КЕСЕНЕСI ЖОҚ КЕРЕМЕТ ӘУЛИЕ

КЕСЕНЕСI ЖОҚ КЕРЕМЕТ ӘУЛИЕ

КЕСЕНЕСI ЖОҚ КЕРЕМЕТ ӘУЛИЕ
ашық дереккөзі

Қаратаудың бөктерiндегi "Мес Ата" әулие туралы аңыз

Аңызға сүйенсек, Құрышқан ата мен Шаш ана екеуi ерлi-зайыпты болған екен. Бiр перзентке зар болып жүре берген көрiнедi. Күндердiң күнiнде Құрышқан ата бiр Аллаға жалынып: "О, Алла, бiздiң көз жасымызды көрiп, бiзге бiрнәрсе берсеңшi", – дейдi.

Алла Тағала Құрышқан атаның тiлегiн қабыл алып, тоғыз ай, тоғыз күнде Шаш ана айы-күнiне жетiп босанады ғой. Құдайдың құдiретiмен Шаш анамыз мес туса керек.

Құрышқан Ата Алла Тағаламен тiлдесiп: "О, Алла, маған бала бермей, мес бергенiң қалай?"– дептi. Сонда Алла Тағала: "О, пендем, сенiң сұрағаныңды бердiм. Сен менен бала емес, бiрнәрсе берсеңшi деп сұрап едiң ғой, сол бiрнәрсе осы мес",– деп жауап берiптi.

Сонымен ерлi-зайыпты екеуi местi арқалап, Құдайдың бергенiне шүкiршiлiк етiп жүре бередi. Мес те толығып өсе бередi.

Шаш ана Местi арқалап, Қаратаудың бөктерiмен келе жатып, күнгей бетке шөбi шұрайлы, көкмайса гүлдерi, қызғалдақтары жайнап тұрған жерге келiп: "Уһ, шаршадым ғой, демалайықшы",– деп Местi жерге қойған кезде, Мес жарылып кетiп, iшiнен бiр айдай бала шығып, Қаратауға қарай қаша жөнеледi. Сол Местiң жарылған жерi үй орнындай ойлып, жер астынан қайнар бұлақ атқылап шығыпты. Суы мөлдiр де мол, тәттi. Мiне, осы бұлақ Мес әулие деп аталады.

Осы бұлақтың суы басқа бұлақтармен қосылып, сол жерге орналасқан елдi мекендегi халықтың еккен егiнiне, малына көл-көсiр жетiп жатады.

Бұл жердi мекендеген халық қоңырат елiнiң Жауғашты деген атасынан тараған. Ертеректе Сақ молда деген ғұлама молда кiсi болды. Бiздiң бала кезiмiз. Бұл кiсi Бұхарадан оқып келген деп еститiнбiз. Сол кiсi Мес әулиеге күн аралатпай барып, бұлақ басына құран оқып тұратын болған. Құран оқып отырып, ағыл-тегiл жылайды, сол кезде бұлақтың iшiнен Мес көрiнiп, аударылып-төңкерiлiп барып көзден ғайып болады екен.

Бұлақтың көлемi үй орнындай дегенiмiзбен, көлденеңi 7 метрге жуық, ал тереңдiгiн ешкiм өлшемеген, үлкен кiсiлердiң айтуына қарағанда, құрық бойламайды. Суы жазда мұздай, қыста қатпайды. Бұлақ айналасына жабайы талдар, нар қамыстар өскен.

Айналасы қабiрстан. Сол елдiң жақсылары мен жайсаңдары да осы жерге жерленген. Сол өңiрге белгiлi Сақ молда, Елтай ата, Құлатай ата, Дағмырза ата, Бейсен сияқты т.б. кiсiлер осы жерде мәңгiлiк мекен тапқан. Бабай-Қорған жақтан бара жатқанда, жол бiр белестен асып, екiншi белеске шыққанда, осы Мес әулие алдымен көзге түседi. Көк күмбездерi күнге шағылысып, осында жатқан ата-бабалар келешек ұрпаққа нұр шашып тұрғандай көрiнедi.

Бiр таңқаларлық жағдай, басқа талай әулиелердiң басында кесене бар. Көбi сол кесене тұрған орында жерленген.

Ал, Мес әулие (Мес Ата) – сағым, аңыз. Басында кесене жоқ. Бiрақ, Құдiреттiң күшiмен – Әулие. Бiр кездерде зиярат етушi ел басынан үзiлмеген екен. Қазiр сирексiген. Дегенмен барып, бұлақ басында мал сойып, тәуеп етiп, зиярат етушiлер әлi де баршылық. Құрғақшылық жылдары халық жиналып, осы әулиенiң басында тасаттық жасайды. Құдайдың құдiретiмен сондай тасаттықтан кейiн жаңбыр себелейдi.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ