БАРДЫ ҒАНА ҚАЙТАЛАҒАН СИЯҚТЫ

БАРДЫ ҒАНА ҚАЙТАЛАҒАН СИЯҚТЫ

БАРДЫ ҒАНА ҚАЙТАЛАҒАН СИЯҚТЫ
ашық дереккөзі
386

Ұлттық саясат тұжырымдамасын құрастырушылар қазiргi геосаяси және экономикалық жағдайға, әлеуметтiк топтардың арасалмағының ерекшелiктерiне, коммуникативтiк сала проблемаларына жете үңiлмеген сыңайлы. Бұған қоса, гуманитарлық және экономикалық салаларда, елiмiздiң өзге мемлекеттермен сыртқы байланыстарында әлдеқашан жүзеге асырылып жатқан шараларды айнытпай қайталайтын тетiктер көрсетiледi.

Мұны тұжырымдаманың V тарауының "3. Экономикалық және әлеуметтiк салада" атты бөлiмiндегi қағидаларға қарап айтып отырмын. Iрi отандық компаниялардың акцияларын ел азаматтарының, бiрiншi кезекте ауыл тұрғындарының иелiгiне беру, ауыл шаруашылығы жерлерiн басқа азаматтарға қайтару, сондай-ақ жер мен жер қойнауының байлығын игеруде шет елдiк инвесторлар мен трансұлттық корпорациялардың экспансиясына жол бермеу, әрбiр шетелдiк компанияның меншiгiне бiр өндiрiс орнының 15 проценттен артық үлес сатып алуына шек қою дегенiмiз – экономикадағы қазiргi статус-квоны қайта қарауды, азаматтық реституцияны, яғни мүлiктi басқа бiр тұлғаларға алып берудi бiлдiредi. Әдетте, компаниялар акциялары өз өтiмдiлiгiне байланысты қор нарығында бiр меншiк иесiнен басқа бiр меншiк иесiне заңмен белгiленген шек көлемiнде ғана өтетiнiн айтқым келедi.

Құжаттың осы бөлiгiнде қалаға келiп жатқан азаматтарды қоныстандыру және әлеуметтендiру үшiн арнайы мемлекеттiк бағдарлама қабылдану керек делiнедi. Мемлекет урбанизациялық процестерге осылайша қолдау көрсету үшiн қыруар қаржы қажет екенi аян. Зейнеткерлер мен бюджет салалары қызметкерлерi үшiн көзделген қаражатты азайтып iшкi тәртiптi, шекара күзетудi, орман-суларымызды қорғауды босаңсытып алуымыз ықтимал.

Осы тұжырымдаманы құрастырушылар, сондай-ақ қазақ жерiнде жұмыс жасап жатқан шетелдiк компанияларды қазақстандық жұмысшылардың құқығын сақтап, негiзiнен отандық тауарлар мен қызметтердi сатып алуға мiндеттеуге шақырады. Осы тұста бiрлескен кәсiпорындардың қазақстандық тауарлар мен қызметтердi сатып алуы екiжақты және көпжақты келiсiмдер мен меморандумдарда негiзделiп, орындау тәжiрибесi әлдеқашан қалыптасқанын да ұмытпаған жөн. Жұмысшылардың құқығы заң аясында сақталатыны, ал бұзылған жағдайда жұмыс берушiге тиiстi шара қолданылатыны түсiнiктi ғой.

Барды қайталайды деуiме мәдени және рухани құндылықтарды насихаттайтын өнiмдердi шығаруға мемлекеттiк тапсырыс беру керек деген ұсыныстары себеп болып отыр. Халқымыздың фольклорлық мұрасын, тарихи құндылықтарды дәрiптейтiн, әдебиет және өнер туындыларын халық арасында мүмкiндiгiнше кеңiнен тарату, қазақ тiлiндегi ғылыми, терминологиялық қорды жетiлдiрiп, толықтыру үшiн мемлекет қомақты қаражат бөлуде. Бұған қоса, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту жөнiнде де кешендi шаралар қолға алынуда. Өткен жылдың өзiнде мемлекеттiк тiл саясатын қаржыландыру үшiн мемлекет қоржынынан 5 миллиард теңге бөлiнген екен. Осы орайда, мемлекеттiк тiлде жұмыс жасайтын бұқаралық ақпарат құралдарына да мемлекеттiк тапсырыс тетiгi арқылы барынша қолдау көрсетiлуде. Осының арқасында, мәселен, бүгiнде "Қазқастан" телеарнасының қазақ тiлiнде хабар тарату үлесi — 75 пайызға, "Ел арнаның" қазақша хабар тарату қоржыны 65 пайызға жетiптi. Сондай-ақ, осыдан бiраз уақыт бұрын елiмiз сандық теледидар жүйесiне көшкен кезде тек қазақ тiлiнде хабар тарататын үш телеарна айқындалды.

Жобаны ұсынушылардың шетел телеарналарын таратуға заңдық шектеу қою керек деген талабы ақылға тiптен қонымсыз. Қазiргi технологияның дамыған заманында адам баласы өзiне қажеттi телеөнiмдi спутниктiк желi арқылы да, интернеттiк теледидар арқылы да көре алмай ма? Керiсiнше, тұжырымдама авторлары отандық телеөнiмнiң сапасын, бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру жөнiнде тың ойлар айтса ұтымды болар едi.

Тұжырымдама авторлары "Қазтест" бағдарламасының әр мамандық иелерiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейiн анықтайтын тетiгiн қарастыруды "ұсынады". "Қазтесттiң" тұжырымдамасын алып қарасаңыз, мұндай мiндеттiң де көзделiп қойылғанын байқауға болады.

Данияр ТҰРСЫНБЕК

Серіктес жаңалықтары