Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы талқыланды

Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы талқыланды

Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы талқыланды
ашық дереккөзі
599

"Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" қазiр жер-жерде талқылануда. Өткен аптада Алматы қаласында "Жерұйық" қоғамдық бiрлестiгi "Ел бiрлiгi – тәуелсiздiк кепiлi" жобасы аясында "Мемлекеттiк тiл – ел бiрлiгiнiң кепiлi" атты дөңгелек үстел өткiздi.

Талқылау үстiнде ақын, "Мемлекеттiк тiл" қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов бағдарламаның қандай қажеттiлiктен және қалай дүниеге келгендiгiн, сондай-ақ әлi де жетiлдiре түсетiн тұстарымен бөлiстi. Ал "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" турасында толыққанды баяндама жасаған жазушы, "Алаш үнi" одағының төрағасы Советхан Ғаббасов келелi ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жазушы, тарихшы-ғалым Бейбiт Қойшыбаев, "Аллажар" қолдау қорының президентi Марат Бөтеев, "Желтоқсан-86" Тәуелсiздiк қырандары қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүнiс бағдарламаның толықтыратын тұстарына тоқталды. Дөңгелек стол жұмысының қорытындысы ретiнде ұсыныстар сараланды. Басқосудың ортақ резолюциясы қабылданып, ұсыныс-ескертпелер құзырлы органдарға жiберiлетiн болды.

Былтыр қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына 20 жыл толғанымен, бұл бағытта кемшiлiктер жеткiлiктi. Мемлекеттiк тiлдi дамыту бағдарламасына сәйкес, бiрқатар министрлiктер мен билiк органдарының iс қағаздарын қазақ тiлiне көшiргенiне бiраз уақыт болды. Соған қарамастан, қоғамдық ұйымдардың сараптаулары бойынша, мемлекеттiк тiлде iс қағаздарын жүргiзу мәселесiнде айтарлықтай нәтиже болмай отыр. 2006-2007 жылы iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзуге көшкен министрлiктердiң бұл мәселедегi үлесi 25-30 пайыздан аспайды. Тiптi, қазақы болып саналатын облыстарда мемлекеттiк тiлдегi құжаттардың айналымы 70 пайызға әрең жетедi. Әрине, бұған алдымен орталық мекемеден келетiн хат-құжаттардың басқа тiлде жазылатындығы себеп болып отыр.

Елiмiздiң оқу орындарында, бiлiм беру мекемелерiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданылуы мен үлес салмағы да қуантарлық жағдайда емес. Мәселен, республикадағы бүгiнгi күнi барлық мектеп оқушыларының 55 пайызы ғана қазақ тiлiнде бiлiм алып отыр. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебеге ие болғанына 20 жыл толды деп қуанамыз, бiрақ сол кезеңдерден берi өз ана тiлiнде бiлiм алатын қазақ балаларын небәрi 58 пайызға ғана жеттi. Елiмiздегi 1 мың 300 бала-бақшаның 400-iнде ғана бүлдiршiндер қазақ тiлiнде тәрбие алады. 2006 жылмен салыстырғанда, қазақ тiлiнде жұмыс iстейтiн бала-бақша саны небәрi 92-ге көбейген. 1-6 жастағы қазақ балаларының 17 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Мұндай келеңсiздiктердi жою үшiн тек бiрлескен iс-қимыл керек. Сондықтан да тiл мәселесi тек мемлекеттiң ғана емес, қоғамның да жауапкершiлiгiн талап етедi.

Б.Төлепберген

Серіктес жаңалықтары