ҚЫРҒЫЗДАР ТАҒЫ ДА ТОЛҚЫДЫ

ҚЫРҒЫЗДАР ТАҒЫ ДА ТОЛҚЫДЫ

ҚЫРҒЫЗДАР ТАҒЫ ДА ТОЛҚЫДЫ
ашық дереккөзі
397

Қырғыз жұрты "Қызғалдақ" төңкерiсiне 5 жыл толған шақта тағы да толқыды. Күнi кеше Президент Бакиевтiң отставкаға кетуiн қатаң түрде талап етушiлер Бiшкектегi үкiмет үйiне шабуыл жасап, Талас облысы мен Нарын қаласы әкiмшiлiгiнiң ғимаратын басып алды. "Азаттық" радиосы қырғыз қызметiнiң хабарлауынша, баскөтерулерге жиналғандар саны шамамен 10 мыңға жеткен, бiрнеше адам ауыр жарақат алып, 5 адам оққа ұшқан. Сондай-ақ бiрқатар оппозиция белсендiлерi тұтқынға алынып, Ыстықкөл, Талас, Шу және Нарын облыстарының губернаторлары қызметтерiнен өз еркiмен кетуге өтiнiш берген.

Әр бес жылда билiкке қарсылықты керi дәстүрге айналдырған Алатаулық бауырларымыз тағы да бүлiкке кiрiскен көрiнедi. Мұның өзi елдегi экономикалық жағдайды бұрынғыдан да ауырлатып, ел келешегiне, тәуелсiздiгiнiң баяндылығына елеулi нұқсан тигiзбесе игi едi.

Жылына бiр мәрте дәстүрлi түрде өткiзiлiп тұратын Құрылтай қарсаңында Қырғызстан оппозициясы қол қусырып қалған жоқ. Құрылтайға шақырылған тiзiмге iлiкпеген олар "Билiктiң қарапайым халықпен санасатын уақыты келдi" дейдi. Бұдан бұрын, яғни, 17-наурыз күнi алаңға ағылған наразы халықтың саны шамамен 7 мыңға жеткен-тұғын. Қолдарына "Конституцияға қарсы реформаларға жол жоқ!", "Бакиевтiң отбасылық-қылмыстық билiгi кетсiн!", "Билiк, халықты тонауыңды тоқтат!" деген жазуы бар жейде кигендер мен плакат көтерген жұрттың бар тiлегi – қымбатшылыққа тежеу қойып, кезiнде арзан бағаға сатылып кеткен кәсiпорындарды мемлекетке қайтаруға күш салу. "Ата-Мекен" оппозициялық партиясының жетекшiсi Өмiрбек Текебаев: "Елдi басқарып отырғандардың жарытып жатқандары шамалы. Ендi басқару тетiгiн шетелдiк компанияларға берер жайымыз жоқ. Онсыз да шетелдiктер басқа шауып, төске өрлеп барады" десе, басқа да наразылық шарасын ұйымдастырушылар әуелгi кезекте кенеттен екi есеге өскен электр энергиясы мен төрт-бес есеге көбейiп кеткен ыстық су тарифiн қайта қалпына келтiрудi ұсынды. Сондай-ақ, президент Бакиевтiң отбасылық басқаруын өзгертiп, 8 жылға сотталған қорғаныс экс-министрi Исмаил Исаков пен жаппай тәртiпсiздiк ұйымдастырды деп айыпталып, жазаға тартылғандарды да босату керектiгiн баса ескерттi.

Тiптi, билiктiң бұл әрекетiне мемлекеттiк қызметкерлер де шүйлiктi. Жогорку кеңеш депутаты Николай Байло: "Үкiмет жылу мен энергия бағасын не үшiн көтерiп жатқандығын да түсiндiрмей жатып, шарықтатып жiбердi. Халықтың 60 пайызы кедейлiк жағдайда өмiр сүретiнiн ескерсек, олардың жаңа есептiк төлемдi төлеуге мүмкiндiгi жоқ" дедi. Әрине, жалақы мен зейнетақы көтерiлiп жатса, түсiнер едiк. Ал билiктiң бұл әрекетiн тым астамшылдыққа теңемеуге болмас" дейдi ол қара халықтың мұңын жоқтап.

Қырғызстан республикасы Премьер-министрi Данияр Үсенов: "2005 жылы зейнетақы 3 есеге өстi. Қазiр Үкiмет жаңа тарифтiк бағамен қоса, зейнетақыны көтеру мәселесiн де қарастырып отыр. Бiрақ та бұл бүгiнгi күн тәртiбiндегi шаруа емес. Естерiңiзге сала кетсем, тарифтi көтеру туралы әңгiме 2007 жылы-ақ шешiлiп, әр жарты жылда 12 пайызға көбейтудi жөн деп таптық. Әрине, үкiмет осы жобаны iске асырғанда, бiз бүгiнгi күнi бәрiбiр киловатына 1,5 сом төлеп отырған болар едiк" деп түсiндiрдi. Премьер-министрдiң айтуынша, тұрғындар арасында 2004 жылдан берi электр көзiне ақша төлемей, қарызға белшесiнен батқандар көп.

Алайда, наразылық шеруге қатысушылар үкiмет тарифтiк бағаны көтерместен бұрын жалақыны өсiру керек екенiн алға тартып, "Билiк тiптi, әлеуметтiк күнкөрiсi төмен отбасыларға 200 сом өтемақы беруге уәде етсе де, жергiлiктi халықты тығырыққа тiреп, халыққа қарсы қадамға барды. Неге үкiмет көршi мемлекеттегi бағамен салыстырады? Әуелгi кезекте олардың айлық жалақысын неге таразылап көрмейдi?" деп өз талаптарынан бас тартпай отыр.

Расында да, Ресейде жалақы орта есеппен 700 доллардан жоғары болса, Қазақстанда 500 доллардан көп. Ал мемлекетаралық статистика комитетiнiң мәлiметi бойынша, қырғыз азаматтары 150 долларды қанағат тұтады екен.

Қырғызстан республикасы президентi Құрманбек Бакиев: "Қырғызстандағы бүгiнгi жағдай билiк пен халықтың арасындағы диалогқа зәру" дедi. Оның сөзiне қарағанда, мемлекеттi басқарудың мазмұны мен әдiсiн, жаңаша бiр формасын ақылдаса отырып ойластыру керек. Кез келген шешiм тез арада қабылданып, тез арада жүзеге асуы керек десе де, жергiлiктi оппозиция өкiлдерi бұл сөздiң халықты басу үшiн айтылғандығына шүбә келтiрмейдi.

Шеру ұйымдастырушылар бұл талаптар 7 күннiң iшiнде орындалуы керек деп, ал жергiлiктi билiк бұл тарифтердiң өсуiн өзгертуге құлықты емес екенiн аңғартса да, бiр шешiмге келген сияқты. Бәлкiм, қырғыз билiгi оппозициялық белсендiлердiң 7- сәуiр күнi жаппай баскөтеру өткiзетiндiгiн бiлдi ме екен, 2-сәуiр күнi Бакиев Ұлы Отан соғысы ардагерлерiмен кездесу барысында электр көзi мен жылудың бағасы қымбаттамайтынын жеткiздi. "Халықаралық аудит есебiне сәйкес, тарифтi өсiру негiзсiз екен, бiз керiсiнше бағаны түсiруге дейiн барамыз" деген-дi Президент. Тiптi, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылар мен азаматтарға жәрдем көрсету бойынша Қаулы қабылдап, орталықтан шеткiрек тұратын абоненттерге жаз айында (мамыр-қазан) электр көзiне 50 пайыздық жеңiлдiкпен төлеу мүмкiндiгi жасалады деп сендiрген болатын. Алайда, «билiктiң жалған уәдесiнен шаршадық» деген қырғыз жұрты кеше көтерiлiске шығып, Бакиевтiң отставкаға кетуiн талап еттi. Қазiр елде комменданттық сағат орнады.

Қырғызстандағы саяси-әлеуметтiк ахуал жайында осы шерудiң басы-қасында жүрген және өзiн қоғамның белсендi мүшесiмiн деп санайтын азаматтардың пiкiрiн бiлген едiк.

Өмiрбек ТЕКЕБАЕВ, "Ата-мекен" социалистiк партиясының төрағасы:

– Қырғызстандағы жағдай өршiп барады. Бұл саяси шиеленiстiң жаңа баспалдағына көтерiлдi. Қырғызстан президентi Бакиевтiң командасы жүргiзiп жатқан саясат қырғыз жұртының қарама-қайшы пiкiрiн туғызды. Оның саясаты – еларалық алаяқтардың қолына Қырғызстанның байлығын, қырғыз елiнiң келешегiн салып берумен шектелдi. Жақында Бакиевтiң қаржылай кеңесшiсi Қырғызстанның активiн басқарып жатқан компанияның iсi әшкере болды. Ал "Италиятелекомынан" мафиялық топ 2 млрд. 700 млн. еуро ұрлаған. Осы топтың қаржыгерi Евгений Гуревич ақшаны өзi үлестiрiп, таратып отырған. Бакиевшiлдер Қырғызстанның байлығын арзан бағамен талан-таражға салды. Мәселен, 1,5 млрд. доллардан асық тұрған "Север электро" компаниясын 3 миллион долларға сатты. Ал, жақында үлкен "Восток электро" компаниясын 1,5 млн. долларға сатып жiбердi. Мұның бәрi Бакиевтiң өз пайдасына шешiледi. Қырғызстан – қаржылай алаяқтықтың мекенiне айналды. Шет жақтан келгендер Қырғызстанның байлығын иемденiп, стратегиялық маңызы бар нысандарын басқарып жүр.

Ол аздай, жақында қырғыз үкiметi жылуды бес есеге, электр энергиясының тарифiн екi есеге дейiн көтердi. Мұның бәрi шетелдiк жаңа ұйымдардың әрекетi. Бұл елдiң үлкен наразылығын тудырды. Президент Бакиев елдегi толқуды басу үшiн Ынтымақ құрылтайын ойлап тапты. Бұл керiсiнше, ескi қақтығыстарды жаңа мiнберге алып шыққан құрылтай болды. Оппозиция да баламалық құрылтай өткiзiп, Құрманбек Бакиевке бiрнеше талаптар қойды. Ең негiзгi талап – криминалдық-басқару жүйесi жойылсын; Қырғызстанда журналистердi саяси-қуғындау тоқтатылсын; Қырғызстанның басқа мемлекеттерге сатылған байлығы қайтарылсын; тарифтiк баға қалта көтерерлiктей әдiлеттi бағаға түсiрiлсiн дегендей барлығы 9 талапты Бакиев орындаудан қашып отыр. Әрине, бұл қақтығыстарға әкеп соғуда.

Ақбар РЫСҚҰЛОВ, Қырғызстанның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкiлеттi елшiсi, Қырғызстанға еңбек сiңiрген мәдени қайраткер, ақын:

– 2005 жылы наурыз айында билiк ауысқан едi. Мiне, 5 жыл өтiптi. Осы уақыт аралығында халық саясат пен экономикада, қоғам пен мәдениетте жақсылық болады деп күттi. Халықтың әлеуметтiк жағдайы жақсара ма деп күттiк. Алайда, тiзгiндi Бакиев билiгi алғалы берi ерекше бiр iлгерiлеушiлiктер болғанын байқай алмадым. Кейiнгi кезде электр көзi мен ыстық су, жылу бағасы қарыштап кеттi. Нарық саласында мұнай бағасының қымбаттағанына байланысты, жанармайдың бағасы да өсiп кеттi. Ал, соны Үкiмет дұрыс жолға салып, зейнеткерлер мен қарт адамдарға көмек беремiз десе де, бiрақ қолдау мен көмек жетiмсiздеу болып жатқан сияқты. Ал, көршiлес республикаларда, әсiресе, Қазақстанда көп игi iстер болып жатыр. Өзiм Қазақстанның "Хабар", "Қазақстан" телеарнасын үзбей көрiп тұрамын. Қазақстанның саяси жағдайын, ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенiне, халықаралық абыройының жылдан-жылға артып жатқанына қуанамын.

"Қазақ-қырғыз бiр туған" деймiз ғой. Қырғызстан да Қазақстан сияқты жаңа белестерге көтерiлсе деген ниет бар. Қазiр саясатпен онша араласып жүргем жоқ. Шығармашылыққа бiржола бет бұрдым.

P.S. Қырғызстан Премьер-министрi Данияр Үсенов: "Қырғызстан үкiметiнiң Евгений Гуревичке ешқандай қатысы жоқ. Қырғызстан азаматтығын алмаған адамның имиджiн Қырғызстанмен қатар айтудың қажетi жоқ. Бiзде шамамен 10 мың шетелдiк азамат жұмыс iстейдi. Яғни, бiзге өзгенiң масқарасының керегi не? "– деп мәлiмдедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары