ҰЛТТЫҚ КЕНЖЕЛЕУДЕН — ДАМУҒА

ҰЛТТЫҚ КЕНЖЕЛЕУДЕН — ДАМУҒА

ҰЛТТЫҚ КЕНЖЕЛЕУДЕН — ДАМУҒА
ашық дереккөзі
232

Елбасы өзiнiң "Ғасырлар тоғысында" атты еңбегiнде: "Менiң халқым бүкiл жиырмасыншы ғасырдың өне бойына өзге халықтардың түстерiне кiрсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кештi. Мен өз халқымның көнбеске көнiп, шыдамасқа шыдай бiлетiн төзiмдiлiгiне қайран қаламын. Мәңгiлiктiң қатыгез тасқыны бiржолата мүжiп, бiржолата үгiп, бiржолата шайып әкететiндей талай қилы кезең тұсында қиналса да, аман қала алыпты. …Қанша қиындық көрсе де, абзалдығы мен сабырлылығын, басқа халықтарға деген сыйлаушылығын сақтай бiлген халықты, қазiргiдей қиыр-шиыр тарихи сын кезеңде өзiм ажырамас бөлшегiне айналып отырған асыл жұртымды, ХХI ғасыр табалдырығын аттап, өз талайын тағы бiр сынап көргелi отырған тәуекелшiл ұлтымды қалай мақтаныш етпеспiн. Қалайша бас имеспiн!" деп перзенттiк сүйiспеншiлiгiн бiлдiре жазуы ендiгi жерде қазақтың бойын тiктеп өмiр сүруiне барлық құқының бар екендiгiн бiлдiрсе керек.

ХХ ғасыр қазақ халқы үшiн "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан" асып түспесе, кем түспейтiн алапат, зұлматтарға толы болды. Патша саясатының озбырлығынан жапа шеккен халық, 16-жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс, одан кейiнгi 29-32 жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың құрбаны болған ұлт, "сең соққан балықтай" болып есеңгiреп, рухани-мәдени тұрғыдан жұтады.

Қазақ ұлты тағдыр тәлкегiне түсiп, iргесi ажырап, бөлiнiп қалды. Қытай, Ресей, Өзбекстан аумақтарында қалып қойған қазақтар диаспораға жатпайды. Олар — ирредента. Мәселе бiздiң аумақтық таласымыздың бар екендiгiнде емес, мәселе бiр қазақ ұлтының бiрнеше мемлекеттiң аумағында бөлiнiп қалып қоюында.

Сонымен қатар, ауыртпалық жылдары елдiң бiраз бөлiгi шет ел асып, Қытайға, Түркияға, одан ары Еуропа елдерiне үдере көшiп, атақонысынан алыстап кеттi. Осы бөлшектелген ұлттың санасы да сан-сақта, мәдени тұрғыда алшақтығы да күн санап артып келедi. Қазақ халқының үштен бiр бөлiгi осылайша, тарыдай шашырап жатыр. Жаһандану заманында әртүрлi өркениеттер мен мәдениеттер тайталасқа түскен алмағайып кезеңде бiзге осы шашыраған қазақ ұлтын жұдырықтай жұмылдыратын, ұлт қылып ұйытатын ортақ идея керек. Ұлт болып топтасуымыз керек. Ол бiздiң ұлттық бет-бейнемiздi сақтап қалуымыз үшiн ауадай қажет.

Осындай кезде қазақ ұлтын топтастырудың, ұлтты бiр арнада шоғырландырудың дәнекерi тәрiздi жобалар өте өзектi.

Солардың бiрi Қажығұмар Шабданұлының тағдыры. Қаламгердiң әр кiтабын оқып отырсаң, асқан төзiмдiлiктiң, өмiр ағысымен тағдырға мойынсұну емес, сабырлы күрестiң, кекесiнмен күле қарап, егесе есе қайтарудың сырын аңдайсың. Шығармаларының өмiр бойғы мұраты, сенiмi, үмiтi – қазақ елiнiң бiрлiгi. Қажығұмар Шабданұлының тағдыры ХХ ғасырдағы қазақ тағдырымен тағдырлас, тарихымен үндес.

Қырық жылдан астам өмiрiн Қытай түрмелерiнде өткiзiп, әдiлетсiз саясаттың салдарынан саналы ғұмырын тар қапаста сарп еткен асыл азамат өз ұлтының қилы тағдырын жылап жазып, ұлттық құндылықтарын "көздiң қарашығындай" сақтап, келешек ұрпаққа жеткiзудi – өмiрiнiң өзегiне арқау еткен.

Алмағайып, қым-қуыт, әдiлетсiз заманның айнасы болып қана қоймай, сонымен қатар, ол кiсi өзiнiң азаматтық ұстанымын айқын бiлдiре бiлген.

Осындай "қазағым" деп ұлтына қызмет еткен ардақты ұлына құрмет көрсету арқылы қазақ ұлтының рухын асқақтату, ұлтты топтастырудың бiр әдiсi болуы ықтимал. Қазiргi тарихи кезеңде қазақ халқының еңсесiн көтеру, өзiне деген құрметiн, "мен – қазақпын!" деген мақтаныш сезiмiн қалыптастыру өте қажет нәрсе.

ХХ ғасырда қазақтың асыл ұлдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Жұмабаев, берiде Ә. Марғұлан, М.Әуезов, М.Мағауин тәрiздi алып тұлғалар қазақты ұлттық тоқыраудан, ұлттық деградациядан аман шығуына ықпал еттi.

Қажығұмар Шабданұлының салған жолы – дара, өйткенi ол кiсi өзге елде өмiр бойы солақай саясаттың теперiшiн көре жүрiп, күрестi. Қамауда қинала жүрiп, өз еңбегiн елiне арнады. "Туған елiм, жерiм, атажұртым" деп еңiрегенде етегi жасқа толатын қарттың жалғыз арманы – елiне жету. Өзiнен бұрын аңызға айналған аты, том-том еңбегi қазақ жерiне жеткен Қажығұмар Шабданұлының шығармаларының терең үңiлiп оқу – қазақтың ұлт ретiнде өзiне деген сенiмiн нығайтып, ұлтын сүюдегi сезiмiн шыңдай түсiп, қазақтың ұлт ретiнде ұйысуына септiгiн тигiзiп, қазақ жастарының халқына, елiне, жерiне, Отанына ерiнбей- талмай еңбек етуге деген құлшынысын оятары сөзсiз. Әрi бұл қазақ әдебиетi мен мәдениетi үшiн тың әрi айтулы оқиға. Жазушы еңбегiнiң ерекшелiгi – қандай қиыншылықпен жазылғандығында, қазақпен тағдыры ортақ қаламгердiң шынайы өмiрдi суреттеуiнде.

Әрбiр елдiң, қоғамның күн тәртiбiн қалыптастыратын, қозғаушы күш болатын белгiлi бiр топ болады. Бұл топ қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы ролiн атқарады. Ол – билiк пен халық арасындағы дәнекер. Ондай "от ауызды, орақ тiлдi" дуалы ауыз азаматтар қоғамға аса қажет. Олар қоғам мен мемлекет мүдделерiн бiрдей қорғай алатын, қоғамдық пiкiр қалыптастыра алатын тұлғалар болады. Бұл ролдi зиялы қауым өкiлдерi де атқаруы мүмкiн.

Қазақта "Өзiңдi өзiң сыйласаң, жат жанынан түңiлер" деген мақал бар. Бұл мақалда үлкен философиялық мән бар. Бiз өзiмiз күнделiктi көрiп жүрген, ақиық азаматтарды ұлықтай бiлуге қабiлеттi болуымыз керек. Ұлтты ұлт ететiн осындай категориялар.

Кезiнде басмашылар қозғалысына қатысып, Орталық Азияда ортақ түркi әлемiн құруды көксеген Энвер-пашаның сүйегiн Кеңес үкiметi ыдырағаннан кейiн Түркия мемлекетi орасан зор салтанатпен, үлкен құрметпен елге апарып жерлегенi белгiлi. Алайда, бұл не үшiн керек едi? Өйткенi, бұл түрiктердiң түркi әлемiне өзiндiк ықпалы, қатысы бар екендiгiнiң символы iспеттес болды.

1990 жылдары Ресейде үлкен саяси оқиғалар болып жатқан кезде Солженицынның елге оралуы да қоғамда серпiлiс тудырды. Қайтар жолында ол Ресейдiң бүкiл вокзалдарына түсiп, халық оны ықыласпен қабылдап, мәре-сәре болып жатты. Бұл барлық жерлерде орыстың рухын көтерiп, орыс ұлтын ұйыстыруға көп еңбек еткен iрi фактор болды.

Өз кезегiнде түрмеде ең ұзақ отырған адамдардың бiрi саналатын Оңтүстiк Африкадағы қара нәсiлдiлер үшiн азаттық пен әдiлеттiлiк символына айналған, Апартеидке қарсы күрескен Нельсон Мандела 27 жыл қамауда болған.

Ал, Қажығұмар Шабданұлы өмiрiнiң 44 жылын түрмеде өткiзген. Бұл жылдарда адам құқығын қорғау жөнiндегi "Халықаралық рақымшылық" (Амнести интернешнл) ұйымы Қытай өкiметi тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшiн оны "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қытайдың құзыреттi ресми орындарынан ол кiсiге байланысты әдiл тергеу мен ашық сот жүргiзуiн жүйелi түрде талап еткен. Түрмеде ең ұзақ отырған адам ретiнде әлемнiң "Гиннесс" рекордтар кiтабына енген ақсақалымыздың шет елде танымалдығы жоғары. Тек, қазақ қана қадiрiне жете алмай отыр. Осындайда данышпан Шәкәрiм қажының төртшумағы есiңе түседi:

"Қазақтың көзсiз баласын,

Қаңғытып қайда барасың,

Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың!"

Бүгiнгi күнi аз ғана сыйлықты көпсiнiп, қарт қаламгерiмiздi мадақтай алмасақ, қазақтығымызға сын, елдiгiмiзге сын! Бұл рухани тәуелсiздiгiмiз үшiн керек iс!

Ол кiсiнiң кiтаптарында өкiнiшке толы: "Менiң ең ауыр қылмысым, бар кiнәм — отансыздығым…" дегенге саятын жолдар бар. Отанын бар жан-жүрегiмен берiле сүйген, Отаны үшiн адалдықпен еңбек етiп, бойындағы iзгi қасиеттерiнiң бәрiн Отанына арнаған, Отанының гүлденiп, көркейiп, құдiреттене түсуiн бар ынта пейiлiмен қалаған, Отанының мүддесi мен абырой атағына кiр келтiрудi намыс санаған, Отанының тәуелсiздiгi мен тұтастығын жан-тәнiмен тiлеген, осындай асыл қасиеттердi бойында ұстай алған адамды қалайша отансыз деуге ауыз барады? Ендеше ел болып жұмылып, Қажығұмар ақсақалдың отансыз емес екендiгiн дәлелдейiк! Қажығұмар ағаны, көзi тiрiсiнде ұлттың бiртуар ұлы, азаматы ретiнде ардақтап, елiне паш етейiк! Төле бидiң:

"Бiрлiгi мықты ел болса,

Барлығы түгел бауыр-ды,

Ұрпағыңа үлгi етiп,

Батырыңды жырлап өт,

Жерлеп жеңсе жауыңды…” — деп айтқанындай, бiз өзiмiздiң ұлт ретiнде топтастыруға негiз салған рухани-мәдени тұлғаларымызды қадiрлей бiлейiк!

Өз Отанына шексiз еңбек еткен әруақты азаматтардың қалдырған мұрасына баса назарда ұстау – мәдени саясаттың үлкен бiр бөлiгi. Осы тұрғыда Қырғызстанда Шолпан-атада Мұхтар Әуезовтiң мұражайы бар. Сол мұражайды қайта қалпына келтiру жұмыстарын өткiзу керек. Бұған қырғыздардың экономикалық жағдайы келмейдi. Осының өзi қазақтарға үлкен фактор болуы тиiс. Бiз ұлтты ұйыстыратын жобаларды қазiрден бастап ойластырып, жасайтын болсақ, ұлт өзiн басқаша сезiнетiн едi.

Сонымен қатар, Мiржақып Дулатовтың мүрдесi мен мұражайы өзiнiң туған жерi – бұрынғы Торғай облысында орналасқан. Күмбезi орналасқан бұрынғы кеңшар тарап кеткен, мұражайдың өзi құлау үстiнде. Ендеше Мiржақып Дулатовтың мұражайын Астанаға, не Алматыға салтанатты түрде нелiктен көшiрмеске?! Осы сакральды iс-шараның өзiн ұлттық рухты көтеретiндей дәрежеде өткiзуге болады.

Қазақты орта ғасырдағы жойылудан аман-есен алып қалу, рухани топтастыру мен болашаққа сара жолын салып берудегi өлшеусiз үлес қосқан қасиеттi Төле би, Айтеке би, өшпес ерлiгiмен көзге түскен әйгiлi қолбасшы Жалаңтөс бахадүрдiң бейiттерi тағдырдың тәлкегiмен басқа мемлекеттiң территориясында қалып отыр. Бүгiн осы асыл мұраларымыздың рухани-ұлттық мысалының аясында өзiмiздiң жас ұрпақты тәрбиелеудiң жүйесiн қалыптастыру кезек күттiрмейтiн iс.

Қазақ – дана халық! "Ел басына күн туса, қарап жатар ерiң жоқ" деп, қиын-қыстау сәттерде бiрiгiп кетер қасиетi бар. Мәселен, Мұхтар Әуезовтiң "Қилы заман" романын оқығанда, қазақтың этно-психологиясын толық байқауға болады. Автор Алатау бөктерiндегi Қарқара жәрмеңкесiнiң айналасындағы қазақтардың тағдыр тәлкегiнiң аясында бүкiл қазақтың этникалық психологиясы мен мәдениетiн көрсетiп берген. 1916 жылы қазақтарды тыл жұмысына алу кезiнде болыстардың өздерi көтерiлiсшiлер жаққа шығып кетедi.

Серiкбай деген болыс төрт күн бойы ойланып жатып алады. Бiр күнi айналасындағы шабармандарын жиып: "Егiн орақты қойыңдар, бүкiл халыққа аттарыңды таратып берiңдер" дейдi. Айналасындағы ең жақын достарын шақырып алып: "Ертең ел iшiнде бiр жағдай болса, мына байлықтың құны көк тиын" деп, көтерiлiсшiлер жағына шығып кетедi. Дәл солай болыстардың бiрқатары туған халқының жағына шығады. Мiне, дәстүр деген осы. Қазақтың дәстүрлi қоғамы деген осында! Қазақтың бiрiгiп кететiн психологиясының сыры нақтылы ашылған.

Егер дамыған, күштi Қазақ елiн көргiмiз келсе, бiз қазақы Қазақстанды қалыптастыруымыз керек. Бұл дегенiңiз – өзiндiк даму жолы жоқ, өзiндiк бет-бейнесi жоқ елдiң күштi болуы екiталай дегендi бiлдiрсе керек. Яғни, қазақылық болмай Қазақстан жаһандану заманында бәсекеге түсе алмайды. Мiржақып Дулатұлының: "Жұрт болудағы мақсат осы күнгi тiрi жүрген адам баласына ғана емес, кейiнгi нәсiл — нәсiп, үрiм-бұтақтың кем-қор болмауы үшiн керек зат" деуi бекер емес.

Халқымыздың интеллектуалды, көркем еңбекке жақындығын, арманшылдығын бағалай отырып, әлемде өзiндiк айқын орны бар ел болатынымызға шынайы негiз таба аламыз. Қазақы ұлттық мәдениетiмiз де ұлттық идеямыздың негiзi бола алады. Ұлттық идеямыздың алғашқы сатысына қол жеткiзе алдық деп нық сенiммен айта аламыз. Ол бiздiң — тәуелсiз мемлекетiмiз. Ендi мақсат-мiндетiмiздi нақты айқындап, дамудың даңғыл жолына түсу үшiн бiрлесер кез келдi.

Ерлан САИРОВ

Серіктес жаңалықтары