МЕДИЦИНАМЫЗ ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ ДАЙЫН ЕМЕС ЕКЕН
МЕДИЦИНАМЫЗ ЖАҢА ЖҮЙЕГЕ ДАЙЫН ЕМЕС ЕКЕН
Денсаулық сақтау министрлiгi тағы да бiр жаңа реформаның тұсауын кестi. Жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласын одан әрi жетiлдiре түсу мақсатында елiмiздегi медицина мекемелерi Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiне көше бастады. Министр Жақсылық Досқалиевтiң айтуынша, бұл пациенттiң дәрiгер мен медициналық ұйымды еркiн таңдауын қамтамасыз етедi, екiншiден, медициналық қызмет көрсетудiң бәсекелестiк ортасын қалыптастырады, үшiншiден, негiзгi шығындар бойынша медициналық қызметтерге ақы төлеудi көздейдi.
Нақтырақ айтқанда, он жылға арналған бұл бағдарламаның әу бастағы көздеген мақсаты – әрбiр азаматқа сапалы емделу жолын таңдауға мүмкiндiк жасау әрi дәрiгерлердiң пара алуына жол бермеу. Яғни, емделушi Қазақстанның кез келген аймағындағы өзiне ұнаған аурухананы таңдайтын болады. Емделушiлердi көптеп қабылдаған ауруханаға және дәрiгерге қаражат та соғұрлым көбiрек бөлiнедi. Алайда, өмiр сүру деңгейi мүлдем басқа Канада, Австралия сияқты елдердiң тәжiрибесiнен алынған жүйеге отандық медицина толық әзiр ме? Оған дәрiгердiң, қолданыстағы құрал-жабдықтың қауқары жете ме? Министрлiк бұған қарамастан, бiраз зерттеудi қажет ететiн ауқымды жобаны бiр жылдың iшiнде енгiзiп тастағысы келiп отыр. Онсыз да сын көтермейтiн денсаулық сақтау мекемелерiнiң аз уақытта сапалы дәрiгерлiк көмек бере алатындығына сенiм бар ма? Ол тұрмақ, шалғайдағы елдiмекендер мен шағын ауылдағы тұрғындардың қарапайым алғашқы медициналық көмекке де қолы жетпей жүргенi көпшiлiкке аян. Ал, шын мәнiнде науқастың көңiлi қалаған ауруханадан ем қабылдауға мүмкiндiгi туса, ауылдық, аудандық жердегi тозығы жеткен медициналық мекеменi кiм таңдайды екен? Халық бұдан былай заманауи медициналық техникамен жабдықталған аурухана, институттарға көптеп барса, мемлекеттiк қаржы да соларға молынан құйылады да, есесiне, материалдық, базалық жағдайы күрт құлдырап кеткен әлгiндей аймақтағы мекемелердiң шамы бiртiндеп сөне бастайтын сияқты.
Жаңа жүйе жайында халықтың мағлұматы кемшiн болып жатыр ма, қазiр ауылдан қалаға ағылып жатқандарда есеп жоқ. Кейбiрi реформаның ережесiне жан-жақты қанықпағандықтан да, әбiгерге түсiп әлек. Мәселен, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облысының бәзбiр тұрғындары редакциямызға телефон соғып, "Кез келген қаланың ауруханасы мен емханасына барып, тегiн ем қабылдауға бола ма?" деген сауалдарға жауап алғысы келдi. Бұл сұрақтарға толыққанды мәлiмет беру үшiн Денсаулық сақтау министрлiгi баспасөз қызметiнiң өкiлi Алмагүл Әбенқызымен тiлдескенiмiзде: "Егер ауылдық жердiң тұрғыны Астана, Алматы қаласына келгiсi келсе, жергiлiктi жердiң денсаулық сақтау бөлiмiнен жолдама алады. Оған медициналық айғақтар арқылы қол жеткiзетiн ауылдықтар қалалық ауруханаға тек аймақтық шарттар бойынша ғана тiркеледi. Сондай-ақ, қазiр сырқаттанып қалған адам бұрынғыдай ауруханаға бiрден жатқызылмайды. Оның күндiзгi стационардан ем алып, ауруының алдын алуына мүмкiндiгi бар. Қысқасы, бұл жүйе келешекте квотадан бiржола құтылудың жолы" деп тәптiштей түсiндiрдi. Бүгiнде министрлiктiң пошта жәшiгi мен телефонына да дамыл жоқ. "Азаматтар әрбiр минут сайын хабарласып жатыр. Әрине, алғашқы кезде көпшiлiктi түрлi сұрақ мазалап, түсiнiспеушiлiкке бой алдырады. Мұның бәрi уақытша. Бiрте-бiрте бұл жүйе де қалыптасып кетедi", – деп сендiрдi Денсаулық сақтау министрлiгiнiң баспасөз өкiлi Алмагүл Әбенқызы.
Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiне байланысты емханаға тiркелу уақыты 1-ақпанда аяқталды. Ендi әрбiр азамат өзi таңдаған емханаға қаралып, сапалы медициналық көмек алатын жағдайға қол жеткiзедi. Алматы қаласы бойынша арнайы тексеруден сүрiнбей өткен №10 емхананың бас дәрiгерi Алуа Әбутәлiпқызы басқа емханадан ауысып келiп тiркелгендердiң көп екендiгiн айтады. Осы жерде ескеретiн жайт, қаланың басқа ауданынан келген тұрғындарға көрсетiлетiн көмек үйде емес, тек емханада ғана жүзеге асады екен. Бас дәрiгер мұны ара қашықтықтың ұзақтығымен және дәрiгерлердiң жетiспеушiлiгiмен байланыстырады. "Негiзi бiзге 67 мың адам тiркелуi керек. Мемлекеттiк тапсырыс та осыған бөлiнедi. Бүгiнде 1 мыңнан аса адам есепке алынды. Барлығы 70 мыңнан асып кетiп отыр. Әрине, бұл көрсеткiш бiздiң емханаға деген халықтың ықыласын бiлдiргенмен, дәрiгерлерге өте ауыр тиетiн түрi бар. Өйткенi, әрбiр учаскелiк дәрiгер кемiнде 1200 адамды қарайды", – дейдi бас дәрiгер. Алайда, Алуа Әбутәлiпқызының айтуынша, бұрын көп қаржы ауруханаға жұмсалатын да, емхана тасада қалып қоятын. "Жаңа жүйенiң мақсаты – екеуiнiң орнын ауыстыру. Бiз бұрын "ауруханаға барып жата сал, анализiңдi сонда тапсыра бер" деушi едiк. Сол себептен де аурухананың бағасы удай қымбат едi. Ал ендi емханаға көңiл бөлiнсе, учаскелiк дәрiгер тiркеудегi азаматтың науқастанбауына күшiн салады. Дәрiгерге ауру адамға емес, денi сау адамға қарағаны үшiн ақша төленедi. Есесiне, ауруханаға түсетiн науқастың саны азаяды. Менiңше, бұл жаңа жүйеден ұтатын тұсымыз көп", – деп қорытты.
Сонымен, бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi шеңберiнде "қағазсыз ауруханалар жүйесi" құрылмақшы. Қазiр кез келген емхана, ауруханаға бас сұқсаң, аурудың тарихы жазылған бiр жапырақ қағазды iздеу үшiн қаншама уақыт кетедi. Жаңа жүйе осындай тосқауылға нүкте қоймақ. Министрлiктегiлердiң сөзiне сенсек, науқастың қолындағы электронды құралда оның бүкiл сараптама нәтижелерi, ауруының тарихы жазылып тұрады. Ол осы құралы арқылы кез келген аурухана, кез келген емханада немесе Қазақстанның кез келген жерiнде тұрып әлгi мәлiметтердi қағазға басып шығара алатын болады.
Ал, №12 қалалық-клиникалық ауруханасы қабылдау бөлiмiнiң терапевт-дәрiгерлерi: "Қазақстанды Канада, Сингапурмен салыстыруға болмайды. Оларда жаңа технология, компьютер қарыштап дамыған. Керек болса, бiзде дұрыс жұмыс iстейтiн компьютер де жоқ. Алдыңа келген науқаспен сөйлесуге уақыт жоқ, себебi, қағаз толтырудан қол босамайды" – дейдi күйiнiп. Атын атамауды өтiнген терапевт-дәрiгер кейде түнгi сағат 2-ге дейiн аурудың тарихын толтыратынын жыларман күйде жеткiздi. "Егер бiзде шетелдегiдей компьютерлiк жүйенi қолдансақ, әр аурудың аты-жөнiн тез-ақ табуға болар едi. Ол аздай, басшылар да сенiң еңбегiңдi науқасты қарағаныңа емес, толтырған қағазыңа қарап бағалайды. Қысқасы, адамды емдемесең де, қағазыңдағы жазу толық болуы тиiс. Неге бiз сол жарты сағат iшiнде жылы сөзге зәру сырқатпен әңгiмелеспеймiз? Бұл бұл ма, дәрiгердiң жетiспеушiлiгi салдарынан түнгi ауысымнан шықсаң да, қайта жұмысқа шақырып алады. Өйткенi, жаңа жүйе қолданысқа енгелi берi орталық ауруханаға лек-легiмен келiп жатқандар көп те, оларды қабылдап, қарайтын дәрiгер тапшы. Айналып келгенде, қарапайым халық зардап шегедi", – дейдi ол.
Сөзiнiң жаны бар. Бiрыңғай денсаулық сақтау жүйесi бiрқатар кемшiн тұстарымызды айқындап бердi. Қазiр Алматы қаласының емханаларына кемiнде 178 маман жетiспейтiн көрiнедi. Олар, негiзiнен, алғашқы медико-санитарлық қызмет көрсетушi дәрiгерлер, терапевттер, педиатрлар және тағы бiрқатар салалық қызмет өкiлдерi. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәлiметiне сүйенсек, 2009 жылы медициналық жоғары оқу орындарына 800 маманға тапсырыс берiлгенмен, олардың басым көпшiлiгi ұсынылған қызметтен бас тартқан. Ал жыл басынан берi бар-жоғы 50 жас маман ғана жұмысқа алынған. Себеп бiреу-ақ. Бүгiнгi дәрiгердiң жалақысы мардымсыз, әлеуметтiк жағдайы төмен.
Шындығы осы. Апта басында арнайы кеңес өткiзген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Денсаулық сақтау министрi Досқалиевқа 17 млрд. теңге бөлiнген бiрыңғай денсаулық сақтау жүйесiн әрi қарай жүйелеу керектiгiн қадап айтты. "Өйткенi, мен дәрiгерлерден жаңа жүйеге қатысты түрлi сыбыс естiп жатырмын. Олар мұның қажетi қанша, бұрынғы жүйемiз жақсы едi ғой" деген әңгiменi алға тартты", – деген Премьердiң сөзiне қарағанда, жаңа реформаның шикiлiгiн мойындайтын сияқты. Расында, елдi дүрлiктiрiп, көшелерге жарнамалар iлiп, сонша қыруар ақша жұмсалған жаңа жүйе пайдасын берер ме екен? Әлде, "жоғары жалақы төлеймiз" деп, басшылар қоластындағы бес-алты дәрiгердi күндiз-түнi жұмсауын жалғастыра бере ме?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ