы да айтылып отырды. Жоспарланған дәстүрлi ән кешiнiң басы Ақан серiнiң шығармашылығына арналуы да бекер емес, ол – сол замандағы отарлауға түскен қазақтың мұңын айтып, қарсылығын танытқан өнер саңлақтарының бiрегейi болғандықтан, Тәуелсiздiк күнi қарсаңында бұл да жастарға өнеге боларлық кеш болғаны анық. Кеш басында Орал Жүнiсовтың "Ақан серi" деректi фильмi көрсетiлдi. Бұл фильм Ақанның ғашықтық хикаяларынан ғана сыр шертiп қоймай, оның ұлттық рухтың ұраншысы, азаттықтың жаршысы екенiн көрсетiп бердi.
Жоламан Құжиманов ("Үш тоты құс", "Шамши қамар" әндерiн орындады), Рамазан Стамғазиев ("Шырмауық", "Райхан гүл" әндерi"), Сәуле Жанпейiсова ("Ақтоқтының ажары" әнi), Ардақ Исатаева ("Мақпал" әнi), Ерлан Төлеутай ("Маңмаңгер" әнi) сынды әншiлер дәстүрлi әнге шөлiркеген халықты бiр сусындатып тастады. Сонымен қатар, Талғат Әбуғазы ("Көкжендет", "Балқадиша" әндерi), Гүлсiм Арысбаева ("Майда қоңыр" әнi"), Досхан Одаманов ("Ақтоқтының зары" әнi), Ерлан Құжиманов ("Ақтоқты" әнi), Жасұлан Базарбеков ("Жiгiтшiлiк", "Көк ала тай" әндерi), Саят Нұрғазин ("Құлагер" әнi), Жасұлан Сақаев ("Сырымбет" әнi), Уатқан Зақан ("Құлагердiң құлыны" авторлық әнi) тәрiздi ұлттық өнердi бойына серiк еткен жас әншiлер бабалар аманатын ұмытпағанын көрсеттi. Жастардың да арқалы әннен өз сыбағалары бар екенiн, ел мұрасын қызғыштай қорғайтын толқын өсiп келе жатқанын сөзсiз дәлелдегендей күй кешiрдi.
Дәстүрлi әндердiң Жетiсу мектебi, Сыр сүлейлерi, Батыстың жыраулары, Арқаның сал-серiлерiнiң бәрiн қамтитын осындай кештер өткiзу басты мақсат болғанымен де, оған бiр бiрлестiктiң қарымы жете бермейтiнi де белгiлi. Сондықтан Мәдениет министрлiгi тарапынан болсын, қалалық әкiмдiктен болсын, жеке ұйымдар мен кәсiпкерлер тарапынан болсын қолдау болып жатса, дәстүрлi ән салып жүрген әншiлерге де, өзiмiздiң дәстүрiмiз бен өнерiмiзге бей-жай қарай алмайтын қауымға да үлкен демеу болар едi. Жастарымызды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеймiз десек, осы басталған шара аяқсыз қалмай, жалғасын таба берсе деп тiлейiк.
Ардақ БЕРКIМБАЙ