Әбдiбақыт МАҚҰЛБАЕВ: “НҰРЛЫ КӨШ” КҮНГЕЙДЕН БАСТАЛҒАН
Әбдiбақыт МАҚҰЛБАЕВ: “НҰРЛЫ КӨШ” КҮНГЕЙДЕН БАСТАЛҒАН
Бұған дейiн Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құрамында болып келген Көшi-қон комитетi таратылып, Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетiнiң департаментi болып қайта жасақталды. Соған орай облыстық көшi-қон департаменттерi де таратылды. Күнi кешеге дейiн Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша Көшi-қон департаментi басшысы қызметiн атқарып келген Әбдiбақыт Мақұлбаевпен әңгiме облыстағы көшi-қонның ендiгi тағдырына қатысты болып отыр.
– Әбдiбақыт Тәжiбайұлы, жақында Көшi-қон комитетi Еңбек министрлiгiнiң құзырынан алынып, Iшкi iстер министрлiгiне берiлдi. Бұдан қандай өзгерiстердi күтуге болады?
– Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы" 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Жарлығын iске асырудың кейбiр мәселелерi туралы" 2010 жылғы 22 қыркүйектегi №1066 Жарлығына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 30 қыркүйектегi №1009 қаулысына сәйкес Көшi-қон комитетi мен оның аумақтық органдары таратылып, оралман мәртебесiн беруге, оралман отбасыларын көшiп келу квотасына енгiзуге, босқын мәртебесiн беруге байланысты мәселенiң барлығы Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi органдарының қарауына өткiзiлдi.
Бұл мәселе жөнiнде дұрыс шешiм қабылданды деп есептеймiз. Себебi осы кезеңге дейiн оралмандарды тiркеуге қою, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты мәселенiң барлығы Iшкi iстер министрлiгiне қарасты Көшi-қон полициясы органдары, оралман мәртебесiн беру, квотаға енгiзу Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң аумақтық органдары, ал Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатпен құжаттандыру Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi органдары тарапынан жүзеге асырылып келген болатын.
Көшiп келген оралмандар келген кезеңнен бастап Қазақстан Республикасы азаматының құжатымен құжаттандырылғанша бiрнеше мемлекеттiк органдарға барып, тиiстi құжаттарды тапсырып алып, ол органдар арасында қажет болып жататын хат алмасу, ақпарат алмасуға байланысты мәселелердiң себебiнен құжаттарды рәсiмдеуге мейлiнше ұзақ мерзiмдер кететiн.
Енгiзiлiп жатқан өзгерiстерге байланысты жоғарыдағы аталған мәселенiң барлығы бiр мемлекеттiк органның қарауында болғандықтан, келiп жатқан ағайындарымыз үшiн тiркеуге қоюға, оралман мәртебесiн алуға, көшiп келу квотасына енуге, Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға, құжаттандыруға байланысты мәселелерге өткен кезеңдерге қарағанда қысқа мерзiмде қол жеткiзуге болады деп есептеймiз.
– Оңтүстiк өңiрiне оралмандардың өте көп шоғырланғаны белгiлi. Олардың бейiмделу деңгейi қалай?
– Өзбекстан Республикасымен шекаралас болуына байланысты облыста этникалық иммиграцияның деңгейi жоғары. Республикамызға келген оралмандардың 23 пайызы бiздiң облысымызда қоныстанған.
Оңтүстiк Қазақстан облысына 1991 жылдан 2010 жылдың 1 шiлдесiне дейiн қоныс аударған оралмандар саны 50865 отбасы немесе 175460 адамға жетiп отыр.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы оралмандардың әлеуметтiк мәселелерiн шешу бағытында облыста бiрқатар iс-шаралар жүзеге асырылуда.
2007 жылдан берi Облыс әкiмдiгi жанынан "Оралмандар iстерi жөнiндегi" Кеңес жұмыс атқарып келедi.
Кеңестiң негiзгi жұмыс бағыты – оралмандарды тұрғын үй салу үшiн жер телiмдерiмен, оқумен, жұмыспен, әлеуметтiк және медициналық көмек түрлерiмен қамтамасыз ету мәселелерi.
Оралмандарды облыс аумағына бiркелкi жайғастыру мақсатында қосымша жеңiлдiктер пакетi iске асырылып келедi.
2007-2009 жылдарда қосымша жеңiлдiктер пакетi бойынша 2866 отбасына тұрғын үй салу үшiн, 242 отбасына шаруа қожалықтарын жүргiзуге жер телiмдерi берiлген. 64 отбасы әлеуметтiк тұрғын үймен қамтамасыз етiлдi. 877 адам кәсiби оқыту және қайта даярлау курстарынан өткiзiлдi. 342 адам бос тұрған жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылып, 744 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
2009 жылғы Кеңес отырысының шешiмiмен облыс көлемiне жаңадан қоныс аударып жатқан оралман отбасыларының тiркелу кезеңiнен бастап әлеуметтiк жағдайын, жастық құрамын, мамандығын анықтау мақсатында Көшi-қон департаментi мен облыстық Көшi-қон полиция басқармасы бiрiгiп жасаған "Оралмандарды есепке алу схемасы" жүзеге асырылып келедi.
Облыс көлемiнде жайғасып жатқан оралман отбасыларының туындаған көптеген мәселелерiн тиiмдi шешуге облыс әкiмдiгi жанындағы Кеңестiң айтарлықтай ықпалы тиiп отыр.
Одан бөлек, 2008 жылдан Көшi-қон комитетiнiң Шымкент қаласында және Ақсукент ауылында "Оралмандарды бейiмдеу және кiрiктiру орталықтары" жұмыс атқарып келедi. Ол орталықтарда оралман отбасыларын жаңа ортаға бейiмдеу және кiрiктiру мақсатында оларға қазақ тiлi мен әдебиетiн, Қазақстан тарихын, заң негiздерiн және қалауы бойынша кәсiптiк мамандықтарды иеленуге мүмкiндiк бередi. Шымкент қаласындағы орталық 170 орынға, Ақсукент ауылындағы орталық 140 орынға жабдықталған.
2008-2009 жылдары екi орталықтан 849 оралман бейiмдеуден өткiзiлдi.
– Оңтүстiкке оралмандар, жалпы, қай елдерден келедi? Олардың басты проблемалары не?
– Жоғарыда айтып өткендей, Өзбекстан Республикасымен шекаралас болғандықтан, жалпы облысқа қоныстанған оралмандардың 90 пайызға жуығы көршiлес Өзбекстан Республикасынан қоныс аударуына байланысты әдет-ғұрыптарда жергiлiктi халықпен айтарлықтай айырмашылық болмағандықтан және қоныс аударушылар мейлiнше осындағы ағайын-туыстарына жақын жерлерде шоғырлана орналасуына байланысты айтарлықтай шешiлмей жатқан проблемалар жоқ. Бұл дегенiмiз оралмандарда ешқандай проблемалар туындамайды дегендi бiлдiрмейдi. Қоныстанған оралмандарға байланысты туындап жататын әлеуметтiк мәселелердi шешуде облыстағы мемлекеттiк және жергiлiктi атқару органдары тарапынан дұрыс көзқарас қалыптасқандықтан, аталған мәселелер қажеттi деңгейде шешiлiп келедi деп айтуға болады.
– Бiр кездерi Ауғанстаннан қазақтардың көшiп келiп орналасқанын бiлемiз. Қазiр олармен байланыс қалай? Жалпы, мұсылман мемлекеттерiндегi қазақтардың көшi қалай?
– Облысымызға жайғасқан оралмандардың жалпы үлесiнен Ауғанстан Ислам Республикасынан келгендер 1 пайыздайын ғана құрайды. Ол отбасылар негiзiнен 1992–2000 жылдар аралығында көшiп келгендер. 2000-2004 жылдар арасында да Ауғанстаннан келушiлер саны бiрқалыпты деңгейде болды. Негiзiнен алыс шетелдерден көшiп келушiлер ұйымдасқан түрде көшiрiп әкелiнген. Үкiмет тарапынан арнайы делегация барып, ұшақтармен ол отбасылардың мүлкiн, басқа да жүктерiн баратын жерiне дейiн жеткiзiп беретiн. Ол мақсаттарға бюджеттен арнайы қаржы бөлiнетiн. Ал 2004 жылдан берi жылына 10-ға жуық отбасыдан ғана көшiп келуде. Соңғы 3 жыл көлемiнде ұйымдасқан көшiп келушiлер бiздiң облысымызда болған жоқ. Келiп жатқан оралмандар өз күшiмен көшiп келiп, квотаға енгеннен кейiн берiлетiн жол шығындарының өтемақыларын алуда.
– Шымкенттегi "Ақ ауыл" корпорациясының "Асар" тұрғын үй кешенiнiң негiзiнде "Нұрлы көш" бағдарламасының басталғаны белгiлi. Қазiр "Нұрлы көш" қалай жүзеге асуда?
– 2004 жылы Сайрам ауданы әкiмiнiң шешiмiмен оралмандарға тұрғын үй салу үшiн 300 га жер бөлiнген. Қазiр ол жерлер Шымкент қаласының аумағына енген. Ол үйлерге Өзбекстан Республикасынан келген 19 мың оралман қоныстануда. Алғашқы кезеңде оралмандардың өз күшiмен көшiп келетiн әрбiр отбасына тиiстi жер телiмдерiнiң мемлекеттiк актiлерi және басқа да тиiстi құжаттары рәсiмделдi.
Салынатын үйлердiң және инфрақұрылымдардың жобалары жасалып, құзырлы мекемелердiң сарабынан өткен.
Құрылып жатқан шағын ауданның шетiнен құрылыс үшiн қажеттi база жасалған.
Тұрғын үйлердiң құнын төмендету мақсатында қиыршық тас, құм өндiретiн орындар алынып, пеноблок шығаратын шағын зауыт, үйдiң шатырын жабатын материалдар (черепица), арматура тоқитын, ағаш есiктер, пластик терезелер жасайтын цехтар құрылған.
Салынатын коттедждердiң құнының төмен болуы, жергiлiктi жердiң құрылыс материалдарын және келетiн оралмандардың өздерiн құрылысқа пайдаланудың есебiнен жүргiзiледi.
Сыртқы көрiнiсi 2 түрлi, жалпы көлемi 101,6 м2, 166 м2 құрайтын, қазiргi заманның талабына сай үйлердiң жобасы жасалынған.
Осы жасалған базаның және көшiп келетiн қандастарымыз құрған "Ақ ордасы" корпорациясы" ЖШС-iнiң күшiмен шағын ауданда көптеген жұмыстар жасалынып, бiрқатар нысандар құрылысы жүргiзiлген болатын.
2008 жылдың маусым айында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Шымкентте болған iссапарында "Асар" мөлтекауданында болып, ол жерде оралмандар тарапынан жасалып жатқан игi iстермен танысқан болатын. Осы тәжiрибенi бүкiл республика аумағында iске асыру үшiн үкiметке арнайы тапсырма берiп, 2008 жылдың желтоқсан айында 2009-2011 жылдарға арналған "Нұрлы көш" бағдарламасы қабылданып, мемлекеттiк бюджет есебiнен тиiстi қаржы бөлiнуде.
2009 жылдан берi "Нұрлы көш" бағдарламасының пилоттық жобасы ретiнде "Асар" мөлтекауданы алынып, бағдарлама аясында республикалық бюджеттен қажеттi қаржы бөлiнiп, құрылыс жұмыстары толыққанды жүргiзiлуде.
Тұрғын үйлер бағдарламаға қатысушыларға "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi" арқылы 4,5 пайызбен 15 жылға несиеге берiледi. Несиенi қайтару үшiн табыс көзi ретiнде әрбiр тұрғын үйдiң жанында жылыжай салынып берiлуде.
Ал инженерлiк және әлеуметтiк инфрақұрылым нысандары мемлекет есебiнен салынуда.
2009 жылы 575 тұрғын үй салынды, 2010 жылы 575 тұрғын үй мен бiрқатар инженерлiк инфрақұрылымдар, әлеуметтiк нысандар құрылысы жүргiзiлуде.
Жалпы мөлтекаудандағы құрылыс жұмыстарын 2011 жылдың соңына дейiн бiтiру жоспарланған.
– Көшi-қон комитетiнiң бұрынғы төрағасы Қабылсаят Әбiшев соңғы кездерi ақпарат құралдарына сұхбат берiп, мемлекеттiк көшi-қон квотасының жалған оралмандарға үлестiрiлiп келгендiгiн, 300-400 адамның мемлекет қаржысын талан-таражға салғандығын айтып едi. Сiздерде "жалған оралмандармен" күрес қалай жүзеге асып жатыр?
– Республикамыздың кейбiр облыстарында Моңғолия Халық Республикасынан көшiп келген оралмандар үшiн берiлген қаржылар мақсатсыз жұмсалған деген бiрқатар фактiлер бойынша тексерулер жүргiзiлген. Ал бiздiң облысымызда 2000 жылдан берi Моңғолиядан көшiп келушiлер болған емес. Бұл жөнiнде Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы тарапынан барлық облыстарға арнайы тапсырма берiлiп, прокуратура органдарымен тиiстi тексерулер жүргiзiлдi.
Бұл республика деңгейiнде жалпы мiнездегi орын алып жатқан мәселе емес, тек бiр қылмыстық топтың жасаған iстерi деп бiлемiн. Облысымызда ондай фактiлердiң орын алуы болған емес.
Облысымызға қоныстанып жатқан оралмандар оралман мәртебесiн алуға, көшiп келу квотасына құжат тапсыруға оралман отбасының отағасы департаментке өздерi келiп құжат тапсырады және олармен құжат тапсыру барысында сұхбаттасамыз. Оралман отбасы туралы берген барлық мәлiметтер оралман отбасы отағасының жауапкершiлiгiнде. Жоғарыда айтып өткендей, Облыс әкiмдiгiнiң жанындағы Кеңес отырысының шешiмiмен 2009 жылдан берi облыс көлемiне жаңадан қоныс аударып жатқан оралман отбасыларының тiркелу кезеңiнен бастап әлеуметтiк жағдайын, жастық құрамын, мамандығын анықтау мақсатында Көшi-қон департаментi мен облыстық Көшi-қон полиция басқармасы бiрiгiп жасаған "Оралмандарды есепке алу схемасы" жүзеге асырылып келедi. Бұл схемаға сәйкес оралмандар қоныстанған аудан, қалалардағы жұмыспен қамту бөлiмдерiнiң қызметкерлерi оралман отбасының аудан, қала аумағына нақты көшiп келгенiн анықтағаннан кейiн оралман отбасы көшiп келу квотасына құжат тапсырады. Бұның өзi мемлекет қаржысын талан-таражға салынбай мақсатты жұмсалуына өз септiгiн тигiзiп жатыр деп есептеймiн.
– Көшi-қон квотасы соңғы жылдары мүлдем орындалмай жүр. Оңтүстiкте бұл iстiң барысы қалай?
– 2008 жылдан берi облысымызға көшiп келiп жатқан оралман отбасыларының жоспардағыдан төмен болуына байланысты белгiленген көшiп келу квотасын толығымен орындау мүмкiн болмауда. Айта кетер болсақ, 2008 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысына 3162 отбасына квота белгiленiп, жыл соңына дейiн 2712 оралман отбасы көшiп келу квотасына өтiнiш берiп, өтiнiш берген отбасылары толығымен квотаға енгiзiлген.
2009 жылы 3000 отбасына квота белгiленiп, жылдың соңына дейiн квотаға өтiнiш бiлдiрген 2800 оралман отбасы толығымен көшiп келу квотасына енгiзiлдi.
2010 жылға 2950 отбасына квота белгiленiп, 2010 жылғы 25 қазанға дейiн 2224 оралман отбасы квотаға өтiнiш бiлдiрiп, толығымен 2010 жылғы көшiп келу квотасына енгiзiлдi.
Құжаттары белгiленген заң талаптары мен ережелерге сәйкес келетiн оралман отбасыларының құжаттары ешқандай кедергiсiз қабылданып, көшiп келу квотасына енгiзiлдi.
Жоғарыда айтып өткендей, енгiзiлген өзгерiстерге байланысты алдағы кезеңдерде оралман мәртебесi мен көшiп келу квотасына құжаттарды қабылдау Iшкi iстер министрлiгi органдары тарапынан жүзеге асырылатын болады.
– Рахмет!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, Талғат Балтабаев.