«ЭЙР АСТАНА» ЖЫЛ САЙЫН 60 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰШҚЫШ ДАЙЫНДАЙДЫ

«ЭЙР АСТАНА» ЖЫЛ САЙЫН 60 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰШҚЫШ ДАЙЫНДАЙДЫ

«ЭЙР АСТАНА» ЖЫЛ САЙЫН 60 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰШҚЫШ ДАЙЫНДАЙДЫ
ашық дереккөзі
205

Ұлттық әуе тасымалдаушы мен РТС ұшқыштарды дайындау колледжi (ab-initio) ұшқыштарды алғашқы оқыту бағдарламасы аясында кадеттердi оқыту туралы келiсiмшартты ұзартты. Бұл колледж еуропалық үздiк жаттықтырушы орталықтардың бiрi. Ирландиялық Уотерфорд қаласында және американдық Мельбурн қаласында орналасқан оқу ғимараттарында ендi жыл сайын "Эйр Астана" әуе компаниясының 60 жаңа кадетi дәрiс алады.

Бұл шешiм елiмiздiң ұшқыш кадрлер тапшылығын жойып, 2022 жылға дейiн ұлттық тасымалдаушы флотын 50 ұшаққа дейiн арттыруға мүмкiндiк бередi. Әуе компания өкiлдерiнiң айтуынша, 2012 жылы "Эйр Астана" 300 кәсiби бiлiктi ұшқышқа мұқтаж болады және жыл сайын бұл мұқтаждық едәуiр артып отырмақ. Сондықтан да, "Эйр Астана" әуе компаниясы ТМД аумағында болашақ отандық ұшқыштарды дайындауда ауқымды жобаның бастамашысы болмақ. Компания өз штатын тек жергiлiктi кадрлармен толықтыруға мүмкiндiк алады.

Оқуға баратын ұшқыштар арнайы iрiктеуден өтедi. Ұшқыш болуға ниет бiлдiрген талапкерлерге қойылатын талаптар мынандай: Қазақстан азаматы болуы, жасы 18 бен 29 аралығында, физика және математика пәндерiн жақсы бiлетiн және денсаулығы мықты болуы тиiс. Бүгiнде бұл колледждi 8 түлек бiтiрiп шықты. Олар "Эйр Астана" ұшақтарында екiншi пилот ретiнде қызмет етiп жүр. Қазiр Флорида штатындағы пилоттар дайындау колледжiнде 30 кадет бiлiм алуда, олардың арасында Полина Павлова деген бойжеткенде де бар.

"Эйр Астана" президентi Питер Фостер: "Авиацияда мен қызмет еткен 20 жылда да кез келген әуе компаниясында қауiпсiздiк және оқу сапасы басты басымдылықтар болып саналған. Бiз әлемдiк дәрежедегi әуе компаниясы болуға ниеттiмiз. Сондықтан бiз колледждi барлық тұрғыдан зерттеп шықтық. Колледж бiздiң талаптарымызға толық сәйкес келедi және онымен ынтымақтастықты жалғастыруға құлшынысымыз күштi" дедi.

Ал колледж басшылығының төрағасы Майк Эджворт: "Әуе компаниялар үшiн ұшу кадрлерiн дайындау iсi бiздi жетекшi ғаламдық жабдықтаушы болу мақсатымызға апаратын тағы бiр қадам. Бiздiң тұтынушыларымыз, соның iшiнде "Эйр Астана", колледждi жаттықтыру орталығы ретiнде таңдауының бiрнеше себептерi бар. Оқу орны ең соңғы авиациялық электрондық жабдықпен жасақталған және оқушылар оқу-жаттығу барысында 40 заманауи ұшақтарды пайдалана алады. Тәжiрибелi нұсқаушылар жоғары халықаралық стандарттарға сай дәрiс бередi. Оған қоса, бiздiң философиямыз жұмысқа мұқият қарайтын, тиянақты кәсiпқорларды оқытуға бағышталған" дейдi.

Колледждiң жаттықтыру орталықтары ыңғайлы жерде орналасқан, атап айтқанда, Уотерфордтың климаты әртүрлi ауа-райында ұшу дағдыларын жаттықтыруға мүмкiндiк жасайды, ал Флорида штатындағы орталықта студенттер жылда 300 күн бойы ашық күндерде ұша алады.

Әуе компаниясы және РТС арасындағы жаңа келiсiм-шарттың аясында ab-initio бағдарламасына қатысуға үмiткерлердi ұшқыштарды дайындау колледжiнiң қабылдау комиссиясы iрiктеп алады. Бұл жайт iрiктеудiң әдiл өтетiндiгiнен хабар берсе керек.

"Эйр Астана" әуе компаниясы баспасөз қызметi

Серіктес жаңалықтары