СЫҢСЫҒАН ҚАЛА... СЫҚЫРЛАҒАН АВТОБУСТАР

СЫҢСЫҒАН ҚАЛА... СЫҚЫРЛАҒАН АВТОБУСТАР

СЫҢСЫҒАН ҚАЛА... СЫҚЫРЛАҒАН АВТОБУСТАР
ашық дереккөзі
217

Қоғамдық көлiктiң тiзгiнi кiмнiң қолында?

Автопарк мемлекет меншiгi емес…Сондықтан қаладағы автопарктердiң тәртiп бұзушылығына қала әкiмшiлiгi бәлендей жаза қолдана алмайды. Онсыз да қиын түйiнi шаш етектен болып отырған Алматы қаласындағы қоғамдық көлiк мәселесi тағы бiр «бас ауыруы». Мегаполистегi қыстай тас жолы тозып, ойқы-шойқы соқпаққа айналған көшелер мен ескi автобустар қаланы одан әрмен сұрқай етiп отыр. Саусақпен санамалап, тiрнектеп тiзбесек те, қоғамдық көлiкке тiкелей қатысы бар қайшылықтарға халық куә. Ендеше әңгiме қисынына әрiден үңiлсек…

ЖЕКЕМЕНШIК АВТОБУСТАР КЕРУЕНI

Бүгiнде қоғамдық көлiктерге қатысты қалыптасқан жағдайдың түп-төркiнi әрiде жатыр. Кеңестiк кезеңдегi жол жүру тәртiбi, қоғамдық көлiк және көше мәдениетi туралы айта бергiң келедi. Кезiнде Алматы қаласындағы 8 автопарк жолаушы тасымалын толыққанды қамтамасыз етiп тұрды. Тәуелсiздiк алған жылдарға дейiн автопарктер Қалалық атқару комитетiнiң қарауында болды. 1991-1995 жылдар аралығында әлi де үкiмет меншiгiнде болған қалалық автопарктерде ешбiр келеңсiздiк бола қойған жоқ. Қоғамдық көлiктерге қатысты мәселенiң ушығуы 1996 жылдан басталды. Бұл жылдары Үкiметтен бөлiнетiн көмек пен азын-аулақ жеңiлдiк бiртiндеп үзiлдi. Ал бұдан кейiн жолаушы тасымалын қамтамасыз ететiн автопарктер коммуналдық меншiктен алынып, жеке меншiкке сатыла бастады. Осы кезде №4 автопарктiң директоры Вели Гахраманов меншiкке берiлген жағдайда қазiргi келеңсiздiктердiң орын алатынын бiлгендiгiн айтып, алдын алмақшы болады. «Кезiндегi қала әкiмi Виктор Храпуновтың жолаушы тасымалына қатысты жиналыстарының бiрiнде «Виктор Вячеславович, қандай жағдай болмасын, қоғамға қызмет ететiн кәсiпорындарды, әсiресе автопарктердi үкiмет меншiгiнен алуға болмайды» деп әдейiлеп бiрнеше рет айттым. Бiрақ бiздiң ұсынысымызды тыңдаған адам болмады», – дейдi В.Гахраманов. Иә, бұлардың сөзiне ешкiм құлақ асқан жоқ.

Онымен 8 автопарктiң бiрде-бiреуiнiң тiршiлiгi жандана қоймады, бiртiндеп тарқап тынды. Есесiне бұл нарыққа қалалық әкiмшiлiк пен мәслихат бекiтетiн тарифтi өз беттерiнше қойып алған кәсiпкерлер шықты. Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң сайтында берiлген мәлiметтерге үңiлсек, 2005 жылы екi автопарктiң елу пайыздық үлестерi үкiметте болған. Ал №5, 6, 3 автопарктер әзiрге күнiн әрең көрiп келедi. Ең ғажабы, аталмыш кәсiпорындарда өздерiне тиесiлi жеке автобустары жоқ. Ал автобусы бар жүргiзушiлер парктiң бағытын пайдалана отырып, келiсiммен жұмыс iстейдi. Яғни автобусы өз ауласында тұрады. Күнделiктi айналымды бастар алдындағы мiндеттi медициналық, техникалық тексеру бұларда атымен болған емес.

Бүгiнде қаладағы ең iрi №4 парктiң директоры В.Гахрамановтың айтуынша бұрындары үкiмет парктi көлiк жуу орнымен, техникалық көмекпен, автобөлшекпен қамтамасыз ететiн. Ал қазiр мұның бiрi де жоқ. Ал меншiктi паркi бар қожайындар мұны есiне де алар емес. Турасын айтсақ, бұлардың пайдаға белшесiнен батып отырған бiреуi де жоқ сияқты. Себебi, күнделiктi табыс шығынды өтемейдi. Шығын несиеге алынған автобустың қарызын өтеуге, күн санап қымбаттап отырған автобөлшектерге кетедi. Оның үстiне жағармай бағасының 1 литрi былтырғы жылы – 54 теңгеден болса, биыл – 72 теңгеге көтерiлiп отыр. Сол себептен де қала көшелерiнде жанталасып, жолаушыға жармасқан автобус жүргiзушiлерiн көресiң. Бұл мәселенi анықтау барысында №3 паркке хабарласқанымызда, жоғарыда айтылғандарды растай отырып, автопарк директоры Асқар Байсұлтанов: «Автопарк жабылады. Ликвидация болып жатқандықтан, автопарктiң болашағы туралы бәлендей ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды.

Алматы қаласы бойынша жолаушы тасымалын жүзеге асыратын 24 парк бар көрiнедi. Әлем елдерiнде мемлекет автопарктерге өздерi көмектесiп отырады, яғни арнайы субсидия берiледi. Ал Қазақстанда бұл мәселе әзiрге қолға алынып отырған жоқ.

«D» КАТЕГОРИЯСЫН ДАЙЫНДАЙТЫН МЕКЕМЕ ЖОҚ

Қалада жұмыс iстеу қиынға айналды. Автокөлiк саны жылдан-жылға артып келедi. Көлiктiң көптiгi мен жол ережесiнiң сақталмауынан көше кептелiстерi жиi орын алады. Қала көшелерiндегi жол жүру тәртiбiне сәйкес жолаушы тасымалдайтын көлiк тек қана оң жақ қапталмен, яғни бiрiншi қатармен жүруге тиiс. Бiрақ, жеңiл көлiк жүргiзушiлерiнiң кесiрiнен қазiр бұл тәртiптi сақтау мүмкiн емес. Жеңiл көлiк бiрiншi қатарды өз меншiгiне алады, кез келген аялдамада қалағанынша тоқтап тұра бередi. Ал уақыты есептеулi автобус жүргiзушiлерi бұдан кейiн амалсыз бiр қатардан екiншi қатарға ауысып жүруiне тура келедi.

Соңғы он жылда елiмiздегi автокөлiктiң саны 3 миллион 200 мыңнан асып түскен. Әлбетте, апатты жағдайды тудыратын жеңiл көлiк жүргiзушiлерi ғана емес. Халық наразылығын тудырып отырған жайттың бiрi – қоғамдық көлiк жүргiзушiлерiнiң көбi шетел азаматтары және аймақтан келушiлер екендiгi. Бiз хабарласқан автопарк басшылығы бұл сауалдың шешiмiн өздерi де таппай отырғандығын айтты. «Бұрын бiз тек қалалық тiркеуi бар азаматтарды жұмысқа қабылдайтынбыз. Ал қазiр төмен жалақыға олар келiспейдi. Амалсыз шеттен келген жүргiзушiлердi тартуға тура келедi», – дейдi. Жүргiзушi жүгенсiздiгiнiң бiр ұшы – оларда тиiстi бiлiмiнiң болмауында. Алматы қаласында жолаушы тасымалдауға рұқсат беретiн «D» категориясы бойынша бiлiм беретiн бiрде-бiр арнайы мекеме жоқ. Бұл категорияның иегерлерi шеттен келгендер. Осының салдарынан жол жүру тәртiбi оңай бұзылады. Жыл басынан берi 3000-ға жуық жол тәртiбiн бұзу тiркелген. МАИ қызметкерлерiнiң жиi тексерiсiнен мезi болған жүргiзушiлер ақпан айында наразылық акциясын да ұйымдастырған болатын.

ҚАЛАДАҒЫ 1884 АВТОБУСТЫҢ КӨБI ЕСКI

Қаладағы қоғамдық көлiктердiң кейбiрiнiң қай жылы шығарылғанын бiлудiң өзi түпсiз тарихқа жетелейдi. Бүгiнде Алматы қаласының тұрғындарын ұзын-ырғасы 131 бағыт бойынша тасымалдайды. Өткен жылы автобустар 1 миллион 678 мың жолаушы тасымалдаған. Қалада 1884 автобус, 28 трамвай, 114 троллейбус толықтай жол қозғалысын қамтамасыз етедi. Әкiмшiлiктiң мәлiметiне сүйенсек, 2009 жылы автопарктердiң өз есебiнен Euro – II стандарттарына сәйкес 98 жаңа және ұсталған 72 автобус сатып алынған. Сонда 2000-ға жуық автобустың жүзден астамы ғана жаңаланғанын көруге болады. Ал қалғаны…

Атын атап, түсiн түстемесек те «Икарус», «ПАЗ» автобустарының үрейлi қаңқасы әлi де жолаушы тасиды. Жыл сайын болатын апатты жағдайлардың басым көпшiлiгi iстен шыға бастаған автобустардың кесiрiнен болатыны сөзсiз. Мәселен, №3 автопарк автобустарының шығарылған жылын сұрағанымызда, мiз бақпастан 80-90 жылдардағы деп жауап бердi. Оған қоса «Қай жылғы болса да, жүрiп тұрса болғаны» деп қойып қалды. 1956 жылы алғаш шыға бастаған «ПАЗ» автобустары ескi қаланы еске түсiрiп, әлi де жолаушы тасиды.

Бiраз жыл бұрын Алматы қаласындағы автопарктерге қосымша көмек ретiнде 100 автобус сыйға тартылған-ды. Қала көшелерiнде құлағы салбыраған, халық арасында «зайчик» деп аталып кеткен автобустар жаппай қолданысқа шықты. Көп ұзамай бұл автобустар қызметiн тоқтатты. Қоғамдық көлiк саласында 50 жылдан астам жұмыс iстеп келе жатқан В.Гахраманов бұл автобустардан өз еркiмен бас тартқан көрiнедi. Себебi, неше түрлi авто маркаларына елiктеп құрастырылған автобус бiр қысқа да шыдамайтын болып шықты. Есесiне сыры кетсе де, сыны кетпеген ескi автобустар қала көшелерiн қайта жаулады.

P.S. Қоғамдық көлiкке қатысты шикiлiктер жеткiлiктi. Бiр ашылып, бiр жабылып жатқан автопарктер қызметiне әкiмшiлiк ауыз сала алмайды. Күнделiктi пайданы ойлаған автопарк иелерi бәрiбiр құлқынның қамында жүрiп, халықтың шағымына құлақ аспай, тыңдаусыз қалдырып отыр. Ендеше қоғамдық көлiк тәртiбi қалай ретке келмек?..

Серіктес жаңалықтары