САЯСИ ҚУҒЫН-СYРГIН ҚАНШАғА СОЗЫЛДЫ?

САЯСИ ҚУҒЫН-СYРГIН ҚАНШАғА СОЗЫЛДЫ?

САЯСИ ҚУҒЫН-СYРГIН ҚАНШАғА СОЗЫЛДЫ?
ашық дереккөзі
230

Өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргiн зобалаңы қазақ халқының жартысын алып кеттi. Бiрақ Сталиндiк деген атқа ие болған осы бiр қанды зұлмат сол СССР атты мемлекеттiң басшысы көз жұмғаннан кейiн тоқтады ма? Жоқ, қуғын-сүргiн ары қарай жалғасын тауып, нәтижесi Сталиннiң тiрi кезiндегiден кем болмады. Себебi қуғын-сүргiн тек атылған адамдардың санымен ғана өлшенбейдi. Адам жанына тиген азаптармен де өлшенедi. Нақақтан ұсталып атылып кеткен әкелерiнiң қайғылы тағдыры, фамилияларын өзгертуге мәжбүр болған әншi Бибiгүл Төлегенованың, қазақ балетiнiң атасы Болат Аюхановтың, ақын Мұзафар Әлiмбаевтiң және Қазақстанның басқа да көптеген азаматтары мен жанұяларының жарасы ешқашан жазылмайды.

Сталин қайтыс болған соң да Кеңес өкiметi саяси қуғынды тоқтатқан жоқ. Әкесi 1937 жылы атылған драматург Қалтай Мұқамеджановтың: "Саясат дегенiң – ауа-райы сияқты өзгерiп тұратын құбылыс" дегенi рас. Қуғындау да өңiн өзгерттi. Ендi СССР басшылығы халықтардың рухани болмысын қудалаудың көзге көрiнбейтiн әдiстерiн қолдануға кiрiстi.

Бұндай зорлықтың қара бұлты ең алдымен зиялы қауым өкiлдерiнiң басына үйiрiлдi. Солардың бiрi 135-тен астам ғылыми мақала, бүгiнде сирек кездесетiн "Дала уалаятының газетi" (5-том), "Айқап" бетiндегi мақалалар мен хат-хабарлар", "Қазақ-Алаш-Сарыарқа" "Қазақ кiтаптары", "Қазақ" газетi, "Батырлық дастандар", "Ғашықтық дастандар", "Қазақ халқының атамұралары", "Түркiстан уалаятының газетi" т.б. 25-тен астам кiтапты жарыққа шығарған ғалым Үшкөлтай Суханбердинаның көрмеген қиыншылығы аз емес. 1996 жылы жарық көрген "Дала уалаятының газетi" кiтабының алғы сөзiнде Үшкөлтай апамыз былай деп жазады: "1961 жылы "Айқап" бетiндегi мақалалар мен хат-хабарлар" деген атпен алғашқы мазмұндалған библиографиялық көрсеткiш Қазақ мемлекеттiк баспасынан басылып шықты. Бұл кiтаптың дүниеге келуiнiң өзi көп әңгiме. Соның кейбiреулерiне ғана тоқталайын. Қолжазба дайын болып редактор мұқият қарап шыққаннан кейiн Главлито тексердi. Қырағы "көрегендер" кiтаптың iшiнен Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың Ш.Құдайбердиевтiң, Ғ.Қарашевтiң, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың т.б. материалдарын жiбермей алып тастады. Қанша шырылдасам да сөзiм өтпедi. Кiтап шықпай қалатын болған соң айтқандарына көнуге тура келдi". Кiтап шықты бiрақ алда қаншама қорқыту, үркiту сияқты сұмдықтар тұр едi…

Бұл Сталиннiң қайтыс болған уақытынан 8 жыл өткеннен кейiн 1961 жылы болған уақиға. Осының алдында Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың "Қазақ тiлiнiң библиографиясының" 1-кiтабы "А.Б." (Ахмет Байтұрсынұлы — Б.О.) деген көрсеткiштiң болғандығына байланысты түгел өртелiп тасталған болатын.

Деректi фильмдерде көрсетiлетiндей, Алмания фашистерiнiң кiтап өртеуi сияқты әрекет СССР елiнде бұдан кейiн де тоқтатылған жоқ. Алғашқы антрополог, тарих ғылымының докторы, академик Оразақ Ысмағұлұлының 1977 жылы сәуiрде шыққан "Этническая геногеография Казахстана" атты кiтабы үш айдан кейiн тамыз айында Қазақстан Коммунистiк партиясының орталық комитетiнiң қаулысымен өртелiп жiберiлдi.

Рухани қуғынның қара найзасы 30-жылдардағыдай халықтың бетке ұстар азаматтарына қадалғанын Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың жұбайы Фарида Бекжанқызы Битеева жазушының 1966 жылы таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесiнде сыйлық алған "Жат елде" пьесасы туралы айтқаны дәлелдейдi: "Ел-жұрт хабарланып, премьерасына билет те сатылып қойылған. Болғызбады. Дымға түсiнбейтiндер "жат елдi аңсайды, көксейдi" дегендерi болуы керек… Күнде Қалекеңдi КГБ-ға (Комитет Государственной Безопасности-Мемлекет Қауiпсiздiгi Комитетi — Б.О.) шақырып кетедi. Тыныштық жоқ. Менiң әкемдi 1937 жылы күн-түн демей, қайта-қайта НКВД шақырып алып кететiн. Тура сол. Бiр күнi ағаларың маған: "Егер мен келмей қалсам Мәскеудегi достарыма (Ю.Нехорошев, Ю.Рыбаков, А.Михайлова, Н.Крымова — курстастары) хабар бер. Мұнда дұшпандар көп, болысатын бiр адам жоқ" дедi. Қиын… "Бiз перiште емеспiз" деген спектаклi де 28 жылдай тартпада жатты. "Ойпырмай, мынау жақсы дүние екен!" дедi пьесаны оқыған Ғабит Мүсiрепов. Сахнаға шығаруға қорықты. Тек 28 жылдан кейiн ғана ол пьеса өз көрермендерiн тапты". Осындай iс-әрекеттер арқылы мемлекет басындағылар көпшiлiкке 30-шы жылдардың қарасуығынан құтылу қиын екенiн меңзеп отырды. Ата-әжелерi мен әке-шешелерi қудалау көрген халық жоғары басшылықтың бұл ишаратын үндемей қабылдады.

Қаншама жылдар өтсе де елдегi белгiлi адамдардың өздерi өткен ғасырдың бiрiншi жартысында орын алған саяси сұмдық туралы ашық айта алмады. Мысалы, 1976 жылы "Жазушы" баспасынан ақын Әбдiлдә Тәжiбаевтiң "Жылдар, ойлар" деген естелiк кiтабы жарық көрдi. Осы кiтабында сол бiр зобалаңға толы 30-жылдар туралы ақиық ақын Әбдiлдә ағамыз былай деп еске алады: "Қыстайғы әртүрлi қыспақтарды құдiреттi көктем сырыңқырап тастап, жаңа шуақ, жаңа бояулар әкелгендей. Қысылып шыққандардың бiрi Ахаң (композитор — Ахмет Жұбанов — Б.О.) болатын. Оның ағасы Құдайберген Жұбанов кеткен соң Ахметтiң кiшкене тұлғасы бiр уыс боп қалған. Бауырдан айрылу, әрине, оңай болған жоқ. Жай басып, ақырын қимылда болған Ахмет өзiнiң музыкаға байланысты ғана тiршiлiгiн бiледi". Ә.Тәжiбаев: "Оның ағасы Құдайберген Жұбанов кеткен соң" деп жазады. Сталиннiң қайтыс болғанына ширек ғасырдай уақыт өтсе де Қазақстанның ең атақты адамдарының бiрi, белгiлi ақын, Қазақ ССР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Әбдiлдә Тәжiбаев 1937 жылдың 19 қарашасында ұсталып, 1938 жылдың 25 ақпанында атылған қазақтың тұңғыш профессоры, 18 тiл бiлген Құдайберген Жұбановтың қайда кеткенiн ашып жаза алмаған!!! Неге? Ойдағыны ашық жазуға болмайтынын мемлекет басындағылар тура айтпағанмен түрлi әдiстермен ымдап отырған.

Бәрiн былай қойғанның өзiнде СССР мемлекетi басындағылар "халықтар достығы" деген ұранды желеулетiп бiр ұлттың басқалардың алдында биiк болуын қамтамасыз етуге тырысып бақты. Бұл әрекетiн iске асыру үшiн басқа халықтардың ана тiлiн жоюға кiрiстi. Бұнысы нәтижесiз болған жоқ. Көптеген қазақ мектептерi жабылып, бүкiл бiр халық ана тiлiн ұмытардай халге жеткiзiлдi. Қазiр Қазақстанда тұратын қазақтар ана тiлiнде сөйлеуге зар болған кез де болған дегенге кiм сенедi?! Бiрақ бұндай сұмдықтың болғаны рас. «Халық жауы» деген өтiрiк атпен ұсталып кеткен Зейнолла Сейiтжанұлы Жанғабыловтың Алматы қаласындағы Орталық кiтапханада қызмет ететiн қарындасы Салжан құрбысы ғалым Үшкөлтай Суханбердинаға бiрде: "Үшкөлтай, сен бiлесiң бе, бiздiң кiтапханада алты жарым қазақ жұмыс iстейдi, сондықтан қазақ тiлiнде сөйлесуге болмайды" дейдi. «Неге алты жарым?» деп сұрағанда, "Алты қазақ, жарымы Дильбар апай — татар" деп жауап берген. Бұл Қазақ ССР-нiң астанасы Алматыдағы жағдай, басқа жерлердiң де жағдайы бұдан артық болған жоқ.

Республикададағы жоғары бiлiм орындарының басым көпшiлiгiнде сабақ қазақ тiлiнде оқытылмайтын дәрежеге жеттi. Бүкiл Қазақстандағы жалғыз мәдениет институтының өзiнде сабақ орыс тiлiнде өткiзiлдi. СССР басшылығы жоғарғы оқу орындарда басқа тiлдi мамандар дайындалса, болашақта қазақ тiлi ұмыт болатынына берiк сенiмдi болды.

Мемлекеттiң халықты мәңгүрт ету машинасы ең алдымен өнер адамдары мен олардың шығармаларын көпшiлiкке бiлдiртпей жазалауға бағытталды.

Бұндай көзге көрiнбейтiн қуғын-сүргiн қазақ өнерiн айналып өтпегенi белгiлi. Атақты "Қыз Жiбек" шыққан кезде фильмнiң бiрiншi нұсқасын Москвадағылар "Қазақ өмiрi тым бай көрсетiлген" деп қабылдамай жiберген" деген сөз шыққаны есiмде. Бұның шын екенiн Асанәлi Әшiмов ағамыздың "Майраның әнi" атты естелiк кiтабынан оқып бiлдiм: "Сұлтекең ("Қыз Жiбек" фильмiнiң режиссерi — Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықовты айтып отыр — Б.О.) бұл фильм үшiн атақ-даңқын да, халқының алғысын да алды, бiрақ фильмнiң көпшiлiк көрерменге ұсынылған нұсқасы үшiн қатты қиналып жүрдi. Айтып-айтпай, бар жан-тәнiн, бүкiл дарын, қабiлетiн жұмсап, оның үстiне берiлген қыруар қаржыны шашып жүрiп жасап шығарған адал еңбек, төккен терiнiң ең бiр шұрайлы тұстары Орталық комитеттiң идеологиялық сүзгiсiнен соң жүнiн жұлған тауықтай болып, саясаттың сақылдап тұрған қайшысына түстi".

Асанәлi ағамыздың айтуынша, бұлай болуының себебi: "Жоғары жақта" отырғандардың пiкiрiнше, Кеңес дәуiрiне дейiнгi қазақ өмiрiн, тұрмысын қой үстiне боз торғай жұмыртқалаған заман ғып, сән-салтанатын бүгiнгi социализм дәуiрiнен артық қып көрсетуге болмайды екен". Сонымен Төлеген мен Шегенiң Қыз Жiбектi iздегендегi тiзбектi көш-керуен барынша қысқартылыпты. Тiптi түйе үстiндегi мол жасау-жабдық, көштi айнала сауық құрған қыз-бозбалалар салтанаты пышақ үстiнен кесiлiп кетiптi. Сарбаздар саны да көп есе кемiген…

СССР-дегi билiк басындағыларының сөзi мен iстерiнiң алшақтығы Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың атына да байланысты көрiндi. 1973 жылғы 6-маусым күнi "Лениншiл жас" газетiнiң бетiнде менiң әкем ғалым Әсiлхан Оспанұлының С.Рақымовтың ұлты ресми айтылып жүргендей өзбек емес, қазақ екенiн дәлелдеп жазған "Қазығұрт қыраны" атты мақаласы жарық көрдi. Бұған дейiн аталмыш мақала облыстық "Оңтүстiк Қазақстан" газетiнде жарияланған болатын. Сол-ақ екен Облыстық партия комитетi әкеме тыныштық берудi қойды. Әлденеше рет түсiнiк беруге шақырып, әкемнiң соғыс тақырыбына жазған басқа мақалаларын да бастырмай қойды.

Бiрақ әкем С.Рақымовтың туған-туысқандарымен, бiздiң үйде талай рет қонақ болған жұбайы Құралай апаймен және басқа да адамдармен кездесiп жинаған дәлелдерiн алға тартып дегенiнен қайтпады. Осылайша әкемнiң азаматтығы мен табандылығы арқасында Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың қазақ екенi дәлелдендi. Сол кезде әкемнiң қандай қиыншылық көргенi тек өзiне ғана аян. Ол күндерi әкемдi ашық қолдайтын адамдар табыла қоймады. Тек қана батыр Бауыржан Момышұлы ағамыздың жұрттың көзiнше: "Жарайсың, Әсiлхан, Сабыр Рақымовты қазақ еткен нағыз батыр сен болдың!" деп айтқанын әкем бiзге талай рет айтып бердi.

Қуғын-сүргiннiң не екенiн жанымен сезiнген тұлғалардың бiрi – батыр Бауыржан Момышұлы болатын. Бауыржан ағамыз бейбiт өмiр орнаған соң да батыр болған кiсi. Мысалы көп адамдар қазақтың небiр жақсылары мен жайсаңдары "халық жауы" деп атылып кеткенiн бiлдi, бiрақ үндемедi. Ал Бауыржан ағамыз айтатын жерде тайсалмаған. Өткен ғасырдың басында "Оян, қазақ!" деп ұран тастаған Алаш қозғалысының ардақтысы, атақты Мiржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апай былай дейдi: "Мен әрдайым Бауыржан Момышұлын ерекше жылы сезiммен еске аламын. Басқалар әкемнiң атын айтуға қорқып жүргенде, Бауыржан ағамыз жұрттың көзiнше менiң әкемнiң өлеңдерiн дауыстап оқитын. Мен бұндай кездерде Бауыржан аға үшiн қорқып тұратынмын. Ал ол болса даусын қаттырақ шығарып: "Сенiң әкең – мақтаныш етуге тұратын тұлға!" — дейтiн.

Қазақта "Елу жылда ел жаңа" деген сөз бар. Күнi кеше ғана есiгi жабылған ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында орын алған саяси қуғын-сүргiннiң жаңғырығы қазақ халқын қудалап, тiзе бүктiргiсi келгенмен 1986 жылдың суығында, тура жарты ғасырды араға салып көрiнiс тапты, қазақ жастары қуғын-сүргiндi басшылыққа алған мемлекетке қарсы көтерiлдi. Шайқас оңай болған жоқ. СССР-дiң басшылығы қазақ халқына "ұлтшыл" деген айып тақты. Бiрақ қазақтардың күшiмен Қызыл империя iргесiнiң сөгiлгенi соншалық, ақыры өзi де құрдымға кетiп, басқа ұлттардың егемендiк жариялап, жаңа мемлекет болып бой түзеуiне әкелдi.

Осылайша ХХ ғасырдағы ең ауыр зұлмат — мемлекет басшылығы тарапынан жасалған саяси қуғын-сүргiн СССР-мен бiрге тарих қойнауында қалды. Ендiгi жерде жақында тәуелсiздiгiне жиырма жыл толатын елiмiзге бейбiт өмiр тiлейiк!

Бердалы ОСПАН

Серіктес жаңалықтары