КӨШI-ҚОН САЯБЫР ТАПТЫ, АЛ “НҰРЛЫ КӨШ” ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕР ЕМЕС

КӨШI-ҚОН САЯБЫР ТАПТЫ, АЛ “НҰРЛЫ КӨШ” ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕР ЕМЕС

КӨШI-ҚОН САЯБЫР ТАПТЫ, АЛ “НҰРЛЫ КӨШ” ТҮЙТКIЛДI ШЕШЕР ЕМЕС
ашық дереккөзі
178

Биылғы жылғы жоспарға сәйкес, "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша 1400 отбасы көшiп келуi тиiс. Бұл жөнiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырза мәлiм еткен болатын.

Жалпы, биылғы жылға бөлiнген мемлекеттiк көшi-қон квотасы 20 мың отбасын құрап отыр. Былтырғы квота бойынша, Қазақстан аумағына қоныстанған отбасылардың саны 16 мыңға жеткен.

Қабылсаят Әбiшев былтырғы жылы Өзбекстаннан келуге тиiстi 2000 отбасының екi ел арасындағы шекараның жабылуына байланысты келе алмағандығын айтады. Сондай-ақ, бiраз жылдан берi Қытайдағы қандастарымыз да көшiп келу мүмкiндiгiнен айрылып отыр. Осының салдары болуы керек соңғы жылдары шетелден келетiн қазақ көшi саябырсып тұр.

2009-2011 жылдар аралығында "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша, 60 мың отбасы, 300 мың адамды көшiрiп алу жоспарланған. Бұл бағдарламаның мемлекеттiк көшi-қон квотасынан ерекшелiгi сол — сыртқы көшi-қонды жүйелi түрде реттеу мәселесi қолға алынған болатын. Шетелдiк қандастарымызды қоныстандыру арқылы, оларды солтүстiк аймақтарға көбiрек қоныстандыру және баспана әрi жұмыс мәселесiн шешу осы бағдарламаның басты артықшылықтары едi. Былтыр "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша, 3 пилоттық жобаның қолға алынғаны белгiлi. Ол — Оңтүстiк Қазақстан облысының Шымкент қаласында, Ақмола облысының Красный Яр ауылында және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қалаларында жүзеге аса бастаған.

Былтыр осы жобалардың iшiнде ең жемiстi болғаны — Шымкент қаласындағы "Асар" шағын ауданы ғана. Онда осы бағдарлама аясында 239 үй бой түзеп, оның 139-ы пайдаға берiлген болатын. Көкшетау қаласының Красный Яр ауылында 2 пәтерлi 138 үйдiң құрылысы аяқталып, бүгiнде 113 отбасы пәтерлi болған. Әрине, бұл үйлер оралмандарға басы-бүтiн тегiн берiлiп жатқан жоқ. Пилоттық жобаға қатысушылар үй салынып жатқан кезеңде, 5,5 жылдың iшiнде депозитте пәтер құнының 50 пайызын жинақтау мақсатында, банкпен келiсiмшарт жасасып, шотқа ақшаларын сала бастайды. Олардың салымына әдеттегiдей жыл сайынғы Банк пайыздары (2%) мен мемлекет сыйақысы қосылып отырады. Баспана құрылысы аяқталғаннан соң жобаға қатысушы үйдi жалға алады. Қажеттi соманың алғашқы бөлiгiн жинағаннан кейiн банктен екiншi жартысын 10 жылға 4,5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен алып, тұрып жатқан үйiн сатып алу мүмкiндiгi бар. Үкiмет "Нұрлы көш" бағдарламасына қатысушыларды таңдау барысында олардың жұмыс iстеу мүмкiндiгiн ескеретiн болады. Демек, бұл баспаналарға тек жұмысқа жарамды және мамандығы бар адамдар ғана қол жеткiзе алады.

Бағдарламаның негiзгi мақсаты — қазағы да, адам саны да аз солтүстiк пен шығыс өңiрлерге оралмандарды көптеп тарту болғаны мәлiм. Бiрақ, сол шығыс пен солтүстiк мәселелерi әлi ақсап тұрған тәрiздi. Мәселен, Көкшетау қаласының Красный Яр ауылына қоныс тепкен 113 отбасы оны салған "Сарыарқа" әлеуметтiк корпорациясының үстiнен шағымданып, үйлердiң кейбiр талаптарға сай болмай жатқанын мәлiмдеп дабыл қаққан. Красный Яр ауылы Көкшетау қаласына тiкелей бағынышты болғандықтан, Көкшетау қаласының әкiмi Бақыт Сапаровты шақырып, мәселенiң оңды шешiлуiн талап етсе керек. Олар ең әуелi ертең баспаналарының қарызын қайтарудың кепiлi — жұмыспен қамтамасыз ету iсiнiң жүзеге аспай тұрғандығын көлденең тартқан. Көршi ауылдағы Васильковский тау-кен байыту комбинаты кәсiби мамандарға иек артатынын айтып, оларды жұмысқа алмаса, басқа жұмыс орындарына не жасы, не тiркеуi сай келмептi. Сондай-ақ, тұрғындар "Сарыарқа" әлеуметтiк корпорациясы тұрғызған ауылдың инфрақұрылымдары мен үй сапасына да көңiлдерi толмайтындығын айтып шағынып жүр. Қала әкiмi осы мәселеге байланысты ауыл әкiмiне тапсырма берiп, комиссия жасақтап, "Сарыарқа" әлеуметтiк корпорациясы салған үйлердiң қандай келешектерi барын анықтап, акт жасауды тапсырды.

Дәл осы мәселеге байланысты бiз Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiне хабарласқан едiк. Өзiн Комитет төрағасының орынбасары деп таныстырған Сақтағанов Нұрымбет бұл үйлердiң мемлекеттiк комиссияның сараптамасынан өткенiн айта келiп, оның тұрғындардың көңiлiнен шықпауы мүмкiн емес екендiгiн айтады:

— Жергiлiктi тұрғындар инфрақұрылымдары толық iске қосылған мұндай арзан бағалы үйлерге қол жеткiзе алмай жүр. Осыдан екi-үш ай бұрын оралмандар бұл үйлерге қуана кiрген едi, ендi шағымданып жүр. “Үйiмiз суық” дейдi, “талапқа сай емес” дейдi. Мемлекеттiк сарптамадан өткен үйлердiң сапасыз болуы мүмкiн емес.

Көкшетаудағы Красный Яр ауылына қоныстануға 244 отбасыдан өтiнiш келiп түстi. Олардың 52-сiнiң құжаттары жер комиссиясының тексеруiнен өттi. Бүгiнде ондағы 113 отбасының 39 адамы жұмысқа орналасқан. Қалған тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесi қала және ауыл әкiмiмен келiсiлген. Ауыл әкiмi жермен айналысып, несiбесiн жерден айырғысы келетiн қандастарымызға 2-3 га жер берейiн деп жатыр. Көкшетау қаласының жанына егiн жайлар салынып, ауылшаруашылығын дамыту iсi қолға алынуда. Демек, егiнмен айналысам дегендердiң мүмкiндiгi шашетектен. Сол маңайдағы алтын өндiрiсiмен келiсiп, олар 60 адамды жұмысқа қабылдайтын болды. Жалпы, бұл ауылға 278 отбасы қоныстанады деп жоспарланған, — дейдi ол.

Бiз осы мәселе бойынша "Сарыарқа" әлеуметтiк корпорациясынан ресми түрде түсiнiктеме сұраған едiк. Алайда аталған корпорацияның қызметкерлерi бiр-бiрiне сiлтей отырып, ең соңында өздерi хабарласатындықтарын айтып шығарып салды. Бiрақ, межелеген уақытта ол адамдардан хабар болған жоқ.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында бұл мәселенiң бұдан да баяу жүргiзiлiп жатқандығы мәлiм болып отыр. "Қазақпараттың" 2009 жылдың 25-желтоқсанындағы мәлiметi бойынша, 85 отбасы "Нұрлы көш" бағдарламасына тартылған. Ал, жоспар бойынша 200 отбасы Курчатовта қайта жөндеуден өткен үйлерге қоныстануы тиiс болатын. Кейбiр мәлiметтерге қарағанда желтоқсан айында пайдаға берiледi деген екi үйдiң жал құны қандай болатындығы әлi мәлiм еместiгi көрiнедi. Биылғы жылы Курчатов қаласы тағы 362 отбасын қабылдауы тиiс.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары