"ПОЛЮС ЗОЛОТО" ҚАЗАҚ АЛТЫНЫНАН БАС ТАРТТЫ

"ПОЛЮС ЗОЛОТО" ҚАЗАҚ АЛТЫНЫНАН БАС ТАРТТЫ

"ПОЛЮС ЗОЛОТО" ҚАЗАҚ АЛТЫНЫНАН БАС ТАРТТЫ
ашық дереккөзі

"Қазақголдтың" тағдыры қыл үстiнде

Жыл басынан берi бiржақты шешiмге келе алмай отырған қос компания дауы ұзаққа созылды. Бүгiнде "Қазақголдтың" 65 пайыздық акционерi ресейлiк "Полюс Золото" компаниясы түгелдей сатып алудан, әсiресе еншiлес кәсiпорнын да алудан бас тартып отыр. Алтын өндiрушi компаниялардың қосылуын екi ел үкiметтерi де бiраз уақыт бұрын қолдаған болатын. Бiрақ дәп осы тұста "Полюс Золото" 430 миллион долларды жымқырды деп "Қазақголд" акционерлерiн айыптаған.

Бұл келiсiмдi жүзеге асыруды қалап отырған, әрине "Полюс Золото". Бiрақ екi компанияның қосылуын Асаубаевтар дауынан кейiн екi рет кейiнге қалдырған Қазақ Үкiметiнен соң, "Полюс" тiптi "Қазақголдтан" шығуды да ойластырып отыр. Әзiрге Қазақстан мен Ресей үкiметтерi өзара келiсiмге келе алған жоқ, сондықтан бұл дау жаздан берi басылмай тұр. Әуелде қос компанияның қосылуы 30 маусымға, кейiннен 17 тамызға белгiленген едi. Екi рет кейiнге қалдырылса да, "Қазақголдтың" құны өзгермей тұр.

"Полюс Золото" және "Қазақголд" компаниялары қосылса, әлемдiк нарықта халықаралық "Полюс Голд" компаниясы құрылады деп жоспарланған-тын. Бiрақ елiмiзде бұл мәселеге қатысты әрекеттердiң барлығы тоқтап тұр. Себебi, Лондон соты бұл мәселеге кем дегенде келесi жылдың қазанында ғана қайта оралмақшы. Ендеше қандай да бiр iс-әрекетке бару ерте және тиянақсыз болады.

Бiрақ "Полюс" құрқол қарап отырғысы жоқ. Тез арада Қазақстан билiгiне шығып, осы дауға байланысты шиеленiскен түйткiлдi шешуге барын салуда. Тiптi Асаубаевтар отбасын да бiтiмге шақыруда. Қазақ компаниясы оларға тым қымбатқа түсетiн секiлдi. Жанталасқан "Полюстың" талабы – осы жыл бойында кеткен шығынды өтеу немесе "Қазақголдты" өздерi сатқан бағамен өздерiне қайта сату (269 млн. доллар). Сарапшылардың пiкiрiнше, егер де "Полюс" "Қазақголдтан" шығар болса, бұл инвесторларға аса тиiмдi болады. Себебi осы дауға байланысты ресейлiк компания бiраз шығын шығарды, сондықтан оның инвесторлары "Полиметалл" компаниясына кетiп қалды. Ресейлiк сарапшылардың пайымдауныша, "Полюс" "Қазақголдтан" бас тартатын болса, шығынның орны үлкен болмайды, бiрақ нарықтағы беделi айтарлықтай құлдырап қалады. Сондықтан iрi қоры бар қазақ компаниясынан "Полюс" тiрiдей айрылмайды дейдi сарапшылар.

— "Полюс Золото" – Ресейдегi iрi алтын өндiрушi компания, оның "Қазақголдты" есептемегендегi қоры – 74,1 миллион унция. Негiзгi акционерлерi Михаил Прохоров (40%), Сүлеймен Керимов (27%), Дмитрий Рыбалов (10%).

— "Қазақголд" – Қазақстандағы iрi алтын өндiрушi компания, қоры – 4 миллион унция. 2009 жылы 143,7 миллион доллар көлемiнде шығынға батты.

Ақниет ОСПАНБАЙ