АНКАРАМЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ҰЛҒАЙМАҚ

АНКАРАМЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ҰЛҒАЙМАҚ

АНКАРАМЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ҰЛҒАЙМАҚ
ашық дереккөзі
202

Қазақтар мен түрiктер арасындағы сауда айналымы жуық арада 11 млрд. долларға жеткiзiлмекшi. Ал түрiктер тарапынан қазақ экономикасына салынатын инвестиция көлемi 400 млн. долларға дейiн өсiрiледi. Әлемдiк саясаттағы алпауыттар қысымына мойынсұнбай, керiсiнше, қашан да ұлттық мүддесiн алға тартатын түрiктер Еуропа мен Азияны тең дәрежеде құрметтейдi. Мұндайда табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймақтағы Қазақстан сияқты мемлекеттермен серiктестiк пен ынтымақтастықты күшейту түрiктерге сеп болары анық.

САУДА АЙНАЛЫМЫ 11 МЛРД. ДОЛЛАРҒА ЖЕТЕДI

Құрамында түрiк депутаттар мен кәсiпкерлер бар Түркия президентi Абдулла Гүл бастаған түрiк делегациясы апта басында Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетi жанынан ашылған аурухананың тұсауын кесiп, делегация басшысы "Құрметтi доктор" атағына ие болды. Қонақтарды қарсы алған ҚР Президентi Н.Назарбав Гүлге iссапар барысындағы кездесулердiң бiрiнде Қазақстан мен Түркияның экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын түзудi ұсынды. Сонымен қатар ресми iссапар шеңберiнде ұйымдастырылған бизнес-форум барысында түрiк кәсiпкерлерiнiң Қазақстан экономикасына салатын инвестициясын 400 млн. долларға дейiн өсiруге мүмкiндiк беретiн бiрқатар құжат қабылданды. Екi елдiң үш жүзден астам кәсiпкерi бас қосқан форумда өзара ынтымақтастықты арттыра отырып, тиiмдi келiсiмдерге қол жеткiзiлдi. Мысалы, қазақтың iшкi нарығын жеңiлөнеркәсiп өнiмдерiмен қамтамасыз етуге құлшынып отырған түрiк кәсiпкерi Исмаил Таштемир Қазақстаннан тiгiн фабрикасын ашып, осында өндiрiлген өнiмдердi Қазақстанмен бiрге Ресей, Белоруссияға сатуды көздеп отырғанын айтады. Тiгiн өнеркәсiбiн жақсартумен қатар ауыл шаруашылығы, медицина, гуманитарлық сала, туризм мен көлiк салаларына қатысты ортақ жобаларды да iске асыру жоспарда бар. 2008 жылы түрiк мердiгерлерi 11 млрд. долларға бағаланған жобаларды жүзеге асырып, екi ел арасындағы сауда айналымы 2,9 млрд. долларға жетсе, 2009 жылы керiсiнше, 1,4 млрд. долларға дейiн төмендеп кеткен болатын. Қазақстан Президентi Н.Назарбаев түрiк әрiптесi Абдулла Гүлмен бiрге өткiзiлетiн келiссөздер барысында екiжақты ынтымақтастық шеңберiн барынша кеңейту және алдағы уақытта сауда айналымын 10 млрд. долларға дейiн жеткiзу керектiгiн баса айтқан. Ал Абдулла Гүл үстiмiздегi жылдың тамызында Стамбұлда ұйымдастырылатын Түрiк ынтымақтастығы кеңесiнiң кезектi отырысында кәсiпкерлiк саласындағы бастамалар кеңiнен талқыға салынатынын мәлiмдедi.

ТҮРIКТЕРДIҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ

Өткен аптада Анкараға ат басын тiреген РФ басшысы Д.Медведев түрiк әрiптесiмен бiрге 25 екiжақты құжатқа қол қоюды жоспарлаған едi. Алайда, келiссөз барысында небары 17 құжатты қанағат тұтуға мәжбүр болған ресейлiктер "Газпромның" басты мақсаты саналатын "Оңтүстiк ағын" мен "Көгiлдiр ағын-2" газ құбырларының құрылысына қатысты жобаларын түрiктерге мақұлдата алмады. Орыстар көгiлдiр отынын Қара теңiздiң түбi арқылы Болгарияға, одан ары Еуропаға жеткiзудi аңсайды. Алайда, былтыр Вашингтон мен Брюссельдiң наразылығын тудырған әрi еуропалық жоба — Nabucco газ құбырына бәсекелес келетiн осы жобалардың тиiмдiлiгiн зерттеуге уәде берген Анкара Мәскеудiң көңiлiнен шығатын шешiмдi қабылдауға асығар емес. Өйткенi, әлемдiк саясатта "бiрде — бие, бiрде — түйе" Кремльдiң ығына жығыла кетуден қашан да аулақ Анкара әрдайым таразы басын тең ұстауды қалайды. Мысалы, орыстардың Бургас-Александруполис құбырын салуына, түрiктердiң ресейлiк танкерлерге Босфор мен Дарданелл бұғаздары арқылы өтуге қатаң тыйым салуы себеп болды. Сондықтан 2007 жылғы 15-наурызда Ресей, Греция және Болгария Бургас — Александруполис құбыр құрылысы туралы келiсiмге қол қойды. (Құбырдың ұзындығы 285 шақырым. Ол Греция мен Болгария аумағы арқылы өтiп, Босфор мен Дарданелл бұғазын басып өтедi. Жалпы құны 900 млн. долларға бағаланған жобаның тасымал қуаты жылына 35 млн. тонна, жылына 50 млн. тоннаға дейiн жеткiзу жоспарланған). Түркия президентi Қазақстанға келмес бұрын премьер Реджеп Тайип Ердоған Әзiрбайжанда болып, Шах-Дениз кенiшiнде өндiрiлген табиғи газды еуропалық нарыққа жеткiзудiң жолдарын қарастырған болатын. Бұл Еуропалық Одақтың ресейлiк көмiрсутегiлерге деген тәуелдiлiктен арылуға мүмкiндiк беретiн жобасы — Nabucco құбырына тiкелей қатысты. Қырық жылдан астам Еуроодақтың есiгiне телмiрумен келе жатқан түрiктер ұлттық мүддеге келгенде, ешкiмге есе жiбермеудi көздейдi. Алайда, Анкараның еуропалық құбырдың келешегiне алаңдауы Кремльдiң көңiлiне жақпасы анық. Егер Баку Анкараның ұсынысын қабыл алса, әзiрбайжандарды Түркiменстан, Иран мен Ирак құптауы әбден мүмкiн. Бұл дегенiңiз — орыстардың "Оңтүстiк ағынына" тосқауыл қоймақ. Оның үстiне, жуырда ғана Тегеран Анкараға өзi өндiрген уранның 1200 келiсiн беруге келiстi. Түрiктердi илеуге көндiруге тырысқан орыстардың өзгелерге есе жiберiп алған тұстарының бiрi де — осы. Ресейлiк сарапшылардың кейбiрi "Кремль Түркияның ядролық алпауытқа айналуына жағдай жасап отыр" деп тоң-терiс. Ал түрiктер жағы болса, транзиттiк ел атанған мәртебесiн пайдалана отырып, ресейлiк көмiрсутегiлердi тасымалдау барысында өз елдерiне импортталатын энергоқорлар құнын 10 пайызға дейiн арзандатуды көздейдi. Ресми деректерге сүйенсек, Анкара елге келетiн газдың 62 пайызын "Газпромнан" тасымалдайды. Яғни, арнайы жеңiлдiктерге қол жеткiзген жағдайда, түрiктер табиғи газға кететiн шығынды 7 млрд. долларға дейiн үнемдемек. Бiрақ Түркияның бұл ұсынысын Ресей әзiр құптамай отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары