БАЯНЫ ЖОҚ БЕРЕКЕСIЗ БАҒДАРЛАМАЛАР

БАЯНЫ ЖОҚ БЕРЕКЕСIЗ БАҒДАРЛАМАЛАР

БАЯНЫ ЖОҚ БЕРЕКЕСIЗ БАҒДАРЛАМАЛАР
ашық дереккөзі
450

Келешегiн ойлаған кез келген мемлекет өзiнiң өсiп-өркендеуi үшiн алға жоспар құрып, бағдарламалар жасауы – заңдылық. Десек те iстi нақты әрi мезгiлiнде орындау жалған уәде беруден әлдеқайда ауыр.

Бүгiнгi күнi елiмiзде түрлi саладағы жоспарлар мен бағдарламалардан бас айналатын болды. Кейбiр деректерге сенсек, соңғы 10 жылда 50-ден астам түрлi бағдарлама жасалған. Бiр сорақылығы, бұрынырақта қабылданған бағдарламалар дiттеген мақсатына жете алмай, орта жолда қалады да, iзiнше екiншiсi басталады. Менiңше, оның бiрқатар себебi бар. Бiрiншiден, бағдарламаны ұсынған адамдар оны тиянақты бiтiруге үлгермейдi, басқа бiр жұмысқа ауысып кетедi. Орындарына бұл саланы жете бiлмейтiндер келiп отырады да, олар келесi бiр жаңа бағдарламаны бастауға әрекет жасайды. Екiншiден, бағдарламаны ұлт өмiрiнен, ұлт мүддесiнен хабардар, бiлiктi әрi тәжiрибесi мол мамандар емес, тендердi оңай жеңiп алған жырындылар жасайды. Қарапайым халық бағдарламаны жасаған адамдардың аты-жөнi кiм екенi, нәтижесi қандай болды, нендей кәсiпорын ашылып, қандай өнiмдер шығарылғанынан мүлдем бейхабар қалады. Тiптi, орындалуына жауап берiп жатқан ешкiмдi де таппай қалатын сияқты. Тiптен, бағдарламаны қабылдағаннан кейiн жасақталған комиссия мен бекiтiлген iс-шараның тағдырынан да көпшiлiк мақұрым қалады. Ал әрбiр қабылданған бағдарламаны iске асыру мақсатына мемлекет бюджетiнен миллиардтаған қаржы жұмсалатыны аян. Көбiне ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында есепсiз кетiп жатқан сол қаржының жұмсалуын жiтi тексеруге тиiстi органдар ондай даулы мәселеге араласуға мүдделiлiк танытпайды. Өйткенi, олар биiк лауазымды адамдардың сол бағдарламаларға қатысы барынан жасқанатындай.

Сөзiмiз жалаң болмауы үшiн бiр-екi дерекке назар аударайық. Ұмытпасам, 2006 жылы тек ауыз су бағдарламасын iске асыруға бюджеттен 4 млрд.698 млн.теңге бөлiнген дедi. Бiрақ, су тапшылығынан әлi де құтыла алмай келемiз. «Ауылды қолдау жылының» алғашқы үш жылына мемлекет қоржынынан 150 млрд. теңге жұмсалыпты. Ауылшаруашылығының қарыштап алға басқанын да көре алмай отырмыз. 2009-2011 жылғы «Нұрлы көш» бағдарламасына бөлiнген қаржы 197795,6 млн. теңгенi құраған едi. Денсаулық саласын дамыту мен реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасына 165 млрд. теңге бөлiнген болса, ендi 2010-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» бағдарламасын iске асыруға 552,3 млрд.теңге көлемiнде қаржы қарастырылып отыр.

Соңғы кезде ұрандатып жүрген «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жайына да аздап тоқталып өткендi жөн көрiп отырмын. «Ауыл – мемлекетiмiздiң алтын дiңгегi» екенiн ескермей, ауылды тұралатып алғанымыз жасырын емес. Ауыл еңбеккерлерi 70 жыл тiрнектеп жиған техникаларынан айырылды, мәдени ошақтар – кiтапхана, клуб, пошта қараусыз қаңырап бос қалды. Көп адамға жұмыс тауып берiп отырған тұрмыстық комбинаттар, мал бордақылау кешенi, астық, көкөнiс қабылдайтын пункттер жабылып қалды немесе жекеменшiкке өтiп кеттi. Осындай бейшара халдегi жұпыны ауылға кiм барады?! Жастарға ас-су ғана емес, рухани азық та керек қой. Бiр мәрте берiлетiн әлеуметтiк жәрдемге қанша күн өмiр сүруге болады. Ай сайын алатын 25-30 мың теңге еңбекақысы бала-шағасын асырауға, оларды жоғары оқу орындарына оқытуға жете ме? Осының бәрi терең талдауды, жан-жақты салмақтап, пайымдауды қажет ететiн түйiткiлдi мәселелер. Сондықтан да ауыл жастарына көрсетiлетiн материалдық, қаржылық көмектiң көлемiн қайта қарастыру керек сияқты. Ауылды асырап отырған төрт түлiк малы ғой. Осы жағынан да қол ұшын берсе құба-құп болар едi.

Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары