ҚАЙТСЕК ОҚУЛЫҚТЫ ЖАҚСАРТАМЫЗ?
ҚАЙТСЕК ОҚУЛЫҚТЫ ЖАҚСАРТАМЫЗ?
Оқулық мәселесi бүгiнгi таңдағы күйiп тұрған жанды тақырып. Оқулықтың кем-кетiгiн түгендеу үшiн Парламент депутаттары сан мәрте депутаттық сауалдар жолдаса, бұқаралық ақпарат құралдары мәселенi тынбай тарқатып жариялап келедi. Тiптi, күнi кеше Астана қаласында екi күн бойы бас қосқан ТМД елдерi мұғалiмдерiнiң I съезiнде де жаңа заман талабына сай жаңа буын оқулықтарын әзiрлеу, оның түйткiлдерi мен келешегi, мектептегi бiлiм берудi дамытудағы мұғалiмнiң рөлi секiлдi жайттар кеңiнен талқыланды. "Түркiстан" газетi де аталмыш мәселеге өзiндiк үн қосқан. Айтылған кейбiр сындарға келiсiп, кейбiрiнiң салдары мен себептерiн жiтi түсiндiргiсi келген баспа қызметкерлерi мен мұғалiмдердiң басын қосып, "Қайтсек оқулықты жақсартамыз?" деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырған едiк.
Дөңгелек үстелге қатысқандар: Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА, "Дүниетану" оқулығының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Фарида ЛЕКЕРОВА, "Алматыкiтап баспасы" ЖШС-ның әдiскер-редакторы. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ, "Алматыкiтап" баспасының баспа iсi жөнiндегi вице-президентi. Зүбайда МҮФТИБЕКОВА, "Қызықты грамматика" (оқу құралы), "Әдебиеттiк оқу" оқулығының авторы. Гүлзина ҮРЖIГIТОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның бастауыш сынып мұғалiмi. Райхан САҒЫМБЕКҚЫЗЫ, №10 мектептiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi. Ғарифолла ӘНЕС, "Арыс" баспасының директоры, "Қазақ тiлi" қоғамының вице-президентi. Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ, "Түркiстан" газетiнiң бас редакторының орынбасары. Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, журналист-филолог. Күләнда ЕРЕШОВА, "Әлiппе" оқулығының авторы. Дана ҚАНАЕВА, ата-ана. Бақытгүл ЖЕКСЕМБЕКОВА, №145 мектептiң бастауыш сынып мұғалiмi. Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА: – 1968 жылдан бастап бастауыш мектеп оқулықтарын жазумен айналысып келемiн. 1980 жылдан берi қазiргi Қазақ қыздар педагогикалық университетiнде бастауыш сыныптарға кадр дайындау мәселесi жөнiнде 17 жыл декандық қызмет атқарып, қазiр де сол кафедраны басқарамын. Мұндағы айтқым келiп отырғаны – бастауыш сыныптарға оқулық жазу мәселесi маған өте жақын және үнемi iздендiретiн, ойландыратын жағдай екендiгi. Оқулық туралы пiкiр айту, оны жөндеуге атсалысу дұрыс, орынды деп есептеймiн, егер ол шынында да орынды сын болса. Бастауыш сыныптарға оқулық жазу өте қиын мәселе. Жоғары сынып оқулығын жазумен бастауыш сынып оқулықтарын жазуды салыстыруға болмайды. Себебi, бастауыш сынып оқулығына енетiн мәтiндердiң көлемi шағын, сөйлемi ықшам, тiлi оқушылардың жас ерекшелiгiне лайықты жеңiл, мазмұны түсiнiктi бола тұра, соның iшiне ғылыми атаулар, заңдылықтар қолданылуы керек. Сонымен қатар, тiлдiң бала ойына оралымды, тартымды, қызғылықты болу жағы да қарастырылуы тиiс. Осы тұрғыдан алғанда бiз нақты бiр ғылыми ұғым беру үшiн сөйлемдегi сөздердi санап, оның мазмұндық жағына көңiл қойып, ғылыми атаулар мен заңдылықтардың енуiн байқап, тұсалумен отырамыз. Ал ғылыми ұғым беру барысында мәтiндi ауырлатып алсақ, 2-3-сынып оқушыларының түсiнуiне ауыр соғуы мүмкiн. Сол сияқты бастауыш сынып оқулықтарына қазiргi таңда қойылып отырған талаптардың бiрi – мәтiннен кейiнгi сұрақтар мен тапсырмалардың деңгейлеп берiлуi. Мәселен, бiр тапсырма мәтiннiң мазмұнын ашуға тiкелей қатысты болса, екiншiсi ол мазмұнды оқушының өмiр тәжiрибесiмен байланыстыруға, үшiншiсi – жаңа бiлiмдi өткен ұғымдарымен сабақтастыруға, ендi бiрi оқулықтағы мәтiн мазмұнына орай берiлген суреттердiң мазмұнын ашуға бағытталып, оқушыларды бiртiндеп шығармашылық iс-әрекетке жетелеу мақсатымен қолданылады. Бағдарлама талабына сай әр мәтiндi берген сайын осылайша ойланып, толғану авторлар үшiн оңайлыққа түспейдi. Дайын болған оқулықтың алғашқы сұлбасын мұғалiм қауымы қарап шығады. Олар кетiп отырған кем-кетiгiн айтып, пiкiр қосады. Оқулық осыдан кейiн барып баспаға ұсынылады. Осы тұрғыдан алғанда "Дүниетану" оқулығы мазмұны, құрылымы, әдiстемелiк аппараты жағынан мұғалiмдер қауымынан қолдау тауып отыр. Ал, оқулықты өңдеудегi баспаның мiндетi өзiнше, оны мен айтып түсiндiре алмаймын. Автор ретiнде байқағаным, қазiргi таңда оқулықтардың көркемдiгi бiраз жоғарылады. Оның полиграфиялық тұстарына көп мән берiлуде. Бұрын оқулыққа қазақ баласының суретiн салдыру үшiн қаншама алысатынбыз. Суретшiлер мiндеттi түрде қазақтың көзiн жiпситiп, бетiн табақтай дөңгелентiп бергенде намысымызға тиетiн-дi. Қазiр, Құдайға шүкiр, оқулықтардың эстетикалық деңгейi көтерiлдi десем, артық болмас. Оқулық негiзiнен үш деңгейдегi адамға бағытталады. Әрине, ең алдымен, оқулық – бағдарлама талабын орындай отырып, оқушыға арналады, сонымен қатар, оқулық – мұғалiмнiң басты құралы ретiнде маманға арналады, әрi оқулық – ата-ананың да балаға көмекке келуiне басшылық ететiн құрал. Осының бәрiн айта келе, оқулыққа сын айтушыға ешқашан қарсы емеспiн. "Сын түзелмей, мiн түзелмейдi". Бiздiң де жүрегiмiз ауырады. Сондықтан "мынаны былай етсе, қалай болар едi" деген ақыл естiсек, қуана қарсы аламыз. Бiрақ сөйлемдерде кездесетiн бiр сөздi ұстап алып, оны орынсыз баттитып, тақырыпқа шығарып, сол туралы айқай көтеруге тырысып, құр даңғазалыққа басу ұят мәселе деп бiлемiн. Мәселен, "Су – сұйық зат" дейдi деп мақала жазу қалай деп ойлайсыздар? Су сұйық затқа жатпағанда неге жатады? "Дүниетану" – биология, химия, физика, география, астрономия, т.б жаратылыстану ғылымдарының бастамасы ретiндегi пән. 8-сыныптағы Химия пәнi: "Су – ерiткiш" деген тақырыптан басталып, осының iшiнде судың сұйық зат екендiгiн, оның ерiткiштiгiн дәлелдейтiн тәжiрибелердi бередi. Осы ұғымдардың жеңiл түрдегi бастамасы бастауыш сыныптарда берiледi. "Дүниетану" оқулығын жазғанда ғылыми ұғымдар: құбылыс, зат, дене, т.б. мiндеттi түрде қолданылуы керек. Осыған байланысты қарапайым мысалдар бойынша су сұйық зат, онда еритiн ерiмейтiн заттар бар деген сияқты ұғымдар берiледi. Су – өзен, көл, теңiздерде болады десе, онда қандай қателiк бар. Мұны бастауыш сынып оқушылары жақсы түсiнедi. Әр автор оқушы, мұғалiм, ата-ана алдында жауаптымын деп қарауға тиiстi деп ойлаймын. Көпшiлiк жұрт оқулық жазған адам ақшаны көп алады, олар миллионер деп ойлап, осы жағынан қызғаныш туып, орынсыз сын айтуға тырысады. Бiздiң Республикамызда авторлар қауымы санаулы. Ресейдегi сияқты ертеден қалыптасып қалған емес. Қазiргi таңда бастауыш сыныптарға оқулық жазатын авторлар бiраз шыға бастады. Әрине, оқулық iшiнде кейбiр сөздерден қате кетуi мүмкiн, қаншама қолдан өтсе де, байқалмай қалатын жағдайлар да кездеседi. Бiз оқулықты жақсартқымыз келсе, жеке сөздердi қуаламай, оқулықты жақсы талдай бiлетiн тәжiрибелi мұғалiмдерге жүгiнуiмiз керек. Ендi бiр айта кететiн жағдай, соңғы жылдары Бiлiм және ғылым министрлiгi жанынан "Оқулық" республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталықтың оқулықтарды жөндеуде үлкен пайдасы тиiп отыр. Себебi, орталық арқылы баспадан шығатын оқулықтар мектептiң тәжiрибелi мұғалiмдерiне сараптама жасауға жiберiледi. Олардың жазған пiкiрi өте орынды және дәлелдi болып келедi. Сол арқылы авторлар да, баспа орындары да оқулықты өңдеуге жұмылады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, мұндай сараптамаға түсу көптеген лауазымды авторлар тарапынан күштi қарсылықтар тудырып отыр. Фарида ЛЕКЕРОВА: – "Организм" сөзi аударылмайды, ол "тұтастай дене" деген ұғымды бiлдiредi (мысалы, адам организмi. Өсiмдiк – тiрi организм). Ал "ағза" – "орган" деген сөздiң аудармасы, яғни iшкi органдарды – iшкi ағзалар деп атайды. Бұл терминдердiң барлығы терминкомда бекiтiлген және бұл жөнiнде медицина саласы бойынша аудармамен айналысатын медицина қызметкерiмен сөйлескенбiз. Ал сан жөнiнде айтар болсақ, ол "цифр" емес "число" деген сөздiң аудармасы. Сан мен цифр қазақ тiлiндегi дыбыс пен әрiп сияқты қызмет атқарады. Сан цифрлардан құралады. Мысалы, бiр цифрдан бiр таңбалы сан, екi цифрдан екi таңбалы сан жасалады. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – 1-сыныпта "Ана тiлi", ал 2-сыныптан бастап "Әдебиеттiк оқу" деп аталатын себебi ҚР Бiлiм стандарты мен пәндiк бағдарламасында солай деп аталған. Себебi, 2-сыныпта балалар көркем әдебиет үлгiлерiмен шағын көлемде таныса бастайды. Орыс тiлiнде бiлiм беретiн мектептерде бұл пән "Литературное чтение" деп аталады. Зүбайда МҮФТИБЕКОВА: – Балалар 1-сыныпқа келгенде "Әлiппе" оқулығын қолына алады. "Әлiппеге" қосымша жазба жұмысы "Сауат ашу" сабағы бар. Бiрiншi жартыжылдықтан кейiн балалар "Ана тiлiн" оқиды. Бұл "Ана тiлiнде" балалар жазумен қоса, әдеби шығармалар мен кiшкентай мәтiндердi оқиды. Яғни, бұл әрi қазақ тiлi, әрi әдебиеттiң кiрiктiрiлген түрi. Сондықтан мұның аты "Ана тiлi". Бұрын осы уақытқа дейiн шыққан оқулықтың бәрi "Ана тiлi" деп аталды. Бұған мұғалiмдердiң өмiр-бойы көзi үйренiп алғаны соншалық, "Ана тiлiнiң" орнына "Әдебиеттiк оқу" деп шығып едi, "Бұл неге "Әдебиеттiк оқу" деп аталады?" деп шу ете түстi. Бұл таза әдеби мәтiндер, әдеби лирика, яғни, көркем шығарма. Бұл жерде қазақ тiлi жоқ. Ол бөлек. 2-сыныпта тек таза әдебиет. Ал, 1-сыныптың "Ана тiлiнде" қазақ тiлi де, әдебиет те бар. Бұдан қорқатын дәнеңе жоқ. Бағдарлама бойынша әрбiр тоқсан бiрнеше тарауға бөлiнген. 1-қыркүйекте "Туған жерiм – Қазақстан" деп берiлсе, кей адамдар тек Қазақстан туралы ғана айту керек деп түсiнедi. Сонда бiлiм мерекесi, тiл мерекесi, Конституциямыз қайда қалады? Мiне, осының бәрiн кiргiзсек, тағы да "тарауға сай емес" деп шуылдайды. Тiлшi: – Бұл мәселе мұғалiмдi де, ата-ананы да, жалпы қоғамды да мазалап жүр. Осыны түсiндiрiп берсеңiздер. Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА: – Бiз әдiстемелiк құрамда мұғалiмдерге нұсқау беремiз. Мәселен, мұғалiм күз тақырыбын қыста өтуi мүмкiн емес. Балалар көктемдi бақылап, күннiң жылынғанын, өсiмдiктiң көктегенiн, құстардың келгенiн көруi керек. Сондықтан да оқу жылының басында мұғалiм жұмыс жоспарын жасағанда тақырыпты өз жерiнiң ерекшелiгiне қарай өтудi көздеп бөледi.Тек осы 68 сағатты аптасына екi рет, өз тұрған жерiнiң ыңғайына қарай, өлкетану материалдармен байланыстырып, бақылауға негiздеп өту керек. Шындығын айту керек, қазiр мұғалiмнiң iшiнде әртүрлi мұғалiм бар. Кейбiр жастар жаңадан келiп түсiнбей жатса, қолына берiлген әдiстемелiк нұсқаумен ыңғайланып жұмыс iстеуi қажет. Ал тәжiрибелi мұғалiм ешқандай да қиналмайды. Әрине, семинарларда мұғалiмдердiң сұрағына жауап беремiз, түсiндiремiз. 150-200 адам отырған жерде мұғалiмдер оқулықтарды тас-талқан етiп талдайды. "Мына жерi балаға ауыр, мына тапсырма дұрыс емес" дейдi. Бiз содан кейiн алғашқы сұлбасына түзету енгiземiз. Оқулық талай қолдан өтсе де, төрт аяқтан тiк тұрады дегенге сенбеймiн. Iздеген адам әйтеуiр бiр мiн табады. Бiрақ, қайта өңдеу кезiнде бұл олқылықтар жөнделiп отырады. Гүлзина ҮРЖIГIТОВА: – Қазiр мендегi қиындық не? 1-сыныпты оқытып отырмын. 45 минуттық сабақтың 35 минутында оқушыларды сүйреп отырамын. Оқулық бағдарламаға сай жазылды дегенге келiсемiн. Бiрақ, қазiргi көрiп отырған картина басқа. Бала мәтiнге түсiнбейдi. Оқушының өзiндiк жұмыс орындауы өте ауыр. Сыныбымдағы 30 оқушының iшiнде жылдам оқи алмайтыны жоқ. Әрбiр ата-ана баласын оқытпай мектепке жiбермейдi. Соның өзiнде 45 минуттық сабақта маған соншалықты күш түсiп отыр. Күш түскеннен қиналмаймын. Мен – мұғалiммiн. "Ана тiлi" кiрiктендiрiлген оқулық. Менiң түсiнiгiмде, кiрiктендiрiлген деген – қазақ тiлi мен ана тiлiлiнiң бiр мәтiнде берiлуi. Мысалы, "Ана тiлiнен" "Шығыстың жұлдызы" деген мәтiн өттiм. Әлия туралы бүкiл материалды дайындап түсiндiрдiм. Оқиғасы қызық екен, бала түсiндi. Мiне, "Ана тiлiнiң" сабағында әдебиеттiң орындау керек мақсаттарын орындадым. Ендi мен жазу жұмысына көшуiм керек. 2-жаттығуда "Күн жылынды. Жер көгердi" деп келетiн мәтiннен "Кiм? Не?" деген сұраққа жауап беретiн сөздердi тап дейдi. Сонда 45 минут сабақтың iшiнде әдебиеттi оқытып тұрдым да, көктемде жердiң көгергенiне, жердiң "Не?" деген сұраққа жауап беретiнiне көшiп кеттiм. Неге бiр жүйеде тұрмаймын? Неге сол жаттығуда алдындағы мәтiнге жақын сөйлем тауып бермеске? Жақында "Алматы" деген мәтiндi өттiм. Сонда бiр сөйлемде 18 сөз бар. Менiң жүргiзiп оқып тұрған оқушым мына сөйлемнiң соңына жеткенше басындағы сөздi ұмытып қалды. Ештеңе түсiнген жоқ. Мұны 4-сыныптың оқушысына түсiндiре аламын. Мәселен, тағы да "Бөдененiң құйрығы неге қысқа?" деген аңызда бөдене барып тауға шағылады да, құйрығы сол жерге қыстырылып, қалып қояды" дейдi. Мұның қайдан алынған аңыз екенiн түсiнбедiм. Бұрын тарауда бiр сабақтастық болатын. "Отаным – алтын бесiгiм" тарауды өтсек, қазақтың батырларын айта кететiн едiк. Күнде таңертең "Балалар, бiз қай тарауды өтiп жатырмыз? Кiмге тоқталып едiк?" деп қайталай келе, келесi мәтiндi беретiн едiк. Бiр аптада өткен 4-5 тақырыптың бiр-бiрiне жақындығы жоқ. Өйткенi, тараудағы сабақтастық дегендi ұмытып қалдық. Менiңше, "Ана тiлi" оқулығында "Дүниетанудың" материалы өте көп. "Жәндiктер қысқа қалай қамданады?", "Тиiн", "Жануарлар" – кәдiмгi "Дүниетану" сабағы. Бiр жақсысы, "Алматыкiтап" оқулықтарында көрнекi құралдар көп. Негiзi бала 45 минуттың iшiнде екi-ақ көркем суреттi көрiп қайту керек. Ал, әр нәрсенi көрсетсем, бала неге көзiн тоқтататынын бiлмейдi. "Әлiппеден" 42 әрiптi ендi ғана меңгерiп, "Ана тiлiне" көштiк. 1-сыныптың оқушысына "Қазақстан Республикасының Конституциясы" дегендi түсiндiру өте ауыр. "Бап" десең, "Неге ол бап?" деп сұрайды. Барлық нәрсе өзiнiң мерзiмiнде берiлу керек шығар. Бiрде оқушылардан "Әлiппе" пәнiнен ойыңда не қалды?" деп сұрасам, кiрпiнiң диалогын айтты. Өйткенi, қызықты. Ал қазiр "Ана тiлiнен" естерiнде не қалғанын сұрасам, жақсы оқитын баланың өзi "қайсы едi?" деп тұрады. Қысқасы, мәтiндер баланың есiнде қалып жатқан жоқ. Сосын материалдары "Негеш", "Ол кiм? Бұл не?" деген энциклопедиядан алынған. Дегенмен, автордың шығармасынан берiлу керек шығар. Әйтеуiр балалар сабақтың соңында шаршап шығады. Өйткенi, берiлетiн ақпарат өте көп. Мысалы, 1-сыныптың оқушысы бiр күнде 5 жаңа сөз ғана қабылдауы керек екен. 3-4 сыныптың оқушысы 12-13 жаңа сөз қабылдауы керек. Бүгiнгi оқушы бiр жаттығуда 12 сөзге дейiн жазуға тура келдi. Фарида ЛЕКЕРОВА: – "Ана тiлi" оқулығы туралы пiкiрлер сан алуан. Бiз республика көлемiндегi мұғалiмдермен жиi кездесiп тұрамыз. Сонда қаланың мұғалiмдерi: “ана тiлi қиын, математика оқулығы жеңiл” десе, ауылдың мұғалiмдерi: “ана тiлi жеңiл, математика қиын” дейдi. Өйткенi ауылдың балалары тiлдерi таза қазақ тiлiнде шығып, табиғаттың ортасында өскендiктен сөздiк қорлары жақсы болады. Ал қаладағы балалардың көпшiлiгiнiң ата-анасы орыс тiлiнде сөйлейдi. Қаланың балалары кейбiр қарапайым сөздердiң мағынасын да түсiнбей келедi. Ол балаларды сөйлеуге үйрету бiздiң мiндетiмiз. Егер мұғалiмнiң әдiс-тәсiлдерi жеткiлiктi болмаса, сабақты түсiндiруде қиналатыны рас. Тағы бiр қиындығы – ана тiлi оқулығының кiрiктiрiлiп берiлуi, яғни ана тiлi мен қазақ тiлi пәндерiн кiрiктiрiп оқытады. Оқулықтың әрбiр тақырыбы оқу мәтiндерiнен басталады да, ары қарай грамматикалық жаттығулар берiледi. Сондықтан да екi пәндi байланыстырып өту мұғалiмнен үлкен шеберлiктi талап етедi. Оқулықта тақырыптар жыл маусымдарына және мерекелерге байланысты берiлген. 2-4-сыныпқа арналған әдебиеттiк оқу пәнiнде тақырыптар тараулар бойынша бөлiнедi де, әңгiме тараудың тақырыбына сәйкестендiрiлiп алынады. Ал мемлекеттiк стандарт бойынша жазылған оқу бағдарламасына сәйкес 1-сыныпта тақырыптар оқу пәнi бойынша емес, грамматика бойынша "Дыбыстар мен әрiптер", "Сөйлем және сөз", "Заттың атын бiлдiретiн сөздер", т.б. тарауларға бөлiнедi. Грамматикаға байланысты берiлген бiрнеше жаттығудың бәрiн мәтiн iшiнен ала беруге болмайды. Оқулықты құрастыруда авторлар неден қиналады? 1-сыныптың баласына арналған тiлi түсiнiктi, шағын әңгiмелер табудан. Ондай әңгiмелер жоқ дей алмаймыз, бiрақ көп те емес. Ол әңгiменi тапқан күнде де ол сенiң тақырыбыңа сай, тәрбиелiк мәнi жоғары, сол күнгi өтетiн грамматикалық тапсырмаларды орындауға сәйкес болу керек деген сияқты талаптары бар. Сондай-ақ дүниетанудың тақырыптары жүр деген сөзбен де келiсе алмаймыз. Бiзде барлық пәндер бiр-бiрiмен тығыз байланысты болуы шарт. Оқулықтың танымдық жағына да көңiл бөлуiмiз керек қой. Бала сол әңгiмелердi оқи отырып, сөйлеу тiлiн де дамытады, танымдық бiлiмi де артады. Ғарифолла ӘНЕС: – Әрбiр оқулық туралы пiкiр-талас жасауға болады. Кезiнде "Ана тiлi" газетiнде қызмет iстеп, тiл туралы талай мәселе көтердiк. Бүкiл ұйысқан мақсат – Қазақстандағы аралас, орыс мектептерiн жою керек. Әлемде Қазақ мемлекетi ғана қазақ мектебi, орыс, ұйғыр мектебi деп жазып отыр. Ол баяғы патша заманынан "Русская, киргизская школа" дегеннен қалған нәрсе. Бiз әлi сол психологиямен келе жатырмыз. Екiншi мәселе – қазақ мектебiнде бiлiм сапасы төмен деген нәрсе бар. Тым болмаса үйдегi бес баланың бiреуiн орысша оқытайық деген психология әлi бар. Менiңше, журналистердiң ащы жазғанына шапшымау керек. Өйткенi, бұл ортақ мәселе. Және журналистiң бәрiн бiлуi мiндеттi емес. Жалпы, қоғамдық пiкiрдi қазақ мектебiне қарай бұру керек. Бұл жерде бiз Қазақстан үкiметiнiң 20 жылда жiберген кемшiлiктерiн айтпай отырмыз. Оны кiм жiбердi? Әңгiме онда емес. Ең бiрiншi, мектеп үкiметтiкi болғаннан кейiн, оқулық та үкiметтiкi болуы керек. Керек болатын болса, оны шығаратын баспа да үкiметтiкi болуы қажет. Барлық мәселенiң түбiрi осыдан шығып отыр. Былтыр мамыр айында Бiлiм және ғылым министрi жиналысқа шақырды. Сонда министр: "Бөлмемде мыңдаған оқулық тұр. Өзiм мың оқулық оқып шықтым" дедi. Министр неге оқулық оқуы керек? Өйткенi, бәрiн жекеменшiк баспалар бөлiп-бөлiп алған. Оқулық саласында, руханият пен медицинада, жалпы қазақ тiлi саласында бәрi ойларына келгенiн iстеп, жекешелендiрiп алды. Егер мектеп үкiметтiң дүниесi болса, оқулық шығаратын баспа да мемлекеттiк болуы керек қой. Мына көрнекi құралда "Демонстрациялық материал" деп тұр. "Демонстрация" деген "Демонстрация", материал "материал". Осындай да сөз бола ма? Райхан САҒЫМБЕКҚЫЗЫ: – Бәрiмiздiң айналып келгенде, илеп отырғанымыз бiр терiнiң пұшпағы. Мақсатымыз да бiр. Қазақстанның азаматын оқытып шығару. Шынында да, оқулықтың өзi неше түрлi баспадан шығады. Бiреуi көкке, бiреуi көлге тартатын бақа, шаян сияқты. Мұғалiм қай кiтаппен оқытарын бiлмей дал болады. Ал оған басшылар "Мектепке қай кiтап келiп түстi, сонымен оқытасың" деп бұйырады. Орыс сыныптарына қазақ тiлiнен сабақ беремiн. Әр мұғалiмнiң пiкiрi әр түрлi. Ал өзiм модульмен оқытқым келедi. Басқа оқулықпен оқытқым келмейдi. Сонда оқытқысы келмей тұрған мұғалiмнен бiлiм алған оқушы қандай болады? Ұлтымызға тән бiлiм беретiн оқулықты дұрыстап шығаруымыз керек. Мысалы, орыс сыныбына кiрiп, "Сәлем мектебiм" деген сабақты өтiп, "мiне, балалар бiлiм ұясы сендерге "Қош келдiңiздер!" деп қарсы алып тұр" дейiн десем, суреттегi Қазақстанның мектебiне "Добро пожаловать!" деп қояды. Неге ол қазақша болмайды? Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – Дана халқымызда "Даяр асқа – жеушi көп, бiткен iске – сыншы көп" деген мақал бар. Оқулық жазу оңай шаруа емес. Сапалы оқулықты педагогикалық терең бiлiмi бар, бала психологиясын жақсы бiлетiн, бiлiм беру әдiстемесiн терең меңгерген ғалымдар мен педагог мамандар ғана жаза алады. ХХI ғасырдың заман талабына сай бiлiмдi ұрпағын даярлау үшiн мынадай төрт алғышарт керек деп ойлаймын: бiрiншiден, тәрбиелi отбасынан тiлi қазақша шыққан бала; екiншiден, елi мен ана тiлiн сүйетiн, салтын сақтайтын ұлтжанды ата-ана; үшiншiден, бiлiмдi де бiлiктi, бiлiм берудiң жаңа технологиясын меңгерген, iзденiмпаз мұғалiм; төртiншiден, бала мен ата-анаға түсiнiктi, мұғалiмнiң сабақ беруiне тиiмдi, қолайлы оқулық кешенi керек. Осы шарттар орындалса, бiлiм сапасының жоғары болары даусыз. Оқулық жазуда мемлекеттiк бiлiм беру стандарты мен пәндiк бағдарлама тiкелей басшылыққа алынады. Одан ауытқуға еш болмайды. Бағдарламада пәнге бөлiнген сағат саны мен тақырыптары нақты берiледi. Соған сәйкес баспада оқулықтың макетi жасалып, сараптама жасау үшiн "Оқулық" республикалық ғылыми-зерттеу орталығына жiберiледi. Сараптамадан кейiн кеткен қателер түзетiлiп, баспаханаға жiберiледi. Шындығын айтар болсақ, осыдан он шақты жыл бұрын өте қысқа мерзiмде асығыс жасалған мемлекеттiк стандарт пен бағдарлама бүгiнгi күнi қайта өңдеу мен толықтыруды талап етедi. Бұл мәселе ақпан айында Бiлiм және ғылым министрiнiң баспагерлермен болған кездесуiнде де көтерiлген едi. Негiзгi нормативтiк құжаттар әлемдiк стандарттарға сәйкестендiрiлсе, бiздiң авторларымыздың да заман талабына сай оқулықтар жазарына еш күмәнiм жоқ. Ұстаздық тәжiрибеме сүйене отырып айтарым: “баланың да, оқулықтың да тағдыры – мұғалiмнiң қолында” дер едiм. Себебi, оқулықты "алтынмен аптап, күмiспен күптеп" берсеңiз де мұғалiмнiң бiлiмi мен шеберлiгi болмаса, одан келер пайда жоқ. Мұғалiм шебер болса, қандай нашар оқулық болса да баланы бiлiмдi етiп шығарады. Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен берi қолданыста келе жатқан "Атамұра" баспасының оқулықтарына қанша сын айтылғанмен, сол оқулықтармен оқыған сан мыңдаған жастарымыз шетелдiң әйгiлi жоғары оқу орындарын бiтiрiп, ел игiлiгiне қызмет етуде. Тағы да бiр атап айтар мәселенiң бiрi – авторларға жағдайдың жасалмауы. Жұмыс орындарынан демалыстың берiлмеуi, авторлардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн арттыратын, жаңа бiлiм беру технологияларымен таныстыратын арнайы курстар мен семинарлардың ұйымдастырылмауы, "Авторлық мектептiң " құрылмауы көп жағдайда қолбайлау болып отыр. Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ: – Редакторлар авторлармен бiрге жұмыс iстей ме? "Су – бұлақ, өзен, көл, теңiз, мұхиттарда болады" дейдi. Сондай да сөйлем бола ма екен? Қарапайым ғана сөзбен беру керек қой. Мұның бәрi орысшадан аударма. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – Бiзде үлкен кемшiлiк бар. Егемендiк алғаннан кейiн лицей, гимназиялар ашылды. Оларда математика 9-10 сағат болса, жәй мектепте 4-5 сағат. Мемлекетiмiздiң кемшiлiгi – Ресейдегi сияқты лицей, гимназияға 10 сағат оқулық жасау керек едi. Ол бiзде әлi жоқ. Сондықтан бiздiң оқулықты 10 сағат оқитын гимназия да, 4 сағат оқитын жалпы бiлiм беретiн мектеп те оқиды. Оқулықты күрделендiрiп жазатынымыз сол. Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: – Оқулықтарды филолог-ғалымдарға оқытып алу қажет сияқты. Өйткенi, стилистикалық қателер өрiп жүредi. "Бiз жануар тектес азық-түлiктер – ет, балық, iрiмшiк, сары май, сүт iшемiз" деген мәтiн жолын бiз түсiне алмай жатқанда, қай бала түсiнедi? Сосын азық-түлiк деген көптiк мағынаны бiлдiредi. Неге оған "тердi" жалғауымыз керек. Қазiр шамданып отырсыздар, бiрақ грамматикалық, стилистикалық қателерге мән бермеймiз. Менiңше, филологтарға оқытып, бiр рет рецензия алуға болады ғой. Ғарифолла ӘНЕС: – Баспаның редакторы, корректоры бар. Оқулықты шығаруға министрлiк ақша бөлген. Неге министр оқулықтың қатесiн терiп отыруы керек? Күләнда ЕРЕШОВА: – Мұғалiмдердiң қатарынан алғаш авторлық құрамға кiрдiм. Оқулық жазуға сабақ берiп жүрген мұғалiм және әдiскер араласуы керек. Бiзде "Дүниетану" оқулығын жазатын автор болмады. Бiрде-бiр мұғалiм жазған жоқ. Әрбiр сөйлемдi, сөздi дұрыс емес деп жалаулатамыз. Сынды қабылдаймыз, егер оған лайықты ұсыныс болса. Ал, Гүлзинаның айтқанына келiсемiн. Жаңа сабақтағы мәтiн екiншi жаттығуда жалғасын таппаған. Егер келесi тапсырма сол мәтiннен алынса, нағыз кiрiктендiрiлген оқулық болатын едi. Бұл жерде менiң де кiнәм бар. Алғаш 6 жасқа арналып "Сауат ашу" кiтабы жазылды. Бiрақ жазуға келiсiм бермеп едiм. Осылай шығып кеткенiне кiнәлiмiн. Өйткенi, идея болды. Әлi де дұрыстауға болады. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – Оқулық сапасын жақсарту мақсатында балама оқулықтардың алатын орны ерекше. Бұл әрине, әлемдiк тәжiрибе. Бiлiм және ғылым министрлiгi 2004 жылы 24-мамырда №454 "Бiлiм беру мекемелерiне оқу әдебиеттерiн дайындау мен басып шығару туралы Нұсқауда" елiмiзде бiр пән бойынша бес оқулық дайындап шығаруға құқық берiлген. Демек, бес баспа балама оқулық жазады деген сөз. Ал сол оқулықтарға салыстырмалы түрде сараптама жасап, таңдау еркi бiлiм беру мекемесiне берiледi. Менiң ойымша, оқулықтың басты сарапшысы – мұғалiм, ендеше таңдау барысында ұстаздар қауымы жетекшi рөл атқаруы керек. Нарық заманында әдiл бәсекелестiк болса, сапаның болатыны дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома. Фарида ЛЕКЕРОВА: – Осындай балама оқулық болған кезде ғана оқулықтың сапасы жақсармай ма? Дана ҚАНАЕВА: – Қызым 1-сыныпты бiтiредi. Ол "мұғалiм болғым келмейдi, мұғалiм болу өте қиын" дейдi. Өйткенi, бәрiн көрiп отырады. Сабағы да, мұғалiмi де жақсы. Бiрақ балаға ақпарат көп берiледi. Ана ретiнде маған да қиындық туады. Кейбiр ауыр мәтiндi қарапайым қазақ тiлiне аударуға тура келедi. Бiр сөйлемдi үш сөйлемге бөлiп түсiндiремiн. Кейбiр жаттығуды қалай орындау керектiгiн бiлмей, мұғалiмiне телефон соғамыз. Күнде сұрай беруге де ұят. Ережелерi де түсiнiксiз. Бақытгүл ЖЕКСЕМБЕКОВА: – Биылдан бастап "Алматыкiтаптың" оқулығымен оқып жатырмыз. Сындар айтыла бередi. Бұл мәселе оқу үрдiсiнен түспейтiн шығар. Бiр-бiрiмен байланыспайтын дүние жоқ. Өзiмiз жүйелеп алуға болмай ма? Мысалы, Әлия Молдағұлова туралы мәтiндi өткенде өзiмiз мәлiметпен байланыстырайық. Айта кету керек, "Математика" оқулығы жақсы. Оқушылар тапсырманы қызығып, орындайды. Түсiнiктi, жүйе бар. Гүлзина ҮРЖIГIТОВА: – Қалай айтсаңыздар да, "Ана тiлi" оқулығында өрескел қателер бар. 1-сыныптағы ең негiзгi оқулық та осы. Бiрақ, сiз ойламаңыз, менi сол мәтiндi жеткiзiп түсiндiре алмайды деп. Оған сөздiк қорым да жетедi. 1-сынып оқушысына лайықтап берiлмеген мәтiн екенiн ашып айтып отырмын. Мен неге мұғалiм ретiнде көрген қателiктi айтпаймын?! Оны айтпасақ, мұғалiмдер сауатсыз деп шығады. Мұғалiм балаға ұсынатын нәрсенiң не екенiн қарағандықтан да, пiкiр айтамыз. Күләнда ЕРЕШОВА: – Алматы қаласы бойынша "Алматыкiтап" оқулығына көшкен кезде кейбiр мұғалiмдер автордың не бергiсi келетiнiн де, оқыту әдiстемесiнiң идеясын да түсiнбейдi. Сол себептен осындай әңгiме туындап отыр. Бұған кiнәлi – Бiлiм жетiлдiру институты. Бұрын әрбiр мұғалiммен қаншама курс өткiзетiн едiк. Қазiр сол жоқ. Бұл мекеме мұғалiм және оқулықпен жұмыс iстемейдi. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – Былтырғы жылы 7 ауданда мұғалiмдермен кездесу өткiзiп, наурыз айында конференция өткiздiк. Мұғалiмдердiң пiкiрiн, сараптамасын жинаймыз. Бiздiң де негiзгi мақсатымыз – оқулықтың жақсы болуы. “Оқулығың жаман” дегенде, бiз де намыстан өлiп, тiрiлемiз. Жанашырлық танытқыларыңыз келсе, газет те, мұғалiмдер де пiкiр қосыңыздар. Алдымен жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деу керек. Бiр жарым айдың iшiнде 1-сынып оқулығын жазсақ, үш-төрт айдың iшiнде 2-сыныптың оқулығын жаздық. 1-сыныптың оқулығын жазудағы ең қиыны – сөз бен сөйлемдi құрастыру. Балаға жететiн тiлдi табу қиын. Әрине, кеткен кемшiлiктер бар. Оны түзеуге дайынбыз. Қазына АЙМАҒАМБЕТОВА: – 1-2-сыныптың оқулығының сөйлемдерi 10-12 сөзден аспауы керек. Осындай шағын көлемде жүйелi ой беру қиын. Оқулықтың жүйесiнде, мазмұнында ғылыми қате кетiп жатса, оны қатты сынау орынды. Ал, баспа редакторлары сөйлемде қанша сөз кететiнiн мұқият қарағаны жөн. Әрине, “көпшiлiк мағынаны бiлдiретiн сөзге неге көптiк жалғау жалғанады?” деген сын дұрыс. Бастауыш сыныптарға арналған оқулықтардың оқушылардың ойын, әрекетiн қолдана отырып меңгеруiне лайықты болғанын қарастыруға тиiспiз. Бүбiхан БАРАТҚЫЗЫ: – Оқулық кешенi заң талабына сай төрт жылда бiр рет толықтырылып, өңделiп қайта басылады. Барлық ескертулер есепке алынып, түзетулер жасалады. P.S. Осылайша дөңгелек үстелге жиналған баспа қызметкерлерi мен мұғалiмдер оқулықты жақсартудың жолын iздеп, пiкiрлерiн ортаға салды. "Сын түзелмей, мiн түзелмейдi" демекшi, жақын арада бiлiм жүйесiнiң бiр iзге түсiп, оқулықтардың түзелетiнiне сенгiмiз келедi. Онсыз жаңа технологияға қадам басқан кейiнгi ұрпақ та, қоғам да iлгерi баспайтыны сөзсiз.