КӘСIПКЕРЛIКТI "АЛЫПСАТАРЛЫҚ" ДЕУШIЛЕР АЗАЙДЫ

КӘСIПКЕРЛIКТI "АЛЫПСАТАРЛЫҚ" ДЕУШIЛЕР АЗАЙДЫ

КӘСIПКЕРЛIКТI "АЛЫПСАТАРЛЫҚ" ДЕУШIЛЕР АЗАЙДЫ
ашық дереккөзі
411

Қарағанды қаласында өткен "Бизнес-Кеңесшi" бағдарламасы: тәжiрибе, қорытынды және болашақ дамуы" атты тұңғыш республикалық семинар-кеңес кәсiпкерлiкке қатысты талайдың көкейiнде қатталған жайттарға тереңiрек үңiлуге мүмкiндiк бердi. Солардың бiрi – шағын және орта бизнестi дамытуға ықпал ететiн факторлардың аясын қаржылай емес қолдау шаралары арқылы кеңейту мәселесi.

Елбасының шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi тапсырмасына сәйкес, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Даму" кәсiпкерлiктi дамыту Қоры өткен жылы "Бизнес – Кеңесшi" бағдарламасын әзiрлеп, төрт ай бойы кәсiпкерлер мен өз кәсiбiн ашуға ниеттi 11 мыңнан астам адамға тегiн курстар ұйымдастырған болатын. Бұл – елiмiзде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуге ден қойып отырған қанатқақты жоба.

Зерттеулер нәтижелерiне зер салсақ, қазiр Қазақстандағы еңбекке жарамды халықтың тек 14 пайызы ғана шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысады. Дамыған елдерде жалпы iшкi өнiмнiң 50%-дан астамы шағын және орта бизнестiң үлесiне тисе, елiмiзде соңғы деректер бойынша шағын бизнестiң елдiң ЖIӨ үлесi 16% аспайды. Кәсiпкерлерде бизнес жүргiзу дағдысы өте төмен болғандықтан банкротқа ұшырап немесе қызметтерiн мүлде тоқтатып жатады. Одан бөлек, кәсiпкерлiкпен айналысуға ниеттi тұрғындардың көпшiлiгiнiң бiлiмi мен ақпараты жеткiлiксiз болғандықтан, өз iсiн ашуға жүрексiнедi немесе батылы бармайды. Қазiргi уақытта шағын және орта кәсiпкерлiкке консалтингтiк және ақпараттық– талдамалық қызмет көрсету деңгейi де төмен. Консалтингтiк, оқыту және ақпараттық қызмет көрсету нарығы iрi қалалардың өзiнде де толығымен дұрыс жолға қойылмаған және көбiнесе ақылы негiзде жұмыс iстейдi, ал орталықтан шалғай аймақтарда – аудандық деңгейлерде тiптен жоқтың қасы. Демек, қаржылай қолдаумен қатар, бизнес жүргiзу мен iстi басқару, дамыту тетiктерiн оқытып үйрету өзектiлiгi туындап отыр. "Бизнес – Кеңесшi" бағдарламасының дiттеген мақсаты да осы болатын.

Бағдарламаны iске асыру барысында жұртшылық тарапынан сұраныс жоғары екендiгi айқындалса, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында қатысушылар саны күткендегiден де асып түскен. "Кәсiпкерлiктi дамытудың қаржылық және ақпараттық-құқықтық жағы болады. Солардың барлығын үйретудi көздеген осы оқу бағдарламасына бiраз өзгерiстер енгiзiлдi. Жоғары оқу орындары да бұл iсте ауқымды көмек көрсеттi деп ойлаймын", – дедi Жамбыл гуманитарлық техникалық университетiнiң ректоры Жомарт Қошқаров.

Бағдарламаны iске асыру барысында кәсiпкерлiктiң бүгiнгi ахуалын сараптауға бағытталған Қазақстандағы тұңғыш маркетингтiк зерттеу жүргiзiлген болатын. Ондаған мың адамды қамтыған "БИСАМ Централ – Азия" зерттеу орталығы жүргiзген сауалнама қорытындылары да көп жайтты аңғартса керек. Мәселен, зерттеу нәтижесi кәсiпкерлiкке тұрғындардың көптеп тартылу үрдiсiн, бизнес турасындағы қоғамдық түсiнiктiң түбегейлi түзелгенiн анықтады. Бұл саладағы заңды тұлғалар саны азайып, жеке тұлғалардың үлесi артқан. Тұрғындар бұрнағы жылдарғыдай "кәсiпкер" ұғымын "алыпсатар" деген астарлы ұғыммен байланыстырмайтын болған. Сонымен қатар, халықтың кәсiпкерлiкпен айналысуға ынтасы зор болғанымен, мемлекеттiк басқарушы органдарға сенiмсiздiкпен қарайтыны, әрi бизнестi бастауға, оны ары қарай дамытуға ақпараттық бiлiмдерi таяз екенi анықталған.

Осы мәселеге орай, "Даму" кәсiпкерлiктi дамыту Қорының" корпоративтiк даму департаментi бастығы Ғабит Лесбеков: "Бағдарлама нәтижелерi қорытындылана келе және ел тұрғындарының нақты қажеттiлiктерi сарапталғаннан кейiн әр аудан орталығында қызметi кешендi сипатта болатын кәсiпкерлiктi қаржылай емес қолдау Орталықтарын құру жоспарланып отыр. Сонымен бiрге, ақпараттық веб-сайттар, тегiн кеңес беретiн колл-орталықтар жұмысын жолға қою қажет. Өйткенi, бизнес-бiлiгiн көтергiсi келетiндердiң саны артуда", – дедi.

Екi күнге созылған семинарда оқыту-үйрету семинарларын болашақта тақырыптық тұрғыда кеңейтiп, тереңiрек бiлiм беру қажеттiлiгi де қарастырылды. Жалпы, "Бизнес Кеңесшi" бағдарламасын биылғы жылы көктем және күз айларында екi рет өткiзу де жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары