ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНI ҺӘМ 30 ТЕЛЕХИКАЯ

ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНI ҺӘМ 30 ТЕЛЕХИКАЯ

ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНI ҺӘМ 30 ТЕЛЕХИКАЯ
ашық дереккөзі
187

Сексендегi әже мен сегiздегi баланы, әке мен ананы, жас пен кәрiнi кешқұрым теледидар алдынан табасыз. Бәрiнiң телмiрiп көретiнi ток-шоу немесе қорытынды жаңалықтар, тiптi қазақтiлдi бағдарламалар мен мультфильмдер емес. Отбасының барлық мүшесiн "көкжәшiк" алдына жинайтын – телехикаялар.

Жасыратыны жоқ, бүгiнде телеарнаның көрсеткiшi телебағдарламалардың сапасына емес, телехикаялардың санына байланысты. Елiмiзде эфирдi "сабынды хикаялармен" толтырып отырған телеарналар да баршылық. Жаңылыспасақ, қазақ көрерменi телехикая әлемiне 90-жылдары ендi. Оған дейiн жұртшылықтың көбi телехикаяның не екенiнен бехабар едi. Ал қазiр түрiк пен кәрiстiң дайын өнiмiне тәуелдi болып отырған жайымыз бар. Телехикая бос уақытты тиiмдi өткiзудiң құралы болғанмен, оның зияны да шаш-етектен.

Әдетте, телехикаялар кешкiлiк уақытта берiледi. Шамамен сағат 6-мен 10-ның арасында. Дәл осы уақытта әрбiр отбасында теледидар үшiн кiшiгiрiм "шайқас" басталатыны ешкiмге жасырын емес. Осындай бiр "шайқастан" соң үндiстандық отбасының шаңырағы шайқалыпты. Сүйiктi телехикаясын қимаған әйел ерiнiң айтқанын тыңдамай, "көкжәшiк" алдында кекжиiп отыра берсе керек. Содан жанжал туып, ақыр соңында әйел күйеуiмен ажырасып тынды. Таяуда "Сабынды операның" отаны аталатын Бразилияда ерекше зерттеулер жүргiзiлдi. Ең қызығы, аталмыш зерттеудiң объектiсi – телехикая. Сарапшы ғалымдар бразилиялықтардың демографиялық ахуалы күрт төмендеп кеткенiн айтып безек қағуда. Басты себепкер – тағы да телехикая. Зерттеушiлердiң бiрi: "Телехикаяның халыққа мұндай әсер етуi ең алдымен хикаядағы кейпкердiң риясыз өмiрi мен бақуатты жағдайына елiктеуден пайда болса керек. Өйткенi телехикаяларда әдетте әйел заты оңай ажырасады, дүниеге 1 баладан әкеледi. Өзiнiң қалауынша еркiн өмiр сүредi," – дейдi. Сондай-ақ, зерттеушiлер соңғы жиырма жылда Бразилияда телехикаялардың салдарынан шараналардың дүниеге келуi 3 млн.-ға кемiп, 800 отбасылық өмiр талақ етiлгенiн айтады. Бұл зерттеу тағы бiр үрдiске баса назар аудартады, телехикаяның бас кейiпкерi сюжет бойынша ерiмен немесе сүйiктiсiмен ажырасып жатқанда, аталмыш "сабынды" өнiм көрсетiлетiн аймақта ажырасу шамамен 0,1 пайызға өседi екен. Телехикая саясатқа да әсерiн тигiзетiнге ұқсайды. Мәселен, Американың тұңғыш қаранәсiлдi президентi Барак Обама рейтингiсi жоғары телехикаяға орын берiп, жыл сайынғы халыққа жолдауын кейiнге ысырыпты. Тiптi телехикая кей елдiң мемлекеттiк саясатының бiр тармағына айналғандай. Мысалы, көршiлес Өзбекстан телехикая арқылы ұлттық идеологияны насихаттауды мақсат тұтыпты. Ала шапандылардың әрбiр телехикаясында өзбек ұлтының салт-дәстүрi мен тақиясы мiндеттi түрде кездеседi. Телехикая түсiруден алдына жан салмайтын Ресей телеарналары да бұл күнде тек отандық өнiмдi ғана көрсетедi. Осылайша ресейлiк телеарналар орыс тiлiн үйретiп, орыс менталитетiн халыққа сiңiруде. Ал қазақ көрерменiн әзiрге өзге өнiм баурап отыр.

Мойындау керек, қазiр өз атынан гөрi телехикая кейiпкерiнiң атын жақсы бiлетiн қазақ бүлдiршiнi, намаздың уақытын емес, сериал басталар уақытты асыға күтетiн еңкейген қарттар көбейдi. Өз өмiрiн кейiпкер өмiрiне ұқсатқысы келетiн жас қыз бен солардай болмадым дейтұғын ақжаулықтылардың саны артқан сияқты. Қайсыбiр отырыстар мен жиындарда телехикая әңгiменiң арқауына айналды. Ол ол ма, сериалдың бас кейiпкерiне жаны ашып, қабырғасы қайысатын көрермендер де бар. Күнұзаққа телехикая көруге әуестенген кей көрермен демалыс күндерi "Мағынасыз бағдарламалар бергенше, телехикаяны көрсетпей ме?"– деп телеарналарға өкпе-назын жолдап жатады. Тiптi, ғаламторда кәрiс телехикаяларының өзiндiк жанкүйерлер қауымдастығы ашылған. "Жұлдызды" журналдардың жылтыраған беттерiнде телехикаяға түскен әртiстердiң өмiрi мен "хикаялары" үздiксiз жарияланып отырады. Бiр сөзбен айтқанда, көрермен телехикаяға тәуелдi. "Мұның несi айып" деуi мүмкiн бәзбiреу. Бiрақ телехикая санамызды улап, жат салтты бойымызға сiңiрiп отырғанын әсте байқамай отырмыз-ау. Рас, кейбiр кәрiс, түрiк телехикаяларының өзiндiк тәрбиелiк мәнi бар. Алайда қанша дегенмен, бұл өнiм жат елдiкi. Сәйкесiнше, телехикаяның бойында жат елдiң тарихы, салты, менталитетi жатыр. Бiзге мұның бәрi керек пе? Қазақ режиссерлары өзгелердей жылына ондаған телехикаяны топырлатпаса да, сериал түсiруден құр алақан емес. Алғаш "Тоғысқан тағдырларды" көрдiк. Шыны керек, бұл телехикаяның аты қазақтiкi болғанымен, заты өзгенiкi едi. Себебi телеөнiмнiң өн-бойында батыстық үлгi тұнып тұрды. Тағдырларды тоғыстырып болған соң, бiз "Шегiрткенi" түсiрдiк. Мұнда да өмiр шындығынан гөрi қиялға толы сюжеттер көптеп кездескен сияқты. Араға бiраз уақыт салып, Ақан Сатаевтың "Ағайындыларымен" қауыштық. Қазақы өмiрден бiраз хабар беретiн телехикая үдеден шықты. Өкiнiштiсi, өзге жұрттың телеөнiмi жаппай қазақшаға тәржiмаланып жатқанда "Ағайындыларымыз" қостiлде сайрай жөнелдi. Жуырда "Арман қала" атты телехикая тәмамдалды. Бұл өнiмге де жоғарыдағыдай айып тақты көрермен қауым.

"Бiр күнде қазақстандық телекөрермен қанша хикаяның кәуiсi болады?" деген сұраққа жауап iздемек ниетпен, бiр апталық ТВ-бағдарламалардың тiзбегiн қолымызға алып, өзiмiзше отандық телеарналардың рейтингiсiн шығардық. Сөйтсек, көрермен күнiне ұзын-ырғасы 30-дан астам телехикаяға телмiредi екен. Отандық телеарналардың iшiнде телехикая беруден алдыңғы шепте "НТК" мен "31-арна" тұр. Бұл телеарналар күнiне 7-8 телехикаяны эфирге шығарады. Әсiресе, "31 арна" "СТС"-тiң жекеменшiк өнiмдерi "Папины дочки", "Моя прекрасная няня", "Маргоша" сынды көркемдiк деңгейi төмен телехикаяларды үздiксiз бередi. Тiптi, телеарна көрермен жинау мақсатында түрiктiң әртiсiн қазақша сөйлетiп, телехикаяға байланысты викторина ұйымдастырып әлек. Аталмыш арналардың iзiнде "Қазақстан", "КТК", "Ел арна" телеарналары тұр. Бұлар күнiне ең кемi үш, бес сериалды көрермен назарына ұсынады. Ал "Астана" телеарнасы әзiрге "Қазақстан" телеарнасынан берiлген "Жаңбырлы маусым" және "Громовтар отбасы" телехикаяларын көрерменге қайта ұсынуда. Оған қоса, "Исаевы" телехикаясы бар. Шамасы, көре алмаған тұстарын толық көрсiн деген ниетi болса керек. Бiр таңқаларлығы, "Хабар" арнасының ТВ-бағдарламаларының тiзiмiнде телехикая атымен жоқ. Есесiне, мемлекеттiгiмiздi қалыптастыруға септiгiн тигiзер телеарналарда әлi күнге қазақтiлдi бағдарламалар некен-саяқ. Балаларға арналған мультфильмдер де жоқтың қасы. Әсiресе прайм-тайм кезiнде телеарналарды он рет шарласаңыз да қазақтiлдi бағдарламаны мүлдем таба алмайсыз. Содан көрермен қазақша "сөйлейтiн" түрiк пен кәрiс, одан қала бердi орысқа телмiрмей қайтсiн?! Бiршама телеарналар рейтингiсi жоғары деп телехикаяларды көптеп көрсетуге құмар. Дегенмен, жалпы осы рейтингтi кiмдер, қандай әлеуметтiк топтар, қандай тәртiпке сүйенiп қоятыны жұртшылыққа жұмбақ. Өзге тiлдi сан мыңдаған адамның қазақтiлдi бағдарламаны көрмейтiнi тағы аян. Сол себептi, қазақтiлдi телеөнiмнiң рейтингiсi төмендетiлуi әбден мүмкiн. Бiзге бiр жай түсiнiксiз. Телеарна атаулы ұлт мүддесiн емес, күн сайын өзгерiп тұратын рейтингiнi бiрiншi орынға қоятыны несi екен,а?

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

2009 жылы қазақ тiлiндегi бағдарламалардың таратылым көлемi 70 пайызды құрапты. Қуантарлық жайт. Дей тұрғанмен, бағдарламалар тiзбегiнде жат елдiң 30 телехикаясынан гөрi, көрермен көңiлiнен шығып, ерекше ықыласқа бөленер, еш жерден көшiрiлмеген, қазақтың төл 30 бағдарламасы болғаны жөн шығар.

Серіктес жаңалықтары