ЖАНЫ ТОЛЫ ЖЫР ЕДI

ЖАНЫ ТОЛЫ ЖЫР ЕДI

ЖАНЫ ТОЛЫ ЖЫР ЕДI
ашық дереккөзі
244

Ғали маған "бiсмiллә" деп тартқан бiрiншi жолынан бастап, "тәтем" деп тоқтаған ең соңғы жолына дейiн оқушының ойында қалған ақын сияқты елестейдi. Әрине, ешбiр ақынды ешбiр адам түгел жаттаған да емес, түгел оқи алған да емес. Сонда да оқығаныңнан қалған әсер тұтастығы болатыны да даусыз. Ол – ақынның теңеулерi мен бейнелеулерiндегi үнемi тереңдей түсiп отыратын сыр тұтастығы, бояу тұтастығы. Ғали ақын қайталанбайды, қайталамайды, тереңдеп отырады. Ғали бұлбұлы сайрағанда бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып жүрiп сайрамайды, өзiне ұнаған бiр биiгiнен аумай сайрайды.<br>

Ғали ақынның есте қалар бiр ерекше қасиетi – ол әртүрлi сәттi кезеңдi тосып, дәл кезiн құр өткiзбей үн қосып қана қоймай, ойы-қыры, кысы-жазы, қуанышы-мұңы бар үлкен өмiрде солардың бiрi мен бiрiнiң байланысы-шиелiнiсi барын бiлетiн, алманың өзiмен бiрге ағашын да, ағашымен бiрге тамырын да, бiрге суаруын да ойлана жүретiн ақын едi.

Ғали ақынның тағы бiр ерекшелiгi – ол айтайын дегенiн құлағыңа емес, жүрегiңе айтатын едi. Сөзбен емес, бейнелеу-суреттеумен айтатын. Ғалидың ең берiсi осы жақтарын жете тексере алсақ, Ғали көтерiлген биiктiң аласа еместiгiн де көрер едiк.

Ғали елден оқуға келе жатқанда-ақ қойнында бiр құшақ өлең келе жатар едi:

“Көкжиекке қосылған

Қара жолдың ұшына

Қарай-қарай асығам,

Қанатым жоқ ұшуға.”

Ауылдан Алматыға, болмыстан арманға асығып келе жатқан ақынжанды адамның халiн суреттейтiн осы бiр өлең жас қаламнан туғанымен, кәнiгi шебердiң аяқ тастасындай. Иә, Ғали Ормановтың сонау жиырмасыншы жылдары жазған өлеңдерiнiң өзi-ақ терең тамыры Абай, Сәкен, Iлияс, Беймбеттерге кеткен қазақ кеңес лирикасының гүл атып бусанып, көктеп тұрған бiр бұтағы сияқты.

“Жарбиған жаман тон-тұмақ

Жабысып кеттi үстiмде.

Жанайын деген бiр шырақ

Жалтылдап кеттi iшiмде,”

– деген жолдар оқушылардың ойына бiрден орнығып қалған едi. Бiр-ақ шумақ өлеңге бiздiң өмiрдiң алғашқы жүдеу жылдарының, бiлiмге талпынған буылдыр кезеңнiң кескiнi тұтас сыйып кеткендей. Бұл ақын алғашқы адымын олақтықтың оппа сораптарынан бастап, шеберлiк жолына бiрте-бiрте көтерiлгендерден емес. Тырнақалдысының өзi – тарланбоздың жорғасындай су төгiлмей тұрады. Ақындық сөздiң атқан оқтай жылдамдығы, алапат қуаты, кiсен үзер күшi дегендердi Ғалиға телiп, терлемей-ақ қояйық. Задында ондай ерекшелiк Ғали Орманов талантына туажат. Ал, ақындық сөдiң сәулесi, нәзiк сыршыл бояуы, мәнi, дәмi дегендерге келер болсақ, мұның бәрiн жiтi меңгеру – Ғали поэзиясының бiрiншi белгiсi.

Ақын Ормановтың алғашқы алған сабағы ауыз әдебиетiндегi жыр үлгiсi болғанымен, алар нәрi алуан түрде жаңарып тұрды. Абайдан соңғы бiрiншi ақынымыз Iлиястың iзiн баса үйрену, орыстың арғы-бергi аса күштi ақындарын аудару Ғали өлеңдерiне сұлулық, бейнелiк сiңiрсе, Толстойдай алып прозашыны аударудың өзi де оның ойын тереңдетiп, өрiсiн кеңейттi. Шығыс поэзиясын, әсiресе, көне жырдың көрнектi туларын көтерген тәжiктердi тәржiмалау ақындық бояуларын байытты. Мiне, осындай үздiксiз iзденiс, оның үстiне, ел iшiмен үзiлiссiз байланыс, ауылда жиi-жиi болып, халық тiршiлiгiнен, туған табиғаттан сусындау оның лирикасын оқушының жан-жүрегiне дәл тигiзiп отырды.

Ғали Орманов Ұлы Қазаннан бұрын туғанымен, оның қаламын кеңестiк дәуiр ұштап бердi, бағып-қақты, оқытты, қалыптастырды. Бұл жайлар ақынның өлеңдегi өмiрбаянында сайрап жатыр. Алғашқы өлеңдерiнен бастап, табытына қолындағы қаламымен түскенге дейiнгi аралықта алыс сапар, адам тiрлiгi, қоғам өмiрi, өзгеру, соғысу, жеңу, сену, кенелу кезеңдерi кемел қамтылған.

Аздап мысал терiп, тiзуге болады:

“Алысқа тiгiп көзiмдi,

Аянбай жеттiм бiр шаққа.

Қиынға жұмсап өзiмдi,

Қарайын талмай кiтапқа.”

("Өрде", 1940 жыл)

“Қару бер, ана, қолыма,

Жауыңа жайдай тиейiн.

Өзiмдi тосып жолыңа,

Үстiме жалын киейiн!”

("Отан алдында", 1941 жыл)

“Даланы дария-дәулетке

Толтырып кiмдер қойды екен?

Байытып қилы сәулетке,

Бедерiн кiмдер ойды екен?”

("Жер шеберi", 1959 жыл)

Бұл шөкiм-шөкiм жырлардан, үзiк-үзiк сырлардан Ғали поэзиясының жалпы панорамасы елес бере алады. Социалистiк қазақ елiнiң басынан кешкен нұрлы тарих, ақынның шығармашылығын тұтастай сәулелендiрiп, жасыл өрiске айналдырып жiберген.

Әдебиет тарихында өзiнен бұрынғылардан ұстаз таңдамаған, азды-көптi тағлым алмаған ақынды кездестiру мүмкiн емес. Ғалидың үйренген мектептерiн де оның шығармашылығы айқындап тұр. Абай лирикасындағы әр сөздiң астарын толық ашып беру шеберлiгiнен, Бейiмбеттiң әңгiмешiлдiгiнен Орманов бойында жұғын жоқ емес. Ал, Қасымның атақты "Ғалияға хатына" жазған жауабында Орманов өз шығармашылығының ерекше бiр қырын отты, өткiр Қасымның дәл өзiнше ширыға көрсеткенi есiмiзде. Қысқасы, Ғалидың шығармашылығында қалыптасқан классикадан келген тарихи әсер де, айнала қаламдастан сiңген көрiнеу әсер де көп болағанмен кездесiп отырады. Бұл – ақынның мiнi емес, толыға тұлғалануы. Сөйткен Ғалидың өз iнiлерiне де әсерi болғанын атап айтқан дұрыс. Стильдiк бетi Ормановтан мүлдем бөлек Хамит Ерғалиевтiң өзi де Ғалиға арнаған өлеңiнде:

“Ақша қар жерге шашыңнан

Қылаулап жауып жатса да,

Жырыңдай жазған жасыңнан

Жарқырай бершi, жақсы аға!” – деп ерекше жұмсара, екпiндемей тоқтайды.

"Ерекше жұмсара" мен "екпiндемеудi" бекер қолданып отырған жоқпын. Бұлар – Ғали лирикасын барлық басқа ақындардан бөлекше көрсететiн, тайға басқан "таңбалар". Боран мен бұршақ, дауыл мен нөсер – табиғаттың сирек құбылыстары ғана. Негiзiнен, туған табиғатымыз да ойлы момақан, салмақты-сабырлы пiшiнде болса, Ғали өлеңдерi де табиғаттың сол мiнезiнен өлшеп-пiшкендей сыңайда туып жатады.

Ғали лирикасына тән, көп жағдайда оның шығармашылығын тұздықтап отыратын тағы бiр ерекшелiк – жеңiл юмор. Өмiрде де аса биязы ақынның өлеңдерiне халықтық нышандар, қалжың-оспақ бояулары дарып отырады. Курортқа кеткен жұбайына әзiл-хаты қандай жылы:

“Отырар ма екен бiр қу мұрт

Өле жаздап қасыңда?!” – деген жолдар ауызекi орамдылығымен ойға орнығып қалады.

Партияның әртүрлi кезеңдердегi қаулы-қарарларына үн қосу, оны халыққа үгiттеу – заманында қалам ұстаушылардың қадiрлi борышы болды. Ғали осындай биiк борыштарға да соншалықты саналы түрде қарайтын едi. Бiздiң кейбiр ақындарымыз қаулыдан қаулыны ғана, шешiмнен шешiмдi ғана көрiп, пiкiрлер берiп жатқанда, Орманов ол шешiмдердiң адам жанына әсер етер нұрлы тасқынына жаңа өлеңдерiн шомылдырып шығаратын. Содан соң Ғалидың жекелеген биiк беделдерге арналған өлеңдерiнен де жақын жолдасына, бауыр-досына бағышталған жүрек сөздерiнiң жылуы шалқып тұрушы едi. Даурықпа айқай, әсiрелей көтермелеу дегендерден Орманов өз қаламын алыс ұстаған адам.

Ғали – жақсы жыр жазуды өмiр бойы армандап өткен және де сол арманына жетiп кеткен ақын. Жақсы жыр жазу мұраты оның жетпiс жылдық өмiрiнiң аяғына дейiн түгесiлген жоқ. Аурумен арпалысып жатқанда да қолындағы жалғыз қаруы – қаламы ғана болатын:

“Ауруым жатты менi алты ай аңдып,

Асауға арыстанша аузын қан ғып.

Алдырмас ауажайымды таныған соң

Ақырын бет алдына кеттi қаңғып.

Дәрiмнiң ең күштiсi – өлең менiң,

Денiмнiң сездiрмейдi ол көнергенiн.

Жақсы жыр, жалынды жыр жаза қалсам,

Тынысым кеңейедi дереу менiң.”

Тумақ болғанда, өлмек те – өзектi жанның құтылмас қарызы. Осы қарыздың төлем тұсы таянғанын аңдаған да Ғали ақын. Күйрекке түсiп, морт кетпейдi, тереңге шымырлап батқан асыл тастай әсем иiрiм қалдырады:

“Болар, бәлкiм, бұл менiң соңғы өлеңiм,

Сөзiм қалса соңғыға – сол көмегiм.

Жылы тисе жырларым, сезер әркiм,

Жер бетiнен шырағым сөнбегенiн.”

Жердiң сұлулығын байыздап тұрып өмiр бойы жырлаған ақын сол жердi, өзiн қоршаған табиғат әлемiн мәңгi бiрге сезiнедi. Айрылысар шақтың ауырлығын сезсе де қайыспайды, қиналмайды:

“Шiркiн, жер, қаршадайдан бауыр басқан,

Кетермiн қалай тастап қайырылмастан?

Артымда қалай үнсiз қалар тұрып

Кең дала, көгiлдiр тау, торғын аспан?”

Иә, қадiрлi ақын, кең дала, торғын аспан, көгiлдiр тау бәрi де өзiң көрген орындарында, өзiң жырлаған қалыптарында. Кең далаң көгере түстi, кеңейе түстi.

Бiр жолы Iлиястың туған жылын өзiнiң туған ауданында өткiзiп, екеумiз бiрге қайтқанымыз менiң есiмде әлi жүр.

– Мынау Сара апаңның қыстауы болған жер… Анау жатқан коңыр жон Айтбала екеумiздiң екi жақтан келiп ұшырасатын жерiмiз едi. Жастықтың бар сыр-сипатына кiр жұқтырмай, бiр-бiрiмiзге жан-жүрегiмiздi ақтарысқан биiк жон осы… – деп едiң.

Сол көк даланы, сол қоңыр жондарды жайлаған елiңнiң есiнде, сенiң жырларың берiк сақтаулы. Том-том болып басылып жатыр. Елiм де, жерiм де, ақын-жазушы аталатын аға-iнi бауырларың да сенiмен бiржола қоштасқан емес, поэзияң тiрi. Адамның жан-жүрегiне еркелете тиетiн, бiреудi жұбатып, бiреудi уататын поэзияға өлiм жоқ. Оны өзiң де бiлетiнсiң.

“Қалса өлеңiм көңiлге жаққан шамдай

Ойлар менi ел-жұртым еске салмай.

Көкейiнде көп жылдар сақталармын,

Жолаушылап бiр жаққа кеткен жандай…”

– деп жай айтқан жоқсың да.

Бәрiмiз бас иетiн бұлжымас шындық мынау ғой:

“Алдыңғы толқын – ағалар,

Кейiнгi толқын – iнiлер,

Кезекпенен келiнер,

Баяғыдай көрiнер!”

– деген ғой ұлы атамыз Абай.

Бұған айтар дау болмақ емес. Жүрегiнде жанайын деген шырағы бар iнiлерiң келiп те жатыр, келе де бермекшi. Бәрiмiзге де ортақ ұлы қуаныш осы ғой, Ғали.

Ғабит МҮСIРЕПОВ

Редакциядан: Ғабит Мүсiреповтiң бұл мақаласы 2006 жылы аз ғана тиражбен жарық көрген "Ғали ғибраты" деген кiтаптан басқа еш жерде жарияланбаған.

Серіктес жаңалықтары