ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЖОЛАҚЫҒА ДА ЖЕТТI

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЖОЛАҚЫҒА ДА ЖЕТТI

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЖОЛАҚЫҒА ДА ЖЕТТI
ашық дереккөзі
429

Көпшiлiк арасында "Шымкент Қазақстандағы ең арзан қала" деген түсiнiк қалыптасқан. Бiрақ Шымқала осы түсiнiктен бiрте-бiрте алыстап бара жатқан сияқты. 1 миллионға жақын тұрғыны бар қалада кейiнгi жылдары коммуналдық қызмет түрлерi үстiн-үстiн қымбаттау үстiнде. Алдымен жылу, кейiн жарықтың құны өстi. Тiптi, шымкенттiктер жылуға, жарыққа өзге қаланың тұрғындарына қарағанда әлдеқайда көп ақша шығарады екен. Бензин құнына ай сайын 2 теңгеден қосылып келедi. Соңғы бiр айдың көлемiнде базардағы кейбiр азық-түлiк өнiмдерiнiң де қымбаттағаны байқалып отыр. Қымбатшылық ендi жолақыға да жеттi.

Қалалық әкiмдiктiң көлiк және коммуникация секторының меңгерушiсi Ерсейiт Бұқарбаевтың айтуынша, Шымкентте соңғы рет жолақы 2008 жылы өзгертiлген екен. Сол кезде автобустардағы жолақы 30 теңге болатын. Бензин бағасының күрт шарықтауынан кейiн баға 40 теңгеге көтерiлген. Бiрақ кейiннен жанар майдың бағасы тұрақталған соң ол 35 теңге болып бекiтiлдi. Мiне, ендi өткен аптада қоғамдық көлiк қызметiмен айналысушы компаниялар жолақыны тағы да көтеру туралы ұсыныс жолдады. Қалалық әкiмдiктiң қызметкерлерi бұл ұсынысты негiзсiз емес дейдi.

– Шымкенттегi жолаушылар тасымалдаушы автобустар халыққа сапалы қызмет көрсетуi тиiс. Ол үшiн қоғамдық көлiктер жаңа болуы керек. Мұның бәрi де, әрине, компаниялардың қаржылық жағдайына барып тiреледi. Төмен жолақымен автобус парктерiн жаңарту мүмкiн емес. Тiптi табысы төмен мұндай мекемелерге банктер де несие бермейдi. Қазiр жолаушылар тасымалдаушы компаниялар бiзге есептерiн берiп жатыр. Қалалық әкiмдiктен арнайы жұмысшы тобы құралған. Оның құрамында "Нұр Отан" партиясының өкiлдерi, экономистер, көлiк тасымалдаушы, монополияға қарсы комитеттiң қызметкерлерi бар. Жұмысшы тобы осы есепке қарап жолақы мәселесiн бiржақты шешетiн болады, – дейдi Ерсейiт Бұқарбаев.

Шымкентте қазiр жүзге жуық маршрут бар, жолаушылар тасымалдаумен 35 мекеме айналысады. Күнiне қала көшелерiне 1000-1200 автобус шығады.

– Егер баға өзгерiссiз қалса, ертең күн суыған кезде автобустардың үштен бiрi жұмысқа шықпай қалуы мүмкiн. Өйткенi, бiзге жұмыс iстеу тиiмсiз болып барады. Шығын көп. Қазiр бензиннiң АИ-92 түрi – 88 теңгеден, АИ-80 – 68-71 теңгеден, дизельдiк отын – 69-71 теңгеден сатылып жатыр. Қосалқы бөлшектердiң құны да осыдан 2-3 жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда көп өскен. 2007 жылы қалаға 200-ден аса жаңа автобус келсе, биыл ол 30-дан аспай қалды. Бүкiл Қазақстан бойынша Шымкентте ғана жолақы 35 теңге. 1 қыркүйектен бастап Қарағандыда ол 35 теңгеден 50 теңгеге көтерiлдi. Астанада 65 теңге, ал Алматыда 50 теңге. Сондықтан бiз қалалық әкiмдiкке автобустарда жолақыны 45 теңге, ал бағыттағы таксилерде 50 теңге деп бекiтудi ұсынып отырмыз. Халық дұрыс түсiнуi тиiс, бiз өз жұмысымызды баю үшiн жүргiзiп жатқанымыз жоқ. Бұл тек күнкөрiс, – дейдi жолаушылар тасымалдаушы компаниялардың басын қосып отырған "Южавтотранспорт" қауымдастығының президентi Дархан Қаюпов.

"Южавтотранспорт" басшысының айтуынша, жолақы көтерiлгенiмен қауымдастықтың өз тарапынан жасалып жатқан жеңiлдiктер жойылмайды. Ұлы Отан соғысының, ауған соғысының және тыл ардагерлерi, зағип жандар мен оны ертiп жүрген бiр азамат бұрынғыдай автобустарда тегiн жүру құқығын сақтап қалады.

Осындайда үлкен қалаларда қоғамдық көлiктердiң мейiлiнше тиiмдi түрлерiн пайдалану туралы мәселенi сөз етпеу мүмкiн емес. Әңгiме экологиялық жағынан таза, жанар майға тәуелдi емес троллейбустар туралы. Бұрын Шымкентте троллейбустар 10 бағытта жүретiн.Тоқсаныншы жылдары арзан көлiк түрiнiң парктерi жаппай жекешелендiрiлiп кеттi. Жаңа қожайындар жұмыстарын жөнге қоя алмай, мүлдем жер сипап қалған. Қазiр электр желiлерi сатылып, троллейбус парктерiн иелерi басқа мақсатта пайдаланады. Кезiнде әкiмдiк бұл көлiк түрiн айналымға қайта енгiзудi қолға алғанымен бәрi аяқсыз қалды. Соңғы рет қазiргi Үкiмет басшысының орынбасары, сол кездегi облыс әкiмi Ө.Шөкеевтiң тұсында қалаға жаңа заманға лайықты монорельстi жеңiл қоғамдық көлiктердi енгiзу туралы жоба жасалған едi. Тiптi, осындай көлiктердi шығаратын француздық компаниямен арада келiсiм де болған. Бәлкiм халқы көп қала үшiн заманауи осы жолды қайта таңдау қажет шығар…

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары