БIЗ ҚАНДАЙМЫЗ, ҚАНДАЙМЫЗ?
БIЗ ҚАНДАЙМЫЗ, ҚАНДАЙМЫЗ?
Толымбек Әлiмбекұлы – белгiлi сатирик. Жұртшылықтың көңiлiнен шыққан сандаған әзiл-сықақ кiтаптарының авторы. Оның дарынды қаламынан туған шығармаларының көпшiлiгi жеке адам ғана емес, бүкiл қоғамның бойындағы өрескел әдеттер мен кемшiлiктердi ащы күлкiмен әжуалайды. Газетiмiздiң бүгiнгi санында белгiлi сатириктiң бұған дейiн еш жерде жарияланбаған бiр топ туындысын оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.
Бiз қандаймыз, қандаймыз?
Бұл сұраққа келгенде —
Суды жұтқан сордаймыз.
Құйын келiп құтырып,
Аспанға атқан шаңдаймыз.
Аузын буған өгiздей —
Тiлден қалған жандаймыз.
Тұншықтырып өз тiлiн
Басқа тiлдi қолдаймыз.
Жауап табу орнына —
Мелшиген тас жардаймыз.
Сол тас жарға тарс еткен,
Сор қайнаған маңдаймыз.
Сұмдық жаққа құмармыз,
Шындық жаққа бармаймыз.
“Өсек” десе өлермен —
Тақылдаған таңдаймыз!
Ақша десе дiр қаққан —
Селкiлдеген шалдаймыз.
Шалдың бәрi құтырған
Жас қыздарды арбаймыз.
Мансап десе зыр қаққан —
Жел толтырған шардаймыз!
Ұятқа да үйрендiк,
Ысымаймыз, тоңбаймыз.
Еруiмiз қиындау —
Қатып қалған тоңдаймыз.
Кедiр-бұдыр, ұйыққа
Батып қалған жолдаймыз.
Бар дәмiнен айырылған
Жатып қалған балдаймыз.
Инабатты ұмыттық —
Өшiп қалған шамдаймыз.
Үрлесе де күшенiп,
Қайтып, сiрә жанбаймыз.
Билiк басы қомағай —
Тоймаймыз-ау, тоймаймыз.
Жастарымыз ашқарақ —
Қанағат жоқ — қанбаймыз.
Сыбайласқан айнала —
Шырмалған бiр тордаймыз.
Ананы да алдаймыз,
Мынаны да алдаймыз.
Өштескеннiң өлгенше
Қыр соңынан қалмаймыз.
Атып салып желкеден
Өлтiруден танбаймыз.
Сатып кету оп-оңай
Қазып қойған ордаймыз.
Естен шықты ақ алғыс —
Отыра қап қарғаймыз.
Ұлттық намыс ұйқыда —
Сорлаймыз-ау, сорлаймыз.
Ол ұйқыны оятпай,
Түбiнде бiз оңбаймыз.
Бүйте берсек бiр күнi
Өзiмiздi жалмаймыз!
Бәрiн жалмап бiткен соң
Өп-өтiрiк зарлаймыз!
Өкпелеме, ағайын,
Бiз сондаймыз, сондаймыз!
"Ақша! Ақша! Ақша!" деп,
Салмақ түстi басқа көп.
Сол салмақ төмен түсiп,
Бауыр iсiп,
Бүйректi құм басып,
Жүректi мұң басып,
Өкпе қабынып,
Соқырiшек жарылып,
Жүйке тозып,
"Жыны" қозып,
Әбiгерге түсiп бiттi,
Денсаулықты құртты.
Сол денсаулықты жөндеймiн деп,
Жуық арада өлмеймiн деп,
Бауырды емдеймiн деп,
Құмды уатамын деп,
Мұңдыны жұбатамын деп,
Соқырiшектi алдырамын деп,
Жүйкенi орнына келтiрiп ап,
Ұйқыны қандырамын деп,
Едiрейтiп мұртты,
Бар жиған ақшасын құртты.
Ой, оңбаған ақша,
Қажыттың-ау, жұртты!
Әйел мен сериал…
Ұқсас жерiн терiп ал!
Алшақ жерiн көрiп ал!
Сериалдағы бар нәрсе
Әйелде де,
О, тоба, бәрi бар.
Сериал сенi ығыстырып,
Әйелiңнiң қасына
Қысылмай қонып шығатын,
Бiр басын кессең,
Екi басы өнiп шығатын
Жетi басты айдаһар.
Сенiң қаныңды iшiп барып жай табар.
Ызыңдап боздай бередi,
Боздай бередi.
Не болса соны қозғай бередi.
Шекесi тырысып,
Шаң-шұң ұрысып,
Жұлысып жатқаны…
Уайымға батып,
Мұң iшiп жатқаны.
Өсегi құйындайтын,
Төсегi жиылмайтын,
Таусылмайтын сұмдық…
Дәл осы жерде
Әйелден аумайтыны — шындық.
Олардың да табақ-аяғы жуылмай,
Кiр-қоңы жиылмай,
Теледидарға телмiрiп отырғаны…
Екеуiнiң ұқсастығы
Осы тұста жақындады.
Көтерiлiп қысымы,
Iшiмдiктiң үш ұлы:
Коньяк, Арақ, Шарап
Қарап тұрмай қақтығысты:
— Кiм бiлмейдi мөп-мөлдiр
Ақты күштi?
Үмiттi үзбейтiнi де — мен,
Шарқ ұрып iздейтiнi де — мен.
Бармайтын көп егеске,
Дап-дайын төбелеске
Тастан да, таудан қайтпайтын,
Достан да, жаудан да қайтпайтын
Бақытың, Күн-айың да — мен,
Танысаң таны,
Танымасаң құдайың да — мен! —
деп, Арақ шiрендi.
Осы кезде реңдi
Коньяк шықты паңданып,
— Не деп тұрсың сандалып?
Қолыңда — найза,
Iздегенiң — жау.
Маған жету қайда —
Шешетiнiм — дау.
Кеудемде жұлдызым бар,
Құдаң бар, ұл-қызың бар
Ортасында мен жүремiн.
Көнбейтiндi көндiремiн.
Кiмнiң айтшы күмәнi бар
Мықтылығымда ендi менiң?
Осылай қоқиланып,
Жан-жаққа қарап алды.
Жасы үлкен болсадағы
Соңғы сөздi Шарап алды:
— Бәрiңнен үлкен едiм,
Демеймiн үркек едiм.
Дегенмен, бауырлар-ау,
Тиiсiп, түрте бердiң.
Бiреуiң жау сұрайсың,
Бiреуiң дау сұрайсың.
Қос iнiм, сабыр сақта,
Осылай ойсырайсың.
Бiрiгiп жан бағайық,
Заманда алмағайып.
Айтты да ақыл мәндi
Моп-момын Шарап аға,
Бiрлiкке шақырған-ды.
Бiрақта ешқайсысы
кiшiрiп, пәсеймедi.
Жөн бiлiп бiр-бiрiне,
Иiлiп бас имедi.
Шiренiп шықты бәрi:
“Мен ғана бас, бiлем” деп.
Сол сәтте үшеуiн де
Түк қоймай қағып салды
Қаңғыған маскүнем кеп.
Ағайын араз болып,
Осылай сөз қумасын.
Не болды ақырында —
Қаңғыған маскүнемнiң,
Жабылып жазды басын.
Ананы таластырған,
Мынаусы аласұрған
Тағы да тендер болды.
Оған қатысқандардың
Жүрегi – тас, жүйкесi – кендiр болды.
Шiркiндер сүйекке таласқандай,
Алысып, арбасқандайәбден ырғасты.
Бiреуiнен түр қашты,
Ал бiреуiн мұң басты.
Оның да қыстың соғымы сияқты
Мүшелерi: басы,
Жамбасы болады екен.
Күнiбұрын маңдайын қасқалап қоятын
Таңбасы болады екен.
Тендерге қатысқан үмiткердiң
Сол таңбаны таңдап отыратын
Жанашыр жолдасы болады екен.
Сосын сол үмiткердiң,
Жанашыр жолдасының
Арасын байланыстыратын дорбасы болады екен.
Жолдасы бар тендердi жеңiп алды.
Жеңiп алған аздап демiн алды.
Былай шыққан соң
Жолдасының қолын алды.
Ол жеңiп алғанға арнап тост айтты.
Мына сөздi қоса айтты:
— Тендер дегенiмiз —
Жеңiп алып, жеңдер дегенiмiз.
Же!
Жейiк!
Бiрақ үндемей жейiк!
— Қорықпаңыз,
Бiздiң ауыз — сейф.
— Онда бiздiң қалта — сейф!
Екi жақ та жымиып күлiп қалды.
Екi сейфтiң ауызы да құлыптанды.
Бiздiң оқырман да тендердi жеңiп алудың
Бұралаң жолын бiлiп қалды.
Ел алдында әкiм мырза сөз алды.
Ә дегеннен шырқап бердi боза әндi.
"Елбасы" деп қайталады сан рет
Тұманданып кеттi ме екен көз алды!?
Ары аударып, берi аударып қағазын,
Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр сабазың.
Тұрып қалар кейде сөзге тұтығып,
Бұзып алған молдалардай намазын.
Қағазына үңiлiп ап құнжыңдап,
Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр мылжыңдап.
Қолпаш пенен қошеметтi күткендей,
Арасында қояды аздап тың тыңдап.
Өзi жұртты жүргендей-ақ асырап,
Сөйлеп жатыр түкiрiгi шашырап.
Арт жағына жалтақ-жалтақ қарайды,
Кететiндей бiр әзiрейiл басын ап.
Судан ұрттап, әруағын шақырып,
Отырғандай сары қымыз сапырып.
Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр жыпылдап,
Сонда бiзге не айтты ол қатырып?
Жоғарының астына тым қалыңдап,
Көпшiк қойып, сөйлеп жатыр жалындап.
— Жүрмiз, — дейдi — күндiз-түнi көз iлмей,
Елбасының тапсырмасын орындап.
Ана жолы олай дедi Елбасы,
Мына жолы былай дедi Елбасы.
Мектеп салдық айтқаннан соң Елбасы,
Елбасының сөзi бiзге жол басы!
Иә, бiздi қолдап отыр Елбасы,
Ыстық сәлем жолдап отыр Елбасы.
Жолды салдық айтқаннан соң Елбасы,
Елбасымыз командир ғой — қолбасы!
Елбасы айтса алынбайтын қамал жоқ,
Айтпай қалса отырамыз жаман боп.
"Жемқорлармен күрес" дедi ол кiсi,
Дегеннен соң күресемiз, амал жоқ.
Елбасы егер…
— Болды, ары созбашы,
Ел туралы азын-аулақ қозғашы.
Айтса ғана қимылдайтын байғұстың
Бар ма сонда ойланатын өз басы?
Шолақ мылтықта бәрi шолақ,
Оқ шолақ, дәрi шолақ.
Дүмi де, үнi де,
Қимылы да шолақ болады.
Пиғылы жолбарыстың жотасындай
Жолақ-жолақ болады.
«Бiреудi бөденедей топ еткiзсем…»
Бары сол-ақ болады.
Жақсылықтың аулына
Олақ оймен,
шолақ боймен
Түн жамылып келетiн «қонақ» болады.
Мiне кеңсенiң төрiнде
Сол шолақ мылтық отыр.
Жалтаң-жалтаң етiп,
Iшiнен сайтан түртiп отыр.
Тiршiлiгi емес пе – бүтiн қағазды
Қақ бөлiп жыртып отыр.
Қақ бөлгенге көңiлi тоймай,
Қайшымен төртке қырқып отыр.
Жан-жағына жаутаңдай қарап,
Шолақ ойы үркiп отыр.
Өлексе аңдыған қарғадай
Сiлекейiн сүртiп отыр.
Тегi шолақ болғасын ба –
Жартыны бүтiн қылмайды.
Бүтiн көрсе,
Қызғаныштан бұтын былғайды.
Шолақ мылтықта
Қасиет болмайды қайырымды:
Мiне, шолақ құлақ қайырылды.
Iле-шала
Шолақ шүрiппе тырс еттi.
Бүтiн дүние гүрс еттi.
Шолақ дыбыс ырс еттi.
Шолақ мылтықтың қарауылына
Iлiнiп қалмай жүрсек-тi.
Өтектелмеген шалбардай
Шекесiнiң қыртысы көп,
Жоғарыдан бiр кiсi кеп,
Жаңадан босаған бiр орынға
Өздерiнен босаған бiр кiсiнi
Томпаңдатып ертiп келген-дi.
Бұған дейiн бiр кiсi
Бетiнде жоқ күлкiсi
Қып-қызыл боп бөртiп келген-дi.
Әлгi бетiнiң қыртысы көп,
Түкпiрдегi бiр тiсi жоқ
Кiсiмiз кiсенiн сүйреткен жылқыдай
Кiсiнеп сөйлеп, кiсiнеп күледi екен.
Судыратып сөйлеудi бiледi екен:
— Мырзалар мен ханымдар! — дегенiн естiп ел селк еттi.
Күлкiден бiреулер жер тептi.
— Қашаннан мырза едiк, ханым едiк?
Мынадай сөзге нанып едiк?
Қой, одан да «жолдастарға»
Көш!
Ендiгi «мырзаң» кеш! –
деп қонақты түзеттi.
Оған анау аздап тыз еттi.
Тыз еттi де:
– Ал, жарайды, жолдастар!
Тырнақтың астынан кiр iздеп неғыласыздар?
Қысқасы, мына кiсiге бағынасыздар! –
деп, қасындағы томпақ сарысын көрсеттi.
Iле-шала бетi қыртыстанып,
Тiлдiң астына салатын дәрiсiн көрсеттi.
Оған «жолдастардың» бiреуi
Ауылдың әдiсiн көрсеттi:
– Бiздiң елде сырттан келгендердi жақтырмайды,
Үстiнен арыз жазып атқылайды,
Жақтырмаған соң
Ондай адамның басына бақ тұрмайды.
«Алып кетiңiздер» деп жалынады.
Ондай томпақ сары өзiмiзден де
Табылады.
– Табылатынын бiлемiз,
Бiрақ бiз ылғи бiрге жүремiз, бiрге күлемiз.
Яғни бiр командадамыз,
Талай тартыстан аман қалғанбыз.
Бiздiң кетуiмiз де ортақ, келуiмiз де ортақ,
Содан кейiн кеулiмiз де ортақ, деуiмiз де ортақ…
Залдан айқай шықты:
— Демек, жеуiңiз де ортақ!
Орталықтан үлке-е-е-ен Әкiм келдi.
Үлке-е-е-ен Әкiм болғасын
Ойхо-ой, ақылды ендi.
Нөсерлетiп сөйлегенде
Гүлдендiрiп жiберер тақыр жердi.
Алыстан ақылын жұмсап жiберушi едi,
Бұл жолы өте жақын келдi.
Әкiмдi жақыннан көремiз деп,
Ойын тастап бала,
қойын тастап шал,
ұршығын тастап кемпiр,
қуыршағын тастап қыз,
азанын тастап молда,
қазанын тастап қатын келдi.
Қазақтан өткен жомарт бар ма,
Әлгi Әкiмнiң өзi сөйлеп тұрған көшеге
Сол жерде-ақ айқайлатып атын бердi.
– Бұл Әкiмнiң тамыры тереңдеп кеттi,
Құлағы керең боп кеттi,
Көзi көрмейтiн болды,
Өзi өлмейтiн болды,
Iшiп жатыр, жеп жатыр,
Әкiмнiң төсегiнде көп жатыр,
Туыстарын жиып алды,
Дүниенi үйiп алды,
Жасағаны – ұрлық,
Асағаны – сұмдық,
Бұл осылай жүре берсе,
Бiз тындық! –
дейтiн жақтырмайтындар
Қол көтерiп сөз алды.
Оны көрiп,
осы ауылдағы кiшi әкiмдердiң
өңi бозарды,
ернi сазарды.
Қызық…
Сол жақтырмайтындар
Жақтыратын сөз айтты,
Бөрiктi аспанға лақтыратын сөз айтты.
Үлке-е-е-ен Әкiм не десе де
Тақ тұратынын айтты.
Келесi сайлауда тағы да
Дауыс беретiндерiн айтты,
Соңынан «уралап» еретiндерiн айтты,
Оған қарсы оппозиция шықса,
Тура қолдарында «өлетiндерiн» айтты.
Үлке-е-е-ен Әкiм бұл жиыннан
Бiр сәйгүлiк мiнiп қайтты.
Жақтырып сөйлегендер
Иықтарына шапан iлiп қайтты.
Былайғы жұрт
Орындарында тұрып, тұрып қайтты.