УКРАИНА КОЛОНИЯҒА АЙНАЛА МА?
УКРАИНА КОЛОНИЯҒА АЙНАЛА МА?
Бiр кездерi Украина билiгiн уысында ұстаған экс-президент Виктор Ющенконың мемлекеттiк тiл – украин тiлiнiң дамуын қолға мықтап алғаны баршаға белгiлi. Ол орыс тiлiнiң қолдану аясын тарылту арқылы украин халқын қамыттан бiржола құтқарудың жолын iздедi. Ол сол үшiн талай рет Ресейдiң қытығына тидi де. Тiптi, президенттiк сайлаудың алдында экс-премьер Тимошенконың ә дегеннен-ақ бiлiм ұяларын жаппай украин тiлiне көшiруге байланысты жарлыққа қол қойғаны да жергiлiктi орыс ұлтының өкiлдерi үшiн тосын жаңалық болған.
Бұл кезде сарапшылардың кейбiрi дәл мұндай түбегейлi өзгерiстi бiртiндеп жүзеге асыру керек едi десе, ендiгi бiрi қос қолын көтерiп, қолдайтындарын ашық жеткiздi. Алайда, Ющенко мен Тимошенконың украин тiлi үшiн күрескен батыл қадамдары мен қолға алған iстерi аяқсыз қалатын түрi бар. Билiк тiзгiнiне иелiк еткен Янукович сайлауалды кампания кезiнде-ақ "Украина мемлекетiнде орыс тiлi қысым көрмейдi"деген уәдесiмен орыстiлдi орта мен ресейлiк атқамiнерлердiң қолпаштау мәртебесiне бөленген-тұғын. Басымдық дауысты жинауды ғана мұрат тұтқан Януковичтiң бұл әрекетi бәзбiреулер үшiн өз тiлiн құрбандыққа шалғанмен пара-пар сияқты. Өйткенi, президенттiк мәртебеге жету жолында қажеттi дауысқа иелiк еткен Янукович уәдесiне берiктiгiн дәлелдеуге тырысып-ақ жатыр. Мұны оның сайлаушылары мен жақтастары да күнi бүгiнге дейiн жан-жақтан құлаққағыс етуден жалыққан емес. Сонымен, украин тiлiн қоғамның барлық саласына енгiзуге жандәрмен кiрiскен Украинаның тiл саясатындағы бүгiнгi бет алысы қалай?
Еуропалық хартияға қол қойған Украинаның Жоғары Радасына жақында "Аймақтық тiлдер туралы" Заң жобасы түстi. Яғни, хартияны ратификациялаған мемлекет аймақтық тiлдердi қолдауға, азаматтарға сол тiлде бiлiм беруге, өзiнiң тарихы мен мәдениетiн танытуға мiндеттi. Заң жобасы бойынша, тұрғындардың 10 пайызы тұтынатын тiл – аймақтық тiл болып табылады. "Аймақтық тiлдер және аз ұлт тiлдерi" туралы заң жобасы Аймақтық партия депутаты Вадим Колесниченко атынан тiркелген. Оның айтуынша, Украина тұрғындарының 17 пайызы орыс тiлiн туған тiлiндей санайтын көрiнедi. "Заң жобасы қабылданса, орыс тiлi қанатын Қырымда, Харьковта, Одессада, Черкасскiде және Донецк облыстарында жая түседi" десе, ұлт патриоттары заң жобасының қабылдануы мемлекеттiң қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiнiн қадап айтуда. Себебi, Украинада орыс тiлiне қауiп төнiп тұрған жоқ. Зерттеу нәтижесi де әкiмшiлiк салада украин тiлiнiң әлi күнге орыс тiлi секiлдi тең дәрежеде қолданылмайтындығын дәлелдеп отыр.
Украина – әртүрлi ұлттардың бiрiгуiнен емес, украин этносының негiзiнде пайда болған мемлекет. Бұл жерде орыс тiлi емес, украин тiлi ең маңызды рөлге ие екенiн шырылдап жеткiзген тiл жанашырларының жанайқайы да заңды. Алайда, БЮТ-тiң халық депутаты Владимир Яворивскийдiң пiкiрiнше, бар кiлтипан хартияның дұрыс аударылмауында жатқан секiлдi. "Құжаттың түпнұсқасында әңгiме басқа тiлдерге жұтылып кету алдында тұрған тiлдер, яғни, бұл бiздегi қырым-татар, караим, гагауз және ром тiлi туралы айтылады. Демек, жоғалып бара жатқан осы тiлдер шалажансар аударманың арқасында "аз ұлт тiлдерi" ұғымын берiп тұр" дегендi тәптiштеп түсiндiргiсi келедi.
Бұл Аймақтық партия өкiлдерiнiң Украинадағы тiл мәселесiне алғаш рет араласуы емес. Осыдан бiраз уақыт бұрын олар фильмдерге украин тiлiнде дубляж жасау мiндетiнен де бас тартуды ұсынып едi. Сөйтiп, украин тiлiне бiрiнен соң бiрi тойтарыс беруге машықтанған Аймақтық партия депутаттары министрлiктiң бұйрығы мен "Кинематография туралы" Заңды жоққа шығарды. Осы партияның келесi бiр депутаты Ирина Бережная: "Бұл заңсыз бұйрық күшiн жоюы керек. Бұйрықтың заңдық тұрғыдан қауқары жоқ. Өйткенi, ол Заң емес" деп қарсы шыққан едi. Украинаның "Кинематография туралы" Заңының, 2-бөлiмiнiң 14-бабы бойынша, Украинаның кинонарығына түскен шетелдiк фильмдер көрсетiлердiң алдында мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлде дубляж жасалып немесе дыбысталып және мемлекеттiк тiлде субтитрмен берiлуi керек. Бұл анық әрi айқын жазылған баппен жұмыс iстегiсi келмегендер заңмен қудаланатындығы да ескертiлген. "Телеарна және радиохабарларын тарату туралы" Заңның 9-бабына сәйкес, көрсетiлетiн бағдарламаның кем дегенде 50 пайыздан астамы ұлттық өнiмдер болуы тиiс. Соған қарамастан, орыс тiлiнiң киноөндiрiс саласынан, телеарналардан ысырылуына қарсы топ фильмдер мен жаңалықтардың украин тiлiндегi аудармасының сапасыздығын алға тартып, әуре-сарсаңға түсуде.
"НАША УКРАИНА" ЗАҢ ЖОБАСЫНА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Қазiргi кезде Киевте "Украинадағы тiлдер туралы" заң жобасы аясында қызу пiкiрталас өрши түскен. Бұл құжат орыс тiлiнiң барлық салада украин тiлiмен тең дәрежеде қолданылуына мүмкiндiк бермекшi. Әрбiрден соң бұл Виктор Януковичтiң халық алдында берген уәдесi екенiн қайталаумен болған кейбiр депутаттар: "Украин елiнiң көпшiлiгi орыс тiлiн қолданады. Сондықтан да оның емiн-еркiн дамуына кепiлдiк берiп, украин-орыс тiлiн украин халқының негiзгi байлығы ретiнде қабылдайық" деп орыс тiлiнiң сойылын соғуға қайта кiрiстi. Олардың орыс тiлiн қызғыштай қорғауына былтырғы жылы Тимошенконың "Мемлекеттiк тiл – украин тiлi. Мұғалiмдер сабақ тұрмақ, қоңырау кезiнде де украин тiлiнде сөйлеуi керек" деген қаулысы мен Украина билiгiнiң барлық шетелдiк фильмдерге, тiптi, ресейлiк киноларға украин тiлiнде дубляж жасау керек деген шешiмi түрткi болғаны айтпаса да түсiнiктi. Мәскеу мен Киевтiң арасындағы шиеленiс осылайша үдей түскен.
Украинаның экс-президентi Виктор Ющенко "День" газетiнде жарияланған мақаласында бүгiнгi билiкке қызмет етiп отырған кейбiр топтардың жаңа заң жобасын қабылдау арқылы, украин тiлiн жойып жiберуге күш салып жатқандығын ашына жеткiзiптi. "Олар сол мақсатпен "тiл соғысын" ұйымдастырып, орыс тiлiн қайта төбеге көтермекшi. Бұл әрекет украин тiлiнiң тез арада қоғамдық өмiрден бiржола құрып кетуiне әкеп соқпасына кiм кепiл? Украинаның колониялық елге айналмауын тек бiртұтас тiл мен мәдени кеңiстiк ғана құтқара алады" дептi. Расында да, орыс тiлi жақын арада Украинаның екiншi мемлекеттiк тiлi де, ресми тiлi де бола алмайтын секiлдi. Өйткенi, "Украинадағы тiлдер туралы" Заң жобасы Жоғары Радада басымдық дауысқа ие бола алмайтын түрi бар. Оның үстiне Президент Януковичтiң айналасындағылар жергiлiктi оппозициядан аяқ тартып отыр. Жақында ғана экс-президент Ющенко басқаратын "Наша Украина" партиясы аталмыш заң жобасына байланысты пикет ұйымдастырып, халықты украин тiлiн қорғауға және заң жобасының қабылданбауына шақырды. Олар "Бiр тiл – бiр мемлекет", "Украин тiлiнен қолыңды тарт!" деген ұранды сөздер арқылы ұлтшыл жандардың намысын оятты.
Ал, қашан да орыс тiлiнiң шашбауын көтерiп жүретiн Аймақтар партиясы президент Виктор Янукович билiк жүргiзiп тұрғанда орыс тiлiнiң екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiне көтерiлетiндiгiне сенiмдi. Олардың айтуынша, Украинада әлi күнге орыс тiлiн – туған тiлi ретiнде санайтындар көп. Сондықтан да Конституцияға өзгерiс енгiзу арқылы бұл мәселенi түбегейлi шешу керектiгiн ұсынады. Десе де, жергiлiктi ұлтшылдардың көзiмен қарасақ, Украинада орыс тiлi әзiрге қанатын жая алмайды. Неге десеңiз, Украинаның мемлекеттiк телерадио комитетi бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс iстейтiн журналистер мен тележүргiзушiлердiң тек қана мемлекеттiк тiлде ғана сөйлеуiн қатаң түрде талап етуде.
P.S Қазiргi кезде президент Виктор Януковичтiң де тiл мәселесiне келгенде басы қатып жүрген сияқты. Ол сайлауалды кампания кезiнде берген уәдесiн орындауға бел шеше кiрiсуге де дайын емес. Өйткенi, жергiлiктi оппозицияның хам-қарекетiнiң қаншалықты деңгейде екендiгiнен хабардар ол заң жобасын кейiнге ысырып қоюға мәжбүр болуда. Әзiрге Украина президентiнiң құзыры қайта кеңею үстiнде. Конституциялық соттың шешiмiмен Украина мемлекеттiк билiктiң президенттiк-парламенттiк түрiне қайта оралды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ