АПАТПЕН БЕТПЕ-БЕТ

АПАТПЕН БЕТПЕ-БЕТ

АПАТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
ашық дереккөзі
518

Қызылағаштың ойранын бастан кешiргендер

Қызылағаш ауылын Қызылағаш өзенi қақ жарып өтедi екен. Сол себептi де бұл өлкенiң табиғаты да әсем. Орман-тоғайы сыңсыған, шығысқа қарай созылған Жоңғар Алатауының сiлемдерi, қойны-қолаты толған бұлақ, тамылжыған мекен. Әрi жол мойнынан қашық та емес. Дәл осы ауылды қақ жарып, оңтүстiк пен шығысты жалғап жатқан Алматы-Өскемен күре жолы және темiржол өтедi. Апаттан кейiн, оңтүстiк пен шығыстың арасындағы күре жол байланысы 10 күнге үзiлдi. Темiржол байланысын қалыпқа келтiру үшiн әлi де 3 ай керек екен. Әзiрге Өскеменге темiр тұлпармен қатынағысы келетiндер Астананы айналып, айналма жолмен сапар шегуде.

Ұлыстың ұлы күнi 22-наурызда топан судың кесiрiнен жермен жексен болған Қызылағаш ауылын аралап қайтудың мүмкiндiгi туды. Күнi кеше ғана 490 үй түтiн түтеткен алып ауылдың тең жартысының жұрнағы ғана жатыр. Әсiресе, Қызылағаш өзенiнiң аңғарындағы ауылдар тып-типыл болған. Бұл қандай жойқын, дүлей күш! Адам санасы жетпейтiн, айтып ауыз бармайтын өзгеше дүние орын алғандығы көрiнiп тұр. Бiр қызығы – алып бәйтеректердiң жойқын су тасқынында былқ етпегендiгi. Апатта құрбан болғандар егер де осы бәйтеректердiң ұшар биiгiн паналағанда, аман қалар ма едi кiм бiлсiн. Ауыл тұрғындары бiзге сол күнгi апатта дауылды тасқынның дүлей күшiнiң әсерiнен бәйтеректiң ұшар басына iлiнiп қалып аман қалғандардың бар болғанын айтты. Олардың көбi жас балалар екен.

Күре жолды жағалай орналасқан, ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Қызылағаштағы ауа райы тым сүреңсiз. Көктемгi қара суық өңменiңнен өтедi. Дiрдек қақтырған суық жел тынбай соғып тұр. Бiрақ, соған қарамастан ауылда еңбек қызып жатыр. "Тiрi адам тiрлiгiн жасайды", дегендей апаттан аман қалғандар ертеңгi тiрлiгiнiң қамына кiрiсiп кеткен. Қираған үйлердiң көбiнiң орны бульдозермен күрелiп тып-типыл етiлген. Бiз iздеген үйлердiң сiлемi де қалмапты. Еңселi ақшаңқан үйдiң жұртының өзi қайда болғанын тап басып айту қиын.

Қызылағашты жағалай жүрiп тек кеше ғана яғни, 21 наурыз күнi iске қосылған көпiр арқылы осы ауылға қарайтын 3-шi бөлiмшенi бетке алдық. Бұл ауыл да топан судан зардап шеккен екен, ауылдың өзенге қараған екi көшесiндегi үйлер топан судың құрбанына айналған, адам шығыны жоқ демесек, 35 үй бұнда да жермен жексен болған, кейбiрiнiң қанқасы ғана жатыр.

Ауылды өрлей отырып, басынан бiр-ақ шықтық. Қарсы алдымызда iргетасынан екi метрге дейiн сырғып кеткен фин стилiмен салынған ағаш үй тұр. Есiк алдындағы ас үйге барып тiрелген екен. Үй иелерi 35-тер шамасындағы Құрышбек пен Күрiшхан қаңқасы қалған үйiнiң маңайында оны-мұны iздеп, шұқынып жүр.

– Апат болған кезде күн өте суық болды. Балалар ерте жатуға дайындалды. Сегiз балам бар, 7 ұл, бiр қыз. Оның бесеуi мектеп жасында, ең кiшiсi – үште. Өксiген, долырған үннен шошып ояндық. Алғашында не болғанын түсiнген де, жоқпыз. Сөйтсек, су да жылайды екен. Судың бiзге жеткен сарыны солай естiлдi. Балаларымның үлкенiн оятып, кiшiсiн көрпеге орай салып, долданған тасқыннан қашып шықтық. Сол кездегi сүркей суықты айтып жеткiзу оңай емес. Оның үстiне жолдасым үйде жоқ едi. Қырда ұсақ малдарды жайғауға кеткен. Есiк алдындағы көршiлерiмiз де ұйқы құшағына енген екен. Оларды да оятып, бiрге жан сауғаладық, – дейдi Күрiшхан. Қазiр олар бөлiмшедегi шағын мектеп ғимаратын паналауда. Суық шалған кiшкентай 3 сәбиi ауруханада. 27 iрi қарасынан, үй мүлкiнен айрылған олар жандарының аман қалғанына шүкiрлiк етедi.

Бұл үйден сәл төменiректе орналасқан Зейнезейiп отағасы бәйбiшесiмен дәл апат болған күнi Қарағандыға сапар шегiп кеткен екен. Өздерi жоқта бала-шағасының дүлей тасқыннан аман қалғанына шүкiрлiк етедi. Құлап қалған үйi, қырылып қалған малы үшiн жаны тым қинала қоймайтын секiлдi.

Тасқыннан зардап шегiп, үй-күйсiз қалған бiр топ отбасы ауылдағы екi қабатты шағын мектебiне орын теуiптi. Солардың бiрi – Рахметдолда ақсақалдың үйi. Бiр отбасында 8 жан. Аман Рахметдолданың кенже ұлы. 5 баласы бар, бар күн көрiсi мал болғандығын айтады.

– "Жұт жетi ағайынды" дейдi ғой. Апат болардан үш күн бұрын ауылда электр жарығы үзiлiп қалды. Күн қатқақ, қарлы борасын соғып тұрып алды. Су бөгетiнiң бұзылатыны жайлы ақпарат ел iшiнде гулегелi бiраз уақыт болған. Алайда, ауыл әкiмдерiнiң бiрде-бiреуi бiзбен санасып, алдын ала ескерту жасаған жоқ. Сол күнi осындағы Бақыт Темiрбекова деген әйелге келiп, екеумiз Қызылағаш ауылының әкiмi Жүнiсов Есетке телефон шалдық. Әуелi өзiм хабарласып, мән-жайды сұрап едiм. Дұрыс жауап бермедi. Сосын Бақыт хабарласты. "Кiм сендердi дүрлiктiрiп жүрген" деп өзiмiзге дүрсе қоя бердi: "Дүрлiкпей қайтемiз, әуелi өзiң бала-шағаңды көшiрiп алып кетiпсiң ғой" деген едi, "Дүрлiгетiн ештеңе жоқ, егер сенбесеңдер өздерiң бiлiңдер" дедi. Ал, жаяу-жалпы шұбырған жұртты алдынан полиция тоқтатып керi қайырған. Улап-шулап машинаға оратылған халық, күңiренген ел, бейбiт күнде баспанасынан айрылып боздаған халық, әйтеуiр аман қалғаннан кейiн шүкiрлiк қылады екенсiң, – дейдi.

Рахметдолда ақсақал өткен ғасырдың 90-шы жылдардың ортасында Моңғолиядан қоныс аударған екен. Қызылағаш ауылы – мал өсiруге жайлы мекен. Мұндағылардың негiзгi күн көрiсi – мал. Рахметдолда ақсақал сол күнi малының үйреншiктi жолға түскiсi келмей, айдауға көнбей қойғандығын айтады. Сөйтiп, қораға қамалған 250 ұсағынан көз жазып қапты. Бөлiмшеде өлген малдардың жемтiгi әлi көл көсiр болып жатыр екен. Он күн бойы мұнда жан баласы қатынамаған. Мемлекеттiк комиссияның да аты жетпей жатыр екен. Ауыл адамдары қолда бар азық-түлiгiмен жан баққан. Бұл ауылдың екi көшесi, 35 үйi тасқынға төтеп бере алмай, үйiндiге айналған. Зардап шеккен әр адамға 120 мың теңге көмек берiледi дегенге шүкiрлiк етiп, ертеңге үмiтпен қарайды.

"ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРҒЫН БОЛСА ДА, АЖАЛДЫ ӨЛЕДI"

78 жасар Мәдi Шәкерұлы ақсақалдың үйi Қызылағаш өзенiнiң аңғарында орналасқан екен. Тоған ағытылып кеттi дегендi естiгенде, ең әуелi мектепке қарай жөңкiлгендерiн айтады. Бiрақ, алдынан шыққан бiр топ "мектепке емес, Қызылағаштың жол айырығына қарай барыңдар" деген нұсқау алғандарын жеткiзiптi. Жолдың бәрi мұз, боран күшейiп алған, iлгерi басқан аяғың керi кетiп, кәрi адамға бiр адым жер мұң болған соң, Мәдi ақсақал ешқайда кетпеуге бел буады. Сөйтiп жұрт жан сауғалап босып кеткенде, ағайынды Мәдi мен Мағауия ақсақалдар шарасыздан түтiн түтеткен ошағын паналап қала бередi:

– Су жай келген жоқ. Қатты дауыл алып, аударыла, төңкерiле келдi. Биiктiгi қайтсе 4-5 метр бар. Әркiм өзiнiң туыс-туғандарын сүйрелеп, сүрiнiп қабынып кетiп жатыр. Елдiң есi шығып кеткен. Не iстеп не қойғандарын өздерi де бiлмейдi. Тек жалғыз ғана түйсiк – жан сауғалау керек. Менiң жүруге аяғым жарамайтын болған соң, бауырым маған қарайлап қалды. Жұрттың боса жөнелгенiне көп уақыт болған жоқ, ақтарылып жойқын су да жеттi. Өмiр мен ажалдың белдесi де басталып кеттi. Iшке енген су үйдiң үш қабырғасын жұлып әкеттi. Ендi бiр қабырғасында бас сауғалап мен тұрмын. Жанталасып терезенiң әйнегiн шағып жiберiп, оның жақтауынан ұстап тұра қалдым. Қолымда "зажигалка", соның әлсiз жарығын жағып алып айғай салып тұрмын. Су биiктей бердi, төбеге тиюге шақ қалды. Су iшерiм бар екен, ендi бiр сүйем көтерiлгенде, тұншығып өлер едiм. Аяқ қолым мұз боп қатып қалды. Бiр кезде бауырымның жантәсiлiм ышқынғаны жеттi құлағыма. Солай жан тапсырды-ау деймiн. Алғашында бауырымның соңынан мен де кеткiм келдi. Бiрақ, жан бермек оңай ма, күресуге бел байладым. Бiр кезде "барамыз, барамыз" деген дауыс естiдiм. Содан есiмдi ауруханада бiр-ақ жидым, – дейдi Мәдi ақсақал.

Ауыл адамдары қапыда қалғандарын айтады. "Егер 3-4 сағат бұрын хабарлағанда адам шығыны болмас едi" дейдi налып.

Бүгiнгi ресми есеп бойынша, Қызылағаш қырғынынан көз жұмғандар саны 45 адамға жеткен. Ал, тұрғындар бұның әлдеқайда көп екенiн айтудан тынбай жатыр. Мағауия Шәкерұлын мәйiтханадан алғанда "69"деп нөмiрленiптi. Бұның өзi бiраз нәрседен хабар берсе керек. Ақиқат қайда, оны қалай аршуға болады, о жағы беймәлiм?

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, "Түркiстан" газетiнiң арнаулы тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары