ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАМАСЫН ӘЛЕМ ЖҰРТЫ ҚОЛДАДЫ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАМАСЫН ӘЛЕМ ЖҰРТЫ ҚОЛДАДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгиядан кейiн АҚШ-қа аттанып, Вашингтонда өткен жаһандық ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммитте баяндама жасады. Осы халықаралық мәжiлiс қарсаңында бүкiл әлем үшiн маңызды қадамға жол ашылған сияқты.
Әлемнiң елуге жуық елдерiнiң көшбасшылары жиналған саммитте атом қаруын террористердiң қолына түсуден қорғаудың және оның кең тарауына тосқауыл қоюдың жолдары қарастырылды. Алғашқылардың бiрi болып сөз алған Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан әлемдегi iрi уран өңдеушi әрi оның қорына бай мемлекет ретiнде ядролық энергетиканы бейбiт мақсатта дамытуға мүдделi» деп мәлiмдедi. Елбасы әлемдегi ядролық қауiпсiздiктi қалыпты сақтау үшiн саммитке қатысушыларға төмендегiдей төрт жаңалықты жария еттi. Бiрiншi, Қазақстан уран қорына бай ел ретiнде оны бейбiт мақсатта қолдана отырып, ядролық энергетиканы дамытуды қолдайды. Екiншi, жер шарында ядролық қауiпсiз аймақтар қалыптасыру үшiн халықаралық құқықтық құжаттар қабылдануы тиiс. Қазақстан бұл бастаманы бiрiншi кезекте Таяу Шығыста жүзеге асыруды ұсынады. Үшiншi, ядролық өнiмдi әскери мақсатқа қолдануға тыйым салатын халықаралық келiсiмдi көп кешiктiрмей қабылдау қажет. Төртiншi, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу жөнiндегi келiсiмдi АҚШ бастап, қалғандары қостап барлық мемлекеттер ратификациялауы тиiс.
Нұрсұлтан Назарбаев саммитте ядролық қауiп-қатердiң алдын алмаса, оның халықаралық қоғамдастыққа келтiретiн зардаптарын атап өттi. Ең бастысы, кеселмен күрес кешеуiлдей беретiн болса, әлем елдерi алауыздықтан арыла алмайды. Әрi ядролық өнiмдi бейбiт және тиiмдi пайдалану тетiктерi дұрыс меңгерiлмейдi. Сонымен қатар жаһандық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде мемлекеттер арасындағы байланыс жүйелерiнiң де әлсiрейтiнiн қадап айтты. Алқалы жиында Елбасы ядролық державалар клубының формасын заман талабына сай заңдастыратын уақыттың жеткенiн мәлiмдедi.
Елбасы бұл мәселеге қатысты позициясын таяуда Ресейдiң «Известия» газетiне берген «Ғаламдық бейбiтшiлiк және ядролық қауiпсiздiк» деген сұхбатында анық бiлдiрген-дi. Сұхбатта Елбасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары қабылданған «Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiмге» қатысты: «Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiм үмiттi ақтап отырған жоқ. Себебi, ол жаппай қырып-жоятын қаруы жоқ мемлекеттердi ғана санкцияға алуды қарастырады. Құжаттың мазмұнында ядролық нысандарына халықаралық инспекторларды енгiзуден бас тартқан мемлекеттерге МАГАТЭ мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының қалай нақты әрi айқын жауап берулерi қажеттiгi көрсетiлмеген» деп тәптiштеп айтып берген. АҚШ Президентi Барак Обама: «Ядролық қару Құрама Штаттар мен Ресейдiң мәселесi ғана емес. Ол – әлем үшiн де үлкен қауiп. Ал, бұл арсенал террористердiң қолына түсетiн болса, оның қатерi бәрiмiзге төнедi» деген мәлiмдеме жасады. Сол күнi ол ресейлiк әрiптесi Д.Медведевпен бiрге стратегиялық қару-жарақ санын алдағы 7 жылда 30 пайызға қысқарту туралы келiсiмге қол қойды. Жаңа құжатқа сәйкес, Мәскеу мен Вашингтон ядролық оқтұмсықтарды 2200-ден 1550-ге дейiн азайтуы тиiс. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпауға қатысты АҚШ пен Ресейдiң қабылдаған шешiмдерiне өзiнiң оң пiкiрiн бiлдiрiп, саммиттiң көптеген елдерге сабақ болатынына сенiмдi екенiне күмән келтiрмедi.
Вашингтондағы жаһандық ядролық қауiпсiздiк саммитi қарсаңында Қазақстан және АҚШ президенттерi бiрлескен мәлiмдеме қабылдады. Онда Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаев екi ел арасындағы ядролық қауiпсiздiк және жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпау саласындағы 15 жылдан бергi тығыз қатынастарды айрықша атап өттi. Сондай-ақ, Барак Обама Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың және барша Қазақстан халқының әлемдiк ядролық қарусыздану iсiне қосқан шексiз үлесiн аса жоғары бағалайтынын мәлiм еттi. Ядролық қауiпсiздiкке қатысты екiншi саммит ендi екi жылдан кейiн Оңтүстiк Кореяда өтетiн болады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ