Рафаэль НИЯЗБЕК: ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!..

Рафаэль НИЯЗБЕК: ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!..

Рафаэль НИЯЗБЕК: ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!..
ашық дереккөзі
413

АЗАТТЫҚТАН НЕ ПАЙДА?

Көңiлiмде бiр толқын тулағасын,

Неге өмiрдi жүрегiм жырламасын.

Азаттықтан не пайда,

Арайланып,

Ақиқаттың ақ күнi тумағасын.

Заман қандай,

Заң қандай ел бiледi,

Туы қашан жетiмнiң желбiредi.

Ақиқаттың ақ күнi туса егерде,

Арғымақтар неге әлi мертiгедi?!

Татулықтың бұзылып шекарасы,

Тiршiлiктiң қираған бел ағашы.

Ақиқаттың ақ күнi туса егерде,

Жазылмай жүр нелiктен ел жарасы?!

Қазынасы бұл жұрттың тоналғасын,

Өзен қанша жоғалтқан мол арнасын.

Ел қорғайтын ер жiгiт көк базарда

Жүрген жоқ па сүйретiп қол арбасын.

Азаттықтың ескенде ақ самалы,

Арманымның бұл қалай ақсағаны.

Ақиқаттың ақ күнi емес пе едi,

Туған елдiң ту ұстап аңсағаны.

Азаттықтан не пайда,

Бейбiт шақта

Оқ атылып, боздақтың ақса қаны.

Әлi талай соғады азап желi,

Алты Алаштың бұл күнде азалы ерi.

Азаттықтың жоқ болса өз зауалы,

Неге ендеше сатылды қазақ жерi?!

Түн iшiнде шырақтай талай жанып,

Жыр жазсам да бойымда қан айналып, —

Азаттықтан не пайда,

Тумаса егер

Ақиқаттың ақ күнi арайланып.

ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!

Рухы бiрге көктеген көгерсе елi,

Ей, Алаштың баласы өр еңселi.

Қилы-қилы заманнан жетсең де аман

Ақ семсердiң жүзiнен көрем сенi.

Сөйлесең де өр кеуде өрелi үнде,

Семсер iзi қаншама көк етiңде.

Ей, Алаштың баласы, әлi күнге

Тұрғаныңды ұмытпа оқ өтiнде.

Толқындарын қозыдай жамыратпай,

Көкiрегiңнен неге өзен жатыр ақпай.

Суық желдiң өтiнде қалып қойып,

Қалтыраған кезiң көп жапырақтай.

Қаптап жүрген кезiнде сұр жыланның,

Қасиетi арта ма құр ұранның.

Ей, Алаштың баласы, ұмытпағын

Саған қарап тұрғанын зымыранның.

Қанша ғұмыр кешсең де арандамай,

Қақыр тiстер тұра ма жалаңдамай.

Ей, Алаштың баласы, тұрған жоқ па,

Оқтың бәрi ұшқалы саған қарай.

Шырқалғанда өмiрдiң тылсым әнi,

Көңiлiңнен сөнбесiн нұр шуағы.

Ей, Алаштың баласы, қалт-құлт етiп,

Қылкөпiрдiң үстiнде тұрсың әлi.

Жаратса егер жүрегiн ақын етiп,

Кiмнiң туы жығылсын бағы кетiп.

Ата рухың асқақтап тұрады әлi,

Қылкөпiрден аман-сау тағы да өтiп.

* * *

Өлгендердiң көзiне құм саулаған,

Тiрiлердi бұл қоғам құрсаулаған.

Торы шолақ байталын таршылықтың

Тас емшегiн созғылап кiм саумаған.

Адырнасын өгiздей мөңiретiп,

Жатыр әлi өксумен өмiр өтiп.

Мұражайға, шiркiн-ай, сақтар ма едi,

Ауылдардың көз жасын мөлдiретiп.

Дүниенiң барса да қай тұсына,

Қолы жетпей жiлiктiң майлысына.

Жел шайқаған қайыңдай қалт-құлт етiп,

Ауылдар тұр сүйенiп қайғысына.

Көшесiнде қиыршық құм суырып,

Тарыдайын қыр елiн тұр қуырып.

Ауылдарды қажетсiз бұйым санап,

Үкiмет те үлгерген тым суынып.

Бұзық заман құтырып жын атқалы,

Адасып жүр жұрт түгел жырақта әлi.

Саясаттың шоқпары тұр ма соғып,

Бәйтерегiн ауылдың құлатқалы.

Тiршiлiктiң көз жазбай сағымынан,

Бақыт тапқан даланың сан қырынан.

Бар қазақтың тамыры ауылда едi,

Үзiлмесе игi едi тамырынан.

ҚЫЗҒАНЫШ

Көктемдердiң көзiне қырау қатып,

Ауырмаған күн бар ма тұмаулатып.

Өмiр деген ақ боз ат бiр күндерi

Жығып менi кете ме қырға аунатып.

Күн көзiне жарқылдап сауыт денем,

Бiр жұлдызды бетке алып шауып келем.

Қызғаныштың көздерi қызарғанда

Қатер төнiп тұрғандай қауiптенем.

Көктем есiп тұрғанда қанатымнан,

Менi көздеп сұм оқтар сан атылған.

Орман болып орыстар жайқалғанда,

Қызғаныштан бұл қазақ жаратылған.

Ауыртпалық көп әлi елге батқан,

Күндер қайда күркiреп жебе тартқан.

Қазақ көрсем көшеде,

Ой, жазған-ай,

Қызғаныш па деп тұрам келе жатқан.

ШАРШАСАҢ ДА…

Тiршiлiктен өтсең де көктем көрмей,

Тағдырыңа бола ма өктем келмей.

Қайық болып өткiзген сен емес пе,

Өзендерiм тұрғанда өткел бермей.

Рухы биiк көрiнген тұлға алдында,

Туысым да жоқ едi, туғаным да.

Сен емес пе өткiзген менi арқалап,

Асулардан аса алмай тұрғанымда.

Шуақ шашып тұрса да күн көгiнде,

Неге азапты күн кештiм нұрлы елiмде?

Сен емес пе туымды желбiреткен

Көрiне алмай биiктен жүргенiмде.

Көлеңкемдi түсiрмей терегiне,

Бақыт тiлеп жүргенде мен елiме, —

Сен емес пе құтқарған,

Кемем қирап,

Батып бара жатқанда тереңiне.

Бұғанасы қатайып жетiлгенде,

Кiмдер шетке тебедi жетiмдi елде?

Қайрақ болып қайраған сен емес пе,

Жүзiм менiң мұқалып кетiлгенде.

Жанарымның iшiнде сөнген арай,

Сен жоқ жерде шығамын төрге қалай.

Менiң сынық арбамды,

Шаршасаң да

Сүйреп келе жатырсың өрге қарай.

ЕЛ ҚОРҒАЙТЫН ЕР ЖIГIТ

Мына қарау қоғамда құрамалы,

Ақиқаттың тартылып тұр Аралы.

Азаттықтың арайлы таңы атса да,

Дүниенiң көзiнде мұң бар әлi.

Тереңiмдi бiреулер қозғағанда,

Дауыл болып бұрқаймын боз даламда.

Бозiнген ел нелiктен жұбатпайды,

Менiң бота көңiлiм боздағанда.

Құлындары кiсiнеп желiсiнде,

Кiм жүредi найқалып ер пiшiнде, —

Жалдамалы оқтардан жатқанда өлiп,

Ел қорғайтын ер жiгiт ел iшiнде.

Жақсылығы көрмеген елге тарап,

Кiмдi арқа тұтасың ерге балап.

Жау басынбай қайтедi,

Сөйлесе егер

Ел қорғайтын ер жiгiт жерге қарап.

Күнiм менiң өрмелеп жар басына,

Қалай салам тағдырды жамбасыма, —

Ел қорғайтын ер жiгiт жүрсе егерде,

Күнкөрiстiң жегiлiп арбасына.

Көздерiне көк мұнар мұң байланып,

Мұндай шақта отырсын кiм жайланып.

Елiмдi кiм қорғайды,

Жүрсе егерде,

Ел қорғайтын ер жiгiт құлға айналып.

БАРЫН ЫЛҒИ СЕЗIНЕМ БIР ҚАУIПТIҢ

Шабыт құсын кеудеме түлеткелi,

Өткел берiп өмiрдiң тұр өткелi.

Мүмкiн туған шығармын мен анамнан

Еңселi елдiң жүрегiн жыр еткелi.

Төрге шығып, кез емес жайланатын,

Күндер қайда ақ нұрға айналатын.

Арлы ақындар ығысып,

Заман туған

Парламентке перiлер сайланатын.

Семсер болып тағылып серi елiме,

Кiсi бар ма бойлаған тереңiме.

Момын халқын жылатып, зарлатқалы

Безбүйректер билiкке келедi ме?!

Қарып тұр-ау заманның суықтары,

Шуақ есе қоймайды жуықта әлi.

Туған елдiң шайқалып шаңырағы,

Сықырлайды кей-кейде уықтары.

Мұң шағам деп ойлама назаланып,

Түрмеде азап шегесiң жазаланып.

Қараулықты жеңе алмай бұл күндерi

Ақиқаттың жидiген шашы ағарып.

Сұсты қабақ жүзiнен жел жасқанған,

Кiлең дүлей бұл күнде ел басқарған.

Халық мұңын жоқтаған ер шықса егер,

Оқ атылып тасадан жер жастанған.

Жүгiргенде жетелеп зырлауық күн,

Көрдi дейсiң қызығын кiм сауыттың.

Өз елiмде жүрсем де тiрлiк етiп,

Барын ылғи сезiнем бiр қауiптiң.

ҮРЕЙ

Тағдырға мен де көнгенмiн,

Жерге егер сепсе өнгенмiн.

Арманда кеткен арысты

Жүрегiме жерлеп көмгенмiн.

Талайды мен де көргенмiн,

Жыланнан қамшы өргенмiн.

Егеулi найза қолға алып,

Қатер боп жауға төнгенмiн.

Жұлдызы жанған арманмын,

Атадан ар боп қалғанмын.

Соғыста өлген солдаттың

Шырағы болып жанғанмын.

Тауда өскен тарғыл тарланмын,

Бақытымды тартып алғанмын.

Көңiлi жарым жесiрдiң

Көз жасы болып тамғанмын.

Жаңарып елдiң жағасы,

Тұрса да артып бағасы.

Кетiлмесiн деп болат тұяғы

Тұлпардың болдым тағасы.

Жұқарып, тозып төзiм де,

Тарыққан күннiң өзiнде, —

Тұрмадым бiрақ адамның

Үрей боп ойлы көзiнде.

АУЫЛ ХАҚЫНДА

Өкiметтiң көзi елге түзелгенде,

Ақ айдынға қайық сап жүзем мен де.

Шылбыр есiп, асылып өлген қанша

Құйрық, жалы ауылдың күзелгенде.

Билiк көзiн ақ борсық май басқанда,

Жұлдыз сөнiп жоғалған айлы аспанда.

Ата қазақ ығысқан босағаға

Төрiне кеп таршылық жайғасқанда.

Ауыл түгел тарығып, ашыққалы

Ыза-ашудан тулайды тасып қаны.

Таршылықта ұстай ма кiм бiледi,

Бұл өкiмет қазақты жасытқалы.

Тауы қайтып, жiгерi шағылғанда,

Жұрттың бәрi баратын сағынғанда.

Қайран ауыл жатты ұшып жаңқаланып,

Жоқшылықтың "бомбасы" жарылғанда.

Кiсiлiктiң ақ туы құлағанда,

Үмiт оты сөне ме бұл адамда.

Айдын қанша ауылда пайда болған

Көздiң жасын көл етiп бұлағанда.

Зауал туып, бораны бұрқағанда,

Азамат ер анадан тумаған ба.

Адам қалай сертiнде тұрады, айтшы,

Өкiметi сертiнде тұрмағанда.

Жоқтық қысып, тұманнан көз тұнғалы –

Менiң ата жынымды қоздырғаны.

Неге ауылды тоздырды бұл өкiмет

Жүрмесе егер қазақты тоздырғалы?!

ҚАЗАҚ ЕЛI – БАЙЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ОТАНЫ

Болысқанды қойды ма Құдай налып,

Жөнелгесiн жат жұртқа мұнай да ағып.

Ашығады ел неге?

Жүр емес пе,

Бастықтардың жүздерi шырайланып.

Ит тiрлiктiң бәрiмен тiрестiрген,

Күнi бар ма халықтың үнi естiлген.

"Кедей — жомарт" демекшi,

Жат жұрттарға

Состап-состап сыбаға үлестiрген.

Жететiнiн сезбей ме қауiп жаттан,

Бастық қанша фабрика,

Зауыт сатқан?

Қазақстан – секiлдi алып сиыр

Кiм көрiнген жармасып сауып жатқан.

Екi санын шапақтап алақайлап,

Жатқан-тұрған жетуде бәрi айқайлап.

Қазақ елiн –

Байлықтың ұлы Отанын,

Жатқан жоқ па тұс-тұстан талапайлап.

Жiгiт қанша жағынып жанын сатқан,

Ару қанша ақ сүмбiл тәнiн сатқан.

Қазақстан айналып саудагерге,

Жылтыраған заттардың бәрiн сатқан.

Қалталылар бәрiн де сатып алып,

Қазақ деген жүрмесiн аты қалып.

Жат қолына өндiрiс түгел көшкен,

Қалай ғана сатты екен дәтi барып?!

Мұратыма мұрт майлап жетем бе деп,

Орныққан көп киелi мекенге кеп.

Қазыналы жерiмдi,

Қорқам кейде,

Алпауыттар арқалап кете ме деп.

АБАЙДАН ҚАЛҒАН У

Жанмын ба әлде пошымы келiспеген,

Шыңырау да жоқ шығар мен түспеген.

Жаман болсам егерде,

Елiм менi

Газеттердiң бетiнен неге iздеген?

Ұлы Абайдан артылған удың бәрiн,

Күнiм бар ма толқыта мен iшпеген.

Қайда барсам қарсы алып жарқын дала,

"Кеп қалдың ба — дейдi ылғи — ақын бала".

Тесiк қалта ақынмын,

Дәтке қуат:

Бақытым да байлығым — халқым ғана.

Жырым алтын айналып алқасына,

Тағылған-ды қызына, қалқасына.

Ел сұраған жақсы мен жайсаңдардай

Түскен жоқпын халықтың қалтасына.

Шалқасынан шаниып жатса бәрi,

Төсек салып ел-жұрттың арқасына, —

Неге, ендеше, ырсиып айналмасын

Қасқыр жеген жылқының қаңқасына.

Халқым күлсе —

Нұрландым нұрлы алаңда,

Бiрге мен де жыладым жылағанда.

Ел ашықса iшiмде қасқыр ұлып,

Бұратылып мен едiм құлаған да.

Қай бетiмен жайсаңдар ақталады,

Ақыретте жауап ап сұрағанда?

Күндей күлдiм күркiреп ашылғанда,

Қаһарына айналдым ашынғанда.

Жұрттан бұрын ұмтылып,

Тамырында

Ар-намыс боп туладым тасынғанда.

Шуағына,

Нұрына мен айналдым,

Көк аспаннан жұлдыз боп шашылғанда.

Халық мұңын жырлаудан танған жоқпын,

Бақ қашса да бақшамнан,

Басымнан да.

Халқым аман болса екен деп келемiн,

Хақым артық алтыннан,

Асылдан да.

Көңiлiн де,

Өзiн де арайламай,

Ел жақсысы кеткенде қарайламай.

Мен де өзiмше жанықтым халқымды ойлап,

Халық қамын ойласа Абай қалай!

Тауларды алға шығармай,

Заңғарды алға,

Ел тонаған атылып арландарға,

Түгел iшiп Абайдан қалған уды,

Халқын ойлап өлгенде арман бар ма?!

Абай iшкен у құты күмiс едi,

Қарағанның көзiне күн түседi.

Ұлы Абайдан қалған у

Тәбәрiк қой,

Тәбәрiктi мен iшпей кiм iшедi?!

МҰНАР КҮН

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Махамбет

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Көзiмдi мұнар басқан күн,

Басымнан бағым асқан күн.

Алтайы қызыл түлкiдей

Маңымнан қызық қашқан күн.

Көкжиекке батып тарлан күн,

Алқымымнан арлан алған күн.

Басыма бейнет салған күн,

Жiгерiм құм боп талған күн.

Ит мұжыған кәуектей

Алтын басым қор болып,

Үй артында қалған күн.

Мiрдiң оғы – соқырмын,

Отқа жақсаң – отынмын,

Атқа ерттесең – тоқыммын.

Азынаған суық үйiмде

Сопайып жалғыз отырмын.

Бейуақта келген қонақтай

Мезгiлсiз жетсе ажалым,

Жаназамды өзiм оқырмын.

Мiрдiң оғы – соқырмын.

Соқыр болған ақынмын,

Халқыма ғана жақынмын.

Қарсақтай iнге тығылған

Үйiмнен шықпай жатырмын,

Бергенiн iшiп қатынның.

Көкiрегiм толы алау өрт —

Жарылғалы тұрған атоммын!

Сөйлеген сөзiн шындықтың,

Туған ел, менмiн бiр мықтың.

Оқыстан төнер жау болса,

Оқтаулы тұрған мылтықпын.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Тауда өскен қайсар шынармын.

Сұм ажал балта шапқанда,

Бiр күнi мен де сынармын.

Қара жерге көмсең де,

Қайыра көктеп шығармын!

Қайыра көктеп шығармын!!

ЖАЛДАМАЛЫ ДҮНИЕ, ЖАЛДАМАЛЫ

Жалдамалы Дүние, жалдамалы…

Түңiлмеген кiмдер бар жаннан әлi?

Түңiлдiрер Дүние жалдамалы.

Қатер төнсе там-тасын тастай қашып,

Жандары үшiн безiнген малдан бәрi.

Жаһаннамға жаныңды жөнелтетiн

Жендет те көп бұл күнде жалдамалы.

Шықпасына кiм кепiл қарақшылар

Жалаңдатқан қанжарын алдан әлi.

Жалдамалы Дүние, жалдамалы.

Қара халық жалданса еңбегiне,

Егiн егiп,

Мал жайып жер көгiне.

Пайда тапқан сұм қанша бұл күндерi

Кiсi өлтiру айналып ермегiне?!

Жалдамалы Дүние, жалдамалы,

Өлiм болған жұрттың да салған әнi.

Өлетiндi өлтiрiп,

Тиiспейдi

Таусылмаған жандарға талқаны әлi.

Жалдамалы Дүние, жалдамалы.

Қабан қанжар қадалған тамағына,

Көк жендет те —

Күштiнiң жарағы ма?

Замана да жалданған жалдамалы

Жатпай, тұрмай қараған қабағына.

Күйiп-жанып жатқанда ыстығы елдiң,

Кеткен қанша аузында тiстiлердiң?

Адам түгiл қоғам да жалдамалы,

Ыңғайымен құрылған күштiлердiң.

Бозторғай боп жармасқан талға жаны,

Жалдамалы Дүние, жалдамалы.

Ақшаң жоқта қасыңнан табылмайды,

Қатындардың байы боп қарғағаны.

Жалдамалы Дүние, самғағалы,

Тiршiлiктiң бәрi де жалдамалы.

Кiсi жалдап, үй салып жатқан жоқ па,

Арақ iшiп есiнен танбағаны?

Қай елдi де жаулайсың күшiң асса,

Генерал да,

Солдат та жалдамалы.

Тарлан ашып жатпаса таңдағаны,

Жұлдызының, сiрә, онда жанбағаны.

Ел басына ешкiм де келмейдi әсте,

Аждаһадай өз жұртын жалмағалы.

Кейде жағдай кетедi ырық бермей

Дүниенiң сауырын қандағалы.

Қанын ұрттап жатады содан, бәлкiм,

Көз жасына халықтың қанбағаны.

Патшалар да сұм, мыстан саясаттың

Қара құлы емес пе жалдамалы.

…Жалдамалы Дүние, жалдамалы.

АСЫЛ КЕНДЕР КӨП БОЛҒАНМЕН

Қарадан шығып хан болған,

Айтқаны Алтын Заң болған.

Қараңғы қазақ халқына

Ағарып атқан таң болған —

Қайда жүр,

Қайда Абылай?!

Елiңдi сiлкiп алсаңшы,

Үстiне тозаң, шаң қонған.

Жолыңды жаулар тосқанда,

Құйындай қаптап жосқанда,

Жай отындай жауға атылдың

Арқаңнан қамшы осқанда.

Шуақ боп шықтың алдынан

Шұбырып халқың босқанда.

Жын-тобырға айнал деп пе едiң,

Қара қазақтың басын қосқанда?!

Сөз сөйлеп нұсқа, қысқа да,

Құзырың жеткен құзға да.

Ел түгiл пана болғансың

Қанаты сынған құсқа да.

Арқадан босқан ел жоқ-ты,

Арқарлар ауған қыста да…

Биiкте туып би болған,

Көргенi құрмет, сый болған.

Күлгенi — күмiс теңге боп,

Жүргенi — күмбiр күй болған.

Аш-аламанға дәулет боп,

Үйi жоқтарға үй болған.

Самайын күмiс қар шалған,

Ханды емес,

Халқын қарсы алған.

Қайда жүр,

Қайда Төле би?!

Әдiлдiк деп елге жар салған.

Бастықтар — бай да, ел — кедей,

Алалайды неге тар Жалған?

Себебiн айт, асыл абызым,

Би болсаң жарық жалғанда

Қара қылды қақ жарған.

Қайдасың,

Қайда, хан Кене?

Бiздердi тiрi жан деме.

Намысын алған жоғалтып,

Өлген жыландай сал дене.

Тауып бер елге намысын,

Қайдасың,

Қайда, хан Кене?!

Жау сындыра алмаған сағыңды,

Жау айыра алмаған жағыңды.

Өз халқың ермей соңыңнан

Қайтарған жоқ па бағыңды.

Қазаққа жағам деме әсте,

Берсең де алтын тағыңды.

Құл болуға үйренген жұртыңды

Ұл болуға үйрете алмай

Жiгерiң қанша шағылды?

Кеудеңдегi ұқпай ағыңды,

Үйренген қуып түлкi — сағымды,

Халқыңа бүгiн не дейсiң,

Жолбарыс жүрек, хан Кене?!

Тәуелсiз ел болсақ та,

Атқан таңын

Арайлап атқан таң деме.

Жоғалған намысын тауып бер,

Өлген жылан секiлдi

Бүкiл елiң —

Жатып қалған сал дене.

Қайдасың,

Қайда, хан Кене?!

Ел қорығын Махамбет!

Сен де жоқсың елiмде.

Көл қорығын қызғышым,

Сен де жоқсың көлiмде.

Асыл ерлер неге жоқ,

Асыл кендер, асыл тас

Көп болғанмен жерiмде?!

БIЛСЕҢ ЕГЕР…

Жүрегiне үңiлген кiм дұрыстап,

Дүр дүние кеудемде тұр тыныстап.

Қаны тамған Шындықты келедi әлi

Подвалдағы архивте тығып ұстап.

Қандай зауал төнсе де ел шыдайды,

Шаңырағы шайқалып желге ұшпайды.

Қорықпаса Шындықтан қоғам егер,

Подвалдың астында неге ұстайды?!

Ақиқаттың толқынын жүзген жарып,

Боздап мұңын шақпаған түзге налып.

Нағыз қоғам Шындығын бiлгiң келсе,

Подвалдағы архивтен iзде барып.

Жұрттың бәрi жасқанып, бұқпайлаған,

Заман аз ба басыңа бұлт байлаған.

Шындық iздеп түскендер подвалға,

Бiлсең егер қайыра шықпай қалған.

Серіктес жаңалықтары