СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ЖОБА

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ЖОБА

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ЖОБА
ашық дереккөзі
361

Қазақстанның тәуелсiздiк тарихына әлi жиырма жыл тола қоймағанына қарамастан егемен елiмiз талай-талай тамаша табыстарға қол жеткiздi. Мерзiмдi баспасөздерде жиi және әдiлеттi жазылып жүргенiндей солардың арасындағы ең шоқтығы – ТМД мемлекеттерi, Азия елдерi, мұсылман әлемi, түркiтiлдес мемлекеттер арасынан Қазақстанның бiрiншi болып Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтамақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағалығына сайланғандығы.

ЕҚЫҰ – қазiргi әлемдегi БҰҰ-дан кейiнгi кең ауқымды аймақтық қауiпсiздiк ұйымы болып табылады. Ресми ақпараттар мен баспасөз деректерiне қарағанда, Қазақстан аталған ұйымға төрағалық ету туралы 2003 жылы өтiнiш берген. Қазақстан Республикасы сияқты Азия құрлығында, әрi ТМД кеңiстiгiнде орналасқан мемлекеттiң мұндай бастамасы кейбiр Еуропалық мемлекеттер үшiн күтпеген жағдай болды және ЕҚЫҰ тарихындағы бұрын болмаған ерекше оқиғалардың бастамасы едi.

2007 жылы, қарашада Испания астанасы – Мадридте Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы iстер министрлер Кеңесiнде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағасы құқығына ие болды. Қазақ елiнiң мұндай мәртебеге ие болуын Халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанның аз ғана уақыт аралығында экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан ұдайы даму үстiндегi мемлекет құру жолындағы табыстарын елдiң өңiрлiк және әлемдiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосқан үлесiн объективтi бағалаудың көрiнiсi деп түсiнгенiмiз жөн.

Әрине, Еуропа елдерi үшiн бұл Ұйымға төрағалық ету дәстүрлi болып көрiнгенмен, бiздiң жас мемлекетiмiз үшiн оның маңызы орасан зор, ол Әлемдiк қоғамдастықтың бiздiң елге деген сенiмiн бiлдiредi және олардың елiмiздiң экономикалық, саяси, құқықтық, демографиялық даму бағытындағы оң өзгерiстер мен жетiстiктердi мойындағандықтарының да белгiсi болып табылады. Өйткенi, әлемдегi БҰҰ-нан кейiнгi Мәртебелiк ұйымға төрағалық ету кез келген мемлекеттiң маңдайына жазылмаған.

Ел Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткiзумен де тоқтап қалған жоқ. Мұнан соң ол жұрттың көбi сәтiмен шешiлерiне сене қоймаған басты мақсатқа – Ұйым Саммитiн Астанада, бiздiң төрағалығымыз жылында өткiзуге ұмтылды. Мiне, ол мақсатқа да қолымыз жеттi. 3-тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi Ұйым Саммитiн Астанада өткiзу жөнiнде ресми шешiм қабылдады. SUMMIT – қарапайым тiлден тура аударғанда "биiктiк", "ең жоғарғы нүкте", ал балама түрде алғанда бiр нәрсенiң "ең жоғарғы шыңы", "жоғарғы деңгейдегi жиын", дипломатия тiлiнде ең жоғарғы деңгейдегi конференция (жиын, келiссөз). ЕҚЫҰ төрағалығын, Саммит өткiзудi Мемлекет басшысының стратегиялық ұлттық жоба деп атауы да содан. Өйткенi, бұл жобаның бiздiң елiмiз үшiн, оның болашағы үшiн дәуiрлiк маңызы бар.

Ал сәл шегiнiс жасап, бұл ұйымның тарихын еске түсiрсек, 1975 жылы 1-тамызда Хельсинки қаласында Еуропадағы және тұтас алғанда дүниежүзiнде бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктiң арасындағы тығыз байланысты мойындай отырып және өздерiнiң әрқайсысы үшiн халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi нығайтуға, барлық халықтардың негiзгi құқықтарына, экономикалық және әлеуметтiк прогресi мен өмiр сүруiне жәрдемдесуге өз үлестерiн қосу қажеттiгiн түсiне отырып, әлемнiң 35 елiнiң басшылары Хельсинки Кеңесiнiң Қорытынды Актiсiне қолдарын қойды. "ХЕЛЬСИНКИ ДЕКАЛОГЫ" (дека -10) деп аталған ол құжатта қатысушы елдердiң өзара қарым-қатынастарында жетекшiлiкке алынатын төмендегiдей он қағида бекiтiлдi: 1) егемендiлiк пен егемендiк құқықтарды құрметтеу; 2) күш қолданып, қоқан-лоқы жасамау; 3) шекаралардың мызғымастығы; 4) мемлекеттердiң территориялық тұтастығы; 5) даулы мәселелердi бейбiт жолымен реттеу; 6) мемлекеттердiң бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпауы; 7) адам құқықтарын, оның iшiнде ақыл-ой, ар-ождан, дiн, наным-сенiм бостандықтарын құрметтеу; 8) халықтардың теңдiгi мен өз тағдырын өзi шешу құқығы; 9) мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық; 10) халықаралық құқық бойынша мiндеттемелерiн адал орындау.

Бұдан кейiнгi Саммиттер 1990 жылы Парижде, 1992 жылы қайтадан Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткiзiлдi. Ендi 11 жылдан кейiн Астана Саммитi өткiзiлгелi отыр. Бұл шараның маңызын Президенттiң: "2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзу Хельсинки Қорытынды Актiсiнiң 35 жылдығында Әлем қауымдастығына Ұйымның "Хельсинкиден Астанаға дейiн" дамуын көрсетуге ерекше мүмкiндiк бередi", – деген ойы да нақтылай түседi. Астана Саммитi Хельсинки рухын жаңа тарихи жағдайда қайта өрлетудi мақсат тұтады. Президент атап көрсеткендей, жоғарғы деңгейдегi мұндай кездесудiң нәтижесiнде, жаңа геосаяси жағдайда Хельсинки Қорытынды Актiсi тұжырымдамасынан табиғи және көкейге қонымды түрде туындайтын "АСТАНА РУХЫ" секiлдi жаңа саяси ұғым пайда болары және оны ХХI ғасырда жаңа жетiстiкерге жетелеуге жол ашары сөзсiз.

Қазақстанға дейiн төрағалық мiндетi ЕҚЫҰ-ға мүше 20 мемлекетке жүктелген, алайда олардың арасында өз елiнде Ұйым Саммитiн өткiзе алғандары көп емес.

Ал ендi, “бiздiң елiмiз төрағалыққа өз кандидатурасын не үшiн ұсынған?” дегенге келсек, алдымен бiз ұлттық мүдделерiмiз тұрғысынан Орталық Азиядағы, соның iшiнде Ауғанстандағы нағыз, әрi ұзақ мерзiмдi қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге септесудi мақсат еттiк, мұның өзi Қазақстанның үдемелi дамуының аса маңызды факторы болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуда өзiндiк бiр өркениеттiк көпiр ретiндегi орнын күшейте түсудi көздейдi.Ұйымға төрағалық ету Қазақстан халқының бiрлiгiн нығайтып, патриотизмiн арттыра түседi. Төрағалыққа дайындық барысында қолға алынған "Еуропалық жол" мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру, тәуелсiз Қазақстанның дамуындағы сапалық жаңа белес болатындығы талас тудырмайды.

Қазақстан төрағалығы тұсында үш түйiндi қағидаттар жүзеге аспақ. Оның бiрiншiсi – әскери-саяси өлшемнен туындайтын қауiпсiздiктiң қоғамдастығын қалыптастыруға күш салу; екiншi өлшем – ұзақ мерзiмдi бейбiтшiлiк, қауiпсiздiк пен тұрақтылыққа қол жеткiзу, болуы мүмкiн экономикалық және экологиялық қауiп-қатерлерге дер кезiнде және баламалы жауап беру; үшiншiсi – гуманитарлық өлшем – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету.

Ендеше, Президент Н.Назарбаевтың әдiл айтқанындай, ЕҚЫҰ Саммитiн Астанада өткiзуге қол жеткiзу – Қазақ елiнiң басты жетiстiгi. Ол ерекше жауапкершiлiк жүктейтiн абыройлы мiндет. Алда бiз үшiн бiздiң қоғамымыздың толеранттылық, дәстүрлердi құрметтеу, сенiм мен өзара түсiнiстiк тәрiздi басты құндылықтарын паш етудiң таңғажайып мүмкiндiгi тұр. Сондай-ақ, Астана Саммитi – елiмiздiң тәуелсiздiк жылдарындағы табысты жүргiзiп келе жатқан iшкi және сыртқы саясатының салтанатында көрсетедi.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң жақында Бельгияға жасаған ресми сапары кезiнде New Europe басылымына берген сұхбатында: "Бiз төрағалықтың тiзгiнiн қолымызға ала отырып, бiр жылдың iшiнде барлық мәселелердi шешiп тастау мүмкiн еместiгiн түсiндiк. Алайда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық басымдықтары бойынша белсендi жұмыс жүргiзiп, көптеген жетiстiктерге жеттi",– деп атап өттi. Шындығында да, Қазақстанның төрағалық етуiнiң нәтижесiнде ЕҚЫҰ-ның менталитетiнде едәуiр өзгерiстердiң болғаны байқалады. Соның негiзiнде бiздiң ел төрағалық еткен жыл Ұйымның тарихындағы жаңа кезеңнiң басы бола алады, – деген тұжырымда қисын бар деп ойлаймыз. ЕҚЫҰ-ның болмысының өзгергенiне бiр дәлел, "еуропалық қауiпсiздiк" деген ұғымды Қазақстан "еуразиялық қауiпсiздiкке" өзгерттi. Ұйымға мүше елдердi шекаралас мемлекеттердiң аумағынан төнiп тұрған қауiп-қатерлерге жаңаша көзқараспен қарауға шақырды. Мәселен, Қазақстанның Қырғызстандағы дағдарысты реттеуде аса маңызды үйлестiрушi рөл атқарғанын ЕҚЫҰ-дағы барлық әрiптестерi жоғары бағалауда.

1999 жылғы Ыстамбұл Саммитiнде қабылданған Вена құжатын жаңарту, трансұлттық жаңа қауiп-қатерлермен бiрiгiп күресу, Ауғанстан мәселесi, жер бетiндегi созылмалы жанжалдар, Қырғызстандағы ахуал, ЕҚЫҰ-ның екiншi өлшемiне арналған стартегиясын iске асыру, төзiмдiлiк, кемсiтпеушiлiк және мәдениетаралық үнқатысу сияқты адамзатты алаңдататын күрделi мәселелер талқыға түсетiн бұл Саммиттегi басқосуға жер-жаһанның халқы түгелге жуық елеңдеп отыр.

Аталған жиын арқылы Қазақстан халықаралық қауiпсiздiк жүйесiн нығайтуға, әлемдi дамыту үшiн жаһандық үнқатысуды өткiзуге деген ұмтылысын байқатуда. Қазақстанның ұстанымынша, халықаралық саясаттың жаңа замандағы басты ұраны: Өзара сыйластық пен сенiм, пәтуашылық пен төзiмдiлiк! болуы қажет. Қалай десек те, Астана Саммитiнiң елiмiздiң егемендiгi үшiн де, Орталық Азия елдерiнiң тағдыр-талайы үшiн де маңызы зор. Бұл Орталық Азия аймағының мүдделi мәселелерiне жаһандық қоғамдастықтың назарын аударуға, халықаралық ұйымдардың күш-қуатын аталған аймақтағы проблемаларды шешуге пайдалануға деген тамаша мүмкiндiк.

Ендi бұл саммиттi өткiзу Қазақстанға қаншалықты тиiмдi деген қарапайым сауалға жауап iздеп көрсек.

Алдымен, елiмiздiң әлемге танылуына мол мүмкiндiк ашылады. 55 елдiң жоғары деңгейдегi басшылары, 20-ға жуық халықаралық ұйымдардың жетекшiлерi Елордамызға атбасын бұрады, мыңдаған әлемдiк ақпарат құралдары дүниежүзiне хабарлар таратады. Самит кезiнде әр елдiң өкiлдерi Қазақ елiнiң тарихы, мәдениетi, салт-дәстүрi жайлы кең мағлұмат ақпарат алады. Саммитке дайындық барысында Астанадағы инфрақұрылым жетiлiп, қызмет көрсету сапасы әлемдiк деңгейге көтерiледi. Ұйымға мүше елдердiң Президенттерi мен халықаралық ұйымдардың басшылары адамзатқа ортақ өзектi мәселелердi талқыға салады. Дүниежүзiнiң назары ол күндерi ЕҚЫҰ Саммитi өтiп жатқан Қазақ елiне ауады, елiмiздiң беделiн өсiредi. Бұл – мемлекетiмiздi бiр-екi-ақ күнде жер-жаһанға танытатын керемет мүмкiндiк.

Қазақстан геосаясат тұрғысынан алғанда әлемдегi ықпалды елдердiң мүдделерi тоғысқан қауiптi аумақта орныласқан. Осындай аумақта тұрған Қазақстан үшiн әрдайым өз мүддесiн тиянақтап, тұрақты және демократиялық даму жолына түскен ел екендiгiн танытып отыру қажеттi iс. Ал, ашық саясат ұстанған мемлекетпен дүниежүзi санасады. Соның арқасында қазiргi күнi Қазақстанның өзiндiк имиджi қалыптаса бастады. Қазақ халқының кеңпейiл дархан көңiлi мен ұстанымдылығы, басқа ұлттармен сыйласа бiлген биiк мәдениетiмен көп елдер хабардар.

Бүгiнде Қазақстан төрағалық етiп отырған халықаралық мәртебелi Ұйым– ЕҚЫҰ-ның да басты қағидаттары экономикалық интеграция, ынтымақтастық пен қауiпсiздiк болса, елiмiз ең алғаш тәуелсiздiк алған күннен бастап, Еуразия құрлығы елдерiн осы көкейкестi мақсатқа жұмылдырған алтын көпiр болып келедi. Тәуелсiздiк жылдары iшiнде елiмiзде жүзеге асырылып жатқан көкейкестi мақсаттар ЕҚЫҰ ұстанған құндылықтармен тұтастай астасып жатыр.

Бүгiнде бүкiләлем Астана Саммитiне ерекше сенiм артып, алдағы жаһандық басқосу барысында жаһандық ынтымақтыстық үдерiстерiне тың серпiн беретiн шешiмдер күтедi. Хельсинки Қорытынды Актiсiнiң басты тұғыры бейбiтшiлiк болса, Президентiмiз атап көрсеткендей, қабылданар шешiмнiң жаңа мазмұнының да негiзгi тұғыры бейбiтшiлiк пен өзара ынтымақтастық болуға тиiс.

Дегенмен, бұрын ЕҚЫҰ негiзiнен бейбiтшiлiк, қарулануды азайту, соғысты болдырмау мәселелерiне көңiл бөлсе, бүгiнгi уақыт бұл Ұйымның алдына өзектi деген басқа да мәселелердi көлденең тартып отыр. Қазақстанның ұйымдастыруымен 9 ай iшiнде өткен алқалы жиындардың мазмұны ЕҚЫҰ-ның өлшемдерiне байланысты: қарусыздану, лаңкестiктер, есiрткi трафигiмен күрес, экономикалық даму, ресурстарды басқару, еңбек көшi-қонын реттеу, экологиялық проблемалар, дiни толеранттылық сияқты өткiр мәселелердi қамтиды.

Ал, “Қазақстанның төрағалығы ЕҚЫҰ-ға не бередi?” – дегенге келсек, алдымен ұлтаралық, дiнаралық, тiларалық келiсiмнiң үздiк үлгiсiн бередi. Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiмен екi бiрдей съез өткiзе алған әлемдегi жалғыз ел – ҚАЗАҚСТАН. Таза ұлтаралық негiзде қақтығыстарға жол берiлмей келе жатқан елдiң бiрi де – ҚАЗАҚСТАН. Ол тәжiрибенiң бәрi әлемдiк қауымдастық үшiн қызғылықты болмай қоймайды. Астана Саммитi Қазақстанды әлемге бұрынғыдан бетер танытады, соның арқасында Елiмiздiң қорғанысы артады, ұлттық қауiпсiздiгiмiзге, тәуелсiздiгiмiзге қорқыныш тумайды. Сыртқы экономикалық байланыстар желiсi көбейе түседi. Экономикамыздың дамуы артады, ол адамдардың әлеуметтiк тұрмысының, өмiрiнiң жақсаруына әсер етедi. Қазақстанның төрағалығы Орталық Азияда қауiпсiздiк пен тұрақтылыққа да игi ықпал жасайтыны анық. Қазақстан төрағалығы көптеген мәселелердi түбегейлi өзгертiп, жаңа көзқарас, Ұйым шеңберiнде жаңа философия, жаңа тұжырым, жаңа түсiнiк пен арақатынастар қалыптастырса, Астана Саммитi осы аталғандар негiзiнде туған жаңа мүмкiндiктердi бекiтедi деген ойдамыз. Астана Саммитiнiң тағы бiр ерекшелiгi, елiмiз астанасында әлем жұртшылығы бiздiң: "еуропалық", немесе "еуроатлантикалық", сондай-ақ, "еуроазиялық" қауiпсiздiк деген болмайды, қауiпсiздiк жаппай, толығымен сақталғанда ғана бейбiт өмiр болады" – деген тұжырымымызға қолдау көрсетуi арқылы көрiнбек. Ал бұл идея қабылданған күнде, Еуропа бұрыннан келе жатқан белгiлi бiр топтар мен күштердi қолдау арқылы тыныштық пен бейбiтшiлiк орнатамыз деген тұжырымның бүгiнгi күнге сәйкес еместiгi көрiнедi. Керiсiнше, Қазақстан ұсынған, елдiң жалпы жағдайын, тұрмыс-ахуалын жақсарту, соның iшiнде түрлi саланың мамандарын дайындау, олар ертең елдерiне барғанда қарумен қақтығысуды емес, еңбек жарағын қолдануды, бiлiм қууды үйретедi, елдерде сонда бейбiтшiлiк болады деген ұстаным өмiршең болмақ. Осы саладағы ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанның жасап жатқан әрекеттерi басқаларға үлгi болардай. Мәселен, мыңға жуық ауған жастарын жаңа заманның тiршiлiк әрекеттерiне оқытып, бiлiм берiп жатқанымыз да осындай түсiнiктен туындаған. Мен жастарға бiлiм мен тәрбие беретiн жоғарғы оқу орнының басшысы ретiнде осындай игi де, гуманитарлы бағытты Әлем жұртшылығы, оның iшiнде Астана Саммитiне қатысушы елдер басшылары да мақұлдайды деген ойдамын.

ҚР Президентi Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитiн биылғы жылдың 1-2 желтоқсаны күндерi Астанада өткiзу туралы шешiмiнiң қабылдануына байланысты жасаған Мәлiмдемесiнде бұл туралы былай делiнген:

– ол әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның "Хельсинкиден Астанаға дейiнгi" табысты эволюциясын паш ететiн болады;

– бiздiң елiмiздiң әлем алдындағы беделiн көтередi;

– қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық және демократиялық дамуына серпiн берiп, Қазақстандықтардың бiрлiгi мен патриотизмiн бұрынғыдан бетер нығайта түсетiн болады.

Олай болса, алда бiз үшiн бiздiң қоғамымыздың – толеранттылық, дәстүрлердi құрметтеу, сенiм мен өзара түсiнiстiк тәрiздi басты құндылықтарды паш етудiң таңғажайып мүмкiндiктерi тұр. Сондықтан, бiздiң ұжым – “жұмыла көтерген жүк жеңiл” демекшi, Қазақстанның әр азаматы, оқу мен бiлiм, ғылым, еңбек ұжымдары зор мақтанышпен әрi үлкен жауапкершiлiкпен өз қолынан келетiн iстерiн тиянақты атқару арқылы Саммиттiң сәттi өтуiне үлес қоса алады деген пiкiрде.

Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары