ОҢТҮСТIКТЕ КЕРАМОГРАНИТ КӨПТЕП ӨНДIРIЛМЕКШI
ОҢТҮСТIКТЕ КЕРАМОГРАНИТ КӨПТЕП ӨНДIРIЛМЕКШI
Өндiрiстiң негiзгi қозғаушы күшi — инвестиция. Қазiр Қазақстанда өндiрiстiк жобаларды қаржыландырумен сегiз даму институты айналысса, соның бiрi —"Қазақстан даму банкi" АҚ-ы мен оның еншiлес компаниясы "ҚБД-Лизинг" АҚ-ы. Аталған компания Қазақстандағы көптеген жобаларды қаржыландырып, шикiзаттық емес сектордағы iшкi жалпы өнiм көлемiнiң артуына ықпал етуде. Жуырда аталған компания өкiлдерi Шымкентте Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялдық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында бiрiншi жартыжылдықта iске қосылған өндiрiс ошақтарында пресс-тур ұйымдастырды. Аталған өндiрiс орындарының барлығы "Қазақстанның даму банкi" АҚ және "ҚДБ-Лизинг" АҚ арқылы қаржыландырылған.
Алдымен "Азия керамик" ЖШС-iне келген баспасөз өкiлдерiн аталған кәсiпорынның директоры Зеки Карабулут күтiп алды. Аталған кәсiпорын биыл наурызда Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзi ашқан болатын. Керамогранит өндiруде тәжiрибе жинақтаған, бұл салада әлемдегi ең алдыңғы тауарөндiрушi болып табылатын түрiк бизнесмендерi өздерiнiң шығарып жатқан өнiмдерiмен таныстырды.
Керамогранит шығаруға 4 түрлi материал қажет. Яғни, құм, саз, калий және топырақ шикiзаты жергiлiктi жерден табылғанымен, олардың бiрқатары өндiрiске жарамай тұр. Мұндағы әрбiр шикiзат арнайы зертханада тексеруден өтiп, талапқа сай келсе ғана өндiрiсте қолдануға рұқсат берiледi екен. Жыл сайын елiмiзге сырттан 20 миллион текше метр керамогранит әкелiнедi. Көпшiлiгi Қытай мен Ресей тауарлары. Қытайлық өнiмнiң бағасы арзан. Яғни, кәсiпорынға бәсекелестiкке төтеп беру үшiн әлi бiршама тер төгуге тура келетiн сияқты. Дегенмен өте сапалы болғандықтан кәсiпорынның тауарына деген сұраныс жоғары. Тiптi алдын ала тапсырыс берiп қойғандар да жеткiлiктi екен.
– Егер өндiрiске қажеттi материалды жергiлiктi жерден алсақ, ол бiздiң көп шығынымызды қысқартар едi, – дейдi Зеки мырза.
"Азия Керамик" ЖШС-i жыл соңына дейiн 2,5 миллион шаршы метр өнiм шығаруды жоспарлап отыр. Болашақта кәсiпорынның жылдық қуаты 6 миллион текше метрге жетуi мүмкiн. Мұндай кезде ол iшкi нарықтағы керамогранитке деген сұраныстың 45 пайызын қамтамасыз ете алады. 189 жергiлiктi тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етiп отырған зауыт облыс бюджетiне жылына 1 миллион АҚШ доллары көлемiнде салық төлеп келедi.
Мұнан кейiн журналистер "Оңтүстiк" арнайы экономикалық аймағына ат басын бұрып, жiп иiрумен айналысатын "Oxy textile" ЖШС-iнде болды. Бұл жобаның жалпы құны 5 миллиард 425 миллион теңгенi құрайды. Оның 3 миллиард 578 миллионын "ҚДБ-Лизинг" несиелеген болса, қалған 1 миллиард 847 миллион теңге кәсiпорынның өз есебiнен жұмсалған. Фабрика келесi жылдан бастап толық қуатында жұмыс iстеуге көшпек. Яғни, жыл сайын 7 500 тонна мақта талшығынан 6118 тонна жiп иiретiн болады. Мақтадан жiбiн алу үшiн шикiзат 2 рет өңдеуден өтiп, ал сол арқылы оның құны 4 есеге дейiн өседi екен. Кәсiпорын шығаратын өнiм қазiргi кезде Еуропа елдерiне экспортталуда.
Оңтүстiк өңiрде мақта-тоқыма кластерiн қалыптастыру үшiн салынған фабриканың бiрi – "Хлопкапром – Целлюлоза". Ол гигроскопиялық талшық, мақта целлюлозасы мен техникалық карбоксиметилцеллюлоза шығарады. Мұндай кәсiпорын Қазақстанда жалғыз, ал, ТМД елдерiнде саусақпен санарлық. Кәсiпорын тауарлары бүгiнде тек сыртқа тасымалданады. Фабрикада келесi жылдан бастап медициналық мақта өндiру қолға алынбақ.
Жалпы, "Самұрық – Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты даму институттары Оңтүстiк Қазақстан облысында 12 iрi жобаны жүзеге асыруда. Одан бөлек "Даму" кәсiпкерлiктi қолдау қоры 8 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарына қолдау көрсеткен.
– Аталған компаниялар жобаларының iске асуы – жаңа жұмыс орындарын құрып, тоқыма өнеркәсiбiн кеңейту арқылы оңтүстiк экономикасын дамытуға септiгiн тигiзбек. Сонымен қатар, осы өндiрiс орындарындағы тауарлар "Қазақстанда жасалған" деген атпен шығарылып, болашақта экспортқа жөнелтiлетiн болады, – дейдi "Қазақстан даму банкiнiң" өкiлдерi.
Б.ӘБДIРАШҰЛЫ,