Кәрiм МӘСIМОВ: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЕЛ БАЙЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Кәрiм МӘСIМОВ: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЕЛ БАЙЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Кәрiм МӘСIМОВ: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЕЛ БАЙЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі
341

Мәдениет және ақпарат министрлiгiне жүктелген мiндет көп

"Қазақ қоғамының ең ушығып тұрған дертi не?" деген сұраққа жауап iздер болсақ, сөзсiз әңгiме ауаны мемлекеттiк тiлге келiп тiреледi. Осы жылдары көп айтылған, көп жазылған мемлекеттiк тiлдiң жыры алдағы он жылда да айтыла, жазыла беретiн сияқты.

Неге?

Себеп – қолда барды ұқсата алмай, қадiрiне жетпей, қызығын көре алмай, басыбайлы тұтына алмай отырғанымызда. Конституция мен "Тiлдер туралы" заңда тайға таңба басқандай ап-анық етiп жазылған "қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл" деген норманы өмiрде жүзеге асыра алмай жүргенмiзде.

Осы норманы жүзеге асыру үшiн қабылданған Қазақстан Республикасындағы 2001-2010 жылдарға арналған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы биыл межелi мерзiмi аяқталғалы тұрса да, бұл салада бiтпеген iс, атқарылмаған шаруа – шашаетектен. Ең бастысы, орындалмаған азаматтық парызымызға обал-ақ!

Бұл мемлекеттiк бағдарламаның мерзiмiнiң бiтуiне орай Мәдениет және ақпарат министрлiгi өткен аптада Алматыда жаңа 2011-2020 жылдарға арналған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын" әзiрлеу жөнiндегi жұмыс тобының отырысын өткiздi. Жиналысқа министрлiктiң басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық еттi. Бұл – мемлекеттiк орган өкiлдерi мен түрлi қоғамдық ұйымдар өкiлдерi қатысып, мемлекеттiк тiлдiң бүгiнгi ахуалы туралы ашық пiкiр айтып, ой жарыстырған шара болды. Пiкiр алуандығы Мұхтар Құл-Мұхамедтiң жұмыс тобының төрағалығына, ал "Мемлекеттiк тiл" қозғалысының төрағасы Мұхтар Шахановтың төраға орынбасарлығына сайланғанынан-ақ көрiнсе керек. Жиынға қатысушылар бiрауыздан соңғы жылдары мемлекеттiк тiлдiң аударма тiлге айналғанын ашына айтты. "Бiздi күнi бүгiнге дейiн "Тiл төңiрегiнде капитал жинап жүр" деп есептейдi. Шындығында тiлмен тағдырымызды жалғаған адамбыз" дедi ақын. Ақынның айтуынша, елiмiзде кезiнде 10000-ға жуық кiтапхана, 8 000-ға жуық мәдениошақтар сатылып кеткен. "Мысалы, Алматының iргесiнде 500 орындық Мәдениет үйiн жатжұрт дiн өкiлдерi әлi иеленiп отыр" дедi ақын. Отырыста сөз сөйлегендер бұрынғы бағдарламаның жүзеге асырылуын сынға алып, жаңа мемлекеттiк бағдарламаны 10 емес, 5 жылға қабылдау керек деп мәлiмдедi. Ал "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiм бұл мерзiмдi 3 жылмен шектесе де болады деп есептейдi.

Жаңа құжат пiкiр-ұсыныстармен толықтырылып, тамыз айында Үкiмет отырысына ұсынылуы керек. Осы мерзiмге дейiн жұмыс тобы екi ай сайын ашық отырыс өткiзiп тұруға келiстi. "2011 жылдан бастап тiлдердi дамыту саласында жаңа бағдарлама бойынша жұмыс iстеймiз" – дейдi министр.

Жаңа бағдарламаның жайы Астанада апта басында премьер-министрдiң қатысуымен өткен Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысында да айтылды.

Бұл жөнiнде Кәрiм Мәсiмов: "Ендi Елбасының тапсырмасымен тiлдердi дамытудың 2020 жылға дейiнгi жаңа бағдарлама жасалмақ. Бұл бағдарламада мемлекеттiк тiл басымдылыққа ие болуы керек. Бағдарлама жасау кезiнде зиялы қауымның және барлық қоғамдық ұйымдардың пiкiр-ұстанымдарын ескеру керек. Мемлекеттiк тiл ел байлығына айналуы керек" дедi.

Осы жиында баяндама жасаған Мұхтар Құл-Мұхаммед 2009 жылы атқарылған шараларды қорытындылап, 2010 жылғы iс-жоспары туралы баяндады. Министрдiң айтуынша, былтырғы жыл мәдени-ақпараттық сала үшiн мазмұнды да, нәтижелi болған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мемлекеттiк тiлдiң аясын кеңейтуге бағытталған шараларға арнайы тоқталып өттi. Мемлекеттiк тiлдi үйрету орталықтарының саны былтыр екi есе өсiп, 93-ке жеттi. Жалпы тиражы 260 мың болатын 8 сөздiк шығарылған. Сондай-ақ, интернеттегi www.til. gov.kz порталында 6 сөздiк пен терминологиялық анықтамалықтардан тегiн мәлiмет алуға болады.

Министрдiң айтуынша, 2009 жылы мемлекеттiк органдарда iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу 60,5 пайызға жеткен. Бұрын ұлттық мәдени орталықтардың жанынан ашылған 200-дей жексенбiлiк мектептерде басқа ұлттардың тiлдерi оқытылатын болса, ендi оларға қоса мемлекеттiк тiлдi үйрету сабақтары өткiзiледi.

Өткен жылдың соңында мемлекеттiк хатшы-сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев: "Тек қана мемлекеттiк тiлде 24 сағат хабар тарататын үш сандық телеарна ашамыз" деп елдi сүйiншiлеткен едi. Сандық телевидениенi тұрмысымызға енгiзу биылдан басталмақ. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлiгi Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiмен бiрлесе отырып, сандық телевидениенi енгiзу мен дамытудың концепциясын жасап бiтiруi керек. Саудабаев мырза өз уәдесiнiң үдесiнен шықса деймiз.

Былтыр "Мәдени мұра" ұлттық бағдарламасын жүзеге асырудың екiншi сатысы басталған болатын. Үкiмет басшысы Мәдениет және ақпарат министрiне алдағы 10 жылға арналған жаңа бағдарлама жасауды тапсырды.

Ұлттық киноөндiрiстi дамытуға күш салынуда. Отандық 11 кино, 1 телехикая, 5 анимациялық фильм түсiрiлiп бiттi.

Былтыр 26 тарихи-мәдени ескерткiштер қалпына келтiрiлiп, 49 археологиялық зерттеулер жүргiзiлген.

Қазiр республикада 2 946 бұқаралық ақпарат құралдары бар. Олардың 80 пайызы жекеменшiкте. Былтыр жалпы таралымы 1 113 500-ге жететiн 474 баспа өнiмi жарыққа шыққан. Олардың iшiнде "Қазақтың 100 романын", "Казахская литература с древних времен до наших дней" 100-томдығын, "Мемлекет және тарих", "Табиғат" т.б. кiтаптарды ерекше атап өту керек. Сондай-ақ, министрлiктiң қаржыландыруымен "Балалар әдебиетi", "Қазақ ертегiлерi", "Батырлар жыры" шығармаларының электронды нұсқалары жасалып, таратылып жатыр.

2003 жылы елiмiздегi театрларда 1000-нан астам спектакльдер қойған. "Қазiр театрлардағы әрбiр премьера аншлагпен өтiп жатыр. Бiзде мәдениеттiң емес, билеттiң дефицитi болуы керек" дейдi Құл-Мұхаммед мырза.

Мәдениеттiң ошағы – халық, ал оның өзегi – тiл екенi естен шықпаса деймiз.

Серіктес жаңалықтары