248
КIСIЛIККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
КIСIЛIККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
Көрнектi қазақ ақыны Асқар Егеубаевтың ғылымға келуi кездейсоқ емес. Ол сонау өткен ғасырдың 70-жылдарында-ақ әдебиет сыншысы ретiнде таныла бастаған-ды. Талғампаз қазақ өлеңiне "Қыран Ғұмыр", "Өлiара", "Ойлан қазақ", "Желтоқсан", "Аламан" сынды бiршоғыр таңдаулы поэмаларымен елеулi үлес қосқан ақын аудармамен де үздiксiз айналысты. Әсiресе, оны көне түркi әдебиетiнiң iнжу-маржандарын тамылжыта тәржiмелеуi қаламгердiң шығармашылық өмiрiндегi күрделi бетбұрыс қана емес, XX ғасырдағы қазақ руханияты тарихындағы айта қаларлықтай соны құбылыс едi. Тiптi, Асқардың осы қадамы әдебиетiмiздегi iлкi тегiне тартқан жаңғыру мен жаңарудың басы болды десек, артық айтқандық емес.
Дегенмен, Асекең, ежелгi түркi поэзиясының алып шынары — "Құтадғу бiлiк" поэмасын аудара бастағанда небәрi жиырма бес (1976 ж.) жаста екен. Ақын ғана емес, кәдуiлгi қазақ баласы үшiн әлi болымсыз қызық қуып жүретiн шақ. Аталған зор еңбектi Асқар он жылдай аударып, оны 1986 жылы "Жазушы" баспасынан жарыққа шығарды. Көлемi 600 беттен асатын, жалпы саны 6645 бәйiттен тұратын теңдесiз түркi мұрасы — "Құтты бiлiктiң" тұңғыш рет қазақша сөйлеуi, атақты "Желтоқсан" ұлт-азаттық қозғалысы қарсаңында жарық көруi де неткен заңдылық десеңiзшi! Ұлттық құндылықтар ұмыт болып, Кеңестiк жаттанды өсиеттерге құрылған қоғамдағы рухани дүниемiз дүмшеленiп, азғындаған тоқырау кезеңiнде жас жiгiттiң ақындық желiгiн жеңiп, түрiкшiлдiк, елшiлдiк идеясына елiгуi, сөз жоқ, Асқардың адами болмысы мен ақыл-парасатының биiктiгiн аңғартады. Әйтпесе, түркi қағанатының биiк тұрпатты, тұғырлы да тұлғалы кең тынысты эпикалық сипаттағы астары мол айтулы мұрасы "Құтты бiлiктi" қазақша сөйлетуге небiр мықтылардың жүрегi дауаламаған. Ақын болудан гөрi азамат болудың жолы ауыр. Бұл ретте Асекең азаматтық танытты. "Құтты бiлiктi" аударып қана қоймай, осынау ұлық поэманы зерттеуге бүкiл саналы ғұмырын арнады. Мәселен, 1989 жылы түркi дастанын Пекиндегi "Ұлттар" баспасынан араб әлiпбиiнде қайта шығарса, сол жылы "Жүсiп Баласағұнның "Құтадғу бiлiк" дастаны (XI ғ.) және оның қазақ әдебиетiнiң дамуына идеялық көркемдiк ықпалы (дәстүр, поэтика және аударма мәселелерi)" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1998 жылы "Ана тiлi" баспасынан аталған шығарманы жан-жақты зерделеген "Кiсiлiк кiтабы" атты ғылыми эссе кiтабы жарық көрдi. Ал 1999 жылы түркi әдеби мұраларының көкемдiк эстетикалық қырларын ашуға арналған "Ежелгi дәуiрдегi қазақ әдебиетiнiң көркемдiк жүйесi" атты докторлық диссертациясын сәттi қорғап шықты. Сондай-ақ, 2005 жылы "Жүсiп Баласағұн: Роман — эссе" ("Арда" баспасы) кiтабы, 2006 жылы "Құтты бiлiк" дастанының қазақша басылымы қайта қаралған, өңделген түрiнде "Өлке" баспасынан жарық көрдi. Бұған атағы төрткүл дүниеге мәшһүр Махмұт Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрiк" атты аса көлемдi энциклопедиялық сөздiгiн аударып, 1997-1998 жылдары 3 том етiп шығарғанын, поэтика тарихы туралы 2001 жылы "Құлабыз" ғылыми монографиясын жариялағанын қосыңыз. Түркi әдебиетi мен мәдениетiнiң аталған қос дiңгегi жайындағы ондаған зерттеу мақалары да осы ширек ғасырда әртүрлi республикалық газет-журналдарда үздiксiз жарияланып жатты. Осының бәрi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде ғылыми кеңесшi (1990-1991 ж.ж.), ҚР Жоғарғы кеңесiнде баспасөз хатшысы, Парламент Сенатында кеңесшi, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дiң филология факультетiнде оқытушы (1991-1997 ж.ж.) қызметтерiн атқарып жүргенде жазылғанын ескерсек, Асқардың мақсаты айқын, бағыты байсалды, ғылым, әдебиет жолына құлай берiлген жанкештi ғалым екендiгiн байқайсыз. Ақынның асқақ поэзиясы мен әдеби-сын жанрына қосқан қомақты еңбектерiн айтпағанда жоғарыда аталған ғылыми зерттеу жұмыстары мен түркiтану саласындағы аудармаларының өзi-ақ Асқардың есiмiн қазақ руханияты тарихына өшпестей жазып қалдыруға лайық едi… Асекең 2003 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн (2006 ж) М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының "Абайтану және жаңа дәуiр әдебиетi" бөлiмiнде меңгерушi, бас ғылыми қызметкер болып iстедi. Аз ғана мерзiмнiң iшiнде Асқар институтта қолға алынған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы аясында жарық көретiн 10-томдық қазақ әдебиетiнiң тарихын жазуға атсалысып, оның 2, 4, 5, 6, 9-томдарын әзiрлеуге өз үлесiн қосты. Өзi жетекшiлiк еткен 4, 5, 6 томдардың алғашқы кiтабын ғана жарыққа шығарып үлгiрiп, 2006 жылдың 8-қазанында мәңгiлiктiң табалдырығын аттады. Асекең ұлы Абайды зерттеуге бiржола ден қойып едi. Үлкен-үлкен ой-жоспарлары да бар-тұғын. Онысын көп ашылып айта бермейтiн. Қайткенмен, оның ғалым ретiнде Абайға Жүсiптiң "Құтты бiлiгi" арқылы мол дайындықпен келгенi еш күмәнсiз. Зерттеушiнiң әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Абай арасындағы рухани үндестiктi сөз еткен еңбектерi құрғақ дидактика емес, шынайы ғылыми, әдеби-салыстырмалы, поэтикалық және танымдық-фәлсапалық көзқарастар тұрғысынан жазылғаны да анық-тын. Тiптi, Асекеңнiң өткен дәуiр ғұламаларының құнарлы ойға суарылған қанатты сөздерi мен адамзат өркениетi туралы терең де мағыналы пiкiрлерiн талдай отырып, кейде өзi де соларға ұқсап қатты тебiрене, толғана жазып кететiнi бар. Бұл қасиетi, көбiнесе, ғалымның ұлттық менталитет, идея, мiнез, кiсiлiк тақырыбындағы талдау-пайымдауларынан көзге шалынады. "Ұлттық идеология дегендi жиi айта бастадық. Жөн-ақ. Бiрақ, идеология дегенге ет үйренiп алғандiкi ме, әлде басқалай себептерден бе, әйтеуiр идеология хақында айтылған сөздер мен жазылған толғамдардан, жалпы жұртты жандандырмақ жиындардан кейде бәз баяғы саяси сарындардың талансыз салқын лебi есiп тұрады. “Әуелi осы идеология дегеннiң өзiн ағайындар не деп түсiнедi екен?” деген ой келедi сонда. Идеологияның төркiнi "идея", (франс.), "идеал" (грек) болса, Ұлттың мұраты емей немене?! Ұлт мұраты, ұлттың түпкi мақсаты, былайша айтқанда, iздеген иманы емей немене?! " Бұл сергек ойлы ғалымның ұлттық идея, ұлт тағдыры туралы тебiренген сәтi. Асқардың отаншыл ойларының төркiнi қайда апарып соғатынын мына бiр толғамынан табасыз. "Ғаламдық түйсiк-сезiмге арна тоғыстырған ежелгi түркi жазбаларынан бастап Абай, Шоқан, Әуезовтерге дейiнгi рухани таным дүниесiнiң самаладай құс жолы тарихтың талай тоспаларында әруақтай демеп өтерi де күмәнсiз. Күнделiктi күйбең тiрлiктiң, iркiс-тiркiс сабылыс пен алқыныстың жаратылысы сол бiр жұлдызды жолдың көңiл көзiне iлiну, iлiнбеуiне байланысты да шығар. Ендiгi табынатын пiрiң де, сүйенетiн иең де сол бiр үлкен мұратты, қасиеттi ұғымдар. Пiрсiз пенденiң күнi – күйкi, көңiлi – қараңғы. Әлi де болса баршаға мәлiмденiп, тәлiмделiп үлгiрмеген "Құтадғу бiлiк" — құтты бiлiм — сол асыл арқау, арқалы ағыстың бiр шоқтығы… Осыдан он ғасыр бұрын хатқа түскен даналық толғамдар бүгiн де солғындамай, еңсе көтерiп, ел болсам деген үмiттiң отын маздата түскендей". Мiне, өз ұлтының шын жанашыры осылай көсiлте қалам тербеген-дi. Ғалымның, ақынжанды зерделi зерттеушiнiң қашанда Абай әлемiне ой жүгiртiп, ұлт көсемiмен сырласуына таң қалмайсыз. Ол Баласағұн мен Абай өлеңдерiнен кiсiлiк көздерiн — ұлтты ұлағатқа тәрбиелейтiн ғақлият сөздерiн теңiз түбiнен iнжу iздегендей, үздiксiз тередi. Абайдың түркi ойшылдарының еңбегiмен, "Құтты бiлiк" сынды ғажайып дастанның рухани мәйегiмен терең таныстығын тамыршыдай дөп басады. "Дүниенiң арғы-бергiсiн ой көзiмен салмақтаған Абай ата да құттың кiлтiн бiр түйiнге тiрейдi. Ол — адамның өзi. Ниет-құлқы, бiлiмi, еңбегi, адалдығы… Арсыз, надан, жалқауларға жаны күйген Абай да Баласағұндай тығырықтан жол iздеп, құтты қоғам, iзгiлiктi қоғам жолын аңсайды. Баласағұн мен Абай арасындағы үндестiк тақырыптық, поэтикалық үндестiк қана емес, ең бастысы рухани үндестiк, танымдық мектеп тұтастығы", — деп қорытады ғалым. Оның ойынша, "Абай дүниетанымы тұтастай Сократ, Фараби, Баласағұндардың заманауи ойларына жетелейдi. Фараби, Баласағұн, Абай дүниетанымы мен эстетикалық құнарының күретамыры Сократ, Платон, Цезарь, Аристотель секiлдi әлемдiк алыптардың қиялымен қанаттасып қатар соғатындай" (Түркi әлемiнiң ұлы мұрасы // Құтты бiлiк. А., "Өлке," 2006, 25-бет). Ақын-ғалым өз халқының өткенi мен бүгiнгi тағдыр-талайы, адамдық қалып, қоғамдағы күрделi қайшылықтар жайында да мейлiнше терең, мейлiнше өткiр де өзекжарды пiкiрлерiн әсерлi жеткiзедi. "Пенде мен пенденiң пендешiлiгi емес, XXI ғасырдың табалдырығында таразы басында имандылық пен ұлт, жер тағдыры тербелiп тұрған сәтте, қайдағы бiр күйкi тiрлiктiң күйбеңiн күйттеп кердеңдегендер мен арғы-бергiнi жанымен сезiп, ақылға қондыруға жанталасқандардың арасында қаралы қанды судай тағы да сол надандық тұр. Он алтыншы жылдан да… сексен алтының желтоқсанынан да … отыз екi … отыз жетiншi жылдардан да күңiренген қалың елдiң қыр желкесiнен осы надандықтың үңiрейген обыр көздерi тұнжырайды. Балауса тәуелсiздiктiң саумалынан бас айналған күнәсiз масаң заманның бiр шалғайында тағы да сол надандықтың, сыпайылап сипап айтсақ, қатып қалған тырысқақ тасмаңдайлықтың даурыққан, қарлыққан үнi естiледi" (сонда, 37-бет). Асқардың көп айтатыны iлкiдегi түркi жұртының, бүгiнгi қазақ ұлтының ғұмырлық дүниетанымы, мiнез-құлқы, эстетикасы — Қанағат, Рахым, Сабыр, Құт, Кiсiлiк т.б. қасиеттерi. Ақын өзi зерттеген көне түркi дастанында жарқырай төгiлген дүр даналықтың дәнiн бүгiнгi қазақ баласының кеудесiне егiп, көкiрегiне сiңiргiсi келедi. Осы мақсатта ұлы Абай мен Баласағұн, Әл-Фараби мен Қашқари сөздерiне салиқалы ой көзiмен қарап, салыстыра саралай отырып, салмақты пiкiр сабақтайды. Бұл орайдағы толғаныстарын "ХХ ғасырдың аласапыранынан арып-ашып шыққан қазақ жұртының қазiргi менталитетi ұлттың әуелден өзiне хас қасиеттерiн толық танытады дей алмаспыз. Соңғы бiр ғасырға жуық кезең шамасында рухани топан су тасқынына тұншыққан қазақ халқының көш басын қайта түзеуiне дейiн, ұлттық менталитетiн сауықтыруына дейiн ұзақ жылдар керек. Осы жолда шөлiркеген ұлттың өзегiне нәр болып тамып, қанын тазартып, жанын жаңғыртатын бiр күретамыр — осынау ғасырлар қойнауынан тiнiн бұзбай жеткен түркi танымы, түрiк эстетикасы" деп тұжырымдаған екен. Әлбетте, мұндай тебiренiстер тек, ел қамын ойлаған естi азаматтың арналы ойын аңдатары күмәнсiз. “Тек мұндай сындарлы сөздi ұғатын ұл қайда, ұғынатын ұрпақ бар ма өзi?” деп те ойға кетесiң… Асқар зерттеулерiнде, әсiресе, "Құтты бiлiк" дастанындағы қанатты сөздердiң болмыс-бiтiмiн, ой-астарын пайымдай отырып, "кiсiлiк" ұғымын көбiрек талдағанын көремiз. Жүсiп Баласағұнның өзi: “Кiсiлер көп, кiсiлiкке кендемiз, Адалы аз, адам атты пендемiз. Кiсi сирек емес, сирек кiсiлiк, Кiсiлiктiң қадiрiн бiл, түсiнiп!” — деп толғайды Асқар тәржiмесiнде. Шынында да, бағзы замандағы түркiлердiң бойынан бек табылатын, кейiнге дейiн үзiлмеген "Кiсiлiк" атты кең де көшелi ұғым бiрте-бiрте тарап, батыстың бас баққан, бақай есеп "адамшылығына" айналып бара жатқаны жалпы жұртымызды алаңдатпайтыны қалай?! Кезiнде Абайдың өзiн "аһ" ұрғызған "Кiсiлiк" тақырыбына бiздiң зиялыларымыздың бiр айналып соққандары жөн-ау… Мiне, бүгiн марқұм ақын Асқар, ғалым Асқардың алпыс жастың асқаралы асуынан көрiнген рухы аунап-қунап жатқан күндерi қаламымыз қарап қала алмай, осы лебiздi қағазға түсiрдiк. Асекеңмен бiрер жыл қызметтес болғанымыз бар. Iлтипатты, iждиһатты, кiсiлiкке, iлiмге ұмтылған қоғамшыл жан едi. Әрiптес ретiнде еске алып, iнiлiк парызымды өтегенiм ғой, бұл. Иманың салауат, жаның жәннатта болсын, аға! Р.S. Алаш азаматы ақынның әдебиетiмiзге сiңiрген еңбегiн де, есiмiн де ұмытпасына сенемiз. Асекеңнiң Кеңсайдағы мәңгiлiк мекенiне үш том кiтап бейнесiнде түркi бiтiгiнен өлмес ескерткiш орнатып, отағасының орнын жоқтатпай, ғалым — ақын мұраларын көзiнiң қарашығындай сақтап, көптiң кәдесiне жаратып, баспаға әзiрлеп отырған зайыбы Гүлжиһан Күлшәрiп қызы мен Сәуле, Гүлнар сынды перзенттерiне Алланың ризалығы болсын!
Серiкбай ҚОСАН, М.Әуезов атындағы ӘӨИ-дiң
бас ғылыми қызметкерi