ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ — ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ

ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ — ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ

ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ — ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ
ашық дереккөзі
470

Бюджет қаржысының алдын ала үш жылға есептелетiнi белгiлi. Осы орайда жуырдағы "Нұр Отан" ХДП фракциясында Үкiметбасы Кәрiм Мәсiмов алдағы 2011-2014 жылдарға арналған бюджеттi қайта қарайтынын айтты. Сондай-ақ, бұл кездесуде жобаланған қаражат легiнiң қайда бағытталатыны айқындалды.

Фракция мүшелерi "Нұр Отан" партиясының орталық аппатарында бас қосып, заң жобасын пысықтады. Индустрияландыру бағдарламасына 2 триллион теңге бөлiнсе, республика аумағындағы қатынас жолдарын жөндеу жұмыстарына 1 триллион теңге қарастырылып отыр. Ал денсаулық саласына бағытталған қомақты қаржы үш жылға деп жоспарланып, 209 миллиард теңге арнайы бөлiнбекшi. Мұндай қыруар қаржының неге жұмсалатыны да белгiлi болды. Алдымен, шағын медициналық мекемелердегi емдеу аппараттарын жаңартып, жаңа халықаралық нормативтерге сәйкес құру қаралып отыр. Бұдан кейiн қаржының басым бөлiгi жедел-жәрдем ұшақтарын жасауға арналған. Жуықарада iске асатын тiкұшақтар аймақ бойынша барлық облыстарға теңдей табысталмақшы. Осы орайда Премьер-министр: "Авиамедицина, бүрсiгүнi барша жұрт бұл жайында еститiн болады. Елбасының Францияға сапары барысында тiкұшақ жасау туралы келiсiмге қол қойылады. Бiз Астанада тiкұшақ шығаратын зауыт саламыз. Бiрiншi дәрежелi еуропалық стандарт бойынша iстеймiз", – деп сенiмдi айтты.

Бұдан өзге салалар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 151 миллиард теңге бiлiм саласына, ал 53 миллиардқа жуық қаражат "Балапан" бағдарламасына бөлiндi. Бұл орайда үнемдеу де есептелiп қойса керек. "Алдын ала бағалау бойынша, бұл шаралар 300 орындық мектептердi салу кезiнде 240 миллионнан астам, ал 900 орындық мектептердi салу кезiнде 460 миллион теңгенi үнемдеуге мүмкiндiк бередi", – дедi Кәрiм Мәсiмов. Маңызды жоспарлардың бiрi елiмiзде жаңа байланыс түрi – 4 G технологиясын енгiзу болды.

Үкiмет басшысы Байланыс және ақпарат министрлiгiне берген тапсырмасында 4G жаңа байланыс түрi жан-жақты қарастырылған. ЕҚЫҰ саммитi мен Қысқы Азия ойындары кезiнде Қазақстанда "4 G" ұялы байланысы iске қосылуы тиiс. Бұл жаңа технологияның пилоттық жобасын аталмыш министрлiк басшысы Асқар Жұмағалиев таныстырды. Өте үлкен жылдамдықпен жұмыс iстейтiн байланыс интернет желiсiндегi кез келген көлемдi мәлiметтердi лезде көшiрiп бере алады. "Жылдамдық 100 МБ-ке дейiн жететiн болады. Бағасы 3 G технологиялар енгiзген кезде 30-35 пайыз солардың интернет тарифтерi азаяды. 4 G технологиясы енгiзген кезде 3 G тарифтерiнен көп болмайды", – дедi А.Жұмағалиев.

Бүгiнде бұдан сәл бұрынғы 3 G технологиясы ендi ғана орнатылып жатқандықтан, жуықарада 4 G байланыс түрiнiң қолжетiмдi бола қоюы екiталай.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары