АСТАНА САММИТIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

АСТАНА САММИТIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?

АСТАНА САММИТIНЕН НЕ КҮТЕМIЗ?
ашық дереккөзі
168

Желтоқсанның 1-2 күндерi Сарыарқа төсiндегi кiндiк қаламызда әлемнiң 56 елiне сауын айтып, кiлең серкелерiн шақырған Астана саммитi өтедi. Бұл жиын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы турасында, ұйымның ертеңi үшiн келелi кеңес құрмақ. Сенiм, Дәстүр, Ашықтық, Төзiмдiлiк — ең басты ұранына айналған Астана саммитiнен не күтемiз? Тарихи маңызы зор, қазақтың мемлекеттiгi сынға түсер сол сәттi, иiсi қазақ баласы тықырши күтуде. Осы орайда, қазақ билiгiнiң аталмыш ұйымға төрағалығынан ой қорытып, Астана саммитiнен саяси салмағы бар шешiм күткен саясаткерлермен жолыққан едiк. Жүздесуден жазып алған пiкiрлердi назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ЕВРООДАҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ҮЛКЕН МЕКТЕП БОЛДЫ

Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, "Мысль" журналының бас редакторы:

— ЕҚЫҰ-ға төраға болардан бұрын көптеген пiкiрталас болды. Бiрақ, бұл бiз үшiн жақсы қадам едi. Бұндағы ең негiзгi мәселе — кереметтей бедел көтеруде емес — тәжiрибеде. Осы төрағалықтың арқасында, бiздiң көптеген қайраткерлерiмiз, дипломаттарымыз шетелдердi көзiмен көрiп, жұмыстарына тiкелей араласып, тәжiрибе жинақтап қайтты. Екiншi жағынан, Еуропа, әлемнiң өзге де елдерi Қазақстан туралы естiп -бiлдi. Жасыратын ештеңесi жоқ, Қазақстанды көп елдер бiлмейтiн едi.

Менiң ойымша, қазiргi кезде саммиттi өткiзуге дайындық жаман емес сияқты. Сондықтан, ойдағыдай өтуге тиiс. Еуроодаққа төрағалық үлкен мектеп болды. Бiздiң дипломаттар олармен жақын араласып, күрделi мәселелердi шешу жолдарын талқылады. Бiздiң тiлейтiнiмiз, осы бiр мiндеттi абыроймен өткерiп беру. Бұл өзi билiктегiлердiң ғана шаруасы емес, жалпы халықтың абырой-беделi. Ендi саммит бiткеннен кейiн, саясатты қайта сынға алуға көшуiмiз мүмкiн, дәл қазiр бәрiмiз "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып", осы саммиттi өткiзуiмiз керек.

Бұл — үш құрлықтың ұйымы, яғни, оның құрамына Солтүстiк Америкадан — АҚШ, Канада және бүкiл Еуропа, Азиядан 56 мемлекет кiредi. Осы ұйымға мүшелiк Қазақ елiнiң танымалдығына көмегiн тигiзедi. Сол себептен, беделiмiз өсетiн шығар…

Бiздiң билiк бiр нәрсенi дұрыс түсiнуi керек. Мынадай конференция, түрлi-түрлi жиналыстардың болғаны жақсы. Бiрақ, ең маңызды нәрсе — халықтың әлеуметтiк жағдайы мен экономикасы. Мысалы, келген қонақтардың көретiнi де, көз тiгетiнi де — осы сала. Менiң ойымша, мұндай конференциялар мен басқа да халықаралық iрi жиындардың мақсаты елiмiздiң, халқымыздың түпкi мүдделерiмен астасып жатса, онда сөз басқа. Ең маңыздысы, халықтың еңсесiн көтерiп, оның мәдениетiн, руханиятын, бiлiмiн дамыту керек. Сонда ғана ешқандай да жарнамалық шаралардың қажетi болмайды. Өз елiңнiң жағдайы мықты болса, ешкiм ештеңе айта алмайды. Бiздiң елдi шетелдiктер мақтайды, мақтағанда да қонақ ретiнде мақтап кетедi. Ал, мемлекет сондай табысты, жоғары беделге жету үшiн халқының жағдайын көтеруi керек. Айталық, Жапония, Малайзия, Сингапур, Франция, Германиялар мадақтауды қажет етпейдi. Олардың керемет ел екенiн бәрi бiледi. Сондықтан, кереметтей бiр атағымыз шығып жатыр деп масайрамай, халықтың жағдайын көтере беруiмiз керек. Әзiрге, елiмiздiң азаматтары ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа мақтанып жүр. Ертең төрағалығымыз бiтедi, өзiмiзбен-өзiмiз қаламыз. Соны ойлауымыз керек.

САММИТ — БIЗ ҮШIН ҮЛКЕН СЫНАҚ

Нұрлан ЕРIМБЕТОВ, саясаттанушы:

— Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi кезегiмен келген бiр қызмет. Осы ұйымға мүше мемлекеттердiң барлығы да өз кезегiнде төрағалық етедi. Сондықтан, бұл төрағалықтан үлкен үмiт күткен жоқпын… Ендi бұның жақсы жақтары да болды. Бiз ЕҚЫҰ арқылы өз елiмiзге әлемнiң назарын аударуға тырыстық. Қазiр осы формат өзiн-өзi ақтаған сыңайлы. Қарап отырсаңыз, бүгiнде БҰҰ-ның беделi өте төмендеп кеттi. Оған деген әрбiр халықтың, үкiметтiң сенiмi жоғалды. Қазақта ағайын арасында бiр дау-дамай болғанда, үлкен кiсiлер келiп ақылын айтып, даудың басын ашып, мәселенi шешiп отырады. Қазiргi таңда әлемде сондай бiр ақылгөй, араздықты шеше алатын, бәрiне сыйлы ұйым жоқ. Сондықтан, Қазақстанның бүгiнгi қолданып отырған саясаты, әрине, өзiне де, ұйымға да әлем назарын аудару болып табылады. Көптеген бас қосуларда, дөңгелек үстелдерде бiр-бiрлерiн түсiнбейтiн, түсiнгiсi келмейтiн мемлекет басшылары кездесiп қалып жүр. Менiңше, бұндай ортада ашық әңгiме болу керек сияқты. Бүгiнгi таңда бiз мынаны түсiнуiмiз керек, ешқандай әскер, ешқандай келiсiм-шарт ешкiмнiң қауiпсiздiгiне кепiлдiк бере алмайды. Өйткенi, мұндай дүниелерде ереже болмайды. Әр мемлекет өз мүддесiмен айланысады. Бүгiнде ешкiмге сырын алдырмаған, арам пиғылдағы жаулар бар, олар аяқ астынан жасырын әрекеттермен жарқ ете қалуы ықтимал. Соған бiздiң қоғам дайын ба? Әрине, дайын емес. Шешiмiн таппай келе жатқан, ымыраға келмеген дiнаралық, әлеуметтiк, саяси қақтығыстар толып жатыр. Әйтеуiр, дәстүрге айналған байланыстар ғана сақталып отыр…

Осы төрағалыққа бiр риза болғаным — Қазақстан Еуропаның назарын Орта Азияға аудара бiлдi. Азияда, осындай да мемлекеттердiң бар екенiн, бұл жерлерге де қауiпсiздiк мәселесiнiң қажет болатынын ортаға салды. Әлем деген кiп-кiшкентай-ақ, 5 сағаттың iшiнде Еуропаға ұшып жетесiз. Сондықтан, бiз осы ЕҚЫҰ арқылы Азияның бар екенiн көрсеттiк. Екiншiден, бiздiң Орта Азия мемлекеттерiнiң арасындағы қарым-қатынастарымыз қандай? Мен үшiн мынау Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Тәжiкстан өте алыста жатқан ел сияқты елестейдi. Қайта бiздер Еуропаны жақсы бiлемiз, кез-келген қазақ Жапонияға, Кореяға, Америкаға ұшып барып-келiп жүр.

Қазiргi таңда еуропалық мемлекеттерге, көршi Ресейге ұшып барғаннан, Тәшкентке, Түркiменге барудан қорқасың. Жым-жырт, не iстеп, не қойып жатқандарын бiлмейсiң. Менiң ойымша, ЕҚЫҰ-ның атауын, аймақтық ауқымын да өзгертуiмiз керек сияқты. Өйткенi, Батыстың дәулерiне керек қауiпсiздiк азиялық мемлекеттерге де аса қажет. Сондықтан, ЕҚЫҰ дегендi "Еуроазиялық ынтымақтастық және қауiпсiздiк ұйымы" деп өзгертуге ұсыныс жасауымыз керек.

Алдымызда келе жатқан Астана саммитiне үлкен үмiт артып отырмыз. Саммитте саяси пiкiрталас болса екен деп күтемiн. Әр мемлекеттiң басшылары келедi, бiр-бiрiмен жылы амандасып, бас изесiп кеткеннiң ешкiмге керегi жоқ. Бiз Азияның халқымыз, қазақпыз! Сондықтан, "ағайындар, әңгiме осы жерде қалсын, барлық өкпе-ренiш, келiспеушiлiктердiң басын ашып алайық. Осы жерден шығарда бәрiмiз қайта татуласып шығамыз" деген ұсынысты айтуымыз керек. Содан кейiнгi әңгiменiң ауаны өзгередi…

Тағы бiр жағынан алып қарайтын болсақ, саммит — бiз үшiн үлкен сынақ. Бiз көбiнде өзiмiзге-өзiмiз баға беремiз. Мiне, саммит бiздiң мемлекетiмiз үшiн, халқымыз үшiн нақты сынақ бола алады. Ендi, сол сынақтан өте аламыз ба, мәселе сонда. Елiмiзге ұшып келе жатқан әрбiр ұшақты әуежайларымыз қалай қабылдайды. Әңгiме осыдан басталады. Неше мыңдаған журналистер келедi, олардың саммит жайлы ақпаратты дер кезiнде таратуына да бiз жауаптымыз. Қонақтардың қайда жатып тұратыны, не iшiп, не жейтiнi — сынақ. Яғни, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсете ала ма деген сұраққа жауап беруiмiз шарт. Егер осы сынақтан аман-есен өтсек, Президентке де, Үкiметке де риза болар едiк.

БIЗ ӨЗIМIЗДI ЕУРОПАЛЫҚ ЕЛДЕРМЕН САЛЫСТЫРУДЫ ҮЙРЕНДIК

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

— Еуропалық одаққа төрағалық ету — Қазақстанға белгiлi бiр саяси бедел бердi. Қазақ елiнiң мемлекет есебiндегi орнын анықтаған секiлдi. Бұрынғы поскеңестiк елдердiң iшiнен, Орта Азия елдерi арасындағы дамып келе жатқан ел ретiнде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалықты алуы, үлкен жетiстiк. Бiз өзiмiздi еуропалық елдермен салыстыра бiлудi үйрендiк.

Ендi саммит жөнiнде айтар болсақ, ЕҚЫҰ-ға саммит керек болды. Бұдан 2-3 жыл бұрын аталмыш ұйымды iшкi жақтан реформалау айтыла бастады. ЕҚЫҰ-ның саяси ұйымға айналып бара жатқаны, белгiлi бiр стандартты ұстану және оны басқа мемлекеттерге енгiзудi жүзеге асырғаннан көрi, еуропалық мемлекеттердiң мүддесiн көздеп, саяси ойыншыға айналғаны да байқалып қалды. Мысалы, мен 2000 жылғы Әзiрбайжандағы сайлауды бақылауға барғанда, сол елдiң тәуелсiз азаматтық топтары сайлауға әдiлетсiз өттi деген баға бердi. Ал, ЕҚЫҰ әдiлеттi өттi деп бағалады. Олай болатыны, сол уақытта Әзiрбайжан Еуропалық кеңеске кiрген едi… Сондықтан, ЕҚЫҰ-нiң белгiлi бiр беделiнен айрыла бастауы, құрылымдарының негiзгi мiндеттерiн орындамауынан туындап отыр. Сол себептi, ЕҚЫҰ-ны iшкi жақтан реформалау туралы ұсыныс Астана саммитiнде көтерiледi деп ойлаймын. Әрине, саммитте дiн мәселесi, экстремизм, лаңкестiк мәселесi мiндеттi түрде айтылады. Мынау жаңа ғасырда ЕҚЫҰ-ның құрамы, құрылымы туралы мәселе көтерiлуi керек.

ЕҚЫҰ-ның саммитiн Қазақстанда өткiзу, бұл бiзбен жақындасу, Орта Азия мәселелерiн шешуге тиiмдiрек болады. Былтырғы Қырғызстандағы жағдайға Еуроодақ не дерiн бiлмей дағдарып қалды. Халық пен билiк арасындағы дау-дамайда қай тарапқа болысарын бiлмей састы. Бұл дегенiмiз, саммиттiң күн тәртiбiнде тұратын мәселе… Саммиттi өткiзу Қазақстанның төрағалықтағы беделiн одан әрi арттыру болып табылады. Менiңше, саммитке дайындықтан көрi, күн тәртiбiндегi мәселелердi қоя бiлу маңызды болмақ. Сондықтан, саммит үлкен құндылыққа айналатын iс екенiн аңғартуымыз шарт. Бiздiң саяси элита осыған көңiл аударуы керек. Әрине, бұл бiр үлкен кезең, елiмiздiң саяси өмiрiн дүрлiктiредi де қояды. Бұл кезектi төрағалықтың кезегiнен бұрын келуi, кезiндегi сыртқы iстер министрi Марат Тажин бастаған топтың нәтижелi жұмыс iстеуiнен болған еңбектiң жемiсi деп атауға болады.

P.S. Қазақтың даңқын әлемге паш еткен, ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың берген пайдасы зор болды. Танылдық, таныдық, таңдандырдық. Арқамыздағы ендiгi жүк — Сарыарқада өтетiн Астана саммитi. Қандай шешiм шығатыны белгiсiз, шекiсу де, шеттетiп қағу да, саяси қақтығыс та, сәтiне салса, салиқалы шешiм де шыға келуi мүмкiн. Сондықтан, бұған алдын ала болжам айта алмаймыз. Қолдан келерi — сабыр, шыдам, төзiмдiлiк тiлеу ғана.

Жәнiбек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары