YШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТҮЙIН
ашық дереккөзі
333

Қазiр кез келген ғалыммен сөйлесе қалсаңыз: "Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. "Хадистерiнде" ғылым, iлiм iзденуге шақырған", – дейдi. Иә, солай дегенi рас. Бiрақ, қай ғылым? Осы сұрақ төңiрегiнде пiкiр алысқанның да артықтығы болмас.

Он сегiз мың ғаламды Алла жаратты. Солардың бiрi – Адам. Алайда адамға басқалардан ерекше сана, ақыл-ой бердi. Өткенiн бiлiп, алдына мақсат қоя алатын ерекше жаратылыс. Шексiз ой мүмкiндiгiнiң иесi. Өткен ХХ ғасырда адамзат соқа дәуiрден атом дәуiрге қол жеткiздi. Ғарыштық өлшемге салсақ, бұл қас-қағым сәт.

Алладан Мұхаммед пайғамбарымызға "Құран-Кәрiм" түстi. Бұл Алланың пайғамбарлары арқылы Жердегi құлдарына жiберген төртiншi кiтабы. Сол кiтаптарының бәрiнде iзгiлiктiң, жасампаздықтың жолдары көрсетiлген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың Адамға берген ой жүйесiнiң шексiз мүмкiндiгiн бiлген. Оны саналы түрде ақылға сиымды етiп пайдаланбаса, соңы өкiнiшке ұрындырып, ғаламға кесiрiн де тигiзетiнiн алдын ала сезгенi анық. Сондай келеңсiздiктi болдырмас үшiн ақыл-ой арқылы сананы оятып, шексiз мүмкiндiктi шектеу қажет болды.

Мемлекет бар жерде, үлкен саясат бар. Саясат ақыл-ойға әрқашан ден қоя бермейдi. Талай рет қателiктерге жол бергенiн тарихтан жақсы бiлемiз. Оған дәлел ретiнде келтiретiн мысалдар да жеткiлiктi. Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыста биологиялық қару қолданылды. Ал екiншi Дүниежүзiлiкте, 1945 жылы Америка Құрама Штаттары әлемдiк үстемдiкке қол жеткiзу үшiн Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастап, сол қалаларды жермен жексен етiп, бiрнеше жүз мыңдаған бейбiт тұрғындарды қырып, жойып жiбердi. Екi алып державаның текетiрес саясатының ықпалымен сутегi бомбасын жасаған академик Сахаров өмiрiнiң соңғы кезiнде қатты өкiнген. Жаратушы Раббы алдында өзiнiң адамзатты қыратын, табиғатқа көп нұқсан келтiретiн жойқын күшi бар қару жасап үлкен қылмысқа барғанына қатты қиналатынын, әлемге теледидар арқылы жеткiзген едi. Ол өзiнiң сол өкiнiшi арқылы әлем ғалымдарын ондай қару жасамауға, тек адамға пайдалы жаңалықтар ашуға үндедi.

"Құран-Кәрiм" – Алланың сөзi. "Мiне, осы кiтапта күдiк жоқ. Тақуалар үшiн тура жол көрсетушi". (Бақара сүресi, 2-аят). "Құран-Кәрiм" – ғылым. Адамның жан дүниесiне iзгiлiк қасиеттерiн ұялататын ғылым. Оны оқыған көзiқарақты жандар бұған шәк келтiре қоймас. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол "Құран-Кәрiмдегi" ислам дiнiнiң ерекшелiктерiн түсiндiру үшiн айтқан тәпсiрлерi, қала бердi "Хадистерi" және Әл-Бухари, Әбу Хайян, Абдуллаһ ибн Аббас, Имам Әш-Шафиьи және Пайғамбарымызды көздерi көрген сахабалары секiлдi iрi дiнтанушылардың "Құран-Кәрiмге" түсiндiрме еңбектерi – iлiм. Жалпы айтқанда бұлар адамның адамша өмiр сүру қағидаттары. Бәрi адамзатты сен ақ, сен қара деп бөлмей, тұрмыс-тiршiлiгiне қарап кемсiтпей, бiрiне бiрi үстемдiк жасамай, зорлық-зомбылық көрсетпей, бiрiн-бiрi сыйлап, парасатты, бейбiт қатар өмiр сүруге уағыздайды. Оған ден қойып, құндылықтарын бойларына сiңiрген саясаткерлер, ғалымдар әлгiндей адамзатты қырып жоятын қару-жарақ жасауға еш бармас едi. Тек сол ғылым түрлерi жетiстiгiнiң адамзатқа пайдалы жағын ғана ойлап табумен шектелерi хақ. Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) iлiм, ғылым iзденуге шақырғаны "Құран-Кәрiмдi" ғылым ретiнде танып, Ислам дiнi ғұламаларының iлiмiн бойларына сiңiрiп, тура жолдан таймауды тәпсiрлегенi болар деген ой келедi.

* * *

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Қуаныш Төлеметов ағылшындық қонақ Роберт Файлердiң сазгер Шәмшi Қалдаяқовпен танысып, әнiн тыңдағанының куәсi болған екен. Мейман: "Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. Үш жүзге жуық ән шығару деген – үлкен ерлiк! Саған ескерткiш орнату керек", – дейдi. Шәмшi бұл мақтауға асып-тасымаса да көзi жасаурап қалды". Сол ескерткiш жуырда, сазгердiң 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкент қаласынан ашылды. Жаңадан ашылған "Шәмшi әлемi" саябақ-кешенiнiң қақ ортасында тұр. Ескерткiш алдында Оңтүстiк Қазақстаннан шыққан сазгерлер мен күйшi, әншiлердiң есiмдерi тасқа қашалып жазылған. Бұл кешен облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың тiкелей бастамасымен жүзеге асты. Мерейтойдың қалай өткенi жөнiнде мерзiмдiк басылымдар жарыса жазған. Ал Шәмшiнiң өмiрдегi шынайы шындығын, тағдыр тәлкегiн қаламгер Қали Сәрсенбай "Алматы ақшамы" газетiне жариялады.

Бүгiнде екi жүз, үш жүз ән шығардым деп кеуделерiне нан пiсiрiп жүрген сазгерлер жетедi. Бiрақ, солардың сол әндерiн жұрт қалай қабылдауда? Бар гәп сонда. Бiрлi-жарымының екi, үш әнi болмаса, көбiсiнiң әндерi құлақтан кiрiп, бойды ала бермейдi. Тiптi, жөн-жосықсыз шуынан басың айналып, көзiң қарауытып, шаршап-шалдығасың. Әуенi қаныңмен бiрге ағатын, жан-дүниеңдi елiтiп, ырғағында тербететiн ұлттық бояудан гөрi даңғазасы басым. Сондай сәттерде "Шiркiн, Шәмшiнiң әуездi әндерi-ай!" дейсiң.

Ескерткiш демекшi, бұл мәселенiң қозғалғаны қашан. "Қажытай үйге кезекке тұрғанда, Сталин жарықтық тiрi екен" деп Қалтай марқұм айтушы едi. Шәмшiге Алматыдан ескерткiш орнату жөнiнде ұлттық басылымдар осыдан жиырма жыл бұрын көтерген болатын. Несiн айтайық, бiздiң жайбасар басшыларымызға жиырма жыл да аздық етедi екен. Бiз "қашан, қашан?" деп Үкiметке қарап жүргенiмiзде, Алматының бұрынғы әкiмдерi қасиеттi Көктөбеге осындағы армян мүсiншiсi Роберт Казарянның "Битлзге" жасаған ескерткiшiн орнатып та қойды емес пе.Тәуелсiз ел болсақ та үндемейтiн көнбiстiгiмiз көлбеңдеген көлеңкемiздей қыр соңымыздан қалмады-ау әйтеуiр. Асқар Мырзахметов болмағанда бұл мәселе әлi де бiрнеше жылдарға созыла түсер ма едi, кiм бiлсiн. Мiне ендi, ескерткiшiнiң Алматыда болмаса да Шымкенттен тұрғызылғанына да шүкiрлiк етiп отырмыз. Ендi өзге облыстың әкiмдерi осы Асқар Мырзахметовтен үлгi алса жарар едi.

Шәмшiнiң "Менiң Қазақстаным" әнi кезiнде Ақмола облысын немiс автономиясы жасамақшы болған тоталитарлық жүйенiң жөнсiз шешiмiне қарсы наразылық ретiнде жазылған едi. Кейiндеу Желтоқсан көтерiлiсiнде алаңдағы жастар "Менiң елiм!.. Менiң жерiм!.." деп шырқағанда, жаңа басшы Колбин бiр орнында тағат тауып отыра алмай мазасыз күй кешкен. Мiне, әннiң құдiретi! Мiне елiн, жерiн жан тәнiмен сүйген сазгердiң әуенi. Жастардың рухын көтерiп, жауының құтын қашырды. Тәуелсiздiк алған соң, сол "Менiң Қазақстаным" Әнұранымызға айналды. Қазiр заман басқа, заң басқа. Жаңаша ойлауды талап етедi. "Менiң Қазақстаным" сөзiнiң әу бастағы авторы ақын – Жұмекен Нәжiмеденов. Ендi, бәлкiм екеуiнiң осы ән жөнiнде пiкiрлесiп тұрған бейнелерiн тастан қашап тұрғызу керек шығар. Менiкi ұсыныс, пiкiр. Осы орайда сарапшылар тобы құрылып жатса, қаперлерiне алар. Сазгер әрiптесi Iлья Жақанов: "ХХ ғасырда қазақ әнiнiң ажарын ашып, шырайын кiргiзiп, оның өрiсiн әлем көгiне шығаратын бiр феномен тууы керек едi. Ол – Шәмшi Қалдаяқов есiмдi аққу әуездi композитор болып туды да! Ол бiздiң жүрегiмiз бен жанымызды, дiлiмiз бен тәнiмiздi мәңгi-бақи нұрландырып, мәңгүрттiк кесапаттан құтқаратын бiр дуалы құдiрет", – дейдi. Ол туралы бұдан асып не айтуға болады.

* * *

Анар Абжанова үш жасында-ақ сурет салуға бейiмдiлiгiн танытқан екен. Анасы Базаркүл Ратқызы: "Бөлмелердiң қабыр–ғаларын бала қиялымен сызғыштап тастайтын. Талай рет ренжiп, ұрысқаным бар. Суретшiлiк талантының оянып келе жатқанын сонда бiлсемшi" дейдi. Сәби шағында қатты ауырып, сөйлеу мен есту мүмкiндiгiнен айырылған Анардан сол кезде талантты суретшi шығады деп кiм ойлаған. Бертiн келе көркемсурет колледжiн бiтiрiп, Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түседi. Профессор Қанапия Телжанов жас таланттың тырнақалды туындыларын көрiп, қатты ұнатады да, өзiне шәкiрт етедi. Ол саусақ қимылдары арқылы: "Маған ұстазым сурет өнерiнiң құпия сырларын танып бiлуiме көп көмектесуде", – дейдi.

Ол осыдан он жыл бұрын-ақ республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, көрермендер назарын өзiне аудара бастады. Ал мылқаулар мен нашар еститiндердiң Рим мен Ватиканда өткен "Leаnardo Da Vinci Arte" көрмесiнде еңбектерi жоғары бағаланған. Сондай-ақ, саңырау суретшiлердiң Оңтүстiк Кореяның Кванджу қаласындағы, Венгрияның Будапешiндегi "SiNOSZ-ART" көрмелерiнен, Жапонияның Токио қаласындағы I Азиялық көрмеден табысты оралды. Жапон көрермендерi оның "Ас бөлмесiнде" атты суретiн көп ақшаға сатып алмақшы болғанда. Бiрақ, Анар сатудан бас тартыпты. Өйткенi бұл туындысы өзi үшiн аса қымбат екен. Ол суреттерiнiң көбiн осы ас бөлмеде отырып салған.

Анардың табиғатты көре бiлуi басқалардан ерекше. "Римдегi кеш", "Алғашқы қар" және "Қысқы көл" секiлдi тағы бiрнеше туындыларына қарап, соған көзiң жетедi. Майлы бояулармен табиғат көрiнiсiн сол қалпында түсiрген. Соларды көрiп тұрып өзiң де сол табиғат аясында тұрғандай сезiмге бөленесiң. Жаз пейзажына қарасаң ыстықты, ал қысқы пейзажына қарап суықты сезiнуiң ғажап емес. Жас та болса шеберлiгiнiң кәнiгi суретшiлерден бiр мысқал да кем еместiгiн, қайта кей тұстарда өзiндiк тапқырлығына тәнтi етедi.

Қазiр суретшiнiң бiрқатар туындылары шетел көрме залдарында тұр. Жапонияда олар күмiс медальға ие болса, Иранда табиғат көрiнiстерi алтын медальмен бағаланды. Бұл жас суретшi үшiн үлкен жетiстiк.

P.S. * Адамзатты тура жолға бастайтын "Құран-Кәрiм" – ғылым. Ал оның сүрелерi мен аяттарына түсiнiк берген сахабалар мен ғұламалардың тәпсiрлерi – iлiм. Пайғамбарымыз үметiн солардан тәлiм алып, өмiр сүруге шақырған болар.

* Шәмшi – ұлттық сазгер. Әндерiнiң өмiршеңдiгi де сонда жатыр.

* Талантты көре бiлу, қолдай бiлу, дер кезiнде бағалай бiлу аса қажет. Суретшi Анар Абжанованың Қазақстан Суретшiлер одағына мүшелiкке өтуге өтiнiш бергенiне бақандай бес жыл болыпты. Ал ондағылар Анарды мүшелiкке қабылдауға асығар емес.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары