МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ – САЯСИ ДИССИДЕНТ

МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ – САЯСИ ДИССИДЕНТ

МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ – САЯСИ ДИССИДЕНТ
ашық дереккөзі
779

Кеңестiк жүйенiң ыдырап, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттердiң жеке шаңырақ көтеруiне сол кездегi кеңестiк идеологияға қарсы күрескен диссиденттердiң қосқан рөлi ерекше. Кеңестiк қатаң қысым қадағауларына қарамастан шыбын жандарын ортаға салып ол кездегi жүйе мен идеологияның олқылықтарын тайсалмай атап көрсетуде асқан ерлiк пен табандылық танытқан осы қайраткерлердiң аймақта демократияның орнауындағы қызметi зор.

Бүгiндерi алыста қалған кеңестiк идеология туралы екiнiң бiрi сын айтып кемшiлiктерiн көрсетуде. Бiрақ, кеңестiк кезеңде, әсiресе оның қылышынан қан тамып тұрған 1960 жылдары оған қарсы келу әр адамның қолынан келмейтiн едi. Өйткенi бiрiншiден ол кезде идеологияның кемiстiктерiн көре бiлу үшiн ерекше бiлiм және дарын қажет едi. Екiншiден даналық пен көре бiлген сыни пiкiрлердi ашық айту үшiн де жүрек жұтқан батылдық керек едi. Сондықтан сол кезеңде әр ұлттан ондай адамдар шыққан емес. Тiптi кеңестiк диссиденттер туралы зерттеулерде кеңестiк идеологияға қарсы бүкiл Кеңес Одағынан небары жүз шамалы ғана қайраткердiң кеңестiк идеологияға қарсы күрес жүргiзгенi аталып жүр. Мұндай тiзiмдерде түрiк тiлдес халықтардан тек Қырым татарларынан Мұстафа Әбдiжәмiл Қырымоғлының ғана аты аталады. Ал Орта Азия халықтарынан бiрде-бiр қайраткердiң аты аталмайды. Ал бiз әңгiме еткелi отырған Махмет Құлмағамбетов Орта Азиялық диссиденттердiң ең көрнектiсi. Және ол iстеген жұмыстары туралы, кезiнде шетелге шыға бiлгенi үшiн, артында халықаралық баспасөзде кең көлемде мұра қалдыра бiлген. Оның өмiрбаяны туралы деректер, өзiнiң мақалалары Еуропода түрлi газет, журналдарда орыс, француз, ағылшын тiлдерiнде жарық көрдi. Қостанай облысының Меңдiқара ауданында 1930 жылдың 20 шiлдесiнде туған Махмет Құлмағамбетов Қазақ мемлекеттiк университетiнiң философия факультетiн бiтiрiп, жоғары оқу орындарында сол мамандық бойынша сабақ берген. Өзiнiң еңбек жолын Түркiмен ССР-iнiң Чарджоу қаласындағы педагогикалық институтта философия пәнiнен сабақ беруден бастайды. Өмiрдегi болып жатқан оқиғаларға сын көзiмен қарайтын ол философия мен саяси экономияның кейбiр теориялық жағдайлары советтiк шындықпен сәйкес келмейтiндiгiн сабақтарда ашық айтып жүредi. Осыдан соң Кұлмағамбетовты саяси негiзде қудалау басталады. Айтыс-тартысқа шыдамаған ол Чарджоудан "өз еркiмен" кетуге мәжбүр болады. Содан кейiн ол Қырғыз ССР-iнiң астанасы Фрунзе қаласындағы медициналық институтқа философия пәнiнен оқытушы болып орналасты. Мұнда да соңына ерген қоңыраудың салдарынан, ол көзге түрткi бола бастады. Сонымен, 1962 жылдың желтоқсан айында Қостанай облыстық КГБ басқармасы Құлмағамбетовты Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 56-бабының 1-тармағымен жауапқа тартып 7 жылға бас бостандығынан айырды. Содан кейiнгi өмiрiнiң жетi жылы Мордовиядағы саяси тұтқындар лагерiнде өткен. Ал бұдан соң Коми автономиялық республикасында және Харьковте қара жұмысқа жегiлдi. Абақтыдан шығып, Алматыға ара-тұра келiп тұрды. Бiрақ 1979 жылдың аяғында жолын тауып Кеңес Одағынан әрi қарай шетел асып кеткен. Ол кезде КСРО азаматтарының шетелге оңайлықпен шыға алмайтыны белгiлi. Құлмағамбетов мақсатына жету үшiн Харьковте бiр еврей әйелге үйленедi. Сол арқылы арнайы шақырту алып, Венаға барады. Әлгi әйел және қасындағы кәрi шешесi Израильге жол тартады да, Құлмағамбетов Венада қалып қояды. Ол жерден Германияға өтiп кетедi. Ол елде Мюнхендегi "Азаттық радиосында" 15 жылдан аса уақыт жұмыс iстеп, 1995 жылы зейнеткерлiк демалысқа шықты. Құлмағамбетов 2008 жылы, 11 қарашада Мюнхенде көз жұмды. Өзiм ол кiсiмен етене араластым. "Азаттық радиосында" 1988 жылдан 1995 жылға дейiн бiрге жұмыс iстедiм. Мұның соңғы бес жылында екеумiз бiр бөлмеде отыратынбыз. Сөйтiп аға-бауыр болып кеттiк. Асыл азаматтың қадiрiн тiрi кезiнде көп адам бiлген жоқ. Өзiм етене жақын араласқан соң, Құлмағамбетовтың өмiр- баянына, шығармашылығына қатысты деректердi жинап отыруға көңiл бөлiп жүрдiм. Оның орыс тiлiнде жазған мақалалары мен "Азаттық радиосында" түрлi тақырыптарда қазақ тiлiнде жазған жүз шақты мақаласын өзiнен және қайтыс болғаннан кейiн Мюнхендегi Әлихан Жаналтай арқылы зайыбынан сұрап алдым. Махмет Құлмағамбетов сынды қайраткерлер қазақ халқының бетке ұстар ХХI ғасырдың батыр тұлғалары. Ол қарулы күштiң батыры емес, заманға сай интелектуалдылықтың батыры. Мұндай елi үшiн, халқы үшiн жанын пида етiп ойымен, қаламымен, бiлiмiмен жұмыс iстеген зиялы азаматтарды зерттеп өз елiне және өзге елдерге таныту бүгiнгi ұрпақтың парызы болса керек. Өйткенi мұндай тұлғалардың тарихы шетелерде туған халқының интелектуалдық дәрежесiн көтерiп, саяси сауаттылығының жоғары деңгейiн көрсетерi хақ. Сөз соңында 2004 жылы мамыр айында Мақанның Мюнхендегi үйiне барғанда екi үш сағаттай әңгiмелесiп, айтқандарын жазып алған едiм. Төменде содан азғана үзiндi ұсынып отырмын: "Мен Марксизм, Ленинизм философиясынан, яғни, диалектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ бердiм. Бұның барлығы, бiздiң берiп жүрген сабағымыздың барлығы өтiрiк, тек қана алдау, халықты алдау амалы екенiне ақыры көзiм жеттi . Осыдан соң мен мұғалiмдiктi тастадым да, фабрикалардың бiрiне қара жұмысшы болып орналастым. Осы кезде менiң соңыма 4 жыл бойы КГБ түстi. Бақылап жүрдi, ақыры тұтқындады. Сонда таққан айыбы – бiреулердiң айтуы бойынша, мен Сталин мен Гитлердi теңеппiн. Совет Одағында жұмыссыздық бар деппiн. Еңбекшiлердiң еңбегiн жеу бар деппiн. Яғни, капитализм заманындағыдай қанау бар деппiн. Сондай айыптар болды… Мен түрмеден бұрын үш жыл Түркiменстанда Чарчоу қаласында мұғалiм болып тұрғанда жыл сайын бiздi Ашхабадқа жинап тұратын. Қоғам ғылымдарының мамандарына арналған мәжiлiс өтетiн. Оған бiз арнайы шақырумен баратынбыз. Бiздi шақыратын кiм? Түркменстанның орталық комитетi. Бiр жолы сонда Түркiменстанның орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы, яғни республиканың бастығы Бабаев шығып сөйледi. Мен мәжiлiсте отырмын, ол бiр ауыз сөйлейдi, одан кейiн екiншiсi сөйлейдi. Осыдан соң мен қол көтерiп сөз алдым. Мен айттым. – Мiнеки жолдастар, естiп отырсыңдар. Жыл сайын Мәскеуде философиядан, саяси экономикадан кiтаптар шығып тұрады. Алайда оларды түркiмен тiлiне аударып болғанша 3-4 жыл уақыт өтедi. Бұл уақыт iшiнде аталмыш кiтаптар ескiрiп қалады. Сондықтан бiр тұжырымға келу керек. Я аударуды тездету керек. Я болмаса, орыс тiлiнде қалдыру керек. Сондықтан орыс тiлiнде философиядан, саяси экономикадан сабақ берiлсе сол дұрыс, – дедiм. Сонда әлгi Бабаев мәжiлiске төрағалық жасап отырған болатын. – Сiз түркiмен тiлiн бiлесiз бе? – дедi. Мен: – Бiлемiн, бiрақ нашар бiлемiн, – дедiм. Ол: – Сiздiң ұсынысыңыздың себебi сонда жатыр екен ғой, – деп жауап бердi. Мен оған тесiле қарап тұрып: – Мен сiзден сұрап тұрған жоқпын. Мен мына мәжiлiске жиналып отырған мұғалiмдерден сұрап тұрмын. Сiздiң пiкiрiңiз маған қажет емес, – дедiм. Сол кезде бiзбен бiрге келген институттың директоры, орталық комитеттiң бұрынғы бастығы басын шайқады… 1957 жылы Бабаевпен теке-тiрестен кейiн Фрунзеге келдiм. Мұғалiм болып iстедiм. Ол бiр қызық кезеңдер едi. Политехникалық институттың студенттерi мен қатты жақсы көрдi. Сабақтан соң үйге дейiн шығарып салатын. Таусылмайтын сауалдар қояды. Менiң уақытым тек соларға жауап берумен өтетiн. Сол жерде қызық уақиға болды. Саяси экономикадан сабақ беретiн мұғалiм марксизм бойынша пәлен- пәлен түген-түген деп қақсайды екен. Ал студенттерi болса, оған керiсiнше, қарсы пiкiр айтады. Дәлелдер келтiрiп көнбейдi. Сосын саяси экономика мұғалiмi партбюроға барады. – Бұндай түсiнiктердi студенттер қайдан алған, оны кiм үйретiп жүр? Мен былай десем, олар былай дейдi керiсiнше. Мұның себебi болу керек? – дейдi. Сосын iздестiре бастайды. Оны мен де сездiм. Арыз берiп жұмыстан шықтым. Еңбек кiтапшамды алып келе жатсам, оқу iсiнiң проректоры профессор Саянка деген кiсi келiп: – Сiз дұрыс iстедiңiз. Құжаттарыңызды алып бара жатқаныңыз дұрыс болды. Себебi, қалалық партия комитетiнен нұсқау келiп отыр. Сiздiң мәселеңiздi анықтап, шара қолдану жөнiнде. Осыдан соң қолыңызға тиген құжатпен ("қасқыр билетi" "волчий билет" деп аталады екен) ешқайда жұмысқа қабылдана алмайтын едiңiз, – дедi. Қырғызстанда бiр жыл iстедiм. Бұл 1957-1958 жыл болатын. Сонсоң Алматыда құқық және философия институтында үш ай қызмет еттiм… Сол академиядан шығып Мәскеуге келдiм. Ол кезде Оразақ (Смагулов, белгiлi антрополог) Мәскеуде аспирантурада едi. Яғни, кандидаттық диссертациясын жазуға барған. Сонда тұрдым да талай адамдармен сөйлестiм. Партия қызметкерлерiмен де. Илья Еренбург деген жөйт жазушысы бар едi. Сонымен жолығайын деген жоспарым бар едi. Ол ойым iске аспады. – Онымен не сөйлеспекшi едiңiз? – Жалпы. Менiң қорыққаным не болды? Мен қателесiп жүрген жоқпын ба? Шетелге шығудан бұрын осыны анықтап алмақпын. Осы туралы Даниил Гранин деген атақты жазушымен сөйлестiм. Одан бұрын Борис Пастернак деген ақын болған көп жыл болды қайтыс болғанына 30 жыл болар шамасы, соны iздеп таптым. Үйiнен. Онымен де ұзақ әңгiмелестiм. Сонымен атақты жазушылардың iшiнен осы екеуiмен ғана әңгiмелескем. – Оларды бұрын танитын ба едiңiз? – Жоқ, олармен бұрын кездеспегем. Тек адресiн бiлiп алғам. Егер ол кезде Шыңғыс Айтматов кезiккенде, онымен де осы мәселенi әңгiмелесер едiм. Қорқатыным жоқ. Ол кезде менiң қорқатыным тек қателесу, жаңылысу. – Қандай қателесуден қорқасыз, шетелге шығу пiкiрiңiздiң орынсыздығына ма? – Жоқ, Совет құрылысының, тiршiлiгiнiң, идеологиясының дұрыс еместiгi жөнiндегi пiкiрiмде қателесiп жүрмiн бе? Әлде пiкiрiм дұрыс па? Осыны анықтағым келедi. Екеуi де менi ашық қолдады. Ойың дұрыс дедi. Өзi бар ғой, совет идеологиясы деген ғылым бойынша, ақша – бұл тауар, жұмысшы күшi тауар емес. Ал сонда қалайша тауар емес нәрсе тауарға алмасады. Мiнеки мәселенiң түйiнi. Совет ғылымы бойынша, осылай, ал менiң ойымша бұл олай емес. Оны зерттей берсем, бiрнеше кiтап болып шығады… Даниил Гранин деген жазушыны Ленинградта қазiргi Петербург қаласында iздеп үйiнен тауып алдым. Содан кейiн екеуiмiз әңгiмелесiп ұзақ отырдық. Әйелi сығалайды да кетiп қалады бiр жаққа. Әңгiмемiзге араласпады. Мен оған "Мұғалiм болып iстегенiм туралы, жұмыстан шыққаным туралы, батысқа кететiн ойым бар екендiгiн" айттым. Мақұлдады: – Сiздiң жағдайыңызды түсiнемiн. Осы жолың дұрыс, – дедi. Сол Гранин кейiн Мюнхенге келген едi, осыдан он шақты жыл бұрын. Мен оған: – Сiз менi кезiнде он жылға айдатып жiбергенсiз, – дедiм. Ол сасып: – Қалайша? – деп сұрады. – Мен сiздiң үйiңiзде болғанмын, – дедiм. Бiрақ, әрине атақты жазушы оны ұмытып қалған. Көп адамдармен жолығып, әңгiмелескен кiсi әрине менi ұмытқан. Қалжыңыма сасып қалды өзi де… Қостанайда 1962 жылы қараша айында қамалдым. Содан кейiн келесi жылы наурыз-сәуiр айында сотталып, 7 жыл лагерь, 3 жыл сүргiн көрдiм. Осылайша, он жылды арқалап, Мордовия деген жерге айдалдым. Ол жер қақап тұрған Сiбiрдiң өзi емес. Ол кезде саяси лагерьлердiң орны жиi ауысып тұратын. Бiр кездерi ондай лагерьлер анау қиыр шығыстағы Магадан болушы едi. Одан кейiн терiстiктегi Воркута деген жерге ауысты. Одан кейiн Мордовияға ауыстырды. Сол 7 жылым бiтпей жатып, менi лагерьде тағы соттады. Сонда таққан айыбы "тәртiпке бағынбайсың, жұмыстан жалтарасың, саяси сабақтарға бармайсың" болды. Саяси сабақтар деп сол кездегi бiздiң бақылаушыларымыз бар ғой, полковник, майор атағымен жүргендер, бiз оларды "қызыл жағалылар" деймiз, iшкi әскер бастықтары. Соларға бағынбайсың деп жаза уақыты бiтуге соңғы 2 жыл 4 ай қалған кезде Мордовия лагерiнен Владимир түрмесiне айдады. Владимир қаласы Мәскеуден шамамен 200-300 шақырым жерде болды. Мен лагерьге 7 жылға қамалдым. Сол қалған 2 жыл 4 айымда сонда өтейтiн болдым. Екеуiн салыстырып қарағанда мен жатқан Мордовия лагерi курорт сияқты болды. Сол жерге түрмеге бiр дәрiгер әйел келдi. Доктор. Түрмеде кесек қара нан асқазанымнан өтпей қойды. Сол әйел менi ары қарады, берi қарады. Сонсоң аяды да түрмедегi госпитальға ауыстырды. Оған тек өкпесi ауыратын туберкулез адамдар ғана жатқызылатын. Ал басқасына iшiнен қан кетiп жатса да, не болса да қарамайтын. Есепке алмайтын. Сөйтiп 9 ай госпитальда жаттым. Одан шыққан соң, тағы жаттым. Сөйтiп 2 жыл 4 айды өтедiм. Одан соң менi үш жылға Итжеккенге жiбердi. Коми АССР-ынаа жiбердi. Қалған үш жылды сонда өтедiм… Түрме, лагерь және сүргiндегi өмiрiме еш өкiнбеймiн. Қайта мен мұғалiм болып жұмыс iстегенде жүйкем тозған едi. Неге? Себебi, мен өзiме-өзiм: – Әй, Мақмет, сен мұғалiмдiктi қой! Сен өзiңнiң ұжданыңды сатып, асыранба. Сен одан да фабрикаға барып жұмыс iсте, адал еңбек ет. Ешкiмнiң алдында ұялмайсың, қызармайсың. Адал еңбегiңмен адал наныңды тауып жейсiң, – деп. Ақыры мұғалiмдiктi тастадым… Ол кезде "Бүкiл совет одағы ұйықтап жатыр. Қорылдап жатыр. Барлық үйдiң шамдары өшкен. Тек қана Мәскеуде, Сталиннiң терезесiнде жарық сөнбеген. Себебi, Сталин – бiздiң бақытымыз. Бiз үшiн қайғырып, қам жеп отыр. Тура осындай тәрбие алған едiк. Әкең өлсе өлсiн, Сталин өлмесiн" дейтiн едiк… Несiн айтайын, Алматыда болсаң, осыдан бiр оншақты жыл бұрын деймiн бе, "Юридический вестник" деген газет шыққан. Сонда маған кеңестiк соттың жүктеген айыптардың барлығы жазылған. Не үшiн, қандай айып маған тағылды. Барлығы бар. Газеттiң қорытындысында болса, "Құлмағамбетов жазықсыз айыпталып, 10 жылға қамалды, ендi Жоғарғы соттың үкiмiмен ақталды" делiнген. Коммунистердiң әдетi де баяғы, алдымен адамды айыптап, атып тастайды да, сосын барып ақтап жатады. Сол сияқты менi 10 жылға отырғызды да кейiн ақтады. Қазiр мен ақпын. Ақталдым. Қазақстан тәуелсiздiк алған соң ақталдым."
Әбдiуақап ҚАРА, Тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетiнiң профессоры

Серіктес жаңалықтары