ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ IРГЕТАСЫ
ҚАЗАҚСТАН ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ IРГЕТАСЫ
Үдемелi индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында ашылатын жобалардың басым бөлiгi Қарағанды облысына тиесiлi. Ауыр металлургияның отанына айналған облыстың бүгiнгi жай-күйi қандай?
Өңiрдi дамытуға бағытталған iргелi жоспарлар сан алуан. Алдағы жылдары Қарағанды облысында ауылшаруашылығы тiкұшағы жасалмақшы. Қарағанды облысының басты жаңалығы – тiкұшақтың құрастырылуы. 2010 жылғы 22 тамызда Қарағанды облысында авиациялық зауыт құрылысының алғашқы кiрпiшi қаланды. Қарағанды облысының әкiмi Серiк Ахметов аймақта ашылып жатқан зауыттың келешегiне байланысты:
– Бұл – Мемлекет басшысының ел экономикасын үдемелi индустриалдық-инновациялық дамытудың нақты көрiнiсi болып табылады, – дедi Серiк Ахметов облыстық болашақ табыстарына ойша көз жүгiртiп.
Көлiк және Коммуникация министрлiгiнiң басшысы Әбiлғазы Құсайынов ағымдағы жылдың азаматтық авиация үшiн, оның iшiнде шағын авиацияның ерекше даму жылы болғанын айта отырып: "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық авиация қызметi туралы" Заң қабылданды. Аталған Заңның басты ерекшелiктерi әкiмшiлiк кедергiлердi жою, рұқсат беру және сертификациялау процедураларын жеңiлдету болып табылады", – дедi ол.
Қарағанды облысы – ел экономикасының аса маңызды аймақтарының бiрi әрi бiрегейi болып табылады. Аймақ экономикасын дағдарыстан кейiнгi дамуға даярлау, үдемелi индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту есебiнен тұрақты өсуге қол жеткiзу және iшкi саяси тұрақтылықты бекiте түсу, адам капиталына инвестицияны арттыру басты жоспар болып отыр. Елбасының тiкелей тапсырмасымен жасалған үдемелi индустриалды – инновациялық даму Бағдарламасы шеңберiнде облыс бойынша индустриаландыру картасына ендiрiлген жалпы сомасы 75 миллиард теңгеден асатын он сегiз жоба жүзеге асырылуда дейдi аймақ басшылары.
Облыс экономикасының негiзiн кен өндiру және өңдеу өнеркәсiптерi құрайтыны белгiлi. Сондықтан облыстың экономикалық әлеуетiнiң 50 пайызынан астамы осы салалардан құралады. Дәстүрлi салалармен қатар облыстың мамандануына болашағы зор өндiрiс салалары да бар. Атап айтсақ, машина жасау, металлургия комбинаттарының өнiмдерi, металл өңдеу, химия және фармацевтика өнеркәсiбi, құрылыс материалдарын шығару күн тәртiбiне қойылып отыр. Басты алты сала – көмiр өнеркәсiбiн, қара және түстi металлургияны, кен өндiру секторын, металл өңдеу және машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсiптерiн, құрылыс индустриясын дамытуға баса назар бөлiнуде. Жоғарыда аталған базалық өнеркәсiп салаларын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру негiзiнде, 2014 жылдың өзiнде, iшкi аймақтық өнiмнiң (IАӨ) өсуi 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 32 пайызға, ал базалық салалардағы еңбек өнiмдiлiгi 111 пайызға артуы тиiс.
Келешекте сала кәсiпорындарындағы импорттың үлесiн 55 пайыздан 35 пайызға төмендету, iшкi аймақтық өнiм энергия шығынын 10 пайызға азайту, инновациялық өндiрiстер өсiмiн қолданыста барлары есебiнен 6 пайыздан 10 пайызға дейiн арттыру мiндеттерi қойылып отыр. "Орталық Қазақстан ежелгi кен байыту мен қорыту орталығы болғанын мамандығым металлург болғасын жақсы бiлемiн. Осы тұрғыдан алғанда, облысымыздың бүгiнгi металлургтерi ата-бабаларының ежелгi мамандықтарын жалғастырушылар ретiнде қаралуы керек сияқты. Зерттеушiлердiң айтуынша, металл қорыту мен өңдеу iсiн бiз Европа мен Орталық Азияға қарағанда үш-төрт жүз жылдай бұрын игерген көрiнемiз", – дейдi С.Ахметов.
Бес жыл бойында ҮИИБ картасы бойынша 104 индустриалды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Ал инвестиция салуда да облыс алда келедi. Бұл облыста да индустриаландыру шараларының негiзiн инвестициялық жобалар құрайды. "Қазақстанды индустриаландыру картасына енгiзiлетiн жобалардың сапасына деген талаптың арта түсуiне қарамастан, бiзден аталмыш картаға жалпы құны 75 миллиард теңгеден асатын 18 жоба енгiзiлдi. Бұл 2192 жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк бередi. Солардың iшiнен "Қазақмыс корпорациясының" бөлiмшесi болып табылатын "Қарағанды – машина жасау заводында" қосымша бөлшектер мен техника шығаратын "КазБелАЗ" өндiрiс орны ерекше болып отыр. "Жаңа технологияға негiзделген 3 гектар жердi қамтитын " Green Tehnology" жылыжай (теплица) құрылысын атауға болады. Аймақтық үйлестiру кеңесi аясында индустриаландыру картасын толықтыру әрi қарай жалғасын табады.
Жалпы құны 29 миллиард теңгенi құрайтын 10 жоба осы жылдың аяғына дейiн iске қосылып, 737 жұмыс орны ашылады. Шiлде айының басында 6 жобаны жүзеге асырып үлгердiк", – дедi Серiк Ахметов. "Арселор Миттал Темiртау" компаниясы тарапынан да "Бiрлескен машина жасау зауыты" ұйымдастырылған. Оның құрамына "Тау-кен машиналары зауыты", "Стандартты емес құрал-жабдықтар мен шағын механикаландыру", "Тау-кен техникасы құрал-жабдықтарын жөндеу зауыты" және "Энергозауыт" бiрiктiрiлдi. Алда қойылған басты мақсаттардың бiрi кен-шахта құрал-жабдықтарын шығаруды және коммуналдық және ауылшаруашылық техникасына арналған аспалы құрал-жабдықтар өндiрiсiн жаңа заманға сай дамыту.
Сондай-ақ, "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасын да аса белсендiлiкпен жүзеге асуда. Iрi өндiрiс орындары мен компаниялар айналасында кiшi және орта бизнес кәсiпорындары, шағын өндiрiс орындарының тұтас жүйесiн жасау қолға алынуда.
Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету барысында 2014 жылы iшкi нарықтағы өтiмдiлiгi жоғары азық-түлiк тауарларының 80 пайызын отандық өнiмдер құрауы тиiс.
Дайын өнiмдердiң экспорттық әлеуетiн көтерiп, олардың шетел рыноктарына шығуына жол ашу басты бағыттардың бiрi. Ал агроөнеркәсiп кешенi, шаруа қожалықтары мен қаладағы сатып алушылар арасындағы алып-сатарлардың, делдалдардың, өнiм бағасына әсерiн мейлiнше төмендету күн тәртiбiнен түспей отыр. 2010 жылдың бiрiншi шiлдесiне дейiн, облыста 35 ауылшаруашылық тауарлары кешенiнiң өнiмдерi 311,4 миллион теңгеге халыққа тiкелей арзан бағамен сатылған. Ал агроөнеркәсiп тауарларының сапасы жоғары, бағасы төмен болу үшiн жаңа техника пайдаланылуы керек. Жалпы, Қарағанды қаласында 2009 жылы ауыл шаруашылық қызметiне қатысы бар 37182 нысан тiркелген. Азық-түлiк өндiру бойынша 96 кәсiпорын жұмыс iстеуде. 2009 жылы кәсiпорындардағы қолданыстағы баға бойынша сусынды қоса есептегенде 32887,6 млн. теңге көлемiнде тауар, өткен жыл кезеңiне 114,5 % құрайтын өнiм өндiрiлдi. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн қайта өңдеу үшiн өндiрiстiң техникалық үдерiсiн жаңадан жарақтау және жаңалау жүргiзiлдi.
"Қазақмыс корпорациясымен" жалпы сомасы 4 миллиард 202 миллион теңгеге меморандум жасалған. "Оның iшiнде кәсiптiк лицейлер мен колледждерде оқитын болашақ мамандардың өнеркәсiп орнында кәсiптiк тәжiрибеден өтуiне, Жезқазған қаласындағы "Металлург" стадионын қайта құруға, "Орленок", Балқаш қаласындағы "Балқаш" балалар профилакторийлерiн, "Жезқазған" профилакторийiн қаржыландыру т.б. көптеген шаралар енген. Келiсiмшартқа енген барлық шаралар арнайы келiсiлген кестеге сәйкес уақтылы орындалуға тиiс. Бүгiнгi күнi 2,5 миллиард қаржы игерiлгенiн атап өтуге болады", – дедi аймақ басшысы.
Ақниет ОСПАНБАЙ