Қайрат ТҰРЛЫХАНОВ: МАҚСАТ – ҚАЗАҚТЫҢ ЕСIМIН ӘЛЕМ АРЕНАСЫНДА ЖАҢҒЫРТУ
Қайрат ТҰРЛЫХАНОВ: МАҚСАТ – ҚАЗАҚТЫҢ ЕСIМIН ӘЛЕМ АРЕНАСЫНДА ЖАҢҒЫРТУ
Өткен жыл – ауыр атлетика үшiн сәттi жылдардың бiрi болды. Қазақ спортының тарихында, әсiресе Ауыр атлетика федерациясының тарихында әлем чемпионатынан төрт бiрдей алтынды иемдену болған емес. Бiздiң ауыр атлеттерiмiз сиыр жылында осындай үлкен жетiстiкке қол жеткiздi. Толағай табыстар болғанымен, көңiлде бiр түйткiл қалды. Осыған орай, бiз көңiлiмiздегi сан алуан сауалдарға жауап iздеп, Ауыр алтетика федерациясының президентi Қайрат Тұрлыхановпен әңгiмелескен едiк.
– Қайрат аға, сиыр жылы Ауыр атлетика федерациясының даңқын көтерген жыл болды. Бұл жетiстiкке жету сiздер үшiн оңай болмаған шығар. Жалпы, әлем бiрiншiлiгiнде жаңа есiмдер Қазақстанның көк байрағын желбiретiп қайтты. Сiздер бұл есiмдердiң осындай көрсеткiшке жететiнiн сездiңiздер ме?
– Рас. Биылғы әлем бiрiншiлiгiне жаңа толқын зiлтемiршiлерiмiз барды. Мәселен, Бейжiңде Олимпиада жүлдесiн алғандардың бiрде-бiреуi Гоянгта бой көрсеткен жоқ. Оның да өз себеп-салдары бар. Бiрiншiден, Олимпиада жүлдегерлерiнiң кейбiреуi әлi бабында болмаса, кейбiреуi жарақатынан айыққан жоқ. Екiншiден, бұл әлем чемпионаты лицензиялық емес. Сол себептi бапкерлер әйгiлi спортшыларымыздың тағы бiраз уақыт тынығуына мүмкiндiк бердi. Оның үстiне жастарымызды апаруымыздың сыры, олардың дүбiрлi додаларда өздерiн көрсетiп, бақтарын сынауға берiлген мүмкiндiк десек те болады.
Дегенмен де Бейжiң төрiнде өткен Олимпиадада айды аспанға шығарған команданың елге құралақан қайтпасына iштей кәмiл сенген де едiк. Ырымға сенгiш халықпыз ғой, iшкi ойымызды сыртқа шығармай, тiл-көзден сақтанған да едiк. Мамыр айының 11-15 аралығында жер жәннәтi Жетiсудың төрiнде, яғни Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан әйелдер мен еркектер арасында Азия чемпионаты өткенi баршаңызға аян. Аталмыш дүбiрлi додада сайыпқырандарымыз 4 алтын, 3 қола медаль олжалап, тарихи жеңiспен аяқтағанымыз белгiлi. Бұл сөзсiз тарихи жеңiс болды. Елiмiзде өткен сары құрлықтың басты жарысынан кейiн, Қазақстан ауыр атлетикасының жасөспiрiмдер құрамасы Тайландтың Чианг Май қаласына аттанды. Аталмыш елде 16 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдер арасында Әлем чемпионаты ұйымдастырылған едi. Анығында ол жарыста 2010 жылы өтетiн тұңғыш жасөспiрiмдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынған едi. Ол жарысқа елiмiзден 7 қыз, 8 ұл өз бағын сынауға барған. Орасан зор табыспен оралдық деп айтуға толық болады. Жерлестерiмiз 1 алтын, 4 күмiс, 1 қола медаль олжалап қайтты. Командалық есеп бойынша ұлдар 4-орын, қыздар командасы 9-орынды иелендi. Бұл дегенiмiз – Қазақ елiнiң ауыр атлетикасы болашаққа нық қадам басуда деген сөз. Сондықтан да бапкерлер кеңесi ойлана келе, Оңтүстiк Кореяда жаңа толқын иелерiнiң бағын сынауды жөн санады. Олардың елге олжасыз келмесiне сенiмдi болдық. Өздерiңiз куә болғандай, зiлтемiршiлерiмiз тек бiздiң сенiмдi ғана емес, күллi алаш жұртының сенiмiн ақтады. Бұл толағай жеңiс – Қазақ елi ауыр атлетикасының аяғынан нық тұрғанын және болашағының жарқын екенiн дәлелдегендей.
– Спорттың бiр ғана түрiнен төрт бiрдей алтын алу бiздiң тарихта болмаған нәрсе. Бiз бұған қуанамыз, бiрақ, көңiлде күдiк қалды. Байқасақ, ауыр атлетикадан елiмiздiң қоржынына медаль салып жүргендердiң көбi өзге ұлттың өкiлдерi екен. Олардың арасында қазақтың мықты жастары неге жоқ?
– Әңгiменi басынан бастайық. Кезiнде Дәулет Тұрлыханов ел спортын басқарып тұрған кезде "ауыр атлетиканы қалай көтеруге болады?" деп бiраз бас қатырған-ды. Ерлер командасының еңсесi көтерiлiп дүбiрлi додалардан жүлделi орала бастады. Алайда алда әйелдер командасының мәселесiн оңды шешу керек болатын. Содан 2005 жылы Тұрлыхановтың тiкелей тапсырмасымен ұлттық құраманың бас бапкерi Алексей Ни мен кеңесшi-бапкер Энвер Түркiлери аспанасты елiне сапар шектi. Ондағы мақсат – бұрын көзге түсе қоймаған бiр-екi дарынды жастарды iрiктеп алып, Қазақстанға әкелу. Ол кезде елiмiзде әйелдер ауыр атлетикасы ақсап тұрған. Ал Қытайда, керiсiнше, бұл саланың даму барысы жоғары деңгейде болатын. Мәселен, Бүкiлқытайлық ойындарда алғашқы алтылыққа енген зiлтемiршiлердiң өздерi әлемдiк рекордқа пара-пар көрсеткiштерге қол жеткiзiп жатты. Елге оралғаннан кейiн Ни мен Түркiлери осының барлығын ауыздарынан сулары құрып әңгiмелеп бердi. Бiздерге дәл сондай өзiмiздiң бойжеткендерге үлгi боларлық, оларды iрi жеңiстерге жетелейтiн, шабытын оятып, намысын қамшылайтын қыздар қажет болды. Сөйтiп, таңдауымыз Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанлоға түстi. Олар бұрын ұлттық құрама сапына енбек тұрмақ, Қытай чемпионатында да өнер көрсетпеген екен. Майя мен Зүлфия кәсiпқой спортшы ретiнде Қазақстанда қалыптасты. Жергiлiктi мамандардан тәлiм-тәрбие алып, шеберлiк деңгейлерi өстi. Сол себептi айтулы қос спортшыны Қазақстан ауыр атлетикасының түлектерi деп еш ұялмай айтуға болады.
Бәзбiреулер: "Қазақ елi Қытайдың бетке ұстар талантты атлеттерiн алып келдi" деген қауесеттер таратып жүр. Шындыққа жанаспайтын дүние. Өздерiңiз ойлаңызшы, қай мемлекет маңдай алды спортшысын бермек? Оның үстiне олардың келгенiнiң өзi қазақ елiнде қыз балалардың зiлтемiрмен айналысуға құштарлықтарын оятуда. Ал бүгiнгi таңда Қытай елiнiң ауыр атлетика бойынша әлемдегi көшбасшы ел екенi еш дау туғызбайды.
– Жаттықтырушылар қазақ спортшыларымен ыждағаттап жұмыс iстеп, оларды дайындаудан қашқақтай ма?
– Жоқ мүлде олай емес! Бiздiң алға қойған мақсатымыздың бiрi, әрi бастысы қазақ баласынан әлем және Олимпиада чемпионын баптап шығару! Қазiргi күнi қуантарлық көрсеткiштерге қол жеткiзiп жүрген Алмас Өтешов, Айбол Алдабергенов, Қуаныш Рахатов сынды т.б қазақ жiгiттерi бар. Онымен қоса, Қазақстанның әр өңiрiнде бiздiң бапкерлерiмiз қызу жұмыстар жүргiзуде.Алдағы уақыттағы мақсатымыз – қазақ азаматының есiмiн әлем ареналарында жаңғырту. Ол үшiн қолдан келгенiн аянып жатқан жоқпыз.
– Илья Ильинге қатысты дау туралы не айтасыз? Бұл дау неден шықты деп ойлайсыз?
– Егер естерiңiзде болса , мен бiрнеше рет осы әңгiме жайлы теледидар желiлерiнде тiкелей сұхбат бергем. Пресс-конференция да өткiздiк, барлығы баяндалған, айтылған. Ол өткен мәселе, өткендi қазбалағанша, болашаққа жоспар құрғанымыз жөн болар.
– Он алты жасар қыз әлем рекордын жаңартты. Алтыннан алқа таққан Чиншанлоның дүнген тiлiнде сөйлеуi де көпшiлiкке ұнаған жоқ. Жалпы, ауыр атлеттерiмiздiң қазақ тiлiн үйренуi қалай болып жатыр?
– Жерлесiмiз Зүлфия Чиншанло – ауыр атлетикадан Оңтүстiк Кореяда өткен әлем чемпионатының басты сенсациясы болғаны сөзсiз. 16 жастан ендi асқан қыз 53 келi салмақта бас жүлденi жеңiп алып, күллi жұртты тамсандырды. Оның мұндай толағай табысына құлшына қол соқтпаған жанкүйер кемде-кем шығар. Зүлфия қазақ елiнiң кұрама командасымен жаттығып жүргенiне, мiне, биыл екiншi жыл. Жаттығу залына барғанда қайсар қыздың талай жанкештi жаттығуының куәсi болғанбыз. Шеберлiгi толыса келе, мамандар оны халықаралық жарыстарға шығаруды жөн деп ұйғарды. Зүлфияның алғашқы халықаралық жарысы биылғы жылдың мамыр айында Таиландтың Чианг-Май қаласында жасөспiрiмдердiң әлем бiрiншiлiгiне қатысқаны. Аталмыш жарыста Чиншанло 58 келi салмақта бақ сынады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 207 (92+115) келi салмақты еңсерiп, қола медальдi иелендi. Рас, көпшiлiк осы жарыста Светлана Подобедова мен Владимир Седовтың топ жаратынына сенiмдi едi. 58 келi салмақтағы Зүлфия Чиншанлоны ауызға iлгендер болмады.
Алғашқы жұлқа көтеру Чиншанло үшiн аса сәттi басталған жоқ. Сондай-ақ, кореялық Юн Чжин Хи, жерлесiмiз Светлана Черемшанова және доминикандық Контрерас Зүлфиядан озып кеттi. Жалпы, сол мықтылармен 16 жастағы қыз иық тiресе алады деп ешкiм ойлаған жоқ. Өйткенi, Чэн – керемет көрсеткiштерге қол жеткiзiп жүрген саңлақ. Юн – Бейжiң Олимпиадасының күмiс жүлдегерi. Контрерас – әлем чемпионатының қола жүлдегерi. Яғни, жүлделi орын үшiн таласуға Чиншанлоға қарағанда Қазақстанның өзге өкiлi, 24 жастағы Черемшанованың мүмкiндiгi мол едi. Негiзгi бәсекелестiк Зүлфия Чиншанло мен Чэн Сяотин арасында өрбiдi. Қытай қызы 123 келiге келiп тоқтаса, бiздiң ару 129 келiнi еркiн еңсердi. Сөйтiп, қоссайыста 219 келiнi ырқына көндiрген Зүлфия бас жүлдемен қоса, осыдан екi жыл бұрын Қытай зiлтемiршiсi Ли Пеннiң әлемдiк рекордын қайталады. Есiмi – рекордтық Гиннестер кiтабына ендi! Зульфия қызымыздың қазiргi күнi қазақшасы бiршама. Менiң тiкелей тапсырмам бойынша, екi дүнген қызымыз да жаттығумен қатар, қазақ тiлiн игерудi де қолға алған. Әлем бiрiншiлiгiнен оралысымен федерациямыздың баспасөз бөлiмiнiң ұйымдастыруымен пресс-конференция өткiздiк. Сол кезде Мая мен Зүлфия қазақ елiн тәуелсiздiк күнiмен құттықтап, өздерiнiң жеңiстерiн тәуелсiздiк күнiне арнайтындарын таза қазақ тiлiнде жеткiзгенiне күллi әрiптестерiңiз куә болды. Алдағы уақытта қос қызымыз да таза қазақ тiлiнде жауап берсе, еш таңғалмаңыздар.
– Қайрат Болатұлы, өзiңiз басқарып отырған Ауыр атлетика федерациясының баспасөз бөлiмi арқылы көптеген ақпараттарға қанық болып отырамыз, тiптi шет елдерде өтiп жатқан дүбiрлi додалардың нәтижесiн дер кезiнде алуға мүмкiндiк тудырып отырсыздар. Ендi осы баспасөз бөлiмi жайлы айтып өтсеңiз?
– Қазақ елiнiң ауыр атлетикасы қазiргi таңда өзге елдермен терезесi тең деңгейге жеттi. Бiздiң тырнақ алды табысымыздан бастап, толағай жеңiсiмiзге дейiн күллi қазақ елi тек сiздер арқылы естидi, бiледi. Сол себептен БАҚ өкiлдерiмен тығыз қарым-қатынаста болуды көздеп федерациямыздың баспасөз қызметiн құрдық. Алдағы уақытта баспасөз қызметi арқылы, сiздермен жиi баспасөз мәслихатын өткiзiп, тыныс-тiршiлiгiмiз, жеткен жетiстiктерiмiз жайлы сырласып тұрмақпыз.
– Биыл ердiң жасы елуге толғалы отырғаныңызды естiдiк.
– Ия, қаңтар айының 23-күнi 50-жасқа толғалы отырмын. Елiмiзге еңбегiмiз сiңсе деп жүрiп, жарты ғасырды жасап тастағанымызды да бiлмей қалыппыз. Алла амандығын берсе, әлi де халқымызға пайдамызды тигiзермiз. Оңтүстiк Кореядағы нәтижемiз соның айқын дәлелi. "Жұмыла көтерген жүк жеңiл" демекшi жергiлiктi әкiмдiк, спорт басшылары қолдау көрсетiп отырғанда, қазақ елiнiң ауыр атлеттерi алмайтын қамал жоқ десек артық айтпағанымыз болар.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА