ЖАЙСАҢ АЗАМАТ

ЖАЙСАҢ АЗАМАТ

ЖАЙСАҢ АЗАМАТ
ашық дереккөзі
295

Халқымыз қашаннан аруақты ерлерiн қастер тұтқан. Жаратқанның сүйiктi құлдарын ардақтау арқылы, жоқтан бар жасаған, күн мен түндi теңелткен аса мейiрiмдi Жаратушыға деген кiршiксiз махаббатын бiлдiрген. Аруағын алты Алаш түгел ардақтап, қуанғанда да, қысылғанда да медет тұтатын сондай ұлы тұлғалардың бiрегейi – пiр Бекет ата екендiгi сөзсiз. Бекет атаның болмыс-бiтiмi мен тағдыр-талайынан хабардар ететiн танымдық дүниелер бұл күндерi оқырмандар қолында. Көзi қарақты адам онымен танысып, пiр атаның ғажайып қасиеттердiң иесi болғандығына көзiн жеткiзе түсуде. Кешегi Кеңес өкiметiнiң оспадарлау саясаты салтанат құрып тұрған кезеңде де, қалың жұртшылықтың оған деген кiршiксiз махаббатына қылау түсiп көрмептi. Ендi мiне, ақ түйенiң қарны жарылып, елiмiз Тәуелсiздiгiн жариялаған шақта халқымыздың аруақты аталарына ас берiп, жер-жерде тағзым шараларын өткiзуi – жарасымды дәстүр. Осыдан 10 жыл бұрын Бекет атаның 250 жылдық асына қатысқаным бар едi. Алматының Көктем аңғарындағы "Жетi қазына" деген киiз үйлер шоғырланған мейрамханасында өткенi есiмде. Астың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, Бекет ата тағылымының рухани құндылықтардың бастауында тұратындығын, әрi оның ұрпақтар тәрбиесiндегi алатын орны жайлы өз пiкiрiмдi бiлдiргенмiн.

Биыл Бекет атаның 260 жылдығы елiмiз бойынша кеңiнен аталып өтуде. Ол туралы баспасөз беттерiндегi жарияланған мақалалар арқылы таныспыз. Маңғыстаудағы өткен асқа орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жеделхат жолдап, имандылық ұстынына айналған Бекет атаның рухани мұраларының әрдайым жас ұрпаққа ұлағат болып келетiндiгiне тоқталып, ағартушының артындағы қалған асыл мұраларын зерттеу мен зерделеудiң де кезек күттiрмес шара екендiгiне баса мән бердi. Адамзаттың ой-өрiсiне елеулi ықпал еткен данышпандар мен кемеңгерлер Құдайға шүкiр бiздiң ұлтымызда аз емес. Ел тарихына аттары алтын әрiппен жазылған тұлғалардың мерейтойларын тек қана сол тұлға туған өлкеде өткiзiп, олардың рухани әсер ету аясын шектей бермеуге баса мән беруiмiз керек. Жақында ұлтымыздың ұйысып отырған құйқалы өңiрi Шымкент қаласының төрiнде Бекет атаның рухына арналған ғылыми-теориялық конференция өтiп, соған қатысып қайттым. Өзiммен бiрге тағы да 5 академик, 15 ғылым докторы, 2 Еңбек Ерi, Парламенттiң қос палатасының депутаттары және Мемлекеттiк сыйлықтың 10 лауреаты қатысқан бұл конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына бiз ерекше қуандық. Осы игi шараны ұйымдастырушылардың басында өзiм көп жылдардан берi жақсы бiлетiн, жаны жайсаң азамат Бекет Тұрғараев жүрдi. Саналы ғұмырын заң саласына арнаған бiлiктi маманның, әдiлдiктен ауытқып көрмеген зерделi басшының, бар бiлiмi мен тәжiрибесiн кейiнгi жастарға үйреткен үлкен оқымысты заңгер ғалымның бұған дейiн де талай мәдени-рухани жобаларды тыңғылықты түрде жүзеге асырғандығын жақсы бiлемiн. Соңғы он жылдан астам Бекет iнiм Солтүстiк Қазақстан облысының заң саласында жауапты қызмет атқарды. Жүрген жерiне жақсылық дәнiн сеуiп жүретiн iнiмнiң ол жақтағы атқарған жұмысы жаныңды жадыратады. Бекеттiң "Солтүстiк Қазақстан облысының құрметтi азаматы" атануы – жайсаң азаматқа сол елдiң риясыз көңiлден айтылған алғысы деп түсiнемiн. "Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған", – деген халық әнiне арқау болған ежелгi Қазығұрттың баурайындағы Талдыбұлақ ауылында Ұлы Отан соғысының ардагерi Тұрғара ағамыздың отбасында өмiрге келген Бекет iнiм тағылымды тәрбиесiнiң әсерi болар, әйтеуiр өмiрден өткен даңқты бабалардың аттарын ұлықтап, оң iстерiн жаңғыртуға барын салып жүредi. "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада" қалың қазақтың қан болып аққан көз жасын мұңды жырына арқау еткен Қожабергеннiң еңбектерiн жинастырып, кiтап етiп шығаруда, оның атына көше, мектеп алып беруде де Бекеттiң еңбегi зор. Оңтүстiктiң тумасының солтүстiкке тастай батып, судай сiңiп кетуi – сирек жағдай. Қара қылды қақ жарған керей Тоқсан бидiң басына көрiктi кесене тұрғызып, еңселi ескерткiш орнатып, ас берудi ұйымдастыруы да Бекеттiң ұлттық мүддеден ауытқымайтындығын дәлелдесе керек. Мағжан Жұмабаевтай арманда кеткен сыршыл ақынның 115 жылдық мерейтойы қарсаңында әкесi Бекен марқұм мен анасы Гүлсiмнiң қараусыз қалған қабiрiн қоршатып, басына құлпытас қойғызған да осы Бекет iнiм болатын. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен Бекет қазақ әдебиетiн жанындай жақсы көредi, көп оқиды. Майдангер-жазушы Әзiлхан Нұршайықовтың Жеңiстiң 60 жылдығына орай 10 томдық шығармалар жинағын баспадан шығаруға қол ұшын берiп көмектескен де осы Бекет. Менiң 8 томдық шығармалар жинағымды шығаруға да көмектескен. Ол үшiн кезiнде алғысымды да жеткiзiп айта алмағаныма кешiрiм өтiнемiн. Мiне, осындай мәрт азамат ендi Бекет атаның асын өткiзудi мойнына алып, оны лайықты түрде орындады. Бұл iсiне қуанып, Тәңiр жарылқасын дегеннен басқа не айтарсың. Пiр Бекеттiң есiмiн иемденiп жүрген iнiмнiң соның аруағын сыйлаған мәрттiгi оңтүстiк пен солтүстiктi туыстырып жүргенi осы iстерiнен көрiнедi. Азаматтың азаматтығы қалың елдiң жұмысына жегiлгенде ғана байқалады. Үлкен жүректi Бекет iнiме айтарым, аман жүр, қарағым, мәртебең биiктесiн деймiн. Екi ғасырдан астам халқын желеп-жебеп келе жатқан пiр Бекет атаның шапағаты кейiнгi ұрпағына тие берсiн!

Серiк ҚИРАБАЕВ, академик

Серіктес жаңалықтары