КIТАПСЫЗ ҰРПАҚ — СОРЛЫ ҰРПАҚ
КIТАПСЫЗ ҰРПАҚ — СОРЛЫ ҰРПАҚ
"Мәдениеттiң мәйегi – кiтап".
Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзiнен кейiнгi ұрпаққа қалдырып кеткен ұлағатты және тәрбиесi мол өнеге сөздерiн кiтаптан алған. "Кiтап — бiлiм бұлағы, бiлiм — өмiр шырағы" деген сөз әр мектептiң маңдайшасында жазулы тұр.
Бiлген адамға сонау түрiк мәдениетiнен бастау алатын алғашқы кiтап авторлары Аристотельден кейiнгi бiлiм мен мәдениеттiң екiншi ұстазы атанған данышпан әл-Фарабидың "Китаб әл мусики әл кабири", Қашғаридiң "Диуани лұғат ат-түрiк" атты кiтабы, Жүсiп Баласағұнның "Құтты бiлiгi", Қожа Ахмет Ясауидiң "Диуани хикметi" сияқты аса iрi туындылары қай кезеңде болмасын елдiң елдiгiн сипаттаған құрал бола бiлген. Халықтық афоризмдер мен мақал-мәтелдердi жиi қолданған М.Қашқари шығармаларының құндылығы — асыл сөз маржандарының қазiргi күнге дейiн өзгерiссiз қолданылуында. Оның ел билеу мен әкiмдер, әдiлдiк пен адалдық, парасаттылық пен қайырымдылық, заңдылық пен адамгершiлiк туралы өсиеттерi мен нұсқауларының адамзат ұрпағына берер ғибраты да мол.
Қазақтың тарихын, экономикасын, тiлiн, әдебиетiн, этнографиясын, өнерiн, дiнiн, философиясын, материалдық және рухани ескерткiштерiн зерттеген, халық арасынан, жыршылардан, ақындардан әртүрлi жанрлардағы туындыларды жазып алған тарихи, мәдени мұраларды жинаушылар Ш.Уәлиханов, В.Радлов, В.Бартольд, Э.Диваев, Н.Ильминский, П.Мелиоранский, Ы.Алтынсарин, Н.Пантусов сынды шығыстанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерi кiтапхананың сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбалар қорынан ерекше орын алады. Бәсекеге түсе алатын бiлiм алу үшiн оқыту iсiн дұрыс және жан-жақты жүргiзiлуiн қадағалау керек. Қазiргi жастар мектеп қабырғасында бiлiм алып қана қоймай, бәсекеде озып шығып, өнерлi, ойлы, мәдениеттi, бiлiмдi, бай-қуатты бола бiлуi керек. Ал ондай бiлiм, тәрбие алуда көркем әдебиеттiң де орны ерекше. Бүгiнде Президентiмiз Н.Назарбаевтың тiкелей бастамасы аясындағы "Мәдени мұра" бағдарламасымен жарыққа шыққан құнды кiтаптар Ұлттық кiтапхана қорын толықтыра түсуде. Осы тұрғыда "Қазақстан тарихы ежелгi авторлар шығармаларында", "Қазақстан тарихы V-XVII ғасырлардағы иран-парсы дереккөздерiнде", "Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелерi" атты кiтаптар жарық көрдi. Ұлттық әдебиетiмiздi, салт-дәстүрiмiздi, фольклор қазынасын зерделеуде "Бабалар сөзi", "Қазақ әдебиетi тарихы" сериясы "Қазақтың ата заңдары" он томдық зерттеулерi оқырман сұранысын толық қанағаттандырып отыр.
Ардақ ҚҰЛТАЙ,ҚазҰУ-дың филология факультетiнiң 3-курс студентi